• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 02:44:10
+12°

30 Қазан, 2018 Денсаулық

Түймебаевтың назарына: Ауруханада сәбиі шетінеген ана шындықты іздеп шарқ ұрып жүр

Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылдық аурухананың перзентханасында  сәби өлі туған.

Qamshy.kz ақпарат агенттігіне Мадина Әбдет есімді азаматша жақында туысының басынан өткерген жағдайын баяндап хабарласты. Туысының сәбиі Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылдық аурухананың перзентханасында  өлі туған. Оның айтуынша, 9 айда баланың денсаулығында кінәрат болмаған. Перзентханаға босануға келгенде де бала тірі болған, яғни жүрегі соғып тұрған. Абай ауылындағы ауруханада босанған Нұржамал Қонысбайдың туыстары "баланың өлі туғаны дәрігерлердің салғырттығынан" деген ойда.

- Нұржамал 9 ай бойы дәрігерлерге тексеріліп тұрды. Ешқандай инфекция таппады. Өзінің де, сәбидің де денсаулығында кінәрат болмады. Перзентханада оны босануға қабылдағанда да бәрі жақсы еді. Жергілікті учаскелік дәрігерге көрінгенде бәрі дұрыс екенін айтқан. Нұржамалды аурухана қызметкерлері 2018 жылдың 27 қазанында сағат 14.00-де қабылдап алды. 17.00-де Нұржамалдың жанына партнер ретінде кіргізілдім. Сол уақытта баланың жүрегі тоқтап қалғанын айтты. "Кардиологқа көрініп, УДЗ-ге түсейік" десек, екі дәрігер де орнында жоқ. УЗД маманына хабарласса, телефонмен «Бармаймын» деп айқайлады. Ол екі сағаттан кейін бір-ақ келді. Дәрігерлер «кесарево жасайық, бала мүмкін тірі шығар» дейді. Өздері білмейді, - дейді ашынған Мадина Әбдет.

Нұржамал Қонысбайдың - жасы 20-да. Бұл оның тұңғышы еді. Сондықтан операция жасауға келіспеген. «Өзім босанамын» деп шешкен. Нұржамал сағат 20.00-де босанған, сәбиі өлі туған.

-Дені сау әйел дүниеге әкелген дені сау сәбидің жүрегі қалай өзінен -өзі тоқтап қалады?! Дәрігерлерден сұрасақ нақты жауап бере алмай отыр. «Ондай жағдайлар болып тұрады»,- деп қысқа қайырады. Әлі нақты диагноз да қойылмаған, - дейді Мадина Әбдет.

Кеше Нұржамал Қонысбай перзентханадан шықты. 

құжат

Нұржамал Қонысбайдың туыстары мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін медициналық сараптама жасатып жатыр. Оның қорытындысы 10 күннен кейін дайын болады.

Нұржамал Қонысбайдың  туыстары жан ауыртқан осы оқиғаға қатысты прокуратураға арыз түсірді. Олар бұл істі аяғына дейін жеткізбек ойда. Бұл тек бір сәбидің ғана өкінішті тағдыры емес, осы перзентханада дүниеге келетін барлық сәбилердің денсаулығы мен өмірі үшін жасалып жатқан іс екенін айтады.

-  Оларға мемлекеттен аппараттарға тиісті қаржы бөлінгенімен жаңаланбаған. 30 жылдан бері келе жатқан ескі аппараттар. Онда да тек УДЗ ғана бар. Басқа аппараттар жоқ. Әділетсіздік емес пе?! Кардиолог былай тұрсын, УДЗ жасайтын маман жұмыс орнында емес. Біз бір баланың өлі туылғанына қадалып тұрған жоқпыз. Қаншама бала дүниеге келіп жатыр ол жерде. Сәбилер шетінеп жатыр, - дейді Мадина Әбдет.

Біз аталған оқиғаға байланысты перзентхананың бас дәрігері Нұралы Жақыповқа хабарластық, алайда ол кісі орнында болмағандықтан, хатшысымен тілдестік. Хатшының айтуынша, бас дәрігердің қызмет көрсету сапасы бойынша және емдеу ісі бойынша екі орынбасары бар.

Қызмет көрсету сапасына жауап беретін Ғани Бахтиярұлы УДЗ мен кордиологтың жұмыс орнында болмағанын жұмыс уақытының аяқталуымен түсіндірді.

- УДЗ жасайтын маман да, кардиолог та сағат 16.00-ге дейін жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда оларды үйінен шақыртамыз, - дейді.

Емдеу ісіне жауапты орынбасар Әбдуғаппар Моминов те әріптесінің сөзін қайталады. 2018 жылға арналған перзентханадағы өлі туған сәбилер мен тірі туған сәбилердің статистикасын сұрап едік, ақпаратты нақтылап, жарты сағаттан кейін хабарласуымызды өтінді. Алайда, жарты сағаттан кейін де, бір сағаттан кейін де ешқайсысы телефон тұтқасын көтермеді.

Мадина Әбдеттің "аппараттардың ескілігі және үкіметтен қажетті жабдыққа ақша бөлінгені, бірақ оның дөкейлердің қалтасына кетіп жатқаны туралы" ақпаратын нақтылау үшін біз бас дәрігер Нұралы Жақыпов екі күн бойы хабарласқанымызбен, еш тілдесе алмадық. Демек, бас дәрігер журналистердің сұрақтарына жауап беруден қашып отыр. Хатшы қыздың айтуы бойынша, екі күн бойы бас дәрігер жұмыс орнында болмады, жеке телефоны арқылы да тілдесуден  бас тартты.

Бұл мәселе Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұдайы назарында болады. Аталған оқиғаға қатысты алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдайтынымызды ескерткіміз келеді.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір