• USD 383.34
  • EUR 431.45
  • RUB 5.89
  • CNY 55.51

21 Қыркүйек, 2018 Аймақтар

Ақтөбе өлкесінде ақ жаулықты аналар басқосты

Ақтөбе облысының орталығында «Анаға тағзым» республикалық слеті өтті

Ақтөбе облысының орталығында «Анаға тағзым» республикалық слеті өтті. Шараның «Ана әлемді тербетеді» атты секциялық жұмысында қоғамдағы отбасылық тәрбие, өнеге туралы кең талқыланған болатын.

Шараның құрметті қонақтары жазушы, ұлттық дәстүрді насихаттаушы Зейнеп Ахметова, ҚР балалар істері жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева, Қазақстанның халық жазушысы Ә. Кекілбаевтың зайыбы, дәрігер Клара Жұмабаева жиналған жұртшылыққа қоғамдағы ана мен баланың рөлі және жастарға тәрбиелік мәні бар әңгімелерді айтып берді.

«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» дейді дана халқымыз. Қазір елімізде ұл-қызын тәрбиелеп, оған қоса қоғам ісіне білек сыбана кірісіп жүрген әйелдер көп. Деректерге сүйенсек, елімізде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 58 пайыз болса, солардың ішінде жоғары лауазымдағы әйелдердің үлесі — 10 пайыз. Ал біздің облыста білім саласының 83 пайызы — әйелдер. Кездесуде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева осы деректерге тоқталып, шараның мәнін түсіндіріп өтті. Кеш қонағы Сәуле Айтпаева қоғамдағы ана мен бала рөліне тоқталды. Бүгінгі өтіп жатқан аналар слетінің маңызы зор екенін айтты. Ал Зейнеп Ахметова ұлттық салт-дәстүрге байланыстырып жастарға ақыл-кеңесін берді.

— Елбасымыз рухани жаңғыру туралы айтты. Рухани жаңғыру дегеніміз — екі әншіні шақырып, ән айтқызу емес, ол — сананың жаңғыруы. Қазір қазақтың сан ғасыр сарабынан өтіп келген өнеге, тәрибесінің жұлым-жұлымын шығардық. Мүлде басқа жаққа қарай бұрылып кетті. Сондықтан біз бүгінде талай нәрседе тығырыққа тіреліп отырмыз. Тәуелсіздік алдық, шекараны ашып, құшағымызды жайдық. Жақсы да, жаман да келді. «Көрмегенге көсеу таң» деген, көргеніміздің бәрін қабылдадық. Бәрін «мәдениет» деп ұқтық. Батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады. Ат төбеліндей қазақтың шақшадай басы шарадай болды, — деген батырдың келіні жастарды ұлттық тәлім-тәрбиеден алыстамауға шақырды. Сондай-ақ кездесуде ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау төңірегінде тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылды. Клара Жұмабаева енесімен қырық жыл бірге тұрғанын, үлкенді қалай сыйлау керектігін айтып берді.

— «Анаға тағзым» атты шараны ұйымдастырушыларға ризамын. Бұндай шара жастарымызды ананы құрметтеуге үндейді. Өмір анадан бастау алады. Ана — мейірімнің бастауы. Дүниеге бала әкеледі, оны азамат қылып өсіріп, тілегін тілеп, барлық ауыртпалықты арқалап жүреді. Мысал ретінде Әбіштің анасы, енемді айтсам, ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Жолдасы соғысқа кеткенде Әбіш екі жастан асқан екен. Үш қызы мен жалғыз ұлын асырау үшін барлық қиындықты көрген. Маңғыстаудағы көмір шахтасында жеті жыл жұмыс істеген. Өмір бақи жалғыз ұлының тілегін тіледі. Бар табысымен жалғыз баласын оқытты. Ұлы еңбегін ақтады. Қырық жыл баласы үшін бейнет көрді, қырық жыл соның зейнетін көрді. Енемі сабырлы, қонақжай

кісі еді. Тоқсан сегіз жасында өмірден өтті. Қырық жыл келіні ретінде енемнің көңілін табуға тырыстым, — деген Клара Жұмабаева жас келіндерге кеңесін айтты.

Кездесудің соңында жастар, ұстаздар сұрақ қойды. Өнерлі балдырғандар ән айтып, би билеп қонақтарды шығарып салды.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір