• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
15 Қазан, 03:48:00
Ермекбаев: Жұмыс қауіпті, өмірлері үшін қауіп-қатер бар

04 Қараша, 2018 Ұлы көш

Қазақ тарихының көкжиегін кеңейткен қандастарға ұлт тарихынан лайықты орын табыла ма?

Алтайдан Анатолияға көшкен қазақтар 1941 және 1951 жылдары екі кезеңде жеті жетекшінің басқаруында Үндістанға келіп жеткенін көреміз.

Тәуелсіздіктің арқасында ұлт ретінде түгенделіп жатырмыз. Қазақ жеріндегі және сырт елдерге тарап кеткен қазақтардың рухы, салты, тілі мен әдебиеті, мәдениеті, тарихы біртұтастанып, байытыла толығып жатыр.

Қаймағы бұзылмай қазақтар жинақы шоғырланған көрші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани байлықтарының да сақталғаны белгілі. Шетелдегі және елдегі қазақтардың бірлікте дамуы ғаламданған замандағы ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың басты талабы екені де рас. Бұл тәуелсіздік жылдарында салтанат құрған тұжырым. Кеңес үкіметі тұсындағы коммунистік тоталитарлық идеология үстемдік құрып тұрған кезде бұндай ойды айту мүмкін емес еді. Ал қазіргі кезде әлем елдеріне таралған қазақтардың тарихи Отанынан ажырауы және біртұтас этникалық тарихы және мәдениетін зерттеу Қазақстан тарихының бөлінбес бір бөлшегі ретінде қазақ халқының тұтастығын көрсетуге бағытталады.

Шетелдердегі қазақтар жасаған рухани құндылықтар, олардың тарихы мен мәдениеті біртұтас зерделенгенде ғана қазақ халқының мәдени-тарихи болмысын толыққанды саралай аламыз. Соның ішінде шетелдегі қазақтардың арасында өз идеяларымен елінің ұлттық тұрғыда дамуына дем берген, ұлтының басқа елдермен терезесі тең көркеюіне әсер еткен көптеген, қазақтың болашағы үшін қиын-қыстау ел кезінде бастаған тарихи тұлғалар мен көрнекті ойшылдардың қазақ тарихындағы орны мен рөлін анықтау да керек. Айта кету керек, тарихи тұлғалардың тарихи кезеңдердегі қазақ халқын, қазақ жерін сақтап қалу мақсатындағы сіңірген қызметін, еңбегін көрсету немесе тарихи тұлғалардың тарихын зерттеу мәселесі әлі жолға қойылмаған.

 Шетел қазақтарының арасынан шыққан тарихи тұлғалар мен ойшылдарды танып білу, олар жасаған қазаққа ортақ рухани құндылықтарды айшықтау дүние жүзіндегі біртұтас қазақтың дәстүрлі мәдениетін жан-жақты түбегейлі білу үшін, бұл құндылықтарды халқымыздың игілігіне айналдыру үшін керек. Осы құндылықтар жүйелі зерттелгенде ғана қазақ халқының мәдени-тарихи болмысының біртұтас динамикасын толық саралап білуге болады. Әсіресе, шетелдердегі қандастарымыздың біртұтас қазаққа ортақ даналық сипаты мен олардың тұлғалық, азаматтық болмысын, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің бір үлгісі ретінде, ұлттық болмысын жан-жақты айшықтау қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі. Себебі, ұлттық тарихтың әрбір дәуірі, дерегі, тұлғасы, тағылымы қымбат.

Ал, шетелдегі қазақтар арасынан шыққан тарихи тұлғалар мен ойшылдардың тұлғалық болмысын жалпы  қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде терең із қалдырғантарихи тұлғалардың болмысымен біртұтастықта зерделеу төл тарихымыз бен мәдениетіміздің толықтырылуы үшін, бұл тұлғаларды келер ұрпаққа таныту үшін, олар жасаған рухани құндылықтарды халқымыздын игілігіне айналдыру үшін керек. Сонымен бірге шетелдегі қазақтар арасынан шыққан тарихи тұлғалар мен ойшылдардың әртүрлі салаларда қоғамның дамуына қосқан өзіндік үлесін дұрыс бағалау үшін бұл мәселелерді жан-жақты зерделеу қазақ тарихының көкжиегін кеңейтері анық.

Сондай тұлғаларымыздың бірі Елісхан Әліпұлы (1909-1943) Қытай қазақтарының ең алғашқы көшін Түркияға бастаған, бірнеше ұлт-азаттық көтерілістерді басшысы, батыр. Әкесі Әліп үкірдай да жергілікті қытай, дүңгендерге қарсы көтеріліс жасағандықтан, басы алынған. Елісхан әкесі өлген соң, жергілікті қытай, дүнген, қалмақ, ұйғырларға қарсы соққы беріп, батырлығымен көзге түскен.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қытайтану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Мұқаметханұлы Нәбижан осы жылдардағы Шыңжандағы жағдай туралы былай деп жазады: «1933 жылы 12 сәуір күні Дихуада (Үрімжіде) орын алған саяси төңкерістің нәтижесінде Шэн Шицай (Cheng Shicai) Цзинь Шужэнның орнына Шынжаңның генерал-губернаторы болады.

Шэн Шицай алдымен өзінің билік орнын нығайту үшін сол кездегі Қытайдың және халықаралық жағдайға үйлесетін белсенді саясат ұстанатынын жариялады. Ол Кеңес 1933 жылы мамыр айында Кеңес Одағының Үрімжідегі Бас Консулдық басқармасымен байланыс орнатты. 1934 жылы ол «Антиимпериализм, бейбітшілік және құрылыс жүргізу» деген саяси бағдарламасын жариялады. 1934 жылы желтоқсаннан 1935 жылы қаңтар айына дейінгі аралықта Шэн Шицайдың өтініші бойынша Кеңес Одағы Қызыл армиясын Шыңжаңға жіберіп, Шэн Шицайдың қарсыласы Чжан Пейюань (Zhang Peiyuаn) мен Ма Чжүңиңның әскерлерін жойды. Сондай-ақ Шэн Шицайдың он мың әскерін қару-жарақпен жабдықтады. 1935 жылы Кеңес Одағы Шыңжаңның экономикасы мен мәдениетін дамытуға 5 милн сом (рубль) несие берді. Сөйтіп Кеңес Одағы Шэн Шицайге өз ықпалын өткізе бастады. Соның нәтижесінде ол өзінің «Антиимпериалистік, Кеңес Одағымен жақындасу, ұлттар теңдігін жүзеге асыру, шенеуніктерді парақорлықтан тазарту, бейбішілікті сақтау және құрылыс жүргізу» деген  саяси-әкімшілік бағдарламасын жарялады. Бұл саяси бағдарлама кезінде белгілі дәрежеде прогрессивтік рөл атқарды.

Шэн Шицай Кеңес Одағының әскери мамандарының көмегімен әскерлерін қайта құрып, бүкіл өлке бойынша 11 округте 12 000 адамдық армия ұстады. Қоғамдық қауіпсіздік органдарын құрып, полиция мен тыңшылардың санын көбейтті, сондай-ақ оларды сол кездегі ең озық техникамен жабдықтады. 1936 жылы Шекара қызметі басқармасын құрып, өзі басқарма бастығы міндетін қосымша атқарды. Бұл орган Шынжаңмен шекаралас өлкелер мен мемлекеттерден ақпараттар жинаумен айналысты. Ауыл-қыстақтарда «Баужия» режимін орнатып, қарапайым халыққа бақылауды күшейтті. Сөйтіп ол Шыңжаңдағы прогресшіл адамдар мен әр ұлт халқының көрнекті қоғам және мәдениет қайраткерлерін тұтқындап түрмеге тоғыту әрекетін жүргізді».

Қазақтардың жат жұртқа көшуіне Шың Шысай аталатын жендеттің Сталиндік қырғын-сүргінді Шынжаң жерінде көшіріп қолдануы басты себеп болды.

Бұл тақырып аясына Жәди Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар» кітабында мынадай дерек бар:

«1939 жылы қаңтардан ақпанға дейін Шың Сысайдың қысымы мен қырғындауында Баркөлге қазақтардан мыңнан артық түтін, жеті мыңнан артық адам рубасыларының бастауында, Моңғолия мен Шынжаң шекарасындағы Іңгіз, Мазуң таулары арқылы арт-артынан Гансуға ауды. Шың Сысай екі рет ұшақ және неше ондаған автомобиль, екі рота атты, жаяу әскер жіберіп олардың алдын тосты. Қазақтар қырғынға ұшырап, малы ауыр шығындалды.

Мапуфаң Гансудің Шилигу деген жеріндегі қазақтарды алдап, еңбек күш алу мақсатын жасырып, «оқуға жібереміз» деген атпен 40 үйлі қазаққа үй бас сайын бірден сегіз жастағы (шындығында 6-10 жас аралығы) балаларын Шиниң қаласына жіберуді, баласы болмаса бала тауып тапсыруды бұйырды. Қазақтар амалсыз отыз неше бала берді. Балалар ауыр еңбекке салынып, көбі өлді.

Мамырдан маусымға дейін Елісхан өз елін бастап Таулайчуан маңайына келді. Зайып, Атшыбай, Сұлтаншәріптер қазақтарды бастап Чиңхайға кірді. Смағұл, Тұңғышбайлар бастаған қазақтар Чиңхайдың Чака, Дулан, Гас, Махай өңірлеріне барып қоныстанды.

Тамызда, Елісхан Ма Буфаңның қырғынына төзіп тұра алмай, Чиңхайдан Тибетке қарай көшті. Чиңхайдың Алтыншоқы сахарасында Ма Пуфаңның орынбасар бригада командирі Хан Жинбау қоршап алып, оларды Дуланға алып келді. Қожақын, Іңірбай қатарлылар бастаған 800-ден артық адам түн ішінде Хан Жинбау қатарлы 70-тен артық адамды өлтіріп, Елісханды құтылдырды.

Елісхан 200-ден артық үй, мыңнан артық адамды бастап Тибетке қарай көшті. Олардың бір бөлімі Үндістанға дейін барды.

1939-1940 жылдары Ма пуфаң ілгерінді-кейінді Гансу-Чиңхай жерінде үш жүздей қазақ отбасын қынадай қырды».

Осы жайлар туралы Халифа Алтай «Алтайдан ауған ел» кітабында: «1940 жылдың жазы. Елісхан ит арқасы қияндағы – Алтыншөгеге барып қонды. Алтыншөге – Гансу өлкесінде, Тибет шекерасына жақын өлке. Көзі ашық, жалын-серпіні қайтпаған жас жігіттің елден оқшау, бөлек қонуының да себебі бар-ды. Ата-баба аманат еткен атажұрт артта қалды. Түптің түбінде осы жер, осы ел мекен бола ма екен?! Қайда барса да Қорқыттың көрі. Баяғы сән-салтанат, сауық-сайран көзінен бұл-бұл ұшқалы қашан. Аттың жалы, түйенің қомында өтіп жатқан сүркей тірлік, осының бәрі Елісханды бір сәт ой шырмауынан серпілтіп көрген емес.

Ары-ойлап бері ойлап ағайын, жолдас-жораларырмен ақылдасуды жөн деп тапқан ол Сауытбай, Беги, Қойшы, Сабырбай, Ілияс, Жәукіш қатарлы адамдармен ақылдаса келіп, Тибет арқылы Үндістанға өтуді жөн көреді...

Елісхан бастаған топ атқа қонады. Сөйтіп, жауды тауып, оларға соққы беріледі. Көштің жолы тазартылады», – деп баяндайды.

Осы жерден 300-дей отбасы кері қайтқан екен. Бірақ, Елісхан Мау Фаң мен У Яң генералдар қолын қырып, Тибетке кіреді. Осы жерде Зайып тәйжі көшімен қосылып, Гималайдан өтіп, көш 1941 жылы тамыз айында Үндістан шекарасынан өтеді. Көшпен өткендерді санағанда жиыны 3039 адам болады. Жол бойындағы қанды қырғындардан кем дегенде 6-7 мың адам көз жұмған екен.  Мұзафарабад жерінен Пәкістанның ішкі аймақтарына жылжиды. Әуелі Тернаваға көшіп келеді.

Осы жайлар сөз болғанда Халифа Алтай өз естелігінде: «Бір күні Тәрнаваға ағылшынның Үндістандағы бас өкілі Сэр Лорд Халфакс дейтін адам келді...

Біз жақтан Елісхан сөйлеп, босқындардың арыз-арманын айтты. Әр адамға босқын деген белгі қағаз берілсе, бүкіл Үндістан көлемінде жүріп-тұруға рұқсат етілсе, кім қайда барып, қайда орналасады өз еркінде болса, деген өтініш-тілек білдірді. Біздің қолымызға бүкіл ел көлемінде жүріп-тұруға рұқсат етілген, уақыт мерзімі көрсетілмеген босқын деген қағаз берілді. Көңілдеріміз көтеріліп, арқамыз кеңігендей болды. Сонымен, Үндістанның қай бұрышына барамыз десек, осы қағаз арқылы кете беретін болдық», - деп Елісхан батырдың Үндістан жерінде қазақтардың емін-еркін жүріп-тұруы үшін рұқсат алып бергенін айта отырып, кез-келген тілді тез үйреніп, тез тіл табысып кететін Елісханның еңбегін атап көрсетеді.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен 1991 ж. атажұртына біржолата көшіп келген Халифа Алтай атамыз (1917-2003) өзінің «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолияға дейін» және «Алтайдан ауған ел» атты еңбектерінде ХХ ғасырдың басындағы Қытайдағы қазақтардың өмір-тынысынан, жер-суын тастап, белгісіз бағытқа көшіп, Үндістан асып, Түркия жеріне барған қазақтардың көші-қоны, өсіп-өну ерекшелігі мен өлім-жітімі туралы шынайы тарихына қатысты мәліметтер береді.

Үндістанда оларға үнді әскерлері де зорлық көрсетеді. Көштің жартысынан көбі ауа-райына көндіге алмай қырылады, соның ішінде Елісханда Үнді жерінде 35 жасында індеттен қайтыс болады. Есімі Сейітхан Бортанқажы, Сүлеймен Дәрібайұлы сынды ақындар шығармаларында да аталады.

35 жаста қайтыс болғанымен, Қытайдан шыққан көшті бастаған Елісхан батырдың халық басқарған тұлғалық қасиеті ұмытылмақ емес.

Сол көш кезінде Алтайдан шығып, Түркияға жеткен қазақтардың саны жайлы  айтар болсақ, 1938 жылдың соңында оған дейінгі бомбылау мен мылтық оғынан, арандатулардан аман қалып, Алтайдан «Ақтабан шұбырынды» болып қашқан қазақ көші 1939 ж. басында 18 мыңдай адам деп саналды. Одан кейінгі қуғындардың арқасында Қытайдан ауып, Гималай асып, Үндістанға жеткен 3039 адамнан ақырында 1150-ы ғана қалады, Пәкістан кезінде (1000 шақтыдан 1400 адам арасында өскенімен), кейін Түркияға жеткен қазақтар саны 1379 адам болған екен».

Алтайдан Анатолияға көшкен қазақтардың тарихына қарағанымызда 1941 және 1951 жылдары екі кезеңде жеті жетекшінің басқаруында Үндістанға келіп жеткенін көреміз. Олар:

  1. 1941 жылғы көштің жетекшілері: Елісхан Тәйжі, Зайыпұлы Құсман Тәйжі.
  2. 1950 жылғы көштің жетекшілері: Дәлелхан Жанымханұлы, Қалибек Хакім, Құсайын Тәйжі, Сұлтаншәріп Тәйжі, Нұрғожай батыр.

Ел басына іс түскенде шешім қабылдап, халықты соңынан ерте алған,  қамқор бола білген қазақ тарихында тұлғалар тарихи жадында қалары сөзсіз. Қазіргі Түркияда өсіп-өніп отырған қазақтардың басым көпшілігі өздерін Елісхан батырдың ұрпақтарымыз деп атайды. Ал, қазақ тарихының көкжиегін кеңейткен шетелдік қандас тұлғалар ұлт тарихынан лайықты орын алуы тиіс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Мұқаметханұлы Н. ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақ-қытай байланыстары. – Алматы, 1996.:
  2. Мұқаметханұлы Н. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. - Алматы, 2000.;
  3. Мұқаметханұлы Н. Қазақ тарихының өзекті мәселелері. - Павлодар, 2010.
  4. Шәкенұлы Жәди. Қытайдағы қазақтар. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.
  5. Алтай Х. Естеліктерім. – Алматы: Мұнай-Газ өнеркәсібінің оқу орталығы, 2003. – 113 б.;
  6. Халифа Алтай. Ата жұрттан Анадолыға дейін. – Алматы,  2014.
  7. Халифа Алтай. Алтайдан ауған ел. – Алматы, 2014. – 272 б.

 

Айжамал Құдайбергенова

тарих ғылымдарының докторы, доцент.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология инситутының Демография және халықтану бөлімінің меңгерушісі

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір