• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Ақпан, 23:41:56
Алматы
+35°

19 Қазан, 2018 Әдебиет

Әбдірахман Асылбеков аян берген ақырғы кітабында не айтқысы келді?

Бейсенғали Есенәлиевтің айтуынша, марқұм Әбдірахман ақынға Алла Тағала «Құранды өлең қылып жаз» деп аян беріпті.

Аяулы ақын Әбдірахман Асылбековтен бүгін айырылып қалдық. Өмірінің соңғы жылдарын ақын кітап жазуға арнағанын бірі білсе, бірі білмейді. Бейсенғали Есенәлиевтің айтуынша, марқұм Әбдірахман ақынға Алла Тағала «Құранды өлең қылып жаз» деп аян беріпті.

♦Атақты "Жар-жардың" сөзін жазған Әбдірахман Асылбеков өмірден өтті

«Осы кітапты жарыққа шығарып үлгерейін» деген арман-тілегі де қабыл болады. Құдайдың көзі тура болып, тоғыз ай толғатып жазған кітабы көктемде ғана «Көкжиек» баспаханасынан шығып үлгерді. Қыркүйектің ортасынан бастап аталған баспахана Әбдірахман Асылбектің авторлығымен «Қасиетті Құран – мәңгілік мұраң» деген су жаңа кітапты сатылымға шығарды. Құран Кәрімнің аяттарын өлең түрінде жазып шыққан ақынның бақилық болғанын естіген баспахана қызметкерлері біз қоңырау шалғанда абдырап қалды. Біз  ақырғы кітабының жазылу себебін білгендіктен, автордың алғысөзін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз. «Көкжиек» баспаханасы өтінішімізді аяқ асты етпей, марқұмға өз құрметін білдіре отырып, кітаптың сөз басын редакциямызға ұсынды.

 

Сөзбасы

Бисмиллаһир-рахманир-рахим!

Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.

Менің бұл мәселені қолға алуыма түрткі болған нәрсе – Құран Кәрімнің әсем әуезі мен құлаққа қонымды һәм жүрекке жағымды қырағаты еді. Құран сүрелері араб тілінде оқылса да, сай-сүйекті сырқыратып, өне бойды шымырлатып, ерекше бір сергек сезімге бөлейтіні анық. Дегенмен, Құран аяттары төл тіліміздегі аудармалардан оқылғанда дәл араб тіліндегідей әсер ете қоймайтындығы жасырын емес. Бәлкім, Алла Тағаланың тылсымнан тарту еткен аянының да әсері шығар «Неге Құран аяттарын тіліміздегі ойлы орамдармен, мәнерлі мақамдар, әсем әуез, үйлесімді үнмен оқылатындай өлең түрінде жазып шықпасқа?!» деген пікір орала кетті. Ақырында, осындай еңбекке қажыр-қайрат жұмсауды жауапкершілігім деп санадым да, Алланың сәтін салуымен «бисмиллә» деп бастап кеттім. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедті  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) араб қауымы пайғамбар ретінде мойындамай қасарысып тұрған шақта Құранның әуезді аяттары бас игізіп, дін қабылдауларына себеп болған еді. Демек, дінімізде негізі бар осындай жақсы дәстүр төл тілімізде  жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

Жалпы әлемнің өзі бір ырғаққа негізделіп, белгілі бір әуездің бесігінде тербеліп, есебі дәл Құдіреттің қалауымен қозғалатындығы белгілі. Алла Тағаланың жаратылыс аяттарының мұндай ырғағы болғанда, неліктен Құранындағы аяттардың ырғағы болмасын?! Сондықтан, Құран Кәрім аяттары қазақ тілінде де ырғағымен жүректерге жете берсе екен деген ізгі ниетпен осы істі қолға алып отырмыз.

Жауапты да сауапты істі атқару барысында жіберген қателіктерімді кешіруін Алладан жалбарына сұрап, мұсылман қауымынан кемшіліктерім үшін айып  етпеулерін өтінемін.

Осы еңбектің қазақ халқына жол тартуына жәрдем берген жақындарым мен жанашырларыма қос дүниенің игілігін тілеп, бұл еңбектің сауабы ортақ болса екен деп жалбарына сұраймын.

Демеймін хақ Құраннан қиғаш кеттім,

Кей сөзді ырғақ үшін ұйқас еттім».

Абдрахман Асылбек

Құран

Құран

Құран

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір