• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:45:50
Алматы
+35°

16 Қазан, 2018 NEWS

Жеңімпаздар сыры : «Жүз жаңа есім» жобасына қатысу үшін қандай қасиетке ие болуың керек?

Жеңімпаздар өздерінің атқарған істерімен таныстырып, өскелең жастарды да еңбекке баулауға тырысты.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2017 жылғы жеңімпаздары бүгін Астанада өткен пресс-конференцияда астаналық жастар мен тұрғындарды жобаға қатысып, атсалысуға шақырды. Әрі жеңімпаздар өздерінің атқарған істерімен таныстырып, өскелең жастарды да еңбекке баулауға тырысты.

Шараға «Қазақстан жастар конгресі» жанындағы республикалық жастарды дамыту орталығының жетекшісі Ерғазы Әзімханұлы, «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық жастарды дамыту орталығының басшысы Ілияс Түстікбаев, «Астана жастары» КММ орталығының директоры Үкібай Нұрпейісов әрі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы жеңімпаздары Айдие Айдарбеков және Серік Есматовтар қатысты.

Студенттер қозғалысының жетекшісі Ілияс Түстікбаев «100 жаңа есім» жобасының маңызы турасында айтып өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның 17 облысынан жобаға атсалысқан жастардың саны 600 мыңға жуықтап қалған. Өзі бүгінде 30 мыңнан астам белсенді жастар мен 500 мыңнан көп студенттермен жұмыс істейді екен.

«100 жаңа есім» - жастар үшін өте тиімді, өз мүмкіндігін көрсете алатын керемет жоба. Жоба арқылы талантты, дарынды, алайда елге танылмай жүрген жастарды таныта аламыз. Бұл күнге дейін былтырғы жеңімпаздармен қаншама жұмыс атқардық. Олар өз өңірлеріндегі студент жастармен кездесіп, тәжірибелерімен бөлісті. Жастарды белсенді болуға шақырды. Енді міне, жаңа таланттарды анықтайтын екінші кезең басталды. Әр өңірге сұрау жібердік, өздерін ұсынған жастардың да саны артып келеді. Тіпті былтыр қатысса да, жеңімпаздар қатарынан көрінбей қалған белсенділер қайта қатысуға мүмкіндік алды», - деді Ілияс Түстікбаев.

«Қазақстан жастар конгресі» орталығының басшысы Ерғазы Әзімханұыл жобаға қатысты былтыр болмаған, тек биыл іске қосылған тың жаңалықпен бөлісті. Айтуынша, ендігі жобада Үкіметтік емес ұйымдар өз атынан жастарды ұсына алады. Жер-жерді, өңір-өңірді аралап, тіпті ауылды аймақтарға дейін табан тіреп, дарынды, белсенді жастарды іздейді, танылуы тиіс жастарды қоғам алдына шығарады.

«Талантты адамдар көбіне ауылды аймақтардан шығып жатады. Алайда ондай адамдардың таланты кішігірім ауылмен ғана шектеліп қалады. Ал «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты – сондай жастарды іздеп табу. Қай өңірде болмасын, белгілі бір жетістікке жеткен жастарды халыққа насихаттап, одан әрі жігерлендіреміз», - деді Әзімханұлы өз сөзінде.

Жобаның былтырғы жеңімпаздары да үнсіз қалмады. Жобаға қалай тап болғандары, жобаға қатысудағы мақсаттары, алға қойған жоспарлары жөнінде кеңінен бөлісті.

Мәселен, Серік Есматов жобаға дейін өте белсенді жастардың бірі болған. Бірнеше уақыт бойы өзін іздеп жүрді, тұлға ретінде қалыптасқысы келді. Сөйте тұра, спорттық, мәдени шараларға белсенді қатысып жүрді. Өзін іздеп жүрген адамдарға көмектесті. Өзіне сенген 250-дей адамға көмектесті, алға жетеледі. Сөйтіп Есматовты Алматы және Астана қалаларының әкімдігі байқап, бірден «Жүз жаңа есім» жобасына үміткер етіп ұсынған. Кейін жеңімпаз атанған Серіктің бүгінгі өмірі мағыналы болды. Қай ортаға бармасын, өзін маңызды адам ретінде сезіне алды. Осылайша жобадан өзін көргісі келетін жастардың бойында табылуы тиіс қасиеттерді атап шықты.

-Бәрі адамның өзі қолында, санасын өзгерту де;

-Өмірде шектеу жоқ, аяғымнан айырылсам да, тоқтап қалған жоқпын, алға жылжи бердім;

-Әр адамның өз көзқарасы бар, тек соны тани білу керек;

-Болашағымыз өзімізге байланысты, соны түсінейік;

-Бірінші кезекте адам өз-өзімен жұмыс істей алуы қажет;

-Өмір қозғалыстан тұрады;

-Өз-өзіңе сенуің керек;

-Мүмкіндіктерді желге ұшырмау керек;

-Үлкен жетістіктерге лайықты болыңыз;

-Ұялмаңыз, қорықпаңыз.

Ал екінші жеңімпаз Айдие Айдарбеков жобаға аяқ астынан тап болған. Мамандығы – режиссер. Жоба туралы Нью-Йоркте оқып жүрген кезде білген. Айтуынша, жобаға қатысуға өзі өтінім жібермеген. Бірнеше күннен кейін жан-жақтан қоңыраулар шалынып, өзіне дауыс беретінін айтып жатты. Айдие алғашында түк түсінбеген, қарапайым ауылдың баласы жоба жайлы мүлдем хабарсыз еді. Ал туып-өскен ауылының тұрғындары жобаға Айдиені лайықты деп танып, өтінімді өздері берген. Сөйтіп жас режиссер аяқ астынан жеңімпаз атанып шыға келді.

«Жеңімпаз деп айтқан ұнамайды, маған дауыс берді, мені таңдады. Бұл – мен үшін тек жетістік», - деді Айдие сұхбатында. Алайда жергілікті тұрғындар жерлесін нағыз жеңімпаз деп санайды.

Жалпы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идеяларын Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихын үлгі ете отырып насихаттау.

Қызмет саласы бойынша ұйымдар тобының кеңінен таныстырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық бастамаларды насихаттау мақсатында, жобаның жаңа үміткерлерін таңдау институционал әдістермен жүргізіледі.

Үміткерлерді таңдау критерилері төмендегідей:

-үміткердің кәмелет жасқа толған болуы (18);

-қызмет саласында елдің жағымды имиджін қалыптастыруға үлес қосқан айрықша жетістіктерінің, қатысушы имиджін дамытуға ықпал ететін тұлғалық қасиеттерінің болуы;

-үлгі алуға лайық, жастарды патриоттық және туған жерге адалдық рухында тәрбиелеуге, еңбек культін қалыптастыруға ықпал ететін қоғамдық-саяси және еңбек қызметінің болуы;

-Қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан нақты үлесінің болуы.

-Қазіргі Қазақстанның, оның табыстары мен түрлі саладағы жетістіктерінің жарқын үлгісі бола алатын тұлға;

«Жүз жаңа есім» жобасының маңызы турасында бұған дейін «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов Qasmhy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында «Рухани жаңғырумен» байланыстырып, түсіндіріп өткен еді.

«XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында еліміз бәсекеге қабілетті болған жоқ. Ғылым мен білімнен ада едік. Төрт-бес миллион қазақ болды, бәрі дерлік ауылда қой бақты. Мұны көрген Алаш зиялылары қазақтардың көзін ашуға тырысты. Білім-ғылымсыз жүре берсек, ұлттығымыздан айырылатынымызды түсіндіруге тырысты. Сол уақыттарда небәрі 300-ге жуық Алаш зиялысы 4 миллион қазақты бірауыз сөздерімен бағындырды. Бүгінгідей интернет, әлеуметтік желі жоқ заманда ауыл-ауылды аралап, пайдалы дүние жазып, халықтың көзін ашты. Зиялылардың арқасында қазақтар балаларын мектепке берді, қазақ мектептері ашылды. Жаңа заманға аттанып бара жатқан пойызға қазақтарды ілестіріп жіберді. Әліпби қанша мәрте ауысты, бәрін жүйеге келтіріп, тілдік жүйе қалыптастырып кеткен де сол Алаш зиялылары. Әдебиет, тарихты жасап кеткен де сол Алаш зиялылары. Жүздеген, мыңдаған ғылыми кітаптар жарық көрді. Досмұхамедов, Асфендияровтар медицинаны жазды, Әлімхан Ермековтер математиканы жазды. Байтұрсынов тілдік жүйені қалыптастырды. Біз әлі күнге дейін сол еңбектерді пайдаланып келеміз. 1910-1930 жылдар аралығында небәрі 20 жыл ішінде зиялылар арпалысып жүріп, бізді бүгінгі күнге жетеледі. Бүгінгі біз айтып жүрген «Рухани жаңғыру» Абайдан бастау алған. Ғылымды, әдебиетті, тарихты, математиканы олар кітапқа салып кетті. Ал біздің міндет – соның бәрін техникаға салу. Міне, Рухани жаңғыру деген сол.

Бүгінгі рухани жаңғыру – кешегі Алаштың жолын қайталау, ізімен жүру, қайта түлету, жаңғырту. Оған «мазақ» ретінде қарайтын болсақ, өшкеніміз. «Прагматик бол, бәсекеге қабілетті бол, тілдерді меңгер, салауатты өмір салтын ұстан, кітап оқы, білім ізде, ұлттығыңнан айырылма, тіліңді сақта, дәстүріңді сақта. «Рухани жаңғыру» деп осыны айтып отыр Елбасы. XIX-XX ғасырда алаш зиялыларының сөзіне қалай құлақ ассақ, бүгінгі зиялыларды да тыңдайық», - деген Дәурен Бабамұратов кешегі Алаш зиялыларымен бүгінгі «Рухани жаңғырудың» арасындағы байланысты көрсете алды.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір