Дүйсенбіде, яки қазанның 22-і күні Есентай Моллдың төрінде Асқар Ұзабаевтың режиссерлігімен түсірілген «Махаббат кафесі» киносының тұсаукесері болды. Кілең ығай менен сығай жиналған жиынға кәсібіміздің құдыреттілігінің арқасында біз де қатыстық. Осы жолғы пресс-көрсетілімнің ерекшелігі, Алматының әкімі Бауыржан Байбектің өзі бой көрсетті. Бұл қызықтың басы деп біліңіз. Себебі, Байбектің әкесі, Елбасының сүйікті сыныптасы Қыдырғали мырза да «Махаббат кафесін» тамашалауға келіп, баласының сол жағына жайғасты. Тағдырдың маңдайға жазуымен тура әкімнің артқы жағынан орын алыппыз. Ал, Бауыржан Байбектің оң жағында кім отырды дейсіз? Жауабы – Ерке Есмахан. Себебі «Махаббат кафесінде» басты рөлді сомдайтын да осы отандық дива. Режиссер Асқар Ұзабаевтың айтуынша, бұл кино романтикалық комедия болғанымен, онда романтикалық желі басым. Алайда не махаббатты, не комедияны көре алмағандықтан ба, әлеуметтік желіде жазылып, айтылып жатқан одаларға реакция ма, «Ерке Есмахан – жақсы әнші, бірақ шындық қымбаттырақ» принципінің әсері ме, қолға қалам алуға мәжбүр болдым. Ерке Есмаханның «жұлдызын» одан сайын жарқырату үшін түсірілген туындының көрсетілімі барысында орнымнан тұрып кетпей, аяғына дейін көруіме себепкер болған – Қыдырғали Мұқаметәмірұлы Байбек. Әкімнің 78 жасқа келген әкесі ақырына дейін шыдап отырғанда менің тұрып кетуім ерсі көрінер деген қазақы тәрбиенің арқасында 90 минут (шамамен алынған - ред.) әрең өтті.
Махаббат кафесі Ерке Есмаханның актриса ретіндегі алғашқы киносы болса, режиссер Асқар Ұзабаевтың, қателеспесем, жиырмасыншы киносы. «Ауыл деген тақырыпты жақсы көремін. Себебі нағыз романтика – ауылда», – деп сөз сөйлеген Ұзабаев осы жолы ауылдың бет-бейнесін, ондағы қарапайым қазақтың тірлігін және әрекетін жиіркенішті түрде бергендей. Қолынан бұрқыраған темекісін тастамайтын, әлдебір еркекті (күйеуін емес) зарыға күтіп жүрген әйел, самсаны жеп отырып іштері ауырғандары соншалық, құйрықтарынан б...қ шыға жаздаған, сөйтіп әжетханаға зыр жүгірген бандитсымақтар, мұздатқыштағы су еріп кеткеннен токқа түсіп, 220 вольттің әсерінен шаптырып дәрет сындырған әке, киноның соңында сезім білдіріп, о бастан қызға қырындамаған жігіт және судан таза, сүттен ақ қыз жайлы кино. Кейіпкерлердің тұлғалық болмысы, бір-біріне сезімі ашылмаған кинода этикаға сай келмейтін біраз кадрлар бар. Ашық сүйісу немесе төсектегі сцена болмаса да мұндай кадрдан өз-өзіңнен ұялады екенсің. Бастапқыда «кино фестиваль жанрында түсірілген екен-ау» деп қылаң берген үміт те аталмыш кадрлардан кейін бірден сөнді. Асқар Ұзабаевтың орысша сөйлегеніне қарап-ақ қазақтың жанын ұқпайтынын болжай аламыз. Алайда қазақтың қарапайым қызы, ауылдан шыққан қаракөзіміз Ерке неге киноның әдептен озғанын байқай отырып, үндемей қалды екен. Қомақты қаражат жұмсалған киноның локациясы да «уау» емес. «Ойдағыдай кафе табу үшін Шуға арнайы аттандық» деген режиссердің сөзіне қарап, кафенің ерекшелігіне біраз бас қатырдым. Поезд стансасына жақындығы болмаса, кәдімгі кафе. Алматының шет жағасынан «Махаббат кафесін» табу қиынға соқпайды-ау. Айтпақшы, жарнамалық плакаттарда «Кафесі Махаббат» деп жазылған кино атауы «бояушы-бояушы дегенге сақалын бояптының» кері болды. Себебі, мұндай қасиетті қазіргі заман тілімен «хайп» деп атайды. «Гәккудің» журналистері «Хайп ханшайымы» деп атақ берген Ерке Есмаханның қазақ тіліне жетік екенін де, продюсер, журналист, Ерке Есмаханның «әпкесі» Гүлнұр Мамасарипованың да сөзге шешен екенін жақсы білеміз.
18 күн бойы түсірілген «Кафесі Махаббат» киносынан ұққанымыз, қазақ көрермені сұрғылт, әбіржіген киноларды місе тұтатын уақытты әлдеқашан артқа қалдырды. Қазіргі көрермен бояуы қанық, сценариі іш пыстырарлық емес, жас актерлердің талантына куә болуға мүмкіндік беретін фильмдерді көруге асық. «Біздің бір-бірімізге деген тартылысымыз бар» деп өз киносының Төреғалидің «Ұлы дала комедиясымен» тұспа-тұс келуіне байланысты әзілдеген Ерке Есмахан алайда Төреғалидің асығы алшысынан түскенін мойындауы қажет. «Мен махаббатымды кинода ғана емес, өмірде де іздеймін» деп журналистердің сұрағына жауап берген Ерке Есмаханның актриса ретіндегі алғашқы қадамы сәтсіз болса да, жар іздеуде сәттілігі серік болсын дейміз.
Пікір қалдыру