• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 18:19:04
Алматы
+35°

30 Қазан, 2018 Саясат

Сталин туралы 7 аңыздың ақиқаты

Шын мәнінде, Сталин «жақсы көсем» де, әскери тұлға да  бола алмады

Қазір посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдерде Сталиннің жеке басына табынушылық бірте-бірте күшейіп келеді. Көптеген ТМД  елдерінің БАҚ беттерінде  Сталин үнемі білімді, ақылды, әскери тұлға  және «барлық дәуір мен халықтың көшбасшысы» ретінде көрсетіледі. Шын мәнінде, Сталин «жақсы көсем» де, әскери тұлға да  бола алмады. Ол қарсыластарының қанын аяусыз төккен қатыгез адам ғана.

  1. Сталин жолдас «ұлы ғалым» болған ба?

Ең үлкен миф – Сталин жолдастың «өте білімді» болғандығы туралы. Ол шындығына келсек, кезінде өзі оқыған  Гори діни семинариясын аяқтаған да емес. Оның кейіннен  білім алуға уақыты болмады.  Барлық уақытын Коба революциялық күштермен қарсыласуға арнады. Ең күлкілісі, өзінің діннен толық хабары бола тұра, ол дінге қарсы күрес жүргізді. Жолдас Сталин билікте отырып, адамды екі топқа бөлді.  «Жақсы адамдар» коммунизмнің дара жолымен жүретіндер,  ал «жаман адамдарды»  ол жою керек немесе тозаққа жіберу керек» деп есептеді.

Жалпы адамзат қоғамының дамуы туралы Сталиннің ақыл-ойы, білімі жеткіліксіз болды.  Ол 1930 - жылдары пайда болған Годельдің аяқталмаған теоремасын түсіне қойған жоқ. Егер ең болмағанда онда не жазылғанын түсінсе, «марксизм-ленинизмнің» ұзаққа бармайтынын және оның елес екенін сезінер еді.

«Кеңес Одағының кейбір әлемнің дамыған елдерінен  артта қалып қойғанын» айтқан ғалымдар оған жаққан жоқ.  Көзқарасы келіспеген зиялы қауым өкілдерінің бір бөлігінің 1920-1937 жылдары көзі жойылды. Оның маңайындағы жандайшаптар «білімді Сталиннің» бейнесін қолдан жасауға тырысты. Кремльдің бір терезесінде  электр жарығы түні бойы жанып тұрды.  Сталин жолдастың көз ілмей кітап оқитыны айтылды. «Тіпті ол барлық кітапты оқып болған кезеңде,   КСРО бірден коммунизмнің жоғары сатысына жетеді» деген пікірлер де жарияланды.

  1. «Сталиннің арқасында біз соғысты жеңдік»

Егер КСРО шын мәнінде қорғаныстық сипатта соғысқа дайындалса, 1941 жылдың жазында неміс  әскерлері бірден шекарадан өтіп,  Кеңес Одағына 300 шақырымға дейін кірмес еді. Сталин 1930 - жылдары Қызыл Армияның командирлерін қуғын-сүргінге ұшыратты.  КСРО –ның соғысқа дайын еместігіне  кінәлі болғандар жауапқа тартылды. Соғыстың алғашқы айларында кеңестік армия  үлкен шығынға  ұшырады. Соғыстың алғашқы жылдарында әскери іс-қимылдар әлсіз болды. Сталин жолдас соғыстағы әскерлердің өліміне жайбарақат қарады.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан  27 миллион адам опат болды» деп жарияланды. Бірақ шығын саны  41 миллион адам екені кейіннен айтылды.  Бұдан шығатын тұжырым, кеңес әскерін ауыр шығынға ұшыратқан Сталин «ұлы әскери тұлға» емес.  

  1. Кеңес Одағының халықаралық беделі туралы пікір миф

«Сталин Кеңес Одағын басқарған тұста елдің  халықаралық беделі жоғары болды» деген әңгіме жаңсақ. Идеологтар «Кеңес Одағы әлемдік социалистік революция идеясын дамыта  отырып, жер бетіндегі  ең әділ мемлекет орнатты» деген пікірді халық санасына таңуға тырысты.  КСРО  әскери жағынан қауіпті мемлекет ретінде қарастырылды.  1920 - жылдардың соңы 1930- жылдардың басында Батыс елдері КСРО-да болып жатқан оқиғаларды бақылап отырды. Жаппай басталған қуғын-сүргін және тазарту саясаты және ашаршылық   сталиндік КСРО-да шын мәнінде не болып жатқанын анық көрсетті.

Уинстон Черчилльдің 1959 жылғы 21 желтоқсанда Англия парламентінде «Сталин ең күрделі сынақтар кезінде Ресейді басқарған ұлы тұлға» деген сөзі де жалған болып шықты. Черчилль мұндай сөзді мүлдем  айтпаған.  Демек, мұның барлығы да Кеңес Одағының халқын сендіру үшін қолдан жасалынған болып шығады. Тұтастай алғанда, «Сталиндік КСРО-ның халықаралық беделі» болған жоқ! Одан кейін  Хрущев, Брежнев, Андропов пен Черненко басқарған Кеңес Одағында қарапайым халыққа еркіндік берілмеді.  Кеңес Одағы әміршілдік-әкімшілік,  әскери-тоталитарлық режимге айналды.  Қаржының басым бөлігі әскери салаға жұмсалды.  

  1. Сталиннің бай болғаны жалған

Сталиннің артында қанша байлығы қалды? Оның  жеке заттарының саны аз болды және ешқандай байлығы да болған жоқ. Неге? Сталинге бұл қажет те емес еді. Ол қалағанының бәрін алды, бәрі қолында болды және оның айтқанын орындағысы келмегендер  ату жазасына кесілді. Сталин сәулетті үйлерде тұрды. Оның жеке саябақтары мен «лимузиндері» жеткілікті болды. Сталин жақсы, сапалы, дәмді, құнарлы тамақ  жеді. «Жезді мұртты»  бірнеше НКВД-ның батальоны қорғап жүрді.

Жолдас Сталин миллиондаған кеңестік ақшаны  өз пайдасына жұмсады. Ол қазіргі бағам бойынша миллиардтаған доллар екені түсінікті. Кеңес Одағының қазынасынан бөлінген ақшаға ол бар жағдайын жасады. Ішкені алдында, ішпегені артында болды.  

  1. Сталиннің реформаторлығы жайлы миф

КСРО-да пайда болған атом қаруының кеңестік азаматтардың өмірін жақсартуға ешқандай қатысы болған жоқ. Қалаларда жаңа үйлер тұрғызылды, ал ауылда халық кедейшілікте өмір сүрді. Шаруалардың  1960 жылға дейін еш төлқұжаты болмады,  олар кеңестік жүйенің құлына айналды. Кеңестік фабрикада жұмысшылардың да құқы тапталды.  Еркін кәсіподақ өмір сүрген жоқ.  

Сталин шаруалардан мүлікті тартып алып, кең ауқымды ұжымдастыру саясатын жүргізді. Украина, Қазақстан секілді республикалық аймақтарда жергілікті халық аштықты бастан кешірді. Сталиндік жүйенің қателігі мынада:  бұл әдіс елде шаруа қожалығын толық жоюға әкелді. Кеңестік ауыл шаруашылығы бүкіл халықты  астықпен, етпен, сүтпен қамтамасыз етуге дәрменсіз болды.  Америкалық бір фермер мен кеңестік шаруаның жұмыс нәтижесі   әртүрлі екені көзге көрініп тұрды.

  1. «Сталин шынайы интернационалист» пе?

Бұл да жалған, өйткені Сталин КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатында ресейлік патшалардың империалистік саясатын одан ары жалғастырды. «Сталинмен әңгімелесу» атты кітабында Югославияның саяси қайраткері, Броз Титоның қарсыластарының бірі, югослав диссиденті Милован Джиластың былай дегені бар.

«Сталин Кеңес Одағы туралы сұрақ қойды. Мен: «Біз өте қуаныштымыз», - деп жауап бердім.

–Біз де қуаныштымыз, бірақ Ресейдегі жағдайды жақсарту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз!, –деді Сталин,

Сталин Кеңес Одағы емес, Ресей деген сөзді қолданғанда,  шабыттанып, өзін-өзі танытқандай көңілі көтеріліп кетті».

  1. «Сталиннің ұлы даналығы» туралы миф

Ресейдің  «Русская семерка» интернет-сайты Сталин туралы былай деп жазды. «Сталин өмірінің соңында тағы бір қателік жасады. Ол өзінің орнына мұрагерді қалдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Мысалға, оның көптеген әріптестері сталиндік саясатты жалғастырушы ретінде аты  аталып жүрген  Вячеслав Молотовқа үнемі сын айтты. Сөйтіп, бірте-бірте оның беделін түсірді. Сталин сырқаттанып жүрген кезде  және өмірден өтер сәтте  «халықтар көсемінің» қасында  ешкім болған жоқ. Сталин қайтыс болғанда   КСРО-да билік үшін күрес күшейді.  Бұл күрестің нәтижесінде, Хрущев билік басына келіп, Сталинді және оның саясатын біржола жоққа шығарды!».

Керімсал Жұбатқанов, тарих ғылымның кандидаты, Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінің доценті.

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір