• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 16:22:52
Алматы
+35°

22 Қыркүйек, 2018 Аймақтар

Ақтөбеде «Анаға тағзым» орталығы ашылды

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады

Ақтөбе шаһарында «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы ашылды.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген белгілі тұлғалар, атап айтсақ, әнші, Қазақ КСР және КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова,жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Марфуға Айтқожина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Әбіш Кекілбаевтың зайыбы Клара Жұмабаева қатысты.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

-Қазақта «Анаңды Меккеге арқалап апарсаң да, оның алдындағы борышыңды өтей алмайсың» деген сөз бар. Сондықтан біз, бәріміз, ана алдында басымызды иеміз, оларды мәңгі құрметтейміз. Бүгінгі ашылып отырған ғимарат — ақтөбеліктердің аналар алдындағы борыштарын өтеуге деген шынайы тілегі мен ниетінің көрінісі. Біздің мақсатымыз — тарихта өнегелі өмір сүрген, бүгінгі күні еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан аналарға құрмет көрсету, оларға тағзым ету, ананың адам өміріндегі орны ерекше екенін, ананың сүтімен біздің бойымызға қандай қасиеттер даритынын насихаттау, облыстағы қыз-келіншектерімізді сол батыр, дана аналарымыздың өнегелі өмірінен үлгі алуға шақыру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялағандағы ең негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарымызды сақтау, ұлықтау, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына қазақтың салт-дәстүрлерін, үрдістерін сіңіру. Сондықтан бүгінгі ашылып отырған орталықта біздің жастарымыз қазіргі заманның талабына сай озық үлгілерді үйреніп, абзал аналарымыздың өмірінен өнеге алып, абыройлы, білімді, иманды болып өсетініне сенеміз.

Барлық ақтөбеліктердің атынан Бибігүл Ахметқызы бастап келген аналарымызға, апаларымызға көп рақмет айтамын. Сондай-ақ облыс басшылығы атынан осы ғимараттың салынуына демеушілік көрсеткен барлық кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін. Ақтөбеде бой көтеріп жатқан орталықтар, зәулім ғимараттар осы демеушілердің, кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің қаржысына салынып жатыр. Ең негізгісі, бәрімізге ортақ бүгінгі қуаныш құтты болсын! Барлық аналарымыз, қыз-келіншектеріміз аман болсын! Қазақ елінің абыройы арта берсін! — деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Содан соң жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

-Халқымның алтын ұл-қыздарынан айналайын! Олардың осындай жасаған бастамасына, игілікті ісіне мың да бір рақмет! Мұндай ғимаратты мен әлемде кездестірген жоқпын. Бұл — бүкіл дүниежүзіне тарататындай

керемет дүние. Бұл аналардың ғана орталығы емес, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын орталық деп санаймын. Сондықтан осы игілікті істі жасаған азаматтарға мың алғыс! Осы бастаманың қасиетті Ақтөбе жерінен басталып отырғанының өзінде үлкен мән бар. Бұл өмірде анадан артық қасиетті ештеңе жоқ! Сондықтан ендігі уақытта әр азамат өз анасын есіне алып, тағзым етуі үшін осы орталыққа келуі керек. Мен облыс әкімі Бердібек Машбекұлына осы идеясы үшін, сондай-ақ оны қолдап, ғимараттың салынуына үлес қосқан іскер азаматтарға ерекше рақметімді айтамын. Ұзақ, бақытты өмір сүрсін деп тілеймін! — деді ол.

Салтанатты шарада әнші, Қазақ КСР және КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы Вера Сидорова, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Марфуға Айтқожина, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жаңа орталықтың лентасын қиып, облыс әкімі бастаған құрметті қонақтар орталықты аралады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір