• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:05:29
Алматы
+35°

23 Қазан, 2018 Әлеумет

...Біз Мөлдірді қорғай алмадық

Анастасия Алексеенко шын мәнінде өз елінің патриоты болса, тілдік мәселені ешқашан қозғамас еді.

Соңғы бір аптада  Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірген екі оқиға орын алды. Біріншісі – бүкіл желіде сөз болған кешегі комсомолдың жыры болса, екіншісі – осыдан бес-алты күннен бері талқыланып, ақиқаты соңынан ашылған тіл мәселесі. Әрине, комсомол өткен дәуірдің елесі, оған соншалықты бас қатырып қажеті жоқ. Келер ұрпақ оны керек қылмайды да. Ал сонау Арқалықтағы дәрігер Мөлдір Өтебаеваның мәселесі ащы ақиқат, бүгінгі күннің жыры. Тек мәңгілік жырға айналмасын! Алайда...

Оның ақиқаты енді ғана айтыла бастады. Бес күн өткен соң ғана. Болған оқиғаға орай екі тарап келісті. Бір-бірінен кешірім сұрады. Бірақ қазақша сөйлегені үшін кешірім сұрауы керек пе еді? Намысың келеді. Тыныштандыруға үйреніп қалған біздің қорқақ атқамінерлер айрықша белсенділік танытты. Республикалық сайттардың біріне берген сұхбатында дәрігер Мөлдір Өтебаева кеш те болса, мәселенің ақиқатын ашты.

–Біз баласы ауырып келген науқаспен татуластық. Жанжалға нүкте қойылды. Журналистер қанша сұраса да, мен оқиғаның  қалай болғаны туралы ешқандай пікір білдіргім келмеп еді. Бірақ, маған және менің отбасыма психологиялық қысым көрсетілгендіктен, болған оқиға жайлы айтуды жөн көрдім. Мен науқасты қарауды орыс тілінде жүргіздім. Бірақ, баланың анасына  орысша акцентпен сөйлегенім ұнамады. Сөйтіп, ол мені балағаттады. «Сауатсыз, топас» деп тіл тигізді. Оның бұл қорлауына «мен қазақпын. Орыс тілін жетік білуге міндетті емеспін. Мен өз тілімді жақсы білемін және өз ана тілімде сөйлеймін» деп жауап бердім. Расында да орыс тілін 100 пайыз білмеймін. Ол менен орыс тілінде ешқандай қатесіз сөйлеуді талап етті, – дейді Мөлдір Өтебаева.  

Расында да бұл жерде өзіне қажетті бейнекөріністі ғана берген науқас баланың анасы Анастасия Алексеенконың әрекеті жөн емес. Мұны арандатушылық деп қабылдаған жөн. Ұтылатын ешнерсе жоқ, Мөлдірдің жанында куәгерлер де болды. Бірақ орысқұл қоғамдағы қазақ жандайшаптары екіжақты татуластырды, кешірім сұратты.

 –Қазақстан және Арқалық гүлдене берсін. Бұл – көп ұлтты мемлекет. Қуанышқа орай, мен өз елімнің патриотымын. Бұл барлығына сабақ болады деп үміттенемін, – деп жазды науқас баланың анасы өзінің твиттердегі жазбасында.

Анастасия Алексеенко шын мәнінде өз елінің патриоты болса, тілдік мәселені ешқашан қозғамас еді.  Мұның бәрі де қолдан жасалған арандатушылық. Ал бұл мәселені Ресейдегі орыстың электронды ақпарат құралдары мен интернет көздері байбалам салып, қуана айқайлап, басты тақырып етіп берді. «В КАЗАХСТАНЕ ВРАЧ ОТКАЗАЛАСЬ ПРИНИМАТЬ ПАЦИЕНТКУ С РЕБЕНКОМ ИЗ-ЗА ТОГО, ЧТО ЕЙ ЗАДАЛИ ВОПРОС НА РУССКОМ ЯЗЫКЕ». Интернетке кірсеңіз, осындай тақырыптардан аяқ алып жүргісіз. Олар әдейі жазады, ал біз әлеуметтік желіде шуладық та, қойдық.

Біздің атқарушы биліктегі орысқұл сана жұртшылықтың  алдында  Өткелбаеваны жығып берді. Қазақша сөйлегені үшін кешірім сұраған қызға біз де қорған бола алмадық.  Қай БАҚ өкілі іздеп барып, екі тарапты жолықтырып, мәселенің анық-қанығын зерттеді?! Бірді-екілі журналист қозғау салғаннан кейін ғана Мөлдірден мәселенің ақиқатын енді естіп отырмыз. Ұлттық мәселеге келгенде, белсенді емеспіз. Елдік мәселеге келгенде неге енжармыз? Құлдық психологиядан құтылмай, осы жүргеніміз жүрген! Қорған бола  алмағанымыз үшін біз сенен кешірім сұрауымыз керек, Мөлдір?!

Кеше Мәскеудің орталығында Ислам Каримовке ескерткіш ашылған күннің кешінде орыстың патриоттары 700 мың адамға қол қойғызып, митинг жасады. «Ресейде мұндай диктаторға орын жоқ» деп билікке талап қойды. Ендеше біз де талап етуіміз керек. Әйтпесе, орысқұл атқамінер қазақы сана осылай білгенін істейді. Кешірім сұрата береді. Жығып береді, жығыла береміз, жеңіле береміз, кешіре береміз.

 ...Біз Мөлдірді қорғай алмадық.

Берік Бейсенұлы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір