• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:58:34
Алматы
+35°

02 Қараша, 2018 Саясат

Ресейдің Украинаға салған санкциясы кімге жасалған ескерту?

Ресей тарапы Донбасс аумағында жұмыс істейтін ірі  кәсіпкерлерге санкция салмаған. Неге?

Ресей Украинаның 322 азаматы мен 68 компаниясына санкция салды.

Ендігі жерде аталған азаматтар мен компаниялардың орыс жерінде қызметі жүрмейді, олар алыс-беріс саудамен айналыса алмайды. Сондай-ақ, капиталын және қаржысын сыртқа шығара алмайды. Қысқасы,  экономикаға қиын тиейін деп отыр.

Анығына келгенде, 322 азамат украин ұлтының байлары  немесе шетелде тұратын, бірақ осы елде өндірісі мен кәсібін жалғастырып жатқандар.

Олай болса,  ендігі жағдай қалай болмақ? Сарапшылардың пікірі бұған қатысты екіге бөлініп отыр.

Біріншіден, кейбір  саясаткерлер «бұдан ең алдымен Украина өндірісі зардап шегетінін» айтады. Украин экономисі Олег Соскиннің пікірінше,  «Ресей нарығымен тікелей байланысы бар кәсіпорындарға бұл ауыр тиеді. Өйткені көптеген өндіріс орындары Ресейден шикізат алады.   Демек, енді алыс-беріс тоқтайды. Мұның барлығы да әбден ойластырылып барып әдейі жасалған нәрсе. Сондықтан біздің өндірісті жабу керек немесе басқа жақтан шикізат алуды қарастырған жөн».

Әрине, санкция жеңіл тимейді. Бұдан ең алдымен кәсіпорындар мен ондағы жұмыс істейтін адамдар зардап шегеді. Кейбір сарапшылар «осы уақытқа дейін Украина тарапының әр түрлі амал-тәсілдеріне Мәскеу көз жұма қарап келді. Олар тиісті әдеп шеңберінен асып кетті. «Көп асқанға бір тосқан». Сондықтан Кремльдің бұл жауабы ескерту, ал келесісі тіпті қатаң болады» деп отыр.

Ең бір назар аударарлық мәселе, Ресей тарапы Донбасс аумағында жұмыс істейтін ірі  кәсіпкерлерге санкция салмаған. Енді бұл жағы айтпаса да, түсінікті. Өйткені, бұл аймақтағы өндіріс жұмыс істеуі керек және қазіргі уақытта Ресеймен байланысы жанданып тұр.

Бірақ бұдан басқа тағы бір нәрсе бар, келер жылы Украинада президенттік сайлау өтеді. Ресми Мәскеу осыған орай санкцияны әдейі салып отыр. Ойлап қараңыз, жаңағы санкция салынған 322 бай азамат пен 68 компанияның иелері бұған қалай қарайды? Әрине, Ресейді, ең алдымен Путинді, аталған қаулыға қол қойған үкімет басшысы Медведевті жақтырмайтыны анық. Ал ең бастысы, олардың ел президенті Петр Порошенкоға  жек көру сезімі күшейеді. Бұл президенттік сайлау алдында елдегі саяси күштердің Порошенкоға наразылығын арттырады. Өйткені Украинаның әр партиясы мен саяси ұйымдарының артында ірі байлар мен дәулетті кәсіпорын иелері тұр. Демек, олардың санасында «бүгінгі ауыр жағдайға Ресейден іргесін аулақ салған Порошенко кінәлі» деген ұғым пайда болады. Сөйтіп президентке елде қарсылық қозғалысы артады. Мұны алдын ала болжап,  Ресей тарапы әдейі жасап отыр.

Кейбір сарапшылар «президенттік сайлаудың қарсаңында салынған ресейлік санкция Петр Порошенконың беделін түсіру үшін жасалды» деген ойда. Бұл енді рас. Бұдан шығатын қорытынды не? Орыстың бірқатар саясаттанушыларының болжамынша,  «келесі президент «Батковщина» партиясының лидері Элия Тимошенко болуы мүмкін». Мұндай жағдайда, Порошенкоға қарағанда болашақта орыстардың Тимошенкомен келісуі оңайырақ.

Бір қызығы, үкімет қаулысында «украин тарапы райынан қайтып, Ресей өндірісіне қатысты кейбір шектеулерді алып тастаса, біздің жақтың да ойлануға мүмкіндігі бар» делінген.

Болжап білуге болмайтын саясат алаңындағы жағдайды түсіну әрине қиын. Бірақ  бұл жерде саяси ойыншылар көп, ал зардап шегетін халық...

 

 

 

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір