• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:00:14
Алматы
+35°

25 Қазан, 2018 Саясат

Жолы болмаған президент

Әлемде  саяси мансабы өте күрделі, қызметінің соңы құрдымға кеткен танымал тұлғалар өте көп

Әлемде  саяси мансабы өте күрделі, қызметінің соңы құрдымға кеткен танымал тұлғалар өте көп. Солардың бірі – Грузияның бұрынғы президенті, Украинаның Одесса облысының экс-губернаторы Михаил Саакашвили.

Шындығында да Грузияда екі рет президенттік сайлауға түсіп, жеңіске жеткен Михаил Саакашвилидің саяси мансабының соңы қиынға айналды десе де болады.  Президенттік мерзімі біткен соң, АҚШ-қа барып паналады, бірақ ол жерде де берекесі бола қойған жоқ. Одан кейін Украинада билік дағдарысы басталып, мемлекеттік төңкеріс болған соң осында  келіп өмір сүруге мәжбүр болды. Бірақ мұнда да жолы болмады. Негізі АҚШ-тың арнайы жобасы бойынша Украинаға келіп, Одесса облысының губернаторы болған Саакашвилидің мұнда да айы оңынан тумады. Бір жылдың шамасында қызмет істеп, жоғары билікпен шатасты. Бүйректен сирақ шығара беретін, өзінше Одессада тәртіп пен тазалық орнатқысы келген, сырттан келген  грузинді украин билігі жақтырсын ба?  Петр Порошенко оны қызметінен алып тастады. Мансапсыз қалған Михаил ақыры өзінің қозғалысын құратынын жария етті. Ел аралап, қол жинады. Халықтың арасына іріткі салды. Мұндай саясат Украинаның билігіне ұнаған жоқ. Қай жерге барып, халықпен кездессе де, оған кедергі жасалды. Ол жоғары билікті жамандап, ел аралап  жүргенде, оның алдын ораған кейбір саясаткерлер «Михаил Саакашвилидің блогы» деген партия құрып алып, Әділет министрлігінен тіркеуден өткізіп қойды. Бұл әрекетке назаланған Саакашвили Украинаның Әділет министрі Павел Петренконың жеке кабинетіне баса- көктеп кіріп, жанжал шығарды. Әділет министрін «оңбаған»,  «алаяқ» деп атаған грузиннің экс-президенті бәрібір Әділет министрінен әділеттілік тапқан жоқ. Қайта балағаттағаны үшін Петренко Саакашвилиді сотқа берді. Енді грузияның қашқын президент істі болды. Оған айып тағылды. Ал істі болған адам президенттікке кандидатурасын ұсына алмайды. Қалай айтқанда да, Саакашвилиді өмірде жолы болмаған президент деп атауға болады. Әрине, оның Грузиядағы президенттік қызметінде жемісті жылдар болды, оны жоққа шығара алмаймыз. Грузин полициясының пара алмайтын адалдығы туралы талай рет жазылды да. Десек те, ол Грузияда президент болған жылдары ел территориясының бір бөлігінен айырылып қалды. Оңтүстік Осетияның Ресейге бүйрегі бұрды. Тбилисидің Мәскеумен арадағы жағдайы шиеленісті. Ақыры Саакашвилидің біржақты саясатынан кейін  Грузия ТМД құрамынан шықты. Бірақ мемлекетаралық байланыс нашарлағаннан кейін оның зардабын халық тартты. Грузиннің қазіргі басшысы бұрынғы Саакашвили секілді Мәскеуге жаулық саясат ұстанбаса да, өткеннің ауыртпалығын  халық әлі күнге дейін тартып отырғаны, ол енді шындық. Михаил Сакаашвилидің қандай адам екенін «Динамо» Киев пен Грузия  құрамасының бұрынғы шабуылшысы болған Георгий Деметрадзенің мына бір сөзі-ақ айқындап бергендей. Экс-президенттің саясатының құрбанына айналған футболшы «ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар» деп ұсталып, алты жылға сотталған. Бірақ 2013 қылмыс құрамы дәлденбегендіктен бостандыққа шыққан.

–Түрмедегі жылдарымды ешуақытта ұмытпаймын. Ешқандай айғақсыз мені соттап жіберді. Судьяға «алты жасымнан бастап футбол ойнап жүрмін. Ұрлықпен айналысуға да уақытым жоқ»  деп шыр-пырым шықты. Қиналған жоқ, жоғары жақтың нұсқауымен жазықсыз соттап жіберді. Түрмеде «мұнда неғып жүрсің?» деп бәрі маған таңданыспен қарады. Жұртшылықтың наразылығынан кейін Саакашвилидің өзі 2,5 жылдан кейін мені түрмеден шығарды, – деді Георгий Деметрадзе «Чемпионат» басылымына берген сұхбатында. Кейін Саакашвилидің президенттік мансабы біткеннен кейін оған қазіргі грузин билігі «жемқорлыққа қатысы бар» деп айып тақты. «Жемқорлыққа қатысы бар» деп сырттай сотталған Саакашвили енді  Грузияға орала алмайды. Өйткені қазіргі грузин жүйесі оның келуін қалап отырған жоқ. Келгеннің өзінде түрмеге тоғытады. Кезінде Саакашвили соттаған танымал тұлғалар мен саяси қайраткерлердің барлығы да оны түтіп жейтіні рас.

♦Назарбаев Саакашвилидің қолына қамшы ұстата ма?

–Бұл адамның дені сау емес. Ол – ауру, кезінде көзқарасы бөлек адамдардың барлығын да түрмеге отырғызды. Бүкіл әлемнің, Еуропаның  алдында тұтқындары көп ел ретінде ұятқа қалдық. Өз елінде бағасын ала алмаған адам қалай басқа мемлекетте абыройға ие болып, қайраткер бола  алады?! Оның денсаулығын тексеретін дұрыс дәрігер керек, – деп мәлімдеді футболшы Георгий Деметрадзе. Грузиядан қуылған  Саакашвили Украинада да тәртіп орната алмады.

2015 жылдың мамыр айынан 2016 жылдың қараша айына дейін  Одесса облысының губернаторы болып қызмет істеген Саакашвили Порошенконы «сыбайлас жемқорлыққа батқан билік иесі» деп айыптады. Өзі бір облыстың басшысы бола отырып, мемлекет  басшысын  айыптаған адамның ұзақ уақыт креслода отыруы мүмкін емес нәрсе ғой. Ақыры Украинадағы грузин қызметінен біржола кетті. Ол телеарнадан «Другая Украина» деген бағдарлама ашып алып, бүгінгі биліктің былығын ашып, қоғамға әшкере етті.

–Украинада барлық сатыдағы мансап сатылады. Президент өтірік айтады. Мен Одесса облысында басшы болып тұрған уақытта оның қалтасына бір тиын да түскен жоқ. Бәрі қазынаға түсті. Қазір Одесса облысына жергілікті екі бандитті басшы етіп тағайындады. Мұны қалай түсінуге болады? Бүкіл Украинаны жемқорлар билеп тұрған тұста бір аймақтағы жағдайды дұрыстау қиын. Олар украин майданы революциясының идеяларын сатып кетті,  –деп жазды Михаил Саакашвили.

Саакашвилидің  ең биік мансабы – Одесса облысының губернаторы. Онда бар-жоғы 15 ай ғана отырды. Сакаашвилиге қатысты қарсылық  Украинада ашық түрде айтыла бастады. «Украинаны грузиндер басқаруы тиіс емес. Біз Одессада грузин мафиясын құрттық. Қуып шықтық. Енді қанша байбалам салғанымен, олар билікке келе алмайды». Бұл Жоғары Рада депутаты Евгений Дейдейдің сөзі. Дейдей бекер… деп отырған жоқ. Демек, грузин Мишаның кім екенін халық та, билік те білді. Оны «АҚШ-тың жалдамалы агенті» деушілер де табылды.

Грузияда президент болып, артынан өз елінде пана таппай, АҚШ-тың нұсқауымен Украинаның Одесса облысында губернатор болған Михаил Саакашвилидің жүрісі  Петр Порошенко үшін үлкен проблемаға айналды. Губернаторлықтан  кеткеннен кейін ол «елде сыбайлас жемқорлықты жоятын, былғанған қоғамды тазалайтын партия құратынын» мәлімдеді. Сонымен қатар, Жоғары Радада мерзімінен бұрын кезекті сайлау өткізуге тырысатынын хабардар етті. Жалпы бірқатар сарапшылар «Михаил Сакаашвили Одессаға келгенде, енді аймақта Грузиядағыдай тәртіп орнатады, сыбайлас жемқорлықты жоюға септігін тигізеді, халық та осыған бейімделе бастайды» деп болжам жасаған. Бірақ жемқорлық жүйе Мишаның реформасын қабылдай алған жоқ, үкіметтегі кейбір министрлермен президенттің көзінше қатты сөзге келіп, ақыры ол қызметінен кетті. «Украинаның мыңдаған шенеуніктері ондаған жылдар бойы миллиондаған долларын көрпенің астына тығып, шалқып өмір сүрді. Олар бай Украинаны Еуропадағы ең кедей елге айналдырды. Сондықтан мен халықтық партия құрып, бүгінгі жүйені мүлдем өзгертемін». Осылай деген Саакашвили қайта сайлау өткізіп, қазір ел аралап, жақтастарын жинады.

 Әрине, Грузияда президент болған Саакашвилидің Украина халқының басына бақ орната қойған жоқ. Басқа  елдің баласын бауырына баса қоятын украиндықтар емес. Украин билігі  Сакаашвилиді үсті-үстіне мазақ ете бастады. Бір ғана мысал, Ресейдің 150 танкі  2008 жылдың тамызында Оңтүстік Осетия территориясына кіргенде не істерін білмей, айдаладағы АҚШ-қа телефон шалып, стол басында  галстугын қайта-қайта тістеп отырған Сакаашвилидің суретін украинның орталық баспасөзі жиі-жиі басатын болды. Осыдан бірнеше ай бұрын Днепропетровскіде өткен жиында елдің алдына шығып сөз сөйлеген грузиннің саяси портретін де ел әлі ұмыта қойған жоқ. Шалбарының бір балағын шұлығының ішіне салып арқаланып сөйлеген грузиннің бұл әрекетіне жұртшылық күлген де қойған. Базбіреулер «Сакаашвили жиынға велосипедпен келген бе?» деп сайқымазаққа айналдырып, әлеуметтік желі әртүрлі пікірлерге толып кеткен. Петр Порошенконың алдында Ішкі істер министрі Аваковпен тіресіп, бір -біріне стканмен су шашысқаннан кейін Президент жиынды өткізбей, кілт доғарған. Мұндай мысалдар жетерлік. Қызуқанды грузинге мәселені сараптай алатын салқынқанды қазақ саясаты жетіспейді. Жалпы Украинада «тәртіп орнатқысы келген» грузин басшысына қатысты саяси әңгімелер өте көп. Кейінгі кезде оны «АҚШ-тың жалдамалы жендеті» дейтіндердің  қатары артты. Мүмкін бұл жорамал рас та шығар. Бірақ бір нәрсе айқын: өз елі  өзекке тепкен Михаил Сакаашвилидің өзге мемлекетте саяси жұлдызы жана қойған жоқ.

Украинаның Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Киевтің ортасындағы бір бөлмелі пәтеріне келгенде ол өрмелеп үйдің шатырына қашып шықты. Бірер апта қамалғаннан кейін Жоғары Раданың маңайында митинг ұйымдастырды. Елдің шырқын бұзған қызуқанды грузинді укриандықтар керек етсін бе? Петр Порошенко оны украин азаматтығынан айырып жіберді. Сөйтіп, тағы бірде кафеде тамақ ішіп отырған сәтінде оның қол-аяғын байлап, арнайы ұшақпен шекара асырды.

Қазір оның қайда жүргені белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда, Нидерландының азаматтығын алғанға ұқсмайды. Бірақ ол не істеп жүр? Оны ешкім де айта алмайды. Михаил Саакашвили өз елінен қуғын көрген, өзге елде де абыройдан жұрдай болған,  соңғы саяси баспалдағында жолы болмаған президент ретінде тарихта қалды.

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір