• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 12:07:34
Алматы
+35°

15 Қазан, 2018 Саясат

Ингушетия мен Шешенстан арасында соғыс басталуы мүмкін бе?

Соңғы 15  күннен бері Ингушетияның астанасы Магас қаласында тыныштық жоқ

Соңғы 15  күннен бері Ингушетияның астанасы Магас қаласында тыныштық жоқ. Әңгіменің тоқетері – Шешенстан мен  Ингушетия арасындағы жер дауы. Бұл бүгіннен емес, сонау өткен ғасырдан тоқсаныншы жылдарынан бастау алған. Шиеленіс соңғы екі аптада шарықтау шегіне жетті десе де болады. Көшеге, елдің орталық алаңына он мыңдаған халық шықты. Талап біреу: Шешенстанға беріліп кеткен құнарлы жерді қайтару және осыған байланысты шешен президенті Рамзан Қадыровпен келісімге қол қойып жіберген  Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуровты қызметінен кетіру. Белсенділер 15 қазанға дейін наразылық шеруін  жалғастырмақ, кеше ұйымдаса келе тағы да оған екі күн қосты. Ең бір қызығы, бұл наразылық акциясын  үкіметтегі атқамінерлер  ұйымдастырып отыр. Егер іс жағымды сипатта шешілмесе,  жағдай қиындай түседі. Кеше үкімет басшысы осыған орай наразылық акциясын 25 қазанға дейін созуға мүмкіндік бар екенін айтты. Бірақ әзірге наразылық шеруі тыныштық жағдайда өтіп жатыр. «Ингуш халқы ақсақалдар кеңесінің» белсенділерімен ақылдаса келе, үкімет акцияны 17 қазанға дейін созуды ұйғарды. Мұның себебі неде? Үкімет басындағылардың айтуына қарағанда, алдағы аптада Магас қаласында республикалық  және федеральдық, халықаралық деңгейде мәдени – спорттық іс-шара өтпек. Осыған орай, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін наразылық шеруі уақытша тоқтатылады.

 

Жер дауы қайдан шықты?

 Тарихқа үңілер болсақ, өткен ғасырдың 1920 жылдары Солтүстік Кавказ аймағында Горская Автономиялық Республикасы құрылғаны мәлім. Оның құрамына Ингушетия, Шешенстан, Қарачай-Черкес, Кабардин Балкар және Солтүстік Осетия кіргені белгілі. 1922 жылы одан Шешенстан бөлініп шықты. 1924 жылы ВЦИК-тің декреттік қаулысымен бүкіл Кавказды біріктірген автономиялық республикалар жойылады да, олар Ресейдің құрамына енгізіледі. Алайда 1934 жылы Ингушетия Шешенстанмен қосылады да, Шешен-Ингуш Республикасы болып қайта құрылады.

1990 жылдардың басында Кеңес Одағының құрамында республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздік алып жатқан тұста Шешенстанның билік басына келген  Жохар Дудаев Мәскеумен қарым-қатынасты үзеді де, өз тәуелсіздігін жариялайды. Осы сәтте Ингушетия да өз дербестігін алады, бірақ Ресейдің құрамында қалады. Ельциннің тұсында  орыс-шешен соғысынан Грозный жермен-жексен болып қирағанын тарих ұмыта қойған жоқ. Уақыт өте келе соғыс аяқталып, қатынас қалпына келгенімен, шешен мен ингуш арасындағы шекара нақты анықталмаған күйінде қалады. Бұл мәселе билік басына әртүрлі басшылар келген сәтте де, ауық-ауық көтеріліп отырды.

1992 жылы сол кездегі шешен басшысы Жохар Дудаев пен Ингушетия президенті Руслан Аушев арасындағы қол қойылған келісімге сәйкес, даулы болып келген Сунженск ауданы толығымен Ингушетияға берілді де, Шешенстанға Серноводск мен  Ассиновск учаскелері қарайтын болды. Шешеннің билік басына Аслан Масхадов келген кезде бұл дау қайта өршіп барып басылды. Неге бұл мәселе қайта-қайта шиеленіс ошағына айналып отыр? Мамандардың айтуына қарағанда, Сунженск ауданында біршама мұнай қоры бар. Ең басты мәселе, шешендер тарапынан осы аумаққа қызығушылық басым.

2003 жылы билік басына Ахмат Қадыров пен Мұрат Зизяков келген кезде де, шекаралық хаттамаларға қол қойылды. Оған сәйкес, Серноводск мен  Ассиновск учаскелерінің бір бөлігі Шешенстанға қарады да, қалған аумақ толықтай Ингушетияның құрамына кетті. Бұл кезінде қол қойған Дудаев пен Аушевтің көшірме құжаттары десе де болады.

Бұл мәселе, билік басына қазіргі басшы Рамзан Қадыров келгеннен кейін тіпті жандана түсті десе де болады.

–Біздің байырғы территориямыздың жайы бүкіл халықты алаңдатады.  Екі ел бірге өмір сүрген кезде де, кейін екі бөлек кеткен сәтте де бұл жер дауы шешілмеген күйінде қалды. Сондықтан біз қандай жағдайға қарамастан, өз жеріміздің қожайыны болуымыз керек, – деді бір сөзінде шешен президенті Рамзан Қадыров.

2012 жылдың тамыз айында шешен президенті Рамзан Қадыров «Ингушетиямен әкімшілік шекара федеральдық деңгейде  шешілуі керек» деп мәлімдеме жасап, осыған байланысты екіжақты комиссия құрылғаны белгілі. Бұл мәселемен Юнус –Бек Евкуров та келіскен. Бірақ 2013 жылдың 6 тамызында  Рамзан Кадыров арнайы заңға қол қойып, «Ингушетияға қарасты Аршты елдімекені мен Сунженск ауданы Шешенстанға қарауы керек» деп мәлімдеме жасаған. 2013 жылдың 18 сәуір күні мұздай қаруланған 300 шешен жасағы Ингушетияның   Аршты селосына баса - көктеп кірген. Қақтығыстың салдарынан ондаған адам қайтыс болып, бірнешеуі жараланғаннан кейін  оқиға біршама уақыт тағы да тұрақталған. Алайда шешен жағы 2018 жылдың тамыз айының соңынан бастап, ингуш елдімекеніндегі бірқатар селоларға қарай жол салып, үлкен құрылыстың жобасын бастаған. Осы оқиға мәлім болғаннан кейін екі ел арасындағы жағдай тіпті қиындай түскен. Ақыры жағдайдың алдын алған екі ел басшысы Рамзан Кадыров пен Юнус-Бек Евкуров 2018 жылдың 26 қыркүйек күні аймақтардағы шекаралық аудандарды бекіту туралы келісімге қол қойған.

 Наразылық неге өршіді?

 Аймақтық шекараларды бекіту туралы екі президенттің қол қойған келісімі ингуш халқына ұнаған жоқ. Келісімге сәйкес, шешен жағына 26 800 гектар жер өтіп кеткен, ал ингуш тарапына шешендердің 1000 гектар жері ғана  берілген. Бұған наразы болған халық келісім парламентте бекітілетін күні көшеге шыққан. Соған қарамастан ингуштың парламент депутаттарының тек қана бесеуі оған қарсы болып, төртеуі қалыс қалды.

Ресей құрамындағы автономиялық республикалардың ішінде халқының саны және территориясы жағынан да ең кішкентай мемлекет болып саналатын Ингушетия  ендігі кезекте беріліп кеткен құнарлы жерді қайтара алмас. Өйткені, ингуштарға қарағанда шешендердің әл-ауқаты жоғары және белсенділігі мен патриотизмі мықты әрі ұйымшыл. Оның үстіне дүниенің төрт бұрышындағы шешендік мафиямен байланысы өте күшті Рамзан Кадыров құнарлы жерді бере қоймас.

Кеше жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ингушетияның бірінші президенті Руслан Аушев «Мәселені бұлай шешуге болмайды. Оны кавказдық дәстүрге орай, вайнахтың әдет-ғұрыпты ескере отырып, екі елдің арасына сызат түспейтіндей жағдайда шешуге мүмкіндік бар еді. Өкінішті. Бұл кешіріммен қарайтын нәрсе емес» деп мәлімдеді.

карта

Шындығында да кішкентай жерді мекен етіп отырған ингуш халқына жаңа шекара сызығы бойынша өмір сүру қауіпті. Өйткені жаңа карта бойынша шешен территориясы Ингушетияның кейбір жерлеріне (картадағы қызыл сызықты қараңыз - ред) сұғына еніп кеткен. Оның үстіне шешендер 25 есе үстеме жер алған. Мұның барлығы да ингуш халқына ұнамай отыр. Наразылық шеруі бейбіт мақсатта өтіп жатқанымен, қалай аяқталары белгісіз. Бірақ кейбір сарапшылар «ел наразылығы тоқтамаса, президент  Юнус-Бек Евкуров отставкаға кетуі мүмкін» деген болжамды да жоққа шығармайды. Бұл да ықтимал нәрсе. Өткен аптаның ортасында Ресейдің Ставрополь өлкесінен бірқатар құрылымдық күштер жағдайды тұрақтандыру үшін ел астанасы Магасқа келді. Бірақ осы кезде ингуш полициясы бірден халықты қорғау  жағына шығып кетті. Бұл қадам да Мәскеуге ұнап отырған жоқ. Кеше кешкілік Ингушетия Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Рашид Қадыров қызметінен босатылды.

Қазір Ингушетияда мобильді интернет жүйесі істемей тұр. Республикада интернеттік байланыс жүйесінің барлық базалық стансалары уақытша жабылды.

Ал Шешенстан президенті Рамзан Кадыров «ешкімнің жерін баса  - көктеп тартып алған жоқпыз, ешкімнің де құқы аяққа тапталған жоқ. Біз бір-бірімізге құрметпен қарайтын елміз. Жағдайды күрделендірмес үшін барлық жауапкершілікті өз мойнымызға алдық», – деп мәлімдеді. 

Кейбір сарапшылар «енді кавказдық екі ел арасында соғыс басталуы ықтимал» дегенді айтып жатыр. «Бірақ Шешенстан мен Ингушетия арасында шиеленіскен жағдайға байланысты соғыс өрті тұтануы мүмкін» деген болжам ақиқатқа сай келмейді. Алайда кеше ингуш аналары жағдайда қалыпты келтіріп,  жедел шешу үшін Ресей президенті Владимир Путиннен көмек сұрады... 

 

 

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір