• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Шілде, 18:05:05
Алматы
+35°

25 Қазан, 2018 Экономика

Доллардан бас тарту Қазақстан үшін қиял болып қалмауы керек

Түркия мен Иран, көрші Ресей елі мұндай қадам ұлттық валюталарын «тегеурінді етеді» деп үміттенуде.

Бүгінде ұлттық валютасы әлсіреген бірқатар елдер біртіндеп доллардан арылуды жөн санап отыр.  Түркия мен Иран, көрші Ресей елі мұндай қадам ұлттық валюталарын «тегеурінді етеді» деп үміттенуде. Түркия мемлекеті қазірдің өзінде Қытай, Ресей, Иран және Украина тәрізді ірі сауда әріптестерімен тек ұлттық валютасы арқылы төлем жасауды дұрыс деп шешкен. Сол тәрізді Ресей де доллардан арылу үшін өзінің валюталық резервтерін әртараптандыруға көшкен.

Мамандардың пайымдауынша, Ресей тіпті долларсыздану мақсатында  2016-2017  жылдар аралығында рубльді де болжанған межеден әрі құлдыратып жіберген. Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділдә Баяхметовтың айтуынша, қазір Ресей үкіметіне «рубльді қолдаймыз» деп алтын-валюта қорынан көптеп доллар алу ыңғайлы болып отыр.

«-Алтын-валюта қорындағы доллардан босаған орынды Ресей енді  ығыстырып, юаньға бермекші. Бұдан болашақта Ресейдің алтын-валюта қорында доллардан гөрі юаньның басым болатынын аңғарамыз. Ресей қазір Қытаймен сауда қарым-қатынасын нығайтуға барын салуда.  Екі ел есеп айрысуда  рубль мен юаньды пайдаланбақшы. Осылайша көрші Ресей елі тез арада  доллардан арылуды көздеп отыр»,- дейді экономист-ғалым Жұмаділдә Баяхметов.

Экономист-ғалымның айтуынша, Армения, Грузия, Әзірбайжан, Түркия, Иран елдері де долларға қарсы қимыл жасауда.  Ал Қазақстан үшін долларға тәуелділіктен арылу қаншалықты маңызды?  

«Орта Азия елдеріне экономикасын долларға тәуелді ету тиімді болмай тұр. Қазір әлемдік нарықта 500 трлн доллар айналымда жүр. Кез келген мемлекет шетелден немесе халықаралық валюта қорынан несие алатын болса, доллармен алады. Экспорт, импорт ара қатынасындағы сауда барысы да доллармен есептеледі. Біз қанша жерден өнімді, тауарды теңгемен есептесек те айналып келгенде халықаралық нарықта долларға тәуелдіміз. Доллардың құны артқан сайын ұлттық валютамыз құнсызданып отыр. 2016-2017 жылғы деректерге сүйенсек, Орта Азия елдерінің біразының ұлттық валютасы құнсызданған. Осыған байланысты «Еуразиялық экономикалық Одаққа аясында ортақ валюта болуы керек. Сондай-ақ Орта Азия елдері өзара ұлттық валютамен ғана төлем жасағаны жөн» деген пікірлер айтып қалады. Бірқатар елдер шара қолданып, алтын-валюта қорларын әртараптандырып, ішкі нарығынан долларды ығыстырып жатқанымен, әзірге Қазақстан асықпай отыр. Дедолларизация жайында айтылғалы біраз уақыт болғанымен, бізде нақты шаралар қабылдана қойған жоқ»,-деді экономис-ғалым Жұмаділдә Баяхметов.

Маманның пікірін нақтылай түсу үшін біз экономист-ғалым келтірген деректерді арнайы сызбамен көрсеттік. Деректер расымен де 2016-2017 жылдары бірқатар Орта Азия елдерінің ұлттық валюталары құнсызданғанын нақтылайды. Әсіресе теңге мен сумның айтарлықтай құнсызданғанын сызбадан анық көруге болады.

график

 

Жалпы, мамандар Қазақстанмен көршілес елдердің біразы бүгінде ішкі нарығында долларға белгілі бір көлемде шектеу қойып отырғанын алға тартты.  «Қазақстан-менеджмент және экономикалық болжам» орталығының қаржыгері Ерқабыл Омашевтың айтуынша, Әзірбайжан, Грузия елдерінде жылжымайтын мүлік құны тек ұлттық валютамен бағаланады. Өзбекстан мен Қырғызстан  да сауда-саттық тек ұлттық валютада жасалады.

«Қырғыздың базарынан киім-кешек алуға барсаңыз, тек соммен сауда жасап қайтасыз. Өзбекстанда да солай. Ал бізде теңгемен қоса ішкі нарықта долларды да ала береді. Сондай-ақ Қазақстанда тұрғын үй бағасын ішкі нарықта көбінесе доллармен бағалап қояды. Түркия, Әзірбайжан, Грузия елдерінде мұндайда тек ұлттық валютамен есеп айырысады. Көлік сатсақ та көк қағазбен есептесуге жақынбыз. Қор биржасында теңгеден гөрі доллар өтімді. Біз алдымен ішкі нарықты доллардан арылтып алмай, экспорт, импорт қатынасында долларға тәуелділіктен құтылмаймыз.  Бір ғана Алматы қаласы бойынша деректерді алға тартсақ, осыдан бес жыл бұрын 2013 жылы Алматы 6142,4 млн долларға бағаланған тауарды сыртқа экспорттаса, 20774,2 млн долларға бағаланған тауар импорт болып Алматыға енген. Бұл 2013 жылғы көрсеткіш. Ал 2017 жылы экспорт, импорт көлемі бәсеңдеген. Қазір отандық өнім өндіру көлемі артты. Отандық бизнес қолдауды сезіне бастады. Сондықтан кей салаларда импортқа тәуелділік те сейіле бастады. Бірақ соның өзінде долларға байланып тұрмыз. Доллар өссе, барлық тауар бағасын, азық-түлікті қымбаттата қою Қазақстанда ғана бар құбылыс. Мұның салдарын қарапайым халық тартады. Сондықтан біз үшін алдағы екі жылда ішкі нарықты доллардан тазарту маңызды»,-дейді қаржыгер Ерқабыл Омашев.

Осы арада біз маман мысал етіп отырған бір ғана Алматы қаласына енетін импорт тауарлар көлемінің бағасын және Алматыдан сыртқа экспортталатын экспорт тауарлар көлемін сызбамен көрсетуді жөн көрдік.

график

 

Қаржыгер маман алға тартқандай, отандық тауар көлемі артып, отандық өндіріске үкімет тарапынан қолдау болып жатқанымен, біздің ішкі нарықта доллардың өзіндік беделі бар. Маманның байыптауынша, сақтық қорымызда жатқан доллардың көп болуы да көк қағазға сұранысты түсірмей тұр.

«Сақтық қорымызда доллардың үлес салмағы 70 пайыздан астам болып тұр. Міне, болашақта бұл көрсеткішті 40 пайызға түсірсек жөн болар еді. Сақтық қорда алтынның үлесін көбейтуге тырысу керек. Сақтық қордың 40 пайызы доллар, 40 пайызы алтын, қалған 20 пайызы юаньмен жинақталса, бұл арада тепе-теңдік пайда болатын еді. Қазір мұнай мен долларға байланған экономиканың нәтижесі екі жыл сайын ұлттық валютаны құнсыздандыру екенін қазір біраз елдер ұқты. Мұнайдың бағасы енді бұрынғыдай қымбат болмайды. АҚШ федералдық жүйесінің де көздеп отырғаны тек өзінің пайдасы. Сондықтан әлем экономикасы, әсіресе, Орта Азия елдері 2020 жылға қарай нақты бір өзгеріске ұмтылары даусыз. Осы аралықта Қазақстан да бейқам қалмауы керек. Ол үшін доллардан арылуға қатысты батыл әрекеттер жасалып, ішкі нарықта долларға шектеу қоюды бастап кеткен жөн. Дедолларизацияны құр қиялға айналдырмау керек. Теңгеге сенім артсын десек, бізге мұндай қадамдарға қорықпай баруға тура келеді»,-деді қаржыгер Ерқабыл Омашев.

 

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір