• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Шілде, 12:25:13
Алматы
+35°

25 Қазан, 2018 Ғылым-білім

Халифа Алтайдың «Естеліктерім» дастанындағы Елісхан батыр образы

Кітаптың 1980 жылы Стамбулда басылған нұсқасына алғысөз жазған көш куәгерлерінің бірі Хамза Шөмішбайұлы былай дейді:

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жан сауғалап босқан, түн түнектен қашқан, сөйтіп Гималай асқан қазақтардың көш тарихы хақында Халифа Алтайдың «Естеліктерім» дастаны мен «Алтайдан ауған ел» деректі шығармасында  және Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» трагедиялық романында түбегейлі баяндалады.

Бүгінгі мен «Естеліктерім» дастанындағы Елісхан батыр бейнесіне аялдаймын. Аталған туынды 2002 жылы Шахан Төлеубековтың латын әрпінен қазақшаға түсіруімен Алматыда басылған екен. Кітап  7 бөлімнен тұрады.

Шығарманың жазылуы жайында автор «Алғысөзінде» былайша пайымдайды: « ... бұл көш тарихымызда өте күрделі, орасан маңызды, ерекше айтып өтетіні бір тарихи құбылыс болғандығы үшін тарихтан өзіне тән орнын алуға әбден тисті! ... Сондықтан бұл тарихи өмір шындығын бір дастан етіп жырлауды, келешек ұрпаққа қалдыруды, бір қасиетті азаматтық борыш, елеулі міндет деп бағалағандығым үшін осы «Естеліктерімді» жазып шықтым ... өйткені, бұл бір жай ғана роман немесе қарапайым ертегі емес нағыз аянышты болған өмірдің шындығы».

Осыдан-ақ, «Естеліктерім» дастанындағы оқиғалардың Халифа Алтайдың өз басынан өткен шынайы кешірмелері екенін анық аңғарамыз.

Кітаптың 1980 жылы Стамбулда басылған нұсқасына алғысөз жазған көш куәгерлерінің бірі Хамза Шөмішбайұлы былай дейді:

«Тұжырып айтқанда, 1935-жылдарда Ана жұрттан шығып Анадолыға жетіп келген көштің жолға шығуына себепші болған ардақты азамат Әліпұлы Елісхан болмаса немесе бастап шықпаса, бұл елдің Үндістанға, сондай-ақ Түркияға жетуі мүмкін емес еді.

Марқұмның артында бала қалмағанымен, осы жүрген барлығымыз да сол кісінің жұрағатымыз ғой! «Адамның өзі мың жасамайды, жұрағаты мың жасайды» дегендей, жұрағаттары әрдайым өте ардақтап, аса құрметпен еске алады. Елісхан батырдың бұл жолдағы баға жетпес еңбектері жайлы бұл кітаптың ішінде көтерілген мәлімет болғандығы үшін қысқа ғана түсінікпен аяқтап отырмын».

Осы бір ауыз сөзге қарап отырып-ақ, біз жалпы Елісханның айбынды, айбарлы тұлғасы қандай кесек, ірі болғанын бірден аңғарамыз. Аталған кітаптың алғашқы бетіне түсініктеме ретінде жазған өзінің алғысөзінде автор да мұндағы баяндаулардың нақтылы бастан кешкен тарихи оқиғалардан алынғандығын тілге тиек етеді.

Ендеше аталмыш дастанға үңіле отырып, Елісхан Әліпұлының өмірі мен күрес жолдарына тоқталған тұстарын бір мезет миға, ой-санаға жүгіртейік.

Оқиға 1930 жылдардағы Қытай Шынжаңының Баркөл өңірінен өрбиді. 1931 жылы туған Қожанияз бастаған ұйғырлар көтерілісіне қолдау білдірдің деп Қытай қарулы күштері Елісханның әкесі Әліп Жамысбайұлының ауылын қырып салады. Бұл кезде басқа жаққа кеткен Елісхан мен оның әкесінің інісі Қожақын қайтып келіп қанды, жойқын қырғынға куәгер болады. Қаһарланып, жаудан кегін алмақ болып, атқа мінеді. Бір бөлім жауларын қырғанменен, көбі құтылып кетеді. Ендігі жерде мемлекет армиясымен қарсыласып, осының салдарынан Елісхан бастаған ел мұсылман халықтарынан көмек іздеп, Гансу-Чиңхайға, одан ары Гималай асып Үндістан-Пәкістанға жылыстайды. Жол бойы талай қанды қырғынды бастан кешіреді, көрмеген бейнет пен азапты көреді. Халқын Гималайдан асырған Елісхан айқасып-шайқасып, арыстанша арпалысып, күресе жүріп, ақыры 1943 жылы Пәкістанда 35 жасында қайтыс болады.

Аталған «Естеліктерім» атты кітаптың 2-бөлімі «Ел бастаған Елісхан» деген тақырыппен басталады.

...

Елісхан Әліпұлы көшті бастап,

Тоғыз жүз отыз бесте жолға аттанды. (16 бет)

Мұнда жас та болса бас болып, Елісханның көсемдікпен елді бастағаны, оған Зайып тәйжі ауылының ілескені, Баркөлдегі қалған елдің басындағы қасіретті жағдайлар әңгімеленді. 1935 жылы Елісхан көшсе, 1936 жылы Зайып көшеді. Қалған ел олардың артынан шұбырып, 1937-1938 жылы көшті жалғайды. Автор осы соңғы көшпен бірге болған.

Сол кездегі Кеңес Одағы жағдайынан қарағанда бұл кезең Сталиндік зұлмат дәуіріне дөп келеді.

Кітаптың үшінші бөлімі «Гансу, Шыңқай жеріндегі ауыр жағдай» деп аталады. Елдің арқа сүйері деп келген дұңған генералы Ма Фупаң өздеріне қас дұшпан болып шығады.

...

Өлтірді мал қайырған малшыларды,

Аң аулап жайша жүрген аңшыларды.

Бұл жағдай өкіметке айтылса да,

Оншалық нәтижесі жалшымады. [31 бет], (жалшымады – нәтиже бермеді, үкімет қарамады мәнісінде қолданылған – С.Н.)

 

Күн өтті осыменен екі жылдай,

Алысып, тонаушымен бір күн тынбай.

Бұл жерде өмір сүру қиын болды,

Белгісіз не болары бұдан былай?! [31 бет.]

 

 Осылайша ұрлық-қарлық, тонаушылық тоқтамайды. Үкімет көпе-көрінеу халықты қолдайтын сыңай танытқанымен, астыртын бірін-біріне айтақтап шағыстырады. Тіпті Елісханның көзін құртпақ болады.

Ендігі тақырып «Шыңқай өлкесінен Тибет арқылы Үндістанға көш әрекеті» (32 бет) деп беріледі де:

 

Елісхан шет қонды енді қиыр жайлап,

Алтыншөге деген жерге барды сойлап.

Мың тоғыз жүз қырқыншы жылдың жазы,

Кетудің шетке шығып, қамын ойлап, (32 бет) - деп жырлайды. Сөйтіп ендігі жерде Елісханның ел бастап шетке көшу әрекеті басталады.

Бір жау бар Қолық деген жолдарында,

Бұл жолмен кету қиын ол барында.

Тонағыш, жол кескіш, ұры-залым,

Құралы күндіз-түні қолдарында. (32 бет)

 

Қолық деп отырғаны – Тибет үстіртіндегі таңғыттар болса керек.

Сондықтан соны жаулап алу үшін,

Бар күшті соған қарсы салу үшін.

Елісхан өзі кетті қолды бастап,

Жеріне соның іздеп бару үшін. (32 бет)

Сөйтіп, Елісхан жолды тосқан жаулармен соғысып, оларды тазартады.

Елісхан қолықтармен соғысып көшетін жолды ашып жүргенде арт жақтан келген қуғыншы жау – Ма Фупаң әскері ауылды тұтқиылдан басып қалады.

Фу Лу Жаң – жау бастығы дүнген екен,

Әскерді бастап алып жүрген екен.

Сөйлесті елші арқылы Елісханмен,

Бұл елді қайтаруға келген екен.

...

Құранға қолын басып сенім берді,

Қылмаймыз сізге қастық енді – деді.

Қатын-бала жау қолында болғандықтан,

Елісхан келісімді қабыл көрді.

 

Түсірді Елісханды өстіп алдап,

Ұстады қол-аяғын дереу байлап...[33 бет].

 

Алдаған әккі жау осылайша Елісханды алдап қолға түсіріп алып, қол-аяғын байлап, елді кері айдайды.

Жол бойы елді ұрып-соғып, қарсыласқандарын атып тастауға дейін барады. Ендігі жерде Елісханның әкесінің ағасы Қожақын батыр бастаған ерлер ақылдасады. Жауға қарсы тұруды ойлап, әскер қолында байлауда жатқан Елісханмен астыртын тіл біріктіреді. Жау шатырларына түнделете лап қояды. Екі жақ қиян-кескі ұрысқа барады. Өздерінің өлген-тірілгеніне қарамай жаудың қалын қолын да қырғынға ұшыратады. Талай боздақтар шаһид болады.

Құтқарылған Елісхан жаумен соғыса жүріп, елді бастайды. Көшті әуелгі бағдары бойынша Үндістанға қарай бағыттайды.

Тибеттің Нақша деген жеріне келгенде оларды үкімет әскері өткізбей, қаңтарып қояды. «Жоғарғы жақтың бұйрығын күтеміз» дейді. Елісханның бастауындағы ел бұл қоршаудан да қашып шығып, жалғасты алға жылжиды.

Гималай жонында не бір бейнетті, зұлмат күндерді бастан кешіре жүріп, бірде соғыс, бірде суықтан адамдар өліп, ақыры Үндістан шекарасына да жетеді.

Атыста шекарашылардың қолына түскен Сымағұл олардың сұрағына:

Елісхан бастап жүрген бастығымыз,

Сіздерге, сірә, болмас қастығымыз.

Бастықпен тіл қатысып сөйлесілсе,

Аласыз анық жауап нақтылы сіз, [66 бет] – деп жауап береді де, шекарашылар бастығына Елісхан өзі барып жолығады. Олар елді өткізуге келісім береді.

Шұбыртып елдің бәрін санап шықты,

Үш мың да отыз тоғыз адам шықты.

Бес мыңнан артық еді шыққан адам,

Бұл жолда осыншалық азайыпты! [69 бет].

 

Сөйтіп ел бастаған Елісханға ілескен халық қырыла-қырыла 3039 адам қалып, Үндістан шекарасынан өтеді.

Үндістан жағы оларды Мұзафар абат деген шаһарға апарады.

Мұнда ыстықтан, дымқыл ауарайынан ауру тарап, әскер қоршауындағы ел тағы да күйзеліске түседі. Адамдар арт-артынан өле бастайды.

Осындай қым-қуыт жағдайда Елісхан тағы да елді құтқаруға кіріседі. Бұл тақырыпты Халифа Алтай өз дастанында: «Елісханның ағылшын бастықпен кездесуі» деп алған.

 

Елісхан бір күн түнде шығып кетті,

Исламханның аулына барып жетті.

Жанында Мардан, Сәдей, Ахмет молда,

Аймақтың бастығын мен көрсем депті.

 

Абит абад қаласына уәли болған,

Бар еді бір ағылшын билеп тұрған.

Исламхан өзі бірге қошаметпен

Апарды машинамен дереу соған.

 

Ағылшын Елісханды қабылдады,

Арызым алынды деп айтып келді.

Кашмирден Панжапқа елді шығаруға,

Отырып сол арада қаулы алды [75 бет].

 

Исламхан Елісханмен досжар адам,

Пікірін әрдайым қосқан адам.

Кашмирден ауысуға себепші боп,

Көмегін қолдан келген аямаған [76 бет].

 

Жұқпалы ауру салдарынан күн сайын өліп жатқан халықты Елісхан осылайша екінші мекенге көшіреді. Кашмирден Панжап өлкесіне өткен ел де бәрі бір жұқпалы ауру тоқтамай, адам өлімі жалғаса береді.

Ел Тернаваға көшіп келгеннен кейін үкімет жағы қанша көк көрсетсе де жағдайлары оңала қоймайды. Ендігі жерде Елісхан жоғары дәрежелі ағылшын ұлығына жолығуға өтініш білдіреді.

 

Үндістанның ағылшын бас өкілі,

Атайды – Вайсрай, – деп халық оны.

Хал сұрай Тернаваға өзі келді,

Күн болды айта қалсын мұның өзі [80 бет].

 

Ағылшын ұлығына елдің жайын мәлімдеген Елісхан былай дейді:

 

Ыстықтан қорқып тұрмыз түгейміз деп,

Таусылдық, құрыдық деп жүдейміз кеп.

Адамның көбі өліп азы қалды,

Өмірден күдер үздік уайым жеп.

 

Өкімет әр адамға белгі берсе,

Адамдар сол белгімен еркін жүрсе.

Түпкілікті тұруды қаламаймыз,

Тарқатып осы жерден қоя берсе.

 

Елісхан Вайсырайға осыны айтты,

Қабылдап, осы арызды о да қайтты.

«Тілегі орындалсын бұлардың» деп,

Байланысты орынға жарлық салды [81 бет].

 

Елісхан Әліпұлының тікелей өтінішімен ағылшын ұлықтары қазақтарға ерекше құқылы «босқындық куәлігін» береді. Қырылып түгесінуге айналған елдің беті бері қарайды. Бұл жайды Халифа:

 

Өкімет белгі берді әр адамға,

Мерзімсіз, жарар барлық Үндістанға.

Өлкенің қай бұрышына бару мүмкін,

Белгіні көрсетеді сұрағанға.

 

Тоғыз жүз қырық екі болды күзі,

Маусымның салқын тартар болды кезі.

Адамдар есін жиды, өлім тоқтап,

Рахат боп жанға жайлы жердің жүзі, – деп суреттейді [81 бет].

 

Елісханның жат ел, жат жерде елін осындай жеңілдікке жеткізуі – мүмкін бір арманының орындалуы болды ма, мүмкін қажыр-қайраты бітіп, меңдеткен ауру шеңгелін салды ма, ауыр науқастан 1943 жылы 35 жасында Пәкістан жерінде қайтыс болады.

 

Тоғыз жүз қырық үште дүние салды,

Жасында дәл отыз бес ажал алды.

Өмірі қысқа болды қайран ердің,

Тек қана тарихта оның аты қалды, [92 бет] – деп күңіренген Халифа Алтай енді оған деген жүрек жарды бағасын айтады:

 

Кемеңгер айбынды еді ерекше асқан,

Қажырлы қайратты еді жалын шашқан.

Майталман білімді еді бір данышпан,

Жеткізген  елді бастап ол алыстан.

 

Жәй кезде қарапайым жылы жүзді,

Қарқылдап күле сөйлер жылы сөзді.

Ызаланып қараса тікірейіп,

Қызарып, ұшқын шашар екі көзі.

 

Майталман, білімді еді бір данышпан,

Жеткізген елді бастап ту алыстан.

Амал не, дүниеден жастай кетті,

Жазылған тағдыры ғой әуел бастан.

 

Төзімді ақыл тапқыш батыл еді,

Жүректі қорықпайтын батыр еді.

Марқұмның өзі өлсе де аты өлмей,

Тарихтан орын алды ақыр енді [92 бет].

 

Халифа Алтайдың «Естеліктерім» дастаны осыдан кейінгі оқиға желісінде ел бастаған Елісханның жолымен жүрген елдің кейінгі өкілдерінің бас қоса отырып, «Босқын Қазақ Шығыс Түркістандық Қоғамын» құрып, Түркияға көшу идеясын ортаға қойғанын сипаттайды [100 бет]. Уақыт мерзімін де «он жеті қазан, тоғыз жүз елу бірде» деп көрсетеді.

Елісхан тобындағылардың көшіне 1951 жылы Гималай асқан Қалибек, Солтаншәріп, Құсайын тәйжі, Дәлелхан қажы бастаған екінші көш қосылып, тұтас бір ел болып, 1953 жылы Түркияға қоныс аударады.

Аталған дастан осылайша Халифа Алтайдың бастан кешкендері арқылы Гималай асқан көштің бойындағы оқиғаларға кеңінен тоқталады. Бұл шығарма Елісхан Әліпұлының өмір жолына арнайы арналмаса да, алайда оның батырлық, көшбасшылық тұлғасына ерекше мән беріп отырады. Әсіресе, жоғарыда келтірілген мысалдардағы соңғы өлең жолындағы бейнелеулерден біз Елісханның «Кемеңгер, айбынды, қажырлы, қайратты, майталман, білімді, данышпан, қарапайым, жылы жүзді, төзімді, ақыл тапқыш, батыл, жүректі, батыр» сынды сан түрлі шынайы қырларын көреміз. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей асқақ тұлғасын байқаймыз.

Елісхан Әліпұлының бойында қазақ батырларының эпостық жырларда суртеттелетін кескін-тұлғасы бар. Әсіресе, досына мейірімді, жауына қатал, тар жерде жол тапқыш қасиеттері батыр ғана емес, көсем ойлы көшбасшылық болмысын да айқындайды. 

Мен Халифа Алтайдың қолыма түскен «Естеліктерім» кітабындағы Елісхан бейнесіне шама-шарқымша үңілдім. Бұдан басқа да Сүлеймен Дәрібайұлы, Сейітхан Бортанқажыұлы сынды ақындардың осы көш жайында жазған қисса-дастандары бар деп естісем де Қазақстанда жарық көрмеуіне байланысты пайдалану мүмкіндігім болмады.

Қорыта келгенде, Тәуелсіздік жолында азаттықты аңсап күрескен ерлеріміздің әдебиетіміз бен тарихымыздағы алатын орнын көрсету арқылы бүгінгі ұрпақтың бойына Тәуелсіздіктің, еркіндіктің аса бағалы құндылық екенін барынша сіңіруіміз керек. Бүгінгі конференциядағы ел бастаған Елісхан сондай ірі тұлғаларымыздың бірі болып, тарих бетінен мәңгілік орын алады деп сенемін! Елісхан тарихы мен тағдыры – Ер қазақтың тарихы мен тағдыры.

 

Пайдаланған әдебиет:

Халифа Алтай «Естеліктерім» дастаны, Алматы, 2002 жылы.

 

Серік НЕГИМОВ

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір