• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:56:09
Алматы
+35°

30 Қазан, 2018 NEWS

Қазақтың қазынасы қалған Қазан қаласы

Жергілікті уақыт бойынша 11-қазан 00:00 де Татарстанның астанасы Қазан қаласының ұшақжайына Астанадан ұшқан алып ақ қанат темір құс қонды

Жергілікті уақыт бойынша 11-қазан 00:00 де Татарстанның астанасы Қазан қаласының ұшақжайына Астанадан ұшқан алып ақ қанат темір құс қонды. Сарыарқаның саумал ауасынан бара қалған қонақтарды қазан айындағы Қазанның қара желі маңдайдан сүйіп қарсы алды. «Қазақстаннан келген қонақтар деген» бес кісінің бірі болып ұшақтан түскендердің бірі менмін. Санамда ес білгелі орнап қалған Еділ батырдың атына сай қойылды делінетін Еділ (Волга) өзені көрініп қалар ма екен деп алысқа көз салған боламын. Қараңғы түн. Көзкөрім жерде қатар-қатар тізілген шырақтар да көздің суық желінен қорғалап тұрғандай. Іздеген Еділім көрінбеді.

Түбі бір түрігіміз, қазаққа ең жақын халықтардың бірі татар бауырларымыз деп жай күнде айтып жүргенімізбен, аталып отырған ағайынның ат байлаған астанасы Қазан дейтін қалаға өз басым тұңғыш келіп тұрғаным осы. Жетегімізде бір-бір шабаданымыз бар, жолаушылармен бірге терминал есігіне іліне бергенімізде, алдын-ала дайын тұрған екі татар кісі атымызды атап шақырып, бізді күтіп алды. Ыстық ықыласпен қарсы алған кісілер жіті қимылдап жүріп, бізді көлікке қарай бастады. Бұл кісілер Татарстан ғылым академиясы Ғалымжан Ибрагимов атындағы тіл, әдебиет, өнер институтының тапсыруы бойынша бізді орналастыруға келгенін естігенде жақынымыздың ауылына келгендей масайрай қалдық. Орайы келгенде айта кетейік, біздің қатарымыздағы сапарластарымыз: ф.ғ.д, алаштанушы, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаева, ф.ғ.к, Қ.Сәтбаев атындағы  Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедарасының меңгерушісі Алмас Удербаев, алаштанушы, Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, қазақ әдебиеті кафедерасының доценті Қайырбек Кемеңгер, өнер зерттеушісі, дәстүрлі әнші, Қазақстаның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспан және мен болып, жалпы бес адам едік.

Қазан

Жоғары  қарқынды тас жолмен түнгі ауаны қақ жарып жүйткіген көлік ішінде арғы-бергіні айтысып, түселханаға жеткенше шекеміз қызып, сыр шертісіп отырдық. Ұшақжай мен қаланың аралығында бір үлкенірек даңғылдың атын біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевке беріпті. Алыстағы ағайынның бұл да болса тәуелсіз елімізге көрсеткен үлкен құрметі ғой деп түйдік. Бір сағатқа жуық жүрген көлік әдемілігімен бір, көнелігімен екі баурайтын Қазан қаланың қақ ортасындағы бірнеше қонақ үйге бізді орналастырды. Біз ат басын тіреген түселхана Қазанның марқасқа мұрасы саналатын ұлы қорғаны – кіремелдің іргесінде екен. 

 

Жылы-жылы жүздесулер

  

Жақсы жатып, жайлы тұрған біз таңғы оразамызды өзіміз қонған бөлмеден ашқаннан кейін, өткен түні күтіп алған кісілер жазып беріп кеткен тілдей қағаздағы мекенжай бойынша, жаяулап Ғалымжан Ибрагимов атындағы тіл, әдебиет, өнер институтына бардық. Карл Маркс көшесімен аз ғана жүргенде жететін ғылыми  орта иық тіресе орналасқан әрі көне, әрі сәулетті құрылыстардың бірінде екен. Асығыс жүрген кісі анықтап қарамаса байқамай өтіп кететіндей, бір шаршы метр маңдайшалыққа ғана институттың аты жазылыпты. Кейін байқағанымыздай, Татарстанда маңдайшалыққа тым жалаулатып, үлкен жазумен мекеме орындардың атын жазбайды екен. Бұл жерге Орынай Жұбаева, Алмас Удербаев үшеуіміз ғана келгенбіз. Есіктен жүзінен жылы мейір төгіліп тұрған татар апай қарсы алды. 

Көк түсті қабырғаға татардың ұлттық мәдениетінен хабар беретін жай сызбалар салынған институт ішінде лауазымды кісілермен танысып жатырмыз. Бізді институт директоры Кми Минуллин өзі қабылдады. Минуллин білімділігі жүзінен шығып тұратын, кесек тұлғалы, аңғарлы кісі екен. Еліміздің есендігін, іргеміздің бекемдігін сұрастық. Арғы-бергі ағайындарға амандық тілестік. Қазақ елінен Татарстандағы ел жақсыларына айта барарсыз деп аманаттаған сәлемдерді табыстадық. Қазанда қазыналы рухани байлығымыз жатыр, сол елдегі маңызды іс-шараларға қатысып, олжалы оралыңыздар деп үлкен үміт арқалатып аттандырған ҚҰҒА корреспондент мүшесі, ф.ғ.д, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы ТБИ-нің директоры Қажыбек Ерден Задаұлының ақжарма сәлемі мен ақ тілегін жеткіздік. Қазақ елінде дәл қазір ел болып елеңдеп, лингвистер мен сала мамандары  түгелдей  атсалысып жатқан латын әліпбиіне көшу науқанын тілге тиек еттік. Мұндағы әріптестеріміз өздері өткізгелі жатқан халықаралық, республикалық деңгейдегі бір-бірімен желілес түрлі конференциялар, ғылымы басқосулар, игі іс-шаралардың қат-қабат жұмыстары күтіп тұрғанына қарамастан, біз үшін қандай жәрдемдер керек болса да,  көмектесуге дайын екендіктерін айтып, әр бөлімдегі кісілер тікелерінен тік тұрып, зыр жүгірді.

Қазан

Қазан

Сонау алыстағы Астана мен Алматыдан ат терлетіп келіп қалғандағы мақсатымыздың бірі, сіздің елде өткелі жатқан ірі-ірі ғылыми шараларға ағайын атынан үн қосу болса, енді бірі, бірі болғанда да бірегейі, арырақ айтсақ, қазақ-татар-ноғай тұтас бір ордада тұрған кезеңнен бастап, берірек айтсақ, кешегі  Кеңес дәуірінің аржақ-бержағындағы қазақ пен татарға қатысы бар тарихи деректерді, сан ғасырда сан түрлі жазумен жазылған бабалар мұраларын, солардың ішінде 1930 – 1940 жылдар арасында латын әліпбиі арқылы хатқа түскен тілдік мұраларды іздеп жүрген жайымыз бар деп айтып қалдық. Біздің елдегідей ұзын арқан кең тұсау еркіндік әлі жете қоймағанын әрбір сөйлемдерінен аңғартқан басшы да, басқа да біз іздеген асылдарды табуымызға көмектесуге сақадай сай екендіктерін білдірді. Осы бұйымтайлар айтылғаннан кейін, Ким мырзаның телефонынан кейін тізгін ұшымен жеткен Татар Республикалық мұрағаттың басшысы Илһам Гумар Гусманович бізді  сондағы сарғайған қағаздар арасынан «саф алтынды» іздеуге болады деп қуатытты.

Алғашқы қадамымызды сәтті басқан біз енді екі жүз жылдан асып жығылатын тарихы бар Қазан федералдық университетіне бару үшін аттандық. Аттанғанда дайын тұрған ат-көлік жоқ. Тек қана онлайн тіркелу арқылы такси шақырады екенсіз.

Көңіл толқытқан көне шаһар

 Өткен түннің ортасында келіп, түске дейін тек қана кездесулерде болып, төңірекке көз сала алмаған біздер қадым заманның қаласын енді тамашалай бастадық. Көлік тізгіншісі де бізге қаланың көрікті жерлерін көрсете жүргісі келген болса керек, әйтеуір әр аттам жері тарихтың сырын бүккен шуақты шаһар бізді баурай берді. Аспанмен бой таласқан зәулім сарайлар, көздің нұрын алатын әйнек құрылыстар бұл елде аз. Кәрісі бес ғасырдан арғы тарихты, бергісі бір ғасырды арытқа тастаған сан түрлі ғимараттар. Алыс-жуықта асқақ шіркеулер мен ай мұнаралы ақ мешіттер бой созып тұр. Көше бойындағы тарихы терең үйлер ескілігіне қарамастан атқан оқтай түзу-ақ салынған. Сұлу қыздың жиған жүгіндей деп осыны айтқан шығар атам қазақ. Біреу сізге бірдеңе деп жөн сілтеп, жол көрсетпесе де, өз-өзіңнен-ақ осы қаланың өткен-кеткенімен танысқың келеді. Есіңде қалған ежелгі тарихтың сорабына салып, ойланып-толғанғың келеді. Асығыс жүрген кісіге қызықты қиял серік бола алсын ба? Осындай сан қилы ойлар жетегінде келе жатып, бір нәрсені ешкімнің көмегінсіз сезінесің, ол – осы қалаға ие болып отырған халықпен тарихтың қойнауларында қалып қойған туыстық сезім. Зар желіспен өте шыққан замана толқынында бір-бірінен алыстап кеткен екі халықтың тасада қалған сүйіспеншілігі мен сағынышы.

Қазан

Татарлар ұлт екен

 

Қазан университетінің алдына келдік. 1802 жылы іргесі қаланған  бұл білім ордасының көрер көзге алдымен өзгеше нақыштағы құрылысы түседі. Доға тәріздес ғимараттың іші де, сырты да әсем. Қабырғаның қалыңдығы бір метрден еркін асады. Мұндай кісі таңдандырар тас тамдар тек осы университет құрылыстарынан ғана емес, кез келген жерден табылады. 

 Көлемді іс-шараларға жасалып жатқан дайындықтармен мұндағы елдің жастары да, жасамыстары да қызылтанау қарбалас екен. Алғашында алыс-жуықтан келетін қонақтарға мамыражай мәміледе болып, күлімсіреп қарсы алу тапсырылған болар, сондықтан да жөн сұраған адамның бәрі жандары қалмай жүгіріп жүр-ау деп ойлаған едік. Артынан сезіндік, көшенің қай бұрышынан қандай кісі кезіксе де, сіз бір істің жайын немесе барар бағытты сұрап қалсаңыз, мыңболғырлар құрақ ұша жүгіреді. Қазақстаннан келдік, Алматыдан келдік десеңіз, тіптен жақын тарта кететін сияқты. Қандай бір ой үстінде, иә асығыс кетіп бара жатса да, тұра қалып, дереу өзгеше бір психикалық күйге өтіп, жүздерінен жылы бір леп ойнап шыға келетін халықты тұңғыш кезіктіріп тұрғандай болдым.    

Осы жерден мен өз көңілімдегі бір сұраққа жауап тапқандаймын. Татарлар ұлт екен. Бұл не деген сөз деп сұрауыңыз мүмкін. Әрине, қазақ та, қытай да, ұйғұр да, орыс та, т.б. да ұлт. Бірақ, ұлттық болмыс тұрғысынан әр ұлттың өз ерекшеліктері болады. Ұлттың ұлы тұтастығы ұлттық мінезде жатыр. Бір биеден ала да, құла да туатыны сияқты бір халықтың мінездемесінде ала-құлалық ауыр болса, ондай жұртты тарих сынынан толықтай өте қоймаған, яғни этностық қауымнан ұлт деңгейіне көтеріле қоймаған немесе көп-көрім тұтас ұлттың түрлі тарихи себептерге байланысты ұлттық мінездемелері бүліне бастаған қауым деуге болады. Толыққанды , өміршең, күрескер ұлт болу үшін сол ұлтты құрайтын  ру-тайпалардың саны азайып яғни ұсақ рулар ірі рулар төңірегіне топталып, жалпы ұлт өз ішінен үлкен жақтан бірнеше ғана ықпалды руларға жіктелетін сияқты. Ұсақ-түйек рулар шеңберіндегі проблемаларды талқылайтын ұлттың мүшелерінің ой-пікірлері ұштаса бермейді. Неміс, жапон, француз, кәрістер де ертеректе ұсақ-түйек жүздеген ұлттардан құрам тауып, кейін келе саяси тұрғыда күшею барысында үлкенірек бірнеше рулар төңірегіне топталған. Мен бүгінгі таңда татар даласында шіреніп тұрып көрсететін шын мәніндегі тәуелсіздік болмағанымен, олардың бойынан жоғарыда айтқан әлемнің алдыңғы легінен көрініп жүрген ұлттарға тән құпиялықты көргендеймін. Ұлтық мінездеме дегеніңіз тұтасқан ұлттық идеологиядан байқалады. Яғни бір ұлттың кез келген мүшесінің бір сауалға беретін жауабы негізінен ортақ болса, ол халық озады. Қазан қаласындағы қамалдардың беріктігі сондай, араларынан жел өтер емес. Мен жер әлемге тарыдай шашылған күллі татарларды айтпаған күннің өзінде, дәл осы Татарстандағы, тіптен Қазандағы татарлардың идеологиядағы тұтастығын анау жел кіре алмас қамалдарына ұқсаттым. Дәл сол тұста өзім жақсы білетін кей халықтың қазірге дейін алған қамалы, салған қорғаны көңілімдегі көзіме олпы-солпылау көрінді. 23 жасында мына дүниеден аттанып кеткен Ғабдулла Тоқайдың еліндегі әр адамның осы бір тұлғаға деген бірдей танымдары тәнті етті.  

Федерециядағы төрттіктің бірі

Қазан университетінің біз кіріп, қатысты адамдармен жолыққан бөлігі көбінесе гуманитарлық ғылымдарды негіз еткен, тіл, әдебиет, тарих институттарын өз ішіне алған, бір корпусы ғана екен. Оны біз кейін білдік. Университеттің бас корпусы мен басқа бөлімшелері, институттары қаланың маңызды жерлерінде бытырай орналасқан екен. Тек татарлар үшін ғана емес, туыстас түрік жұртының, тіптен адамзат баласының руханияты үшін, қайнап жатқан мыңдаған жылдық тарихы бар, мәдениет ошағы саналатын Қазан қаласында осындай беделді университеттің болуы тегін емес көрінеді. Себебі, бұндай федералдық университет статусына көтерілген білім ордалары жалпы Ресей Федерациясы көлемінде тек төртеу-ақ екен де, Қазан университеті сол бірегей төрттіктің бірі болып отыр.

Қазан

Қазан қаласында сирек қолжазбалар мен кітаптар қоры негізінен Лобачевский кітапханасында екен дегенді естіген едік. Сонымен, университеттен сол кітапхана жөнінде сұрастырдық. Бұл жерден бізді аталған университеттің Лев Толстой атындағы филология және мәдени қарым-қатынастар институтының директоры және оның орынбасары қабылдап, кітапханамен өздері телефон арқылы байланыс жасап берді де, ақ жол тілеп шығарып салды. Осыдан кейін ғана аз-кем көше бойына көз жүгіртіп, орталық базарының маңынан өттік.

Қымбатшылыққа қымсынбайтын ел

Қаланың қан базарының қақ ортасында алып шығырық (кольцо) орналасқан. Көше сондай ретті, адамдар қарасы да мол көрінді. Дегенмен, бұл қалада халық тым тығыз емес. Қазан қаласы жалпы Татарстан астанасы болуымен бір ерекшеленсе, тарихи, туристік қала ретінде екі ерекшеленеді екен. Әлгі алып шығырықты осы артықшылықтарына құрмет ретінде Ресей Федерациясы сыйға тартыпты. Жалпы жер аумағы жағынан әлемде бірінші орынды ұстайтын Ресейдің жүздеген қалаларының ішінен шығырық тағуға лайық саналған қалалардың қатары сирек көрінеді. Сол сиректердің бірі осы – Қазан қаласына ұсынылыпты. Әйтеуір жол-жөнекей базарға бас сұққанымызды айттық. Ендеше қоса кетейік. Жалпы бұл жерде зат бағасы күйіп тұр. Не алғыңыз келеді. Бәрі удай қымбат. Телефон нөмір, телефон ақы, ұсақ-түйек, керек-жарақ, жол ақысы, азық-түлік, жатаржай, т.б., бәрі қымбатшылық. Кейбір қалалар секілді жалт-жұлт етіп, көзді арбап, алқам-салқам ілініп, шашылып жатқан бұйымдар жоқ.

Қазан

Лобачевский кітапханасы

Атағы алыстан мәлім болған Лобачевский кітапханасына бардық. Тіркеліп, оқырман билетімізді алған соң, қазақ елінен ала келген аманат және сәлемдеме ретінде он шақты кітапты жауапты адамдарына беріп, кітап қорларына қосуын өтініш еттік. Талабымызды қуана құптағаннан соң, кітапхананың катологтар бөліміне кіріп, әңгімеміздің әубісімілләсін осында бастадық. Кішкентай сандықшаларға реттеп салынып сарғыш тартқан тізімдіктерден өткен-кеткенінің ізін көздеген көзқарақты кісі не секілді мұрғаттарды тауып алуына болады екен. Күн еңкейіп бара жатса да бірнеше сағат ішінде тапжылмай отырып, көптеген кітаптарды парақтап шығуға мүмкіндік алдық. Көл-көсір көне кітаптардың бұрқасынды ғасырдан аман-есен жетіп, қатталып тұрғаны көңіл көншітердей.

Қазан

Мұрағаттар мұң шертіп тұр

Екінші күні алдындағы уәдеміз бойынша республикалық мұрағатханаға бардық. Өзгеше үлгіде көрінісі көз тартқан қаланың біз орналасқан бөлегі атақты Кіремілге айғайсалым жерде ғана екен. Кітапханалар мен университеттерге, маңызды ғылыми орынларға баруға тым ыңғайлы, жақын еді. Әр өрнегі әр түрлі сыр айтатын үйлерді жағалап, мұнарасы көкке бой созып тұрған Кіремілге тарттық. Біз іздеген мұрағаттар мекемесі, міне, осы атақты Қазан Кіремілінің ішінде екен. Бір күн бұрын қарсы алып алған Илһам Гусманович бізді өз әріптестерімен таныстырып, керек деген материалдарды емін-еркін тапсырыс беру арқылы ала беруімізге болатынын айтты. Алыстан келген туыстық салауатпен, бірден қазақша материал тауып беріңіз деп өтінішті көлденең тарта жөнелмей, алдымен татар тілінің тарихи мұраларына үңілгіміз келетінін айтып, қомақты қағаздар алдырдық.

Талай ғасырлар бойы талқыға түсіп, тағдыры тартыста өткен, тұлпарлар тұяғы мен зеңбіректер оғынан таптауыр болан, Еуропа мен Азия құрлығының ара қатынасында  маңызды бір нүктеге қоныс тепкен Қазан қаласы, міне, дәл осы мұрағаттардың күтімі мен түптелуінен-ақ адамзат руханияты үшін тарихи маңызын өтеген ұлы шаһар екенін сезіндіреді сізге. Мыңдаған мұраны жіпке тізген маржандай айту міндетіміз емес. Дегенмен, бір ғана мысал алар болсақ, татардың өткен ғасырда өткен атақты лингвисті Ғалымжан Шарафтың қолжазбалары мен басылым көрген еңбектері қиуы кетпестен, сиясы өшпестен күні кешегідей қатталған екен. Апалаң-топалаң дәуірлерден аман қалған дүниелерінің саны да қомақты, сапасы да сап алтындай қымат. Әсіресе, татар бауырлардың бізді таңдандырғаны – бір мұраны мұрағаттап сақтаудағы жинақылықтры мен іздеген адамға оңай табылатын қолайлы жүйені жасауы болды.

Қазан

Қазақтың қазынасы Қазанда жатыр

Біздің осыдан кейінгі бірнеше күніміз осындай сарғыш тартқан қағаздар арасында өтті. Татарстан ұлттық кітапханасына барып, басшылық алқаларымен таныстық. Бір қалада бірнеше бөлімшесі бар үлкен кітап ордасының оқырманы болып тізімделіп, академик Р. Сыздықтың, марқұм, профоссер Көбей Құсайыновтың кітаптары бастаған бірнеше кітапты тарту еттік. Арасында осы кітапханалардың сирек кітаптар қорына кіруге де мүмкіндік алдық.

Бұл барыста аталған орындарда топталған көнетоз қорлардың бізді әсерлендірген тұстары баршылық. Бәрін оқырманмен бөлісу бір ғана сапар естелігінің белі көтере қомайтын ұшан-теңіз әңгіме. Емініп отырған оқушыға қысқа ғана бірер мысал келтіре кетейік.

Біріншіден, аталған кітапханадарда кітап қоры шынымен де мол. Алты миллионнан астам кітабымыз бар деп қызықтырған ұлттық кітапхананың бір бөлімшесі бізді таңдай қақтырса, енді бір айтуға айрықша татитын жері – Қазандағы кітапханалар үшін өткен ғасырдың басынан бергі кітаптар түгелдей жай катологтар тізімінде болып, ол сирек кітаптарға да, көне кітаптарға да жатпайды екен. Бізде өткен ғасырдың орташенінен арғы кітаптар көне кітаптар саналып, сирек қор қатарында танылса, Татарстанда ондай парақтамалар түгелдей оқырмандарға қолжетімді. Ізденуші кісі есіктер мен тесіктерден өтіп, ат арытып, тон тоздырмай-ақ, керегіне жарата алады екен. Яғни сіз өткен ғасырдың басындағы татарша, орысша, қазақша жазылған дүниелерді шетінен таба беруіңізге болады. 1940-жылдарға дейінгі қазақ басылымдарының саны да аз емес. Әсіресе, социализм мен коммунизмнің туын ұстаған кітаптардың кейбірінің сол кітапханаға барғалы кітаханашылардан басқа  адам пендесі қолына алмағаны белгілі. Ал, XVIII - XIX ғасырлар мұралары, одан да бұрынғы сирек кездесетін мұралар ғана екінің бірінің қолы жете бермейтін жерде. Сөздің реті келіп қалғанда айта кетейік, қазірге дейін қазақ кітабының тұңғышы болы саналатын «Сейфіл-Мәлік» 1807 жылы дәл осы Қазанда басылған. Ал, араға бірқанша кітаптарды салып, бір ғасырдан кейін ұлы Абайдың өлеңдер жинағы да осы Қазанда басылғанын жалпы жұрт біледі. Қытай қазақтары жөнінен тұңғыш саналатын Ақыт Үлімжіұлының «жиһанша» кітабы да 1897 жылы осы шаршы ғаламға белгілі шаһарда басылған екен.

Қазан

Қайран да менің Еділім !

 

Аңызы мен ақиқаты бірдей құнды болған, бұдан он алты ғасыр бұрын дәурендеген ғұндардың көсемі – Еділ (Аттила) қағанның атымен аталды дейтін Еуорпадағы ең ұзын өзен Еділ өзені (Вольга), міне, осы Қазан қаласының іргесінен өтеді. Күллі Еуропаны ат тұяғымен таптап өткен тарихи тұлғаның есіміне лайық ұлы дарияның жағасында қасқайып тұрған Қазан жарықтық та сан-санақсыз қантөгісті, қырғын шайқасты басынан өткізді. Қазақтың батырлық жырларында, жыраулар поэзияларында көбірек айтылатын, көп тарихты көк иірімдеріне сіңіріп алып, баяу ағып жатқан дария шіркін жайлы ұзақ-ұзақ жазуға болар еді. Өкініші сол, саяхаттап, салтанат құрып бармағаннан кейін, айналасы жалғыз жұма уақытта, бабаларымыздың қолтаңбасы қалды-ау деп көбінде көне кітаптармен сырласқан біз жайқалып жатқан жасыл өзеннің жағасына баруға мұрша таппадық. Тек қана алыстан көзайым болып, көңілімізді сұлулық пен ұлылыққа сурағандай болдық.

 

Президент отыратын сарайдың төңірегі жым-жырт

 

Сонау шығыстағы Алтайдан Қазанға келіп оқып жатқан Қасымбек атты жігіттің біз барғаннан қайтқанша көрсеткен жәрдемі ерекше болды. «Ирек майданы» (бізше еркіндік алаңы, Ә. А) аталатын алаңның төңірегі түгелдей сәулетті құрылыстар. Қарсы бетінде Лениннің ескерткіші, айналасы гүл-шөптермен көмкерілген еңселі ғимаратқа қарап, дәу де болса осы қала үшін маңызы жоғары бір құзырлы орган болар деп тұспалдап тұрсақ, мұнымыз Татарстан президенті отыратын ордасы екен. Айтарға болмаса Қасымбектің сөзіне бастабында сеніңкіремей қалдым. Бір елдің басшысы және ұлыстың ұлы аппараттары тұратын орын мұндай жерде болмас деймін. Айналасы қоршалмаған. Мұздай қаруланып, қорғап-қоршап жүрген салдаттар да көрінбейді. Адамдар мектепке кіріп-шығып жүргендей емін-еркін. Осы тынысы кең тыныш тіршілікті біз дәл сол күні түнде тіптен керемет сезіндік. Түнгі қаланы тамашалап жаяулап келе жатқан Қасымбек екеуіміз дәл осы президент ордасының жанынан өттік. Айнала тағы да жым-жырт, мүлгіген тыныштық таңдандырды. Тек бірен-саран адамдар ғана арлы-бері өтіп бара жатыр.

 

Мені толқытқан тағы бір ұлы өзен – Қазан өзені

 

Заңғар көкпен таласып тұрмаса да, сәулетті салынған заманауи құрлыстардан өткеннен кейін, кең байтақ жерді алып, көсіле ағып жатқан үлкен өзеннің жағасына жеттік. Міне, бұл қасиетті Қазан өзені. Түнгі көрінісі қандай керемет еді. Менің ақын жанымды ұшы-қиыры жоқ сұлулық тебірентті. Миллионнан астам тұрғыны бар, онсызда саяхатшылар аяғы үзілмейтін, мың жылдық тарихы бар ірі қаланың қақ ортасын жарып өтіп, маңғаз да сабырлы, ернеуі еш орталамаған күйінде жайқала кілкіп ағып жатыр. Отыздың белін асқанша талай ел, талай жерді көрдік. Бірақ, біз көрген қалалардың іргесіндегі өзендер тартылып қалатын. Иә, суы ластанып кететін.  Болмаса арнасы басқа жаққа бұрылып, айбаты қайтып, айбыны шөгіп кететін. Ал, арғы бетіне әрең көз жететін арналы дария сырын білдірмеген, сынын түсірмеген күйінде көңіл көкжиегімнен өлең болып толқыды. Сұлу қала, сырлы дария, сусып аққан су дыбысы жүректің терең түкпірінде жатқан асау бір шабытты қозғады-ау.

 

Қазан  

 

Салқын түн, Cақтан қалған қала айбатты, 

Cанамда сапырылып сан ой жатты. 

Тарихы тастан берік Татарстан,

Танытып жатқандай-ақ бар айбатты. 

 

Қазанның кәрі өзені кілкіп ағып, 

Жүрегімді толқытты үн шығарып. 

Қазан айы, Қазанның ызғырығы,

Сынап жатыр бетімнен шімшіп алып. 

 

Қазанның қарап тұрсам толқынына,

Жағада жымыңдайды мол шұғыла. 

Шіркін-ай, мынау шексіз сұлулықты,

Қысып ап әкетер ме ем қолтығыма. 

 

Ойпаң-тойпаң ой алсам осы аймақтан,

Теңселіп тау, тебіреніп босайды аспан.

Осы қазан еді ғой баяғыда, 

Қазақ, ноғай, татарым ат ойнатқан. 

 

Алып өзен, ақ қала, не көрмедің,

Көнермедің, жаулыққа көнер ме едің?

Сұңқарымды төріңе қондырар ем,

Тұлпарым сүрінбесе егер менің.

 

Еділге Қазан келіп қосылады, 

Барады бал толқынның жосып әні.

Татар туын шаншыған жоталардың 

Тарта берді жанымды топырағы. 

 

Жағаны сүйді толқын жалы қысқа, 

Сабырлы, мінезі жоқ алып ұшпа.

Бұйра ағыс бүйрегімді бұра беріп, 

Сен де енді айналарсың сағынышқа.

 

Ноғайлыны нобайлап ақ ту алған, 

Сарайшықты таптым мен ақ мұнардан.

Ақ қылышы ахина жарқ-жұрқ етіп, 

Еділ бабам бұл судан ат суарған.

 

Еділдің арғы жағы, бергі жағы, 

Екіге айырылғанда ел жылады. 

Қылшығы қисаймаған мұрағаттар,

Адасқақ тарихты жер қылады.

 

Ұлы аңыздар ордасы осы қала, 

Ғасырдың соңы – думан, басы – нала .  

Қазан – дария,  шықпасам үмітіңнен, 

Үнсіз ғана өтінем, ғафуАна! 

(қысқартып алдық)

Қазан

Туыстас түркілер бас қосқан конференциялар

 

Аттам жері көненің жырын айта жөнелетін Қазан қаласында осылайша төрт күнді артқа тастадық. Енді біз ресми іссапарымыздың маңызды тараулары саналатын бірнеше конференцияға қатысамыз. Елбасымыздың бастауымен қолға алынып жатқан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» ұлы ісінде көбірек тілге тиек етілетін «ұлттық кодты» көп жағдайда кешегі тарихымыздан, кешегі Алаш мұраларынан, өткен ғасырдың басындағы мұрағаттардан іздеп табуға болады деп қарайтын Жұбаева Орынай апайым екеуіміз айналасы төрт күннің көп сағаттарын сондай құнды деректерді қарастыруға жұмсап, Қазан университетінде өтіп жатқан кейбір іс-шараларға қатыса алмаған едік. Ондай маңызды басқосуларға жоғарыда аттары атап өтілген Қайырбек, Алмас, Серік ағаларымыз қатысып келіп, өзгеше әсерлерін айтысып, ауыздарының суы құритын. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, 15 қазан күні қызықты да әсерлі сәттердің (дүйсенбі) куәгері болдық.

Қазан

Көңіл қоржынымызды тоғайтқан топтық жүздесу

 

«XXI ғасырдағы филология және өнер ілімі» атты жастардың  екінші кезекті халықаралық мектебі Татарстан республикалық ғылым академиясы, Ғ.Ибрагимов атындағы тіл-әдебиет, өнер институтының ұйымдастыруында шымылдығын ашты. Халықаралық ғылыми талқы жиналысқа жиналған қауымның қарсы қалың болды. Жиналыс алдында татардың небір қасқа мен жайсаңдарымен таныстық. Бәрі де қаудырақтап қазағым десіп құшақ жайып жатыр. Бір ауылдан бір ауылымызға келгендей керемет бір көңіл күймен, салтанатты шараның басталуына куә болдық. Ғылымға еселі еңбектері сіңген бірнеше ақсақалдарына алтыннан төсбелгі таққаннан кейін ұзыннан ұзақ құттықтаулар болған жоқ, бірден ғылыми отырыс басталып кетті. Туыстас жұрттардан: Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Башқұрт елінен келген ғалымдар салмақты ой, сарабдал пікір айтып, байыпты баяндамаларын жасады. Мінберде сөйленген әрбір қымбатты сөзді тізбелеп беру мүмкін емес. Дегенмен, түрік тілдері мен мәдениетінің түрткілікті түйткілдері сөз болды. Қазақстаннан келген ғалымдардан Қайырбек Кемеңгер мен Орынай Жұбаева бай мазмұнды терең тақырыптарды ашып, төңіректің төрт бұрышынан  жиналған игі-жақсылардың ыстық ықыласына бөленді. Баяндамашылар өзінің туған тілінде де, орыс тілінде де сөздерін жеткізді. Татарстанда бүгінгі ғаламның үрдісіне айналған «қос тілділіктің» көрінісін толықтай сезіне аласыз. Көшеден кезіккен әрбір татар орысша сұрасаңыз орысша, қазақша сұрасаңыз татарша еш бөгелместен сөйлесе кетеді.

Түскі үзілісте кең дастарқан жайып шай құйды. Алматы мен Астанаға талай рет сапардың сәті түскен ақ бас ғалымдар қазақтармен қалжыңдасып, қауымдасып, мәре-сәре болысып қалды. Әзлімен, әдіпті әңгімемен сәні келген салиқалы шағын шай үстінде де естен кетпес естемелер көп-ақ. Татардың атақты ақыны, қаламгер Рәдиф Гаташ бізге кітабын сыйлады. Қасиетті дәмнің, қадірлі жұрттың құрметіне арнап, сиясы кеуіп үлгермеген «туыс» деген өлеңімді оқып бердім.

Қазан

Мағжан жырының майын тамызған

 

Түстен кейін «татар-қазақ әдеби байланысы һәм Мағжан  Жұмабаев шығармашылығы» атты конференция өтті. Мағжан аты аталған жерде көлемді залға жиналған қауым тіптен молайып кеткендей. Татарстанда тұратын қазақ елшілігінен өкіл қатысты және Қазанда оқып жатқан қазақ студенттермен қаумалаған жұрттың қарасы көбейе түсті. Қазақтың заңғар ақыны Мағжанды туыстас түріктер қаншалықты біледі екен деген сауалдың жауабын табар сәт туғанда жалпы жиналыстың әр минутын жібермей, айтылған әрбір сөзді зер сала тыңдадық. Әзербайжаннан келген атақты әдебиетші Р.Әскер өзінің баяндамасында Мағжанға ғана тән, өзге ақындар бара бермеген тақырыптар жөнінде көкейге қонымды пікірлерін жеткізді. Өзі Әзеришеге аударған Мағжан шығармаларынан оқыды.

Текті тұлпардың бүгінге жеткен тұяғы, тегіне тартып туған Қайырбек Кемеңгер, шынның жүзін жарқылдатып, шып-шырғасын шығармай, асау шабытпен, тиянақты ойға тоқталып, толғақты түйіндермен таныстырып, кеңірек көсілді. Алаш тақырыбына бір кісідей үңіліп үлгірген Кемеңгер шөбересі марқасқа Мағжанның өзгеден бөлек өмірі мен өнеге тұнған өнері туралы тың дерек, тыңғылықты тұжырымдар айтты. Мағжаның өмірінде шыққан үш кітабының екеуі бірдей осы Қазан қаласында шыққанын да алқалы әлеуметке түсіндірді.

Мағжан Жұмабаевтің «педагогика» деп аталатын еңбегіне лингвистикалық тұрғыдан талдау жасаған О.Жұбаева аталып отырған алтынға бергісіз оқулықтың ішінде тұнып тұрған, бүгінгі ғалымдар когнитивті лингвистика атап жүрген элеметнттерді екшеп көрсетті.

Мағжан өлеңдерін татарша сөйлеткен белгілі ақын Рәдиф Гаташ «Мағжанның музасы» атты баяндамасында айтулы ақын шығармашылығы туралы  ешкімнің ойына кірмеген тұстарын тілге тиек етіп, тыңнан сүрен салды. Ақынның жаны жыр болса, жырды шақыратын муза екенін, Мағжанның  музасы арқада емес алыстағы татар елінде болды деген ойларын орағытып жеткізді.        

Қоңыр домбырасын көтере келген өнертанушы, әнші, «Астана мәдениеті» журналының бас редакторы Оспан Серік «Мағжан – лирик ақын» атты баяндамасын жасап, арасында Мағжан өлеңдерін мамырлатып орындап берді. Бұл тұста бірінен-бірі өткен сап алтындай жауһар сөздерге арқасы қозып отырған шаршы топ Секеңді ду қол шапалақпен желпіндірді.

Қазан

Мұқағалиды аударған Миннуллин

 

Ақынның ақыны аталған Жұмабаев туралы айтылған алқау, жазылған терең зерттеулердің бірнешеуі өз кезегін алып болғаннан кейін, отырған жұртты айрықша тебіренткен татардың халық ақыны, жазушы Роберт Миннуллин мырзаның баяндамасы болды.

Сезнең хакта никтер бик еш уйлыйм,

Бик еш укыйм сезне, акыннарым, -

Бик борынгы һәм бик алыстагы

Аркадашларым һәм якыннарым!

 

Ул якынлык килә ераклардан,

Ул уртаклык килә гасырлардан...

Безнең уртак тарихыбыз бит ул

Асыллардан асыл, асыллардан...

 

Урдаларның алтын дәверләрен,

Данлы далаларның давылларын,

Тарих битләренең авырларын

Бергә кичтек, төрки бауырларым!

Ажарынан адамдық пен білімділік, жылылық пен жақындық есіп тұрған ақын татар тілінде мамырлатып, қоңырлатып, «Казакъ акыннарына» атты осы өлеңін (әсілі оншақты шумақ) оқығанда, залдағы қауым сілтідей тынып отырып тыңдады. Қазақты және қазақ ақындарын бір кісідей білетін, сонау ғасырлардың арғы жағында қалып бара жатқан қандастықты өлеңдерінің әр тармағына сыйдырып жүрген татардың сүйікті шайыры осы минуттарда онда отырған қазақтардың көздеріне жас лықсытты. «Мен сөзімді алыстан келген, Мағжанды туған қазақ бауырларыма арнаған жырыммен бастап, ары қарай Мағжан мен Мұқағалидағы үндестік атты баяндамамды жасаймын» деген Минуллин бізді мойындатты. Мағжанды ғана емес, Мұқағалиды да бүге-шігесіне дейін оқыған ғалым, қазақ поэзиясының, қазақтың көрнекті ақындарының маңдайын татар даласы мен Ресей жерінде жарқыратып-ақ жүр екен. Әсіресе, Робекең Мағжанның өмірі мен Мұқағалидің өміріндегі, өнер жолындағы, жазған жыры, тартқан тауқыметтерін өте керемет салыстырып көрсетті. Екі дәуірдің серкесі болған екі ақынның екеуі де 45 жасында бақилық болуы, екеуінің де сәбилері шетінеп, өлмес жырларына айналуы, ел мен жерге сыймай, ғалам қозғалысынан асып түсіп, сұрапыл туындылар қалдырған тұстарын, өзге де сабақтастықтарын айна-қатесіз көрсетіп бергенде дән риза болдық. Мағжанныың өлеңдерінен де бірқаншасын татаршаға аударған ақын, енді, міне, мінберде Мұқағалидан өзі аударған «мен де адам баласы» атты өлеңдер жинағынан «Фариза» бастаған бірнеше өлең оқыды. Мұқаңның үнін, Мұқаңның мұңын біз татар тілінде тұп-тұнық түсініп отырмыз. «Өмір маған Мұқағалидай ақын өткенін білдірді. Егер мен Мұқаңды оқымаған болсам, онда өмірімнің мағынасы мардымсыз болар еді. Ортамыздағы Оспан Серік бауырым Мұқаңның «сәби болғым келеді» атты өлеңін әндетіп, орындап берсін»-деді. «Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз» дегендей әнші де мынау алаштың аты озып, ақынның аруағы риза болған топты жиында көмейін ірікпеді. Сазы бөлек сары домбыраға еріп, әсем ән жүйткіді-ай келіп..«Сәби болғым келеді-ау, сәби болғым»....

Қвазан

Қиырдағы Қазан қаласында қаумалаған топ ортасында балаша қуанып жүрген біз енді мерейімізді өсіріп, мейірімін төккен татар зиялыларына тіптен риза болдық. Әрине, бабалар арманы бағызының елінде өркенін жайып, арысын айтсақ адамзаттың, берісін айтсақ алты алаштың атақты Мағжанын, мұзбалақ ақын Мұқағалиды төбелеріне көтеріп жатқанда біздің де төбеміз көкке жетті. Еріміздің даңқын аспандатқан екі ақынға қол беріп алғыс айттық. Қолтаңбасын  қойдып кітаптарын берді. Р.Минуллин тек Махаң мен Мұқаңды емес, басқа да қазақ ақындарын оқып, аударып жүрген сияқты. Н.Оразалинның да бір жинағын аударып, баспадан шығарыпты. Мағжанның өміршең маңмаңгер шығармашылығы жайлы Қазан қаласында болған сүбелі сөз жиналысынан кейін айрықша қуаттанып, қуанышымызды баса алмаған күйде алғыс айтып тарастық.   

 

Қазан кіремілінен бір дерек

 

Басында айтып өткеніміздей, бүгінде жегілікті тұрғындарының өзі бір миллионнан асатын Қазан қаласының әр аттам жері тарихи ескерткіш іспетті. Әр көшесінен туристердің аяғы үзілмейтін шуақты шаһардағы тарихи орындарды бір сапар естелігінде түгендеп шығу қиын. Деседе, оқырманға Қазандағы кіреміл жөнінде бірер дерек айта кетудің жөні келіп тұрған секілді. Кіреміл ішкі қорған деген сөз. Алтын орда дәуірінде, одан бұрын және кейін қазақ даласында да қала өркениеті бар жерлердің көбінде осындай кіремілдер болған. Біздің дәуірімізге дейін жеткен күйдірілген қызыл кірпіштен салынған жоғары сәулет өнерінің үлгісі Мәскеу Кремлі. Қазақстандағы Атырау қаласынан 40 шақырым жердегі, ортағасырлық Сарайшық қаласының орнында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі Мәскеу кремліне өте ұқсас архитектуралық объект табылған. Ғалымдар 13 ғасырда іргесі қаланған осынау көне жәдігердің құрылымы Мәскеу кремлінің нұсқасына үлгі ретінде пайдаланылған деген пікірді қуаттайды[1].

Қазан кіремілі мен Қазан қаласының тарихына үңілу үшін аттап өтуге болмайтын бір тарих–Қазан хандығының тарихы.

[1]Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Қазан

Қазан Хандығы – Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде Еділ – Кама бұлғарларының аумағында құрылған (1438 – 1552) мемлекет.

Оған қазан татарлары (Еділ бұлғарларының ұрпағы), марийлер, чуваштар, удмурттар, сонымен бірге ішінара мордвалар мен башқұрттар кірген. Астанасы – Қазан қаласы Қазан хандары әулетінің алғашқы өкілі – Алтын

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір