• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 12:40:22
Алматы
+12°

Бүгінгі таңда шекара асып, Қытай деген алпауыт мемлекетте білім алып жүрген қазақ студенттерінің саны 1200-ге жуықтайды. Олардың көбісі, анығын айтқанда, 2000-ы бас қала Пекинде оқиды. Сианьда 900, Үрімшіде 800, Шанхайда 600, Уханьда 400, Гуанчжоуда 350, Нанкинде 250, Құлжада 150, Ланчжоуда 150, Шэньян мен Харбин қалаларының ЖОО-да 100-ден астам қара көзіміз ғылым мен білім ден қойып жүр екен.

Қытай қадалған жерден қан алуын тоқтатар емес. Әлі күнге дейін оқу гранттарының санын көбейтіп, еліктірер жарнама жасап, «Қытайда оқысаң, бағың жанады, бай боласың» дегенді жастардың санасына құюға барынша тырысып бағады. Ол жақтағы білім ақысының басқалармен салыстырғандағы арзандығы, қытайлық оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ, терлемей, тепшімей-ақ түсе салу мүмкіндігі біздің жастарды қатты қызықтырады. Сондықтан да Қытайды түсінде көріп, армандайтын абитуриенттер саны күн санап өсуде. Алайда олар шетелде оқу, Қытайда оқу әрқашан жақсылық, бақ-береке әкелмейтінін ойлай бермейді. Ата-анаңнан жырақ жерде шалыс басу оңай. Ақыл-кеңесін айтып, түзу жолға бағыттайтын жанашырың болмайтыны да жанға батады. Қытайға арман қуып барып, Қазақстанға қасірет шегіп оралған бір қазақ жігітінің оқиғасын тілге тиек етейік.

Кейіпкеріміз бетпе-бет кездесіп, оқиғасын баяндаудан бас тартты. Қытайдың түрмесінде отырып шыққан студент оқиғасын ҚР СІМ өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен қысқаша айтып берді. Дегенмен аты-жөнін жария етпеу – кейіпкердің өтініші. Оқырманға түсінікті болу үшін оның атын Самат деп өзгертіп алайық.

Пекиндегі Орталық қаржы университетінің бірінші курсында оқып жүрген Самат «Ренмин» халықаралық мектебінде ұрлық жасайды. Біреудің ноутбугын қолды етпекші болады. Аталмыш оқу орны Қытайдағы ең беделді білім ордалары екендігін ерекше айта кеткен жөн. Ноутбукты ұрлаған жерінде Самат ҚХР-дың қоғамдық қауіпсіздік органы (полиция) қызметкерлерінің қолына түседі.

Жергілікті полиция бөлімшесінде бір күн түнеген қазақстандықты қалалық тергеу изоляторына тоғытады. Ата-анасы Қытайға келіп жетпес бұрын кәмелет жасына толмаған оның қамқоршысы ретінде өзі оқыған университеттің ұстазы бекітіледі.

Тергеу ісі жүргізілген уақытта мәжбүрлі түрде өз кінәсін мойындау дегендей жұмыстар жүргізілмегендігін айтады. Аудармашыны да пенитенциарлы (қылмыстық-атқарушы деген сөз) мекеменің өзі тағайындапты.

Cаматқа қойылған сұрақтардың легі жасалған қылмыстың төңірегінде болғандығын айта кеткен жөн. Дегенмен кей кезде билік өкілдері ата-анасы кім, туысқандары немен айналысатындығын білгісі келгендігі рас.

Үш айға созылған тексеру жұмыстарының нәтижесінде Қытай жағы біздің жігітті тергеуге атсалысуға шақырды. Олар мұны ресми түрде келіссөз түрінде қол қойып, бекітуді сұрайды. Өз кезектерінде түрмеге тоғытылатын мерзімді қысқартуға көмектесетіндіктерін айтады. Самат келісімін береді (келіссөзге қол қояды).

 

Саматтың ата-анасы ҚР елшілігінің көмек ретінде бекітіп берген адвокаты ҚХР полициясымен келісімге келіп, мәселені «шешемін» деп қомақты қаражат сұрай бергеннен басқа дым бітірмегенін айтады.

ҚХР тергеу изоляторындағы жатқан Саматтың күн тәртібі (уақыты шамалап алынған) мынадай болған екен:

6:30 – ұйқыдан ояну;

7:00 – таңғы ас;

8:30 – «орындықта отыру» (жазасын өтеушілер бір орында яки орындықта отырып пайдалы іспен шұғылданулары шарт: кітап оқу болсын, қолөнермен айналысу болсын);

10:30 – мекеме төңірегінде серуендеу;

11:00 – түскі ас;

11:30 – демалу уақыты (ұйықтайды);

13:30 – «орындықта отыру»;

16:00 – мекеме төңірегінде серуендеу;

16:30 – кешкі ас;

17:00 – бос уақыт;

19:00 – кешкі жаңалықтарды көру (қытай тілінде);

22:00 – ұйықтау.

Ұзаққа созылған алты айдан кейін ҚХР соты Саматты сегіз айға түрмеге  қамауды ұйғарады. Сонымен қатар 2000 юаньге айыппұл тағайындайды. Сегіз айдан кейін темір тордан аман шыққан Самат өз Отанына, Қазақ еліне депортацияланыпты.

Самат бүгінде немен айналысатынын, нені армандайтынын айтпапты. Солай санада сансыз сұрақтар сайрап қалды. Дегенмен бір қазақтың жолы болып, өмірде өз орнын табуына тілектеспіз. Шетелде жүріп, өмір жолынан адасып, қателікке бой алдырған жерлестеріміз атамекеннің ана екендігін, қысылғанда пана екендігін білгенін қалаймыз.

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір