• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 07:53:17
Алматы
+35°

26 Қыркүйек, 2018 Ғылым-білім

Бүркітші қыз Айшолпанға құны 20 мың доллар тұратын білім гранты табысталды

Осыған дейін Айшолпан әлемдік білім мен ғылым саласында көшбасшы саналатын Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алған болатын.

25 қыркүйекте елордадағы “Spectrum” халықаралық мектебінде “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорының басшысы Дархан Өте жаһанға “The Eagle Huntress” деген атпен танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызына қордың білім грантын табыстады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі kazaknews.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Бұған дейін Айшолпан туралы сюжетті көріп, жеткіншектің өнеріне таңырқағанын айтқан Д. Өте ұлттық құндылығымызды дәріптеп жүрген Айшолпанның Отанын бір көргісі келген тілегін ескеріп әрі болашақта жаһандағы үздік жоғары оқу орындарында білім алуға бар мүмкіндікті жасау үшін “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қоры білім грантын ұсынып отырғанын атап өтті. Білім грантының құны 20 мың доллар тұрады.

Айшолпан

Өз кезегінде елордадағы “Spectrum” халықаралық мектебінің басшысы Артур Төлепбеков Айшолпанның білім алуы үшін бар жағдайдың жасалатынын атап өтті. Айшолпан “Spectrum” халықаралық мектебінде білім алып, тілдік танымдарын ұштайды, сондай-ақ, жатын орны мен тамағы, оқу құралдарымен де қамтамасыз етіледі, деп мәлімдеді А. Төлепбеков.

Айшолпан

Айшолпан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында жергілікті мектептердің бірінде 12 сыныпта оқиды. Бала кезінен құсбегілікке әкесі баулыған. Айшолпанның өзі Kazaknews.kz тілшісіне берген сұхбаты барысында құсбегілік ата-бабасынан мұраға қалып келе жатқан өнер екендігін айтады. Айшолпан болашақта журналист я аудармашы болғысы келетінін де жасырмады.

2016 жылдың қазанында атақты америкалық режиссер Отто Белл Айшолпан туралы  «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деректі фильмін  көпшіліктің назарына ұсынды. Фильм жарыққа шыққаннан кейін Айшолпан әлемдік білім мен ғылым саласында көшбасшы саналатын Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алды.

Айшолпан

Өз кезегінде, бүгінгі білім грантын табыстау отырысы барысында Алматы қаласындағы Сүлейман Демирель атындағы университет Айшолпанға кез келген мамандыққа білім грантын ұсынып, куәлігін табыстады.

Айшолпан

“Білім-инновация” ХҚҚ басшысы Дархан Өтенің сөзінше, Айшолпан өз қалауы бойынша халықаралық мектепте 2 жыл білім алады.

Айшолпан

Айшолпанның анасы Алмагүл қызына білім алып, жан-жақты шыңдалуына бар мүмкіндік беріп отырған Қазақстанға және “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорына зор алғысын білдірді.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір