• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Ақпан, 23:56:16
Алматы
+35°

17 Қазан, 2018

«Тұңғышбайдың басынан түрлі жағдай өтпегенде, мұндай пьесаны осылайша ойнауы мүмкін емес еді»

Қазақтың билері мен хандарын ойнаған Тұңғышбай Жаманқұловты бүгін актер ретінде көрдім.

"Қуыршақтардың" Алматыдағы премьерасы қазанның 15-і кешкісін қаладағы "Жас сахна" театрында өтті. Жүзден аса көрермен сыятын зал лық толды. Есіктің ауызында оншақты адам бір сағаттан асқан қойылымды тұрып тамашалады. Спектакльде тек бір актер – Тұңғышбай Жаманқұлов ғана ойнады.

Жаманқұлов

"Есейгенде адам да қуыршаққа айналады"

Сахна тас қараңғы. Сәлден кейін мұңлы әуен естіліп, сахнаға сүйретіле шыққан қарт адамның сұлбасы көрінді. Қарт жұпыны киінген, жалаң аяқ. Сахнаның ортасында шаңыраққа ұқсап айқасқан бес-алты ағаш салбырап тұрды. Сол жақ бұрышта ағаш сандық тұр. Бар декорация - осы.

Сандықтан қуыршақтарды алып, шаңырақ астындағы ілгіштерге бір-бірлеп іле бастаған қарт ертеде қуыршақтар жайлы естіген аңыз әңгімесін баяндайды.

"Ерте заманда қуыршақтардың өз әлемі болған. Бірақ жыл сайын күн тұтылғанда адамдар қуыршақтардың баласын тартып алып отырған. Бұл қысымнан әбден зәрезап болған қуыршақтардың бірі қара сиқырдың қыр-сырын меңгеріп, өз қызына да үйретеді. Күндердің күнінде ол қызды да адамдарға беретін уақыт келеді. Қуыршақ қыз өз тағдырластарымен кетіп бара жатып жанындағы балаларға да қара сиқырдың құпиясын ашады. Сол сәттен бастап адамдар арасында сәбилер өлімі көбейген. Қуыршақтарға ашуланған адамдар олардың еліне шабуыл жасап, тыныштық бермейді. Қуыршақтардың зарын құдай естіп, ол қуыршақтарды өзге ғаламшарға алып кеткен екен" деді қарт.

"Бірақ адамнан айла асқан ба?" деген қарт: "Кейін адамдар қолдан жансыз қуыршақтар жасауға кіріскен. Есейгенде адам да қуыршаққа айналады. Өмірдегі сатқындық, арсыздық, арамдық пен әділетсіздік, қиянат оны еріксіз қуыршаққа айналдырады. Бірақ ешкім өзінің қуыршақ екенін мойындамайды" деді.

Ілгіштерге ілінген қуыршақтың бірінен өзін сатып кетіп, соның кесірінен түрмеге түскен әріптесінің бейнесін көреді. Екіншісінен жастайынан бірге өсіп, кейін дәрігер болған, бірақ ол дәрежеге адамның өлімі арқылы жеткен досын көреді. Зұлымдық жасаса да, оның жаза алмағанына іштей қатты қапаланады. Қанша дос-жақыны болса да, адам әркез жалғыз екенін түсінеді. Осылайша өмірден үмітін үзіп, өртеніп өлген отбасымен қауышу үшін қосауыз мылтықты алқымына тақап, шүріппені басады. Жерге құлаған қарттың үстіне шаңырақ түседі. Жарық сөнеді.

Бір сәт үнсіздіктен кейін көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап тұрды.

Басынан өткен оқиғалар көрініс тапқан"

Қойылымнан кейін Тұңғышбай Жаманқұловқа гүл шоқтарын ұсынған құттықтаушылардың қарасы көп болды. Сахнаға Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрлан Сыдықов шығып, Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Аида Балаеваның құттықтауын оқып, Тұңғышбай Жаманқұловтың иығына шапан жапты. Актер оны алыстау тұрып тыңдап, жапқан шапанды көп ұзамай шешіп тастады.

Қуыршақтар

"Бұл қойылым мен үшін өте қымбат. Бұл – жалғыз актердің театры. Жаныңда ешкім жоқ, өзіңмен-өзің күйіп-пісесің. Қиын екені сөзсіз. Қолғанат Мұрат деген жас жігіттің жазған бұл пьесасы менің жан дүниемді қатты тебірентті. Астары өте терең, қойылымның негізгі мақсаты - адамзатты апаттан құтқару" деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Көрермендердің бірі жазушы, драматург Дулат Исабековтің пайымдауынша, Жаманқұлов бұл қойылым арқылы басынан өткен оқиғаны айта білген.

"Қазақтың билері мен хандарын ойнаған Тұңғышбай Жаманқұловты бүгін актер ретінде көрдім. Осыған дейінгі рөлдері біркелкі болатын. Бүгінгінің тақырыбы ерекше. Біздің шындық пен өтіріктің арасында жүргенімізді астын сызып көрсетті. Өзінің оң жамбасынан келген рөл сияқты. Ащы шындық. Соңғы жылдары Тұңғышбайдың басынан өткен оқиғалар осы қойылымда көрініс тапқан секілді. Егер Тұңғышбайдың басынан түрлі жағдай өтпегенде, мұндай пьесаны осылайша ойнауы мүмкін емес еді" деді жазушы.

"Феникс" көркем фильмін түсіруге "бюджеттен бөлінген қаржыны жымқырды" деп айыпталған актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов былтыр үш жарым жыл шартты жаза алған.

"Феникс" ісіне байланысты сот процесі 2017 жылғы наурыздың 9-ы күні басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген 69 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған" деген айыппен актер Жаманқұлов бастаған тоғыз адам жауапқа тартылған. Жаманқұлов сот отырыстарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бірнеше рет көмек сұраған. Кейін сот шешімі шыққанда актер "президентке өкпелі" екенін айтқан.

Авторы: Мәншүк Асаутай

Дереккөз: azattyq.org

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір