29 Қазан, 2018 Саясат
Сайрагүлдің «пана іздеуші тұлға куәлігі» тағы 3 айға ұзартылды
Бұл арқылы Сайрагүл Сауытбай ісінің қоғам, тіпті әлемдік қауымдастық назарында екенін Сізге баса айтқым келеді.
Соңғы кездері Сайрагүл жайы не болды деп әлеуметтік желіде сұраушылар қатары көбейді, Рысбек Сәрсенбай, Еркін Рақышев, Қазыбек Иса сияқты ардақты ағаларым телефон соғып, өз алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр, журналистер қауымы өз алдына.
Осыған байланысты, Сайрагүл мәселесінде өзім тарапынан қысқа ғана атқарылған және атқарылмақ шаруалар жайлы хабардар ете кетейін.
Алматы облыстық көші-қон Департаменті жанынан құрылған комиссияның Сайрагүл Сауытбайға босқын статусын беруден бас тарту туралы шешіміне, ҚР көші-қон Комитеті қызметіне шағым түсірдім. Бірден сотқа беруіме де болатын еді, алайда барлық инстанциядан өтіп алған дұрыс деп шештім. Арыз берілген соң комитет төрағасының орынбасары Саданов мырзаның қабылдауында болдым, ол кісі бірқатар мәселелерді оңынан шешетіндей сыңай танытты, соның ішінде Сайрагүлден басқа, Қазақстанға келіп, бірақ құжаттарын заңдастыра алмай жүрген оралмандардың да шаруасы бар еді. Ол жағын уақыт көрсете жатар енді.
♦Халықаралық құқық негізге алынып, Сайрагүл Сауытбай бостандыққа шықты
Арыз тапсырмас бұрын бірнеше халықаралық ұйымдарға хат жаздым, телефон арқылы сөйлестім, кездесіп кеңестерін алдым, көмек сұрадым. Барлығы да қолдау білдіретін болды.
Сонымен қатар, бұдан бұрын 3 айға берілген «Пана іздеуші тұлға» куәлігінің мерзімін тағы да сол уақытқа ұзартуға қол жеткіздік. Біздің жағдайда олда аз да болса көңілге демеу.
Кеше ғана Көші-қон комитетінен, Саданов мырзадан аралық жауап алдым, онда алдағы уақытқа комиссия жинап жатқандарын, түпкілікті шешім соның нәтижесі бойынша хабарланатыны айтылған. Әзірге осы.
Айтқандай, өзінің жағдайын сұрап, алаңдаушылығын білдірген баршаңызға Сайрагүл алғысын білдіруде!
♦Түрмедегі Сайрагүл Сауытбай Елбасыға хат жазды: Отбасыммен қауышқым келеді
Комитетке жазған шағымымды фото/видеоға жүктей алмағасын, істің мән-жайын білем деушілерге ақпарат ретінде осы жерге салып отырмын.
Қазақстан Республикасы
көші-қон Комитеті қызметінің
бастығы М.Қабденовке
қорғаушы, БҚО адвокаттар
алқасының мүшесі
А.Т.Құспаннан
С.Сауытбайдың мүддесі үшін
Ш А Ғ Ы М
Алматы облыстық Көші-қон қызметі Басқармасы жанынан құрылған комиссия шешіміне
Сізге осы шағыммен жолдана отырып, 16.09.1976 жылы Қытай Халық Республикасында туған, Сайрагүл Сауытбайға қатысты Алматы облыстық Көші-қон қызметі Басқармасы жанынан құрылған комиссияның 04.10.2018 жылы шығарылған №7-18 санды шешіміне өз келіспеушілігімді білдіремін.
Қытай Халық Республикасының азаматшасы Сайрагүл Саутыбай (Shayilaguli Shawutibayi), 2018 жылдың 05 сәуірі Астана уақыты бойынша сағат 18:00 шамасында ҚХР-нан «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық ортылығының (бұдан әрі - «Қорғас» ШЫХО) аумағының әкімшілік ғимаратының ішінде орналасқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктінде, өтуге рұқсат беретін ешбір құжатсыз, шекара бақылаудан жасырынып, яғни белгіленген тәртіпті бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін Алматы облысы Панфилов аудандық соты биылғы жылдың бірінші тамызы күні Қазақстан Республикасының ҚК-нің 392-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындаған. ҚР ҚК-нің 63-бабының ережелерінің негізінде, тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналып, 6 (алты) ай мерзімге пробациялық бақылауы белгіленген.
Негізі ҚР ҚК-ның 392 бабының 1 бөлігі, қосымша жаза ретінде міндетті түрде шекараны заңсыз кесіп өткен адамды кері шығаруды көздейді. Алайда, сот Қылмыстық Кодекстің ол талаптарын қолданған жоқ, оған негіз ретінде БҰҰ-ның Конвенциясын басшылыққа алған болатын, атап айтқанда (сот Үкімінен үзінді);
Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 392-бабының 1-бөлігінің санкциясында шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге бес жыл мерзімге шығарып жіберу түріндегі қосымша жаза қарастырылған.
С.Сауытбайға қосымша жаза тағайындау туралы мәселені талқылап сот келесідей тұжырымға келді. Сотта С.Сауытбайдың қылмысты жасаудағы іс-әрекеттің мақсаттары мен себептері ретінде оның отбасы: жұбайы У.Сылам және кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы Уәли Үкілай мен Уәли Ұлағатпен қауышу мақсатында аталған қылмысты жасағандығын анықталды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған, Нью-Йоркте 1994 жылғы 16 ақпанда қол қойылған, 1989 жылғы 20 қарашадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы Конвенцияның 8, 9, 10, 18-баптарына сәйкес отбасы қоғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылады және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы. Қатысушы мемлекеттер сот шешіміне сәйкес құзыретті органдар қолданыстағы заңға және рәсімдерге сәйкес баланың ең қажетті мүдделері үшін оны ата-анасынан айыру қажет екендігін анықтаған жағдайларды қоспағанда, баланың өзінің ата-анасымен өздерінің тілегіне қарсы айырылыспауын қамтамасыз етеді. Қатысушы мемлекеттердің 9-баптың 1тармағы бойынша міндеттемелеріне сәйкес отбасымен қосылу мақсатында баланың немесе оның ата-анасының қатысушы мемлекетке келуі немесе одан кетуі туралы өтініштерін қатысушы мемлекеттер оң сипатта, адамгершілік тұрғыда және жедел түрде қарауға тиіс. Қатысушы мемлекеттер бұдан әрі осындай өтініш берудің өтініш берушілер мен олардың отбасы мүшелері үшін жағымсыз салдарларға әкеп соқпауын қамтамасыз етеді. Қатысушы мемлекеттер ата-анасының екеуінің де баланың тәрбиесі мен дамуы үшін ортақ және бірдей жауапкершілігін тану қағидаттарын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін күш жігерлерді қабылдайды. Осы Конвенцияда баяндалған құқықтарды жүзеге асыруға кепілдік беру және жәрдемдесу мақсаттарында қатысушы мемлекеттер ата-аналарға және заңды қамқоршыларға балаларды тәрбиелеу жөніндегі олардың өз міндеттерін орындауына тиісті көмек көрсетеді және балалар мекемелерінің желісін дамытуды қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңының 6-бабының 2-бөлігінің негізінде, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдары алдында басым болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде тікелей қолданылады. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 1-бабының 3-бөлігінде көзделгендей, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетіннен басқа жағдайларда олар тікелей қолданылады. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 6-бабының 2бөлігінің 2-тармағында балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк органдар қызметiнiң басым саласы болып табылады және балаларға толымды тәрбие берудi, олардың құқықтарын қорғауды оларды қоғамда толымды өмiр сүруге дайындауды қамтамасыз ету мақсатында отбасын мемлекеттiк қолдауға негiзделген деп көрсетілген. Аталған заң нормаларына сай, сотпен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы Конвенцияның талаптары басым болып танылады. Алайда Қазақстан Республикасының Заңнамасы да оған қарсы шықпайды, Қазақстан Республикасында отбасы және балалардың құқытары қоғам мен мемлекет тарапынан қорғанылады. Жоғарыда көрсетілгендей, сотталушыны Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу оның балаларының мүддесін қамтамасыз ету мақсатында ғана қолданылуы мүмкін. Алайда, С.Сауытбайдың отбасы, оны Қазақстан Республикасының шегінен тысқары шығарып жіберуге қарсы. Сондықтан сотпен С.Сауытбайдың қылмысты жасаудағы отбасымен қосылу туралы әрекетінің мақсаты мен себептері басшылыққа алынады.
Бұдан басқа осы Үкімде С.Сауытбайды Қазақстанда қалдыруға, оның этникалық қазақ және Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға басым құқығы барлығында ерекше жағдайлар қатарына жатқызған.
Сонымен қатар, айыптау актісінде және сот Үкімінде С.Сауытбайдың ҚХР тарапынан шығарылмағаны да нақты көрініс тапқан, атап айтқанда (Үкімнен үзінді); Сотталушы С.Сауытбайдың сотта берген, яғни шекараны отбасымен қауышу үшін заңсыз кесіп өткендігі туралы жауабы, айыптау актісінде де көрініс тапқан. Атап айтқанда, айыптау тарапының позициясы бойынша, С.Сауытбай 2002 жылдың шілде айынан бастап ҚХР-ның коммунистік партиясының мүшесі болуына, балабақша басшысы лауазымында, содан кейін саяси құпия органдарында мемлекеттік қызмет атқаруына байланысты ҚХР-нан шыға алмаған. Оның 2008 жылдың 16 қыркүйегінен 2018 жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімге берілген № G 30846841 шетелдік төлқұжаты ҚХР-ның арнайы органдарының қызметтерімен алынып қойылған, сондықтан оған белгіленген тәртіпте мемлекеттік шекараны заңды түрде кесіп өтуіне мүмкіндік берілмеген. Отбасымен заң тәртібімен қосыла алмайтынына көз жеткізген С.Сауытбай ҚХР-сы мен Қазақстан Республикасының арасындағы мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту туралы шешім қабылдап, оны іске асырған.
Яғни, С.Сауытбайдың ҚХР-да өз отбасынан күшпен ажыратылғаны және оның ҚХР арнайы органдарының құжатын тартып алуы себепті заңды жолмен шекараны кесіп өте алмағаны, қазіргі таңда заңды күшіне енген сот Үкімімен анықталған!
ҚР қылмыстық процестік Кодексінің 127-бабы, 1 бөлігіне сәйкес, соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген үкімі, сондай-ақ қылмыстық істі мәні бойынша шешетін басқа да шешiмі анықталған мән-жайларға да, олардың соттың үкімі мен шешімі шығарылған адамға қатысты құқықтық бағалануына қатысты да барлық мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады. Заң тілінде бұны преюдиция деп атайды.
Үстіміздегі жылдың 4 қазан күні Сайрагүл Сауытбайға қатысты босқын мәртебесін беру туралы істі қараған комиссия және осы комиссия жұмысын ұйымдастырған Алматы қалалық көші-қон қызметі Басқармасы заң талаптарын білмегенбе әлде олар жоғарғы жақтан түскен заңсыз тапсырманы орындап отыр ма?
Сайрагүл Сауытбайдың өзі және отбасы ҚХР-нан не үшін кетуге мәжбүр болды деген сұраққа келсек, ҚХР ШҰАР өңірінде қазақ, ұйғыр, дүнген сияқты аз ұлт өкілдеріне бірнеше жыл көлемінде көрсетіліп жатқан ұлттық, діни негізде қудалау, қысым көрсету факілері әсер еткендігін өз арызымызда көрсеттік, С.Сауытбайда комиссия алдында айтып берді. Бірақ, комиссия өз хаттамасында ол фактілер өз дәлелін таппады депті, бұны қалай түсінуге болады? Екі бірдей мемлекеттің шекарасынан қашып өтуге мәжбүр болған С.Сауытбай ШҰАРда азаматтарды жаппай қамап, қинап жатқаны туралы қалай дәлелдеп бермек? Сонда, комиссия мүшелері немесе Сіздің қоластыңыздағы қызметкерлер Қазақстандық және әлемдік БАҚ-ы мақалаларды оқымай ма (біздің өзіміз комиссияға 200-ден астам шетел БАҚ мақалаларына сілтеме ұсындық), егер оның бәрін факт емес өсек деп қабылдаса, Европа адам құқықтарын қорғау ұйымдарының аналитикалық-зерттеу қорытындаларын, АҚШ Конгресінің бірнеше мәрте жариялаған ресми мәлімдемелерін, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының, азаптауға қарсы комитетінің резолюцияларын неге басшылыққа алмаған?
Комиссияның бұл шешімі сөздің тура мағынасында Қазақ халқының көп бөлігінің ашу-ызасын тудырып отыр. Бір емес бірнеше қоғамдық ұйым өкілдері маған жеке хабарласып, өздерінің Сайрагүлді қорғап қалу мақсатында кез-келген акцияны ұйымдастыруға дайын екендіктерін хабарлады. Алайда, мен Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша басынан бастап келе жатқан адвокат ретінде қоғам белсенділерін, саясаткерлерді және БАҚ-қа берген әрбір сұхбатымда Республикалық көші-қон комитеті яғни, Сіздің атыңызға шағым беретінімді, Сіздің өз кезегіңізде комиссия шешімін заңсыз деп тауып, қайта қарауға мүмкіндігі жоғары деген бағытта айтып, елді мейлінше тыныштық сақтауға шақырып келемін.
Маған сонымен қатар, БҰҰ жанындағы босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссариатынан, Европа адам құқықтарын қорғау ұйымы, Германияның «Society for threatened peoples», халықаралық аренада өте беделді «Human Rights Watch» халықаралық адам құқықтарын қорғайтын ұйымдармен шетел баспасөз өкілдерінен өте көп хабарласуда.
Бұл арқылы Сайрагүл Сауытбай ісінің қоғам, тіпті әлемдік қауымдастық назарында екенін Сізге баса айтқым келеді.
Көрсетілгендердің негізінде, Сізден
С Ұ Р А Й М Ы Н :
Сайрагүл Сауытбайға қатысты Алматы облыстық Көші-қон қызметі Басқармасы жанынан құрылған комиссияның 04.10.2018 жылы шығарылған №7-18 санды шешімін заңсыз деп тауып бұзуды.
Қазақстан заңдарын және БҰҰ-ның Қаулы қарарларын басшылыққа ала отырып, Сайрагүл Сауытбайға босқын статусын беруді.
Сайрагүл Сауытбайдың атына 25.07.2018 жылы № 35 санымен берілген Қазақстан Республикасында пана іздеген адамның куәлігінің мерзімін ұзартуды.
Шағымды қарау нәтижесі туралы маған e.Gov.kz электронды порталы арқылы жазбаша түрде, заңмен көзделген мерзім ішінде хабарлауды.
Шағым иесі: А.Т.Құспан
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір