• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 01:04:08
Алматы
+35°

24 Қазан, 2018 Саясат

Жұмбақ жағдайда өлген журналист немесе әлемді алаңдатқан оқиғаның ақиқаты қашан ашылады?

Осы оқиғадан кейін әлемнің бірқатар алпауыт елдері «Сауд Аравиясымен жанды байланысты тоқтатып, оған санкция салу керек» деп жатыр.

 20 қазан күні Сауд Арабиясының ресми билік орындары  журналист -сарапшы Джамал Хашкаджидің (Хашогги) Стамбулдағы бас консулдықтың ғимаратында өлгенін растады. Бұл туралы елдің Бас прокуроры шейх Сауд әль-Муаджиб де мәлімдеме жасады. Түрік территориясында орналасқан бас консулдықта араб журналисінің өлтірілгені рас. Бірақ ол қандай жағдайда қаза тапты? Бұл мәселе қазіргі уақытта тергелуде.

Ал бұл оқиға  неге дүниені  дүр сілкіндірді? АҚШ-та білім алып, Сауд Арабиясына оралған соң, ол Saudi Gazette басылымында журналистік қызметін бастады. Оның ағаларының бірі Сауд Арабияның бірінші ханзадасының дәрігері болғанын айта кетсек, журналистің де мансабы жоғары қарай жақсы өрлегенін айта кету қажет. 1990-1999 жылдары Al Madinah басылымының атқарушы директоры болған ол Ауғанстан, Судан, Алжир мен Кувейт жерінен тікелей репортаж жасады. Кейбір деректерге қарағанда, ол кезінде «Турки аль-Фейсал басқарған саудтардың ұлттық қауіпсіздік комитетімен байланыс жасады» деген де дерек бар. 2001 жылы АҚШ-та болған терактің алдында Хашкаджи «әл-Каиданың» басшысы Усама бен Ладеннен сұхбат алған. Онда әлемдегі №1 террорист араб елдерін басқыншылардан дереу тазарту керектігін атап айтқан. Ол 2003-2007 жылдарға дейін елдегі әр түрлі басылымды басқарған. 2007 жылдың соңына қарай елдегі салафизмді қатты сынағаны үшін Al-Watan газетінің бас редакторлығынан алынады. Билікпен көзқарасы келіспеген соң бірер жыл өткеннен кейін АҚШ-қа қоныс аударады. Washington Post газетінде жұмыс істеп, Тяу Шығыстағы болып жатқан саяси оқиғаларға өзінің көзқарасын блогер ретінде жиі білдіріп отырады.

Ол ұзақ жыл Сауд Арабиясы ханзадасының отбасына жақын жүргенімен, соңғы жылдары корольдың баласы билік басына келгеннен кейін арақатынасы нашарлай бастаған. 2016 жылы журналист Вашингтонда өткен форумда Сауд Арабиясындағы жағдайды сынап, сөз сөйлеген. Содан кейін ханзада оның мақалаларын өз елінде жариялауға тыйым салған. Бұдан соң Хашкаджидің Сауд Аравиясының қазіргі билігімен арақатынасы тіпті нашарлай түскен. Ол Мұхаммед бен Салманның басқару жүйесін сынап, оны «Сауд Арабиядағы ең қауіпті адам» деп атады. 2017 жылдың 11 қарашасында Мұхаммед басқаратын Жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің шешімімен елдегі 11 ханзада мен  мемлекеттік 40 шенеунік тұтқынға алынды. Заңсыз иеленген мүліктер қайтарылды, олар ұрланған миллиардтаған долларды қайтадан қазынаға құйды. Бұл былықты АҚШ-тың бірқатар басылымдарында сынап-мінеген журналист «Иеменде болып жатқан соғысқа тікелей Сауд Арабиясының қатысы бар» деп нақты дәлелдер келтірді. Өз елінің 2017 жылы Катармен саяси дипломатиялық қатынасын үзгенін де Хашкаджи қатты айыптады. Тіпті  «Ливия мен Иемендегі  «Мұсылман-бауырлар» қозғалысын Сауд Арабиясы қаржыландырып отыр» деп те жазды.

Сауд Арабия корольдігінің бүгінгі саяси жүйесін соңғы бес-алты жылда тұрақты сынап келе жатқан журналист неліктен қаза тапты? Ол Стамбулдағы бас консулдыққа неге кірді? Мұның барлығы да қолдан ұйымдастырылған ба? Жұмбақ жағдайда өлген журналистің қазасын екі апта бойы жасырып келген дипөкілдік  оны 20 қазан күні ғана мойындауға мәжбүр болды. Расында дипломатиялық корпусқа  Хашкаджидің кірген ізі бар да, ғимараттан шыққан бейнесі камерадан еш көрінген жоқ. Әлем елдері талап еткеннен кейін ғана барып, сауд билігі мұны мойындауға мәжбүр болды. Washington Post басылымында араб ханзадасының басқару жүйесін аямай сынап, әшкерелеген журналист сөйтіп, тағдыр айдап барып, аяқ астынан қаза болды. Кейбір әңгімелерге қарағанда, ол үйлену үшін құжат алуға барған.  Артынан буындырып өлтіріп, денесін бөлшектеп, құдыққа тастаған. Десек те, бұл оқиғаға қатысты қазір әртүрлі болжамдар айтылуда. Әзірге белгілісі, дипкорпустың 18 қызметкері ұсталған.

Төрткүл дүние  қазір осыған алаңдаулы. Осы оқиғадан кейін әлемнің бірқатар алпауыт елдері «Сауд Арабиясымен жанды байланысты тоқтатып, оған санкция салу керек» деп жатыр. Сауд билігі «өлім консульдықта істейтін өкілдердің арасындағы ерегістен кейін орын алды» деп жалтарма жауап беруде. АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Твиттерінде «мұның барлығы да қолдан ұйымдастырылған, әдейі жасалған астыртын әрекет. Мен сауд билігінің айтып отырған пікіріне сенбеймін» деп жазды.  Расында да Хашкаджи ғимаратты тастап кетпек болған, оны елшіліктегі өкілдер жібермеуге тырысқан. Ақыры алыс-жұлыстың салдарынан ол қылқындырылып өлтірілген.

Қазір аяқ асты өлім шын мәнінде неден болды, жағдайдың барлығы да зерттеліп, тергеу ісі жүргізілуде. Кеше Стамбулға АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының басшысы Джин Хаспел келді. Енді орын алған оқиғаның барлық жайы тексерілмек. Кейбір әңгімелерге қарағанда, ерегіс кезінде Хашкаджи қол сағатындағы аудио жазғыш құралының тетігін басып үлгерген. Мүмкін әңгіменің барлығы да осында жазылып қолған болар. Ал сағаттағы аудиожазылым қазір түрік тергеу орындары өкілдерінің қолында көрінеді. Сондай-ақ өлімнен кейін ғимараттағы және қалта телефонмен болған әңгімелердің де барлығы да тексерілетін болды.

Ал Джамаль Хашкаджиді өлтіруге кім тапсырыс берді? Кейбір болжамдарға сенсек, түріктің Sabah басылымының жазуына қарағанда, «Сауд Арабиясы  жалпы барлау қызметі басшысының орынбасары Ахмет Асиридің бұған тікелей қатысы бар». Ол Түркиядағы консулдық қызметкерлері, атап айтқанда, Ахмед Абдулла Альмузаиниге тапсырма берген. 28 қыркүйек күні журналист Джамаль Хашкаджи құжаттарын алуға Стамбулға келген, Сол күннің ертеңіне Альмузаини Эль-Риядке ұшып барып, Ахмет Асириден дереу тапсырма алып, Түркияға қайта оралған. Онымен тағы да 15 адам ұшып келді» деген де ақпар бар. 2 қазан күні журналист Джамаль Хашкаджи өлтірілгеннен кейін Альмузаини Сауд Арабиясына қайтадан ұшып кеткен.

Бұл болжам ба, жоқ әлде, шын мәнінде оқиға осылай орын алды ма? Мұның барлығын тергеу орындары алдағы уақытта анықтайды. Бірақ осы кезге дейін АҚШ-тың стратегиялық одақтасы болып келген Сауд Арабиясының халықаралық аренада абыройына  нұқсан келгені, ол енді шындық.  

Расында да ендігі жерде Сауд Арабиясының ресми билігіне  оңайға соқпай тұр. Кеше АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенс «бұл мәселеге қатысты  АҚШ тарапы үнсіз қалмайды. Міндетті түрде АҚШ-та, халықаралық қоғамдастық та қатаң түрде жауап қататын болады», деп мәлімдеме жасады.

Берік Бейсенұлы

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір