29 Қазан, 2018 Әлеумет
Қазақ тұрмысты түзейді деп үкіметке емес, Қытай императорының ойыншығына сеніп жүр
Біз байлық шақырудың символы деп төрімізге шығарып жүрген сол мес қарын мүсіндер Қытай императоры Гао Дидоның көңіл көтеретін ойыншығы болған екен.
Соңғы кездері жұрттың барлығы баюға, ауқатты болуға құштар. Осы көштен қазақ та қалмай «ақша шақыратын» түрлі әдіс-тәсілдерге жүгініп әлек. Соның бірі - Қытайдың фэн-шуй әдісі. Осы әдіс арқылы «байлық пен бақытқа қол жеткіземіз» деген қазақтар бұл күні шаңырағына құрбақа мен шаян ойыншықтарын тасып, үйлерінің маңдайшасына қызыл мата іліп, мес қарын мүсіндер жинап шала бүлінеді. Тіпті мұндай типті адамдар жиһаздарының өзін «фэн-шуй» әдісімен орналастырып, «Ас бөлме және фэн-шуй», «Балалар бөлмесі және фэн-шуй», «Қонақ бөлме және фэн-шуй» әдісіне жүгінуге кеңес береді. Олардың пәлсапасы «бақыт пен байлық үйдің бұрыш-бұрышын мекендейді. Сондықтан үйдің бұрыштарын дүние-мүлікпен жаппай, ол бұрыштарға мыстан жасалған кішкене мес қарын мүсіндерді қойған абзал» дегенге саяды.
Бірақ деректерге жүгінсек, біз байлық шақырудың символы деп төрімізге шығарып жүрген сол мес қарын мүсіндер Қытай императоры Гао Дидоның көңіл көтеретін ойыншығы болған екен. Біздің бұл сөзімізді тарих ғылымының PhD докторы Жандос Өмірбаев растап отыр.
«-Мен Қытайдың Сиянь қаласында алты ай бойы білімімді жетілдірдім. Сонда аңғарғаным, біз байлық шақырады деп қатты сенетін төрімізге немесе теледидар алдына қоятын мыстан жасалған мес қарын мүсіндер Қытай императоры Гаоның сайқымазақ ойыншығы болған. Кезінде ол өзінің ұсталарына оңашада көңіл көтеретін ойыншық жасауды тапсырған екен. Міне, бұл мүсіндердің тарихы Гао Дидоның кезеңінен басталған. Бұдан соң кей адамдар байлық шақырады деген желеумен үйлерінің сыртына, көліктеріне қызыл мата байлап қояды. Көліктеріне жол ашады деп құрбақа, құмырсқа, шаяндарды іліп қоятындарды көріп жүрміз. Қытай елінің мемлекеттік туының түсі қызыл түс. Ал бақа-шаянды Қытай халқы ұлттық тағамдары ретінде тұтынады. Осындайда біз мұндай ырым-тыйымдарды ұстану арқылы Қытай идеологиясын насихаттап жатқанға ұқсаймыз. Бұл да бір ақырындап сананы улаудың бір түрі ме деп қаламын»,-деді ғалым Жандос Өмірбаев.
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Қытай бір ғана «Фэн-шуй» әдісінің насихатын арттыру арқылы ойыншықтарының да өтімділігін арттырып отырған көрінеді. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, бұл әдіске қазір әлем халқының 80 пайызы жүгінеді.
«-Баюға, бақытты болуға ықпал етеді дейтін бұл әдіске қазір әлем халқының 80 пайызы жүгінеді. Байыптағанға бір ғана осы әдістің насихатын арттыру арқылы Қытай елі ойыншықтарының өтімділігін арттырып отыр. Аңғарғанға өзге елдің ұстанған наным сеніміне сену біздің ұлттық құндылықтарымыздың парқын түсіреді. Осы арқылы өзге елдің идеологиясы санамызға мысқалдап еніп алуы да мүмкін. Қытай императорының ойыншығын төрімізге шығарғанша, қазақтың төрінде неге қамшы, ер-тоқым, домбыра шапан ілулі тұрмайды?! Қазір ұялы телефоннан бас алмайтын, шапшаң ойлайтын, еліктегіш ұрпақ өсіп келеді. Кейінгі буын мен орта буын арасында байланыс жоқ. Мен шапанды төріме ілемін десем, менің ұрпағым оны жақтырмайды. Мен несібені Алладан сұраймын десем, балам ақша шақыратын гүлдерді, мүсіндерді үйге жинап әлек болады. Бұл нақты мысал. Сондықтан бұл арада көкірек көзімізді ашып, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге мән беретін кезең жеткенін ескергеніміз абзал», -деді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.
Расымен де, кезінде қазақтар ақшалы болу үшін қандайда бір ырымдарға аса сенбеген. Қазақтың кең пейілі мен қонақжайлығы, дархандығы мен жомарттығы үйіне өзінен-өзі несібе кіргізіп отырған. Қазақ жауын ықтырып, досына жаман-жақсыны ұқтырып, жарына адалдықтың не екенін сезіндіріп отыруы үшін төріне қамшы ілген. Қазақ баласы ер-тоқымын босағада тастамаған. Бесікті шаңырағының төріне іліп қойған. «Ырысым кетеді» деп бағып отырған малын теппеген, ақты төкпеген. Қазір керісінше, жаңа туған сәбиді бесікке бөлеуді денсаулығына зиян деп бесіктен жеріндік, баларымыз қамшыны көрсе, үркіп қашады. Өйткені оның қасиетін кешегі абыздарша бүгінгі ұрпаққа ұғындыратын адам тапшы. Ер-тоқым дегеннің не екенін білмейтін, оның киесін ұқпайтын ұрпақ өсіп келеді. Ал бұрынғы қазақтың кең пейілі, дархан қабағын қазір іздеп жүріп әрең табамыз. Өйткені қазіргі қазақ дағдарысқа орай жанбағыс іздеп бала-шағаны асыраудың қамымен әлек.
«Барометр» талдау орталығының қаржыгері Жасұлан Мақсұтовтың айтуынша, қазір дала қазағы да, қала қазағы да жанбағыстың қамымен әбігер.
«-Қазір жұрттың көпшілігі мынау байлық шақырады деп бір зат ұсынсаң, соған сеніп қалады. Тек ол заттың жарнамасын асырып, әдемілеп өткізсең болғаны. Себебі, халықтың көкейінде «қайдан ақшам тапсам» деген сауал тұрады. Бізде қоғамда тепе-теңдік жоқ. Мысалы, қоғамда бай мен кедейдің және орта таптың арасын теңестіріп ұстау деген болады. Бай мен кедейдің арасы теңеспей тұр. Бұрын Кеңес Одағы кезінде мемлекетке қызмет ететін адамның артық бір көлігі болса, партияға салып тұрып тексерілетін. Оларда қалалы жерден үй алып қою, шетелге шотқа ақша салу деген қылмыс деп есептелетін. Кеңес кезеңі бай-манаптарға осылай қадағалау орната алды. Ал қазір бай-манаптарды бақылау жағы төмен. Олар тапқан қаржысын шетел асыра салады. Бастарында бес-алты қымбат баспана алып алады. Ал кедей-кепшікті қолдайтын жоба аз. Сондықтан болар қаржыдан тарыққан ел «қалайда ақшам болса» деп армандап, түрлі ырым-тыйымдарға де сенуді шығарды. Қытайдың мүсіні, доллар шақыратын гүл, қызыл мата, Қытай әдісі арқылы шырақ жағып ақша шақыру тәрізді дүниелер қазаққа тән дархан, кең пейілді қасиеттерімізді жуып-шайып болмысымызды жоғалтып жақтаны жасырын емес. Былай қарағанда түкке тұрмайтын дүние болып көрінгенімен мұның астарында идеология жатыр. Сондықтан бізге халықтың жағдайын жеңілдетуге ықпал еткен жөн. Ол үшін елдегі бай-манаптарға бақылау орнату қажет; бұл ретте оларға мүлкін жариялау туралы шараны жүзеге асыру жарияланып, аяқсыз қалып барады. Осы шараны тереңдету керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген жап-жақсы жоба басталып еді, ол да аяқсыз қалды. Сосын біздің үкімет жыл сайын үстемақыны көбейте береді. Зейнетақы мен жәрдемақыны көбейте бергеннен түк өнбейді. Бұл құбылыс керісінше елдегі қымбатшылықты арттырып отыр. Әлеуметтік төлемдер өскен сайын саудагерлер азық-түлік бағасын қымбаттата қояды. Сондықтан бұл бағытты өзгертіп, жәрдемақыны өсіргеннен гөрі халықты жоғары жалақыда жұмыспен қамту мәселесін шешкен жөн. Ол үшін, әрине, отандық өндіріс орындарын ашу, шағын бизнесті қолдау жағы жетілуі керек. Сонда халықтың төленбей жатқан несиесі төленіп, дастарханы молайып, қалтасы қаржымен толыға түседі. Бұдан соң жұртшылық жаңағыдай сананы улайтын ырым-тыйымдарға бас қатырмайды,-дейді Жасұлан Мақсұтов.
Қарлығаш Зарыққанқызы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір