• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 16:20:12
Алматы
+35°

29 Қазан, 2018 Саясат

Рамзан Қадыров ингуш еліне үш рет келіп, кешірім сұрап кетті

Рамзан Қадыров Кавказ өңірінде бүкіл лаңкестерді құртқан Путиннің ойындағысын орындаған жағымды образдағы адам

Ингушетиядағы жағдай сәл саябыр тапты деп айтуға болмайды. Әлі де мәселе шешімін тапқан жоқ. Жағдайды нақты айтар болсақ, осыдан бірнеше апта бұрын, 27 қыркүйек және 4 қазан күні Шешенстан мен Ингушетия президенттері арасында әкімшілік-территориялық келісімге қол қойылғаны белгілі. Магаста қойылған  келісім бойынша ингуштарға шешеннің 1000 гектардан астам жері ғана берілді. Ал шешендерге ингуш халқының 34, 1 мың жері өтті. Санға жүгінер болсақ, Ингушетия территориясының 18,94 пайызы Грозныйға берілген  болып шығады. Осыған назаланған ингуштер екі апта бойы ел астанасы Магаста наразылық митингісін өткізді. Негізі ақырғы сөзді  Ингушетияның Конституциялық соты айтуға тиіс еді. Бірақ мәселені екі күн бойы талқылаған сот қара қылды қақ жарып, ештеңе айта алмады. Бұдан шығатын қорытынды не? Ресми Магас әлі де жалтақтап, Мәскеуге әрі Грозныйға қарап отыр. Оның үстіне билік басында Ингушетия президенті Юнус-Бек Евкуровтың отырғаны Мәскеуге тиімді. Бұл бір. Екіншіден, қазір келісімге қол қойылғанымен,  жағдай әлі шешілген жоқ. Митингте Юнус-Бек Евкуров пен шешен басшысы Рамзан Қадыровқа қарсы қатты сөздер айтылды. Бұған Евкуров төзімділікпен қарағанымен, ешкім бетіне келіп көрмеген Қадыровқа бұл сөздер аса ауыр тиді.

–Егер мықты болсаңдар, біздің елдің аумағына келіп, митинг өткізіңдер. Біріңді де тірі қалдырмаймын, –деді шешен басшысы.

♦Ингушетия мен Шешенстан арасында соғыс басталуы мүмкін бе?

Оның бұл сөзіне ингуштың белсенді үш ақсақалы да қатқыл жауап берген. Бірақ ингуш ұлтының намысына  тиетін сөз айтқанын артынан түсінсе керек, Рамзан Қадыров ингуш ақсақалдарына келіп,  қолын алып, кешірім сұрап кетті. Атап айтсақ, 80-ге келген ақсақал, өте сауатты Мухажир Нальгиев пен 76-дан асқан құқыққорғаушы Ахмед Барахоев  және елдің бұрынғы Ішкі істер министрлігінің басшысы Ахмед Погоровпен әңгімеде екі тарап қол алысқан. Қадыров ортақ әңгімеге келген, шариғат жолымен татуласқан. Нақты емес кейбір деректерге қарағанда, «бұл кездесуге ел президенті Юнус-Бек Евкуров та келді» деген әңгіме бар. Алайда қаншалықты қол алысып, бір-біріне дүрдараздықты екі жақ кешіргенімен, жер мәселесіне қатысты дау әлі толық шешілген жоқ. Соған қарағанда, бұл ұзаққа созылатын түрі бар және оны шешудің де жолы табылмай тұр. Егер ингуштың Конституциялық соты бұл келісімді заңсыз деп тапса, онда  бұл Рамзан Қадыровқа ауыр соққы және және Юнус-Бек Евкуровтың  еңсесі түсіп, ел алдындағы беделінен айрылады. Жер дауын референдумда талқыласа, онда бүкіл ингуштер оның қайтарылуын қолдап, дауыс береді. Бұл жайтты Президент Путиннің  Солтүстік Кавказ федералдық аймағы бойынша ресми өкілі де шеше алмай отыр. Сондықтан Рамзан Қадыровтың түйінді жайттарды тарқату үшін үш рет кішірейіп келіп, ингуш ақсақалдарынан кешірім сұрап кетуінің астарында осындай сыр жатыр.

Ақиқатына келсек, Рамзан Қадыров Кавказ өңірінде бүкіл лаңкестерді құртқан Путиннің ойындағысын орындаған жағымды образдағы адам. Бірақ Қадыровтың ингуш жеріне бір айда үш рет келуі жергілікті халықтың наразылығын тудыруда. Біріншісінде - 70, одан кейін - 60, үшінші  ингуш ақсақалына осыдан екі күн бұрын оққағарларын қосқанда  40 көлікпен келіп, кешірім сұраған  Қадыровтың қадірі мұнан артты ма?

♦70 көлікпен келген Рамзан Қадыровты ингуштың мұздай қаруланған 1000 сарбазы қарсы алған

Әрине, ол шиеленіскен жағдайдың алдын алып,  кавказдық тәсілмен татуласып, мәселені тезірек шешкісі келеді. Бұл дұрыс та шығар. Алайда оның сөзін кешірсе де, ингуштар Шешенстанға өтіп кеткен жерін қайтара ала ма?! Түйін де осы жерде тұр...

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір