• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:03:47
Алматы
+35°

07 Қараша, 2018 Әдебиет

Төрелердің тегі кім?

Біреулер Төрелерді ру дейді, екіншілері оны жоққа шығарады. Ақиқатында, Ру мен Ата синоним

 «Төре – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын ұрпақ, қазақ даласында әлеуметтік топ. Олар қазақ руларына қосылмайтын өз алдына дербес қауым болып саналған. Төрелер өздерін “ақсүйек” қатарына жатқызған. Қазақ қоғамында хандар тек төрелерден шыққан сұлтандар арасынан сайланатын.

      Төрелер әкімшілік және сот билігін жүзеге асырды. Сонымен қатар, олардың соғыс кезінде жасақ құрып, оған қолбасшылық ету құқы болды. Қазақ жүздерінің Ресейге қосылуы барысында  Орта жүз бен Кіші жүзде бірте-бірте хандық жүйе жойылып, төрелер қазақ қоғамының саяси-экономикалық өмірінде бұрынғыдай рөл атқара алмады. Қазақстанда 1867 – 1868 жылдардағы реформалардың енгізілуі төрелердің экономикалық және саяси артықшылығын біржола жойды». (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).

       Уәж:  Тұжырым түп-тамырымен қате. Қазақ жүздерінің Ресейге қосылуы өз еркімен емес, зорлық-зомбылық, басқыншылық сипатта болды, атамекенінде отырған жергілікті халықты қырып, жоюмен болды.  Төрелердің бәрі қырғынға ұшырады. Хандық тек қана Орта және Кіші жүзде емес, Ұлы Жүзде де жойылды

       Біреулер Төрелерді ру дейді, екіншілері оны жоққа шығарады. Ақиқатында, Ру мен Ата синоним. Қазақтың «Руыңыз кім?» дегені, Сіздің «елге танымал атаңыздың аты кім?»  деген сөзі. Атасыз (русыз) адам болушы ма еді?!

        БАҚ-тарда, әсіресе интернет көздерінде Шыңғыс қағанның руластары мен ұрпақтары төрелердің тегі жайлы көптеген пікірталас болып жатады. Бірақ, бірде-бір жерде оған тұшымды жауап берілген емес. Бұл сұраққа жауап беруге олардың өздері де құлықты емес екендігін айқын аңғарамыз. Бұл біздің әлі күнге дейін кеңестік қызыл саясаттың салқынынан ажырай алмай жүргенімізді көрсетсе керек.

       Әлемге соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы қолбасшысы Шыңғыс қағандай ұлы тұлғаны берген Қаз Адайдың жорық жырауы Қалнияз Шопықұлы атамыз (1816–1902) бұл сұраққа былай  жауап берген екен:

       

Бұл адайдың атасын,

Нәсілім төре болғасын,

Қай жерімді кем деген,

Төре сүйек ер деген.

Адуын тентек ел едік,

Түрікпен түгіл Қалмақпен

Орысқа да көнбеген

Төрелесіп келгенде,

Дұшпанға теңдік бермеген

Ерлерім болды еңселі,

Егессе, қылыш сермеген

Пірлерім болды киелі

Аруағы өрлеген

Билерім болды білікті

Айтар сөзін серлеген

Жігіттері батылды

Алшаң басып төрлеген

Мырзаларым ерікті

Төрде жатып көлбеген.

Қыздарым болды көрікті

Бойын түзеп сəндеген

Келіндерім кербезді,

Өңін бұзбай өңдеген

Қыныма бешпент, ақ көйлек

Етегін жібек зерлеген

Біз бір дарқан ел едік,

Көлденең қорлық көрмеген

Кім дегенге мен деген

Сен дегенге сен деген

Тілін тартып сескеніп

Дұшпанға басын имеген...

Бақасы қойдай шулаған

Балығы таудай тулаған

Атырау мен Ақ жайық

Бойында талай ойнаған

Маңғыстаудың саласы

Қоралап қойды айдаған

Əр қораның ішінде

Мыңнан саулық қоздаған

Əр желінің бойында

Жүзден құлын байлаған

Туып өскен жер еді - ау

Қызығына тоймаған.

Асанқайғы секілді

Кімнен бақыт таймаған

Кімнен қоныс қалмаған

Күндердің күні болғанда,

Ақ патшаның əскері

Қоныстан бізді айдаған

Иса Досан, ер Мыңбай

Оларды да қоймаған

Қош аман бол, Маңғыстау

Ата қоныс жайлаған

Ойласам, көңіл қимаған

Қимасақ та қайтейік.

Жазалы болып патшаға

Отыра алмай қоныста

Біз болдық жерге симаған (Қалнияз жырау Шопықұлы).

        Түсініктеме: Қалнияз жырау Шопықұлы  туысы маңғыстаулық Адай Атадан тарайтын Қосай Ата (Адайдың екінші немересі, яғни үшінші буыны)  ұрпағы.

        Қалнияз жырау арыны беріге жалғаған қазақтың  айтулы шежірешісі, айтулы  жырауы. Қалнияз атамыздың есімі «Қырымның қырық батыры» аталатын батырлық жырды айтушылардың бірі ретінде белгілі болған. Ақынның «Той бастары» сөз бастайтын көсемдігін,  өзге ақындармен айтысы, билермен кездескенде айтқан толғаулары  оның ақпа-төкпе жыраулығын танытады.   

        Қалнияз елінің қамын ойлаған батыр және ақын. Ол Хиуа жаулаушыларына қарсы жорықтарға және 1870-80 жылдарғы патшалық Ресейге қарсы көтеріліске қатысып, сарбаздарды өлең-толғауларымен ерлікке үндеді.  Қалнияздың «Ер Қармыс» жыры, «Жаскелеңмен айтысы», «Көтібар бөтен кісім бе?»,  «Сүгір батырға айтқаны», «Батырда Балуанияз, Қармысы бар» т.б. өлең, толғаулары ел арасында кеңінен танымал. Қалнияз жырлары халық тағдыры, елді, жерді қорғап, сақтау сияқты ұлтымыздың көкейкесті мәселелеріне арналған. Қалнияз еліміздің жауларына қолына қару ұстап соғысқан және қол бастаған батыр. Иса мен Досанның Қалниязын, Исатайдың Махамбетімен салыстырсақ дұрысы сол болар.  

       Қалнияз күйші де болған. «Қалнияздың жорық күйін», «Қалнияздың жыр күйін» Орталық Азия өңіріндегі қазақ өнерпаздары жиі орындайды.

       Қалнияздың ең бірінші «Балуанияз» дастаны 1908 жылы Қазанда «Мұрат ақынның Ғұмар Қазыоғлына айтқаны» жинағында, «Жаскілеңмен айтысы», «Ер Қармыс» дастаны 1926 жылы Ташкентте «Аламан» жинағында жарық көрген. Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазба қолында Қалнияздың «Көтібар ауылында айтқаны» дейтін өлеңі сақталған. Қалнияздың  «Ақберен» (А., 1972), «19 ғасырдағы қазақ поэзиясы» (А., 1985), «Абыл, Нұрым, Ақтаным...» А., 1997) жинақтарында жарияланған. Жақында ақынның «Қалнияз едім күнін де...» атты жыр жинағы жарық көрді. Қазақ тарихында жорық жыршыларының соңғы тұяғы, шоқтығы биік тұратын тұлға осы Шопықұлы Қалнияз жырау атамыз.

      «Маңғыстау, Үстірт елінде сауыт киген батырдың соңы Досан болса, садақ тартқан жауынгер ақындардың соңы Қалнияз деседі. Ол қоржынының бір басына сұқпалы домбырасын, бір басына садақ жебесін толтырып алып жүреді екен» (Өмірзақ Қалбай, ақын, Қалнияз жырларын жинаушы).

        «Кезінде: «Асқар биік тауларым,

        Кетемін деген ойда жоқ,

        Кетірді дұшпан жауларым» деп күңірене жырлап, тәжік  жерінде өмірмен қош айтысқан күрескер ақын, жорық жырауының тілегі арадан бір ғасырдан аса уақыт өткенде қабыл болды, арманы орындалды. Оның сүйегі Маңғыстаудағы Қаратаудың ең биік шыңында орналасқан «Адай Ата – Отпан тау» кешеніне қарасты қорымға алғаш болып жерленді.

«Құлашымды керейін,

Келген күні кемелі

Сегіз арыс бұл Адай

Толықсыған ел еді.

Бақыт пен дәулет көп еді,

Алты Алаштың, ортада

Белгілі биік төбе еді.

Арғы жағы Әнестен,

Бергі жағы Алаштан

Негіз тұқым келеді.

Сұлулығы айтылса –

ТАЗА СҮЙЕК ТӨРЕ ЕДІ» (Ыбырайым ахұн Құлыбайұлы, шежіреші, ақын, сопылық ілімнің көрнекті тұлғасы).

        Қазақта төр мен төреге қатысты ежелден келе жатқан мынадай ұғымдар бар:

        Төрелік айту, төрелік ету, төреші (әділдік, билік айту).

«...Біреуі бай баталы,

Біреуі ТӨРЕ аталы,

Қашаннан сыбай қатары.

...Әлеуметтер, құлақ сал,

Мына бір шолақ, дүннеде –

«Би өлмейді» дер едім;

Жұртты аузына қаратқан,

Алдынан топты таратқан;

Адасқан болса, жөндеген,

ТӨРЕСІН (Әділін М.Қ.) бұра бермеген,

Адамды ала көрмеген;

Аруағыңа болайын,

Қаз дауысты Қазыбек,

Төле би мен Әйтеке –

Солардан да – өткен бұл дүние… (Қашаған «Бес ғасыр жырлайды» Алматы-1989. 121 бет).

        «Сол уақытта Алпамыс,

  Қарадан шыққан ТӨРЕ еді» («Алпамыс батыр» жырынан 83 бет). Біз бұл деректен Төре деген сөздің өте ертеден келе жатқан сөз екенін көреміз.

        «Төре жоқта Тарақты, төре болуға жарайды» (Мәшһүр Жүсіп «Қазақ шежіресі»).

        «Таста тамыр, төреде туыс жоқ». Ежелгі Төрелердің төрелік етудегі әділдігінен дүниеге келген мақал. Әйтпесе, бұл мақал болмаған болар еді.

        «Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігінде» — «күш елден кірсе, төре түндіктен шығар» деген мақал да ең бастысы тәртіп туралы айтып тұрғаны сөзсіз. Яғни «елге  жаманшылық, бейәдептік кірсе заң, тәртіп, ереже амал жоқ түндіктен ұшып кетеді» дейді. Сол сияқты ұлы тілші ғалымның келтірген «El kalаr, tore kalmas» деген мақал да заңға мемлекетке байланысты қолданылып тұр. Бұл жерде «ел қалады, ал заң, жөн-жосық өзгереді» деген мағына сезіледі». (Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/kazak-ushn-basyin-baygege-san-ret-tkken-ablpeyz-sultandyi-umyitpayyik-58663/).

        Төр – үйдің, дастарханның төрі, яғни ең жоғарғы құрметті орыны, төрге шығу (құрметті орынға жайғасу), төрден орын алды (өзгеден сыйлы болды).

        Төре – толық мағынасы «Төрдің иесі» деген екі біріккен сөзден тұрады.

        Қазіргі адам саны 7 000 000 000-тан асты делініп жүрген бүкіл әлем елдері өз мәдениеттерінің бастауын атам қазақтың ұлы даласының Қазығұрт тауы мен Маңғыстауынан алады. Қазығұрттың толық мағынасы Қазық жұрт. Қазақтың көп дыбысты барлық сөзі біріккен сөздерден тұрады. Атам қазақтың сөз жасау қағидасы бойынша екі сөзден бір сөз құралғанда дыбыс үндестігіне сәйкес, алдыңғы сөздің соңғы дыбысы, немесе екінші сөздің бірінші дыбысы түсіп қалып отырады. Мысалы: Атамның жұрты – Атажұрт,  Ай ауылы – Айлы, Алып би – Әліппе, бастау алған – басталған, жоқ болған – жоғалған, тауып алған – табылған, көгеріп кеткен - көгерген,ағарып кеткен - ағарған, қарайып кеткен - қарайған, сарғайып кеткен – сарғайған, Би Адай – бидай (авторлық құқық сақталып тұр), Балықшы Сақ Ғұн (Күн) – Баласағұн, Домбыра жасаушылар аулы – Домбауыл,

Қаз бір (пір) – қазір, Қазақ ақиқаттың атасы - Қазақ, Қазақ ардың атасы - Қазар, Қазақ әлем елдерінің Анасы – Қазан Хан ауылы – қаңлы, Қу Адай әке – Құдайке, Қаз Адам – қадам, Қырық оғыз (Қырық қыз) – Қырғыз, Қожа Ахмет – Қожахмет, Хан аға – Қаңға, Сары аға - Сарға, Ноғайлар ауылы – Ноғайлы, Үстіңгі жұрт – Үстірт, Торы ат (Таурат) – Торат, Билер білімі - Библия, От Ман (Отпан) – Отан,  Ман әке – Меке (Арабиядағы қала),  Жеті ру – Жетру, Түрік Ман – Тұран, Жары бұлақ – Жарбұлақ, Жары кент – Жаркент, Жары қала – Жарқала, Жары тас – Жартас, Жары құм – Жарқұм, Жары су – Жарсу, Жары мыс – Жармыш, Мандардың кенті – Манкент, Мандардың қыстауы – Маңғыстау т.т. болып жалғасып кете береді. Бұл қағида дауға да, күмәнға да жатуға тиіс емес.

       Қазақ қоғамындағы билеуші тұлға, ауыспалы мағынасында тұрақты заңдар (тәртіп, ереже) жинағы. Тіліміздегі кеңінен тараған екі не үш сөздерден құралған күрделі есімдердің көбірек кездесетіндері – құрамында бай, бек, би, хан, сұлтан, төре, шах, ханым компоненттері (сыңарлары) бар есімдер. Бұл анықтауыш сипаттағы тұлғалар жалпы халық есімдері құрамында жиі кездеседі. Мысалы, Төре, Төралы, Төрәлі, Төреғали, Төребай, Төртай, Төретай, Төребек, Төреш, Төремұрат, Төрехан, Төреғұл, Төрежан, Төребала, Төребатыр т.т.

       Төретам — Төре атам, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы темір жол станциясы, кент, кенттік әкімдіктің орталығы. Аудан орталығы – Жосалы кентінен батысқа қарай 80 шақырым жерде, Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Төретам - ілкі төр деген мағына береді. Бүкіл түркі жұртының бабасы саналатын, асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы, қазақтың Қият (Қиян) руынан шыққан әйгілі Қорқыт атамыздың моласы осы жерде.

        Төресінен жаңылды – Әділдіктен айрылды.

        Төраға, төрайым, төралқа – алқалы жиынды басқарушы бір адам, немесе бірнеше адам.

        Төрткіл – таудың ұшар басындағы тегіс жер. Төрткіл көбіне Маңғыстаудың тегіс жағасына жақын тауларда болады. Төрткіл дүние – осы жерден дұниенің төрт бұрышындағы бүкіл әлем мәдениеті бастау алады.

        Төркін – тұрмысқа шыққан қыздың ата-анасының үйі, руы, елі.

        Төрінен көрі жуық – қартайып өлімге таяу, «бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деген балама мағына да.

        Төрт саны (төртінші буын) – Құнанорыс (Рысқұл), бұл Нұқ пайғамбардан тарайтын қауым, шежіредегі Адай атаның кіші ұлы Келімбердінің бірінші баласы, яғни Адайдың 4-ші буын ұрпағы. Қазіргі өздерін «Шыңғыс ханның ұрпағымыз» деп, Шыңғыс ханға таласып жүрген төрелердің тегі осы. Төре мен төрттің бір түбірден (бір Атадан) болатыны осыдан. Олардың «төр иесі» деп аталатыны да осыдан. Төрелердің арғы тегі Адайдың төртінші буын ұрпағынан тарап тұр. Осы төрттің ішіне алдыңғы үш буын ұрпақ түгел кіреді. Бүгінгі Ата-тегін (руын) ешкім ажырата алмай жүрген төрелердің руы осы. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалды дүниеге әкелген осылар.

        Төрт арыстың баласы – көне, бүкіл ел деген мағына да.

        Төрт қанат үй – төрт керегеден құралған киіз үй.

        Төрт түлік мал – Түйе (пірі Ойсылқара), Жылқы (пірі Қамбар Ата), Сиыр (пірі Зәңгі баба), қой (пірі Шопан Ата) малдарының жиынтық атауы.

        Төрт аяғынан тұрғызды – істі орнына келтірді.

        Төрт құбыласы тең – толған, жетіскен.

        Төртінші – үштен кейінгі реттік сан.

        Төрттік – жақсы деген баға.

        Төртпақ – дембелше, мығым денелі адам.

        Төрттаған – төрт жолдан тұратын шағын өлең.

        Төрт құбылыс – От, Су, Жел, Жер.

        Төрт құбыла – Шығыс, Оңтүстік, Батыс, Солтүстік.

        Төрт маусым – Көктем, Жаз, Күз, Қыс.

        Төрт мұрат – Дау мұраты біту, Сауда мұраты ұту, Қыз мұраты кету, Жол мұраты жету.

        Төрт халифа – Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли.

        Төрт қылыш – Хәмхам, Сәмсам, Зұлпықар, Зұлқажа.

        Төрт кітап – Тәурат (Мұса пайғамбар), Зәбүр (Дәуіт пайғамбар), Інжіл (Иса пайғамбар), Құран Кәрім (Мұхамбет ғ.а.с. пайғамбар).

        Төрт күнә – Аллаға күмән келтіру, Нақақтан қан төгу, Ата-Анаға тіл тигізу, Өтірік күә болу.

        Төрт амал – қосу (екінші буын Қосай), алу (Алаш, Алты Алаш, Алшын, шежірелік атауы алтыншы буын Балықшы), бөлу (Сегізінші буын Семиттер), көбейту (тоғызыншы буын Тобыштар).

         Төрт бұрыш, төрт қабырға, төрт елі, төрт есе, төрт жақ, төрт жақты, төрт көзі түгел, төрт қанат үй, төрт-бес т.т.

        Төрелер осылардың бәрін елден бұрын таныды және осыларға осылай сандық атау берді.

        Төре деген сөз Қаз Адайдың төртінші буынынан бастау алады.

       «Адай шежіресі» бойынша Адайдың екі баласы бар. Үлкені Қу Адай әке (Құдайке), кішісі Келімберді (Ман). Құдайкеден екі бала, үлкені Тәзіке (Таз әке), кішісі Қосай. Келімбердіден алты бала, үлкені Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, кенжесі Мұңал. Барлығы екі бала, сегіз немере, яғни он буын ұрпақ. Әйгілі Нұрым жыраудың:

        «Адам – Сафи баласы,

        Бір теректен сан бұтақ,

        Дүниеге келген сан болып 

        Буын-буын тақталы» деп жырлайтыны осыдан («Бес ғасыр жырлайды» Алматы. 1989. 129 бет).

        Бірінші буыны Адайдың екі баласы – Құдайке мен Келімберді.

        Екінші буыны Құдайкенің үлкен ұлы, яғни Адай атамыздың бірінші немересі Тәзіке.

        Үшінші буыны – Құдайкенің кіші ұлы Қосай. Бұл Нұқ пайғамбар заманындағы топан суға қарық болатын көш. Сөйлем соңындағы «нүкте» деп, Нұқ атаның, «қос нүкте» деп, Қосай Нұқ ата есімінің қойылатыны осыдан. Халық аңызындағы «Сырдарияға суға кетіпті» делінетін көш осы. Сырдария өзені мен Нұқ кемесі тоқтаған Қазығұрт тауы осы өңірде орналасқан.

       Төртінші буыны Келімбердінің алты ұлының үлкені Құнанорыс (Рысқұл). Бұл Нұқ пайғамбардың кемесімен «топан судан» бері өткен «төрдегі» ел.    

       Төрелердің таңбасы Адайлардың рулық таңбасымен бірдей, «Тіл» мен «Жебе», ұраны Архар.

        ...«Кешегі Дүиім Баян кеткесін,

        Алты жыл анық өткесін,

        Шыңғыс туды Арқардан?» (Қашаған жырау Күржіманұлы). Шыңғыс қағанның тегін айтып отыр. Осы бір ауыз сөзбен Шыңғыс қағанның тегінің қазақтың Адайы екені анық көрсетілген. Себебі, ең алғаш рет дала аңы Арқарды қолға үйретіп, қой мен қошқарға айналдырған, бүгінгі күнде қой мен қойшының пірі ретінде дәріптелетін қазақтың атақты ұлы Шопан ата болатын. Шопан Ата қорымы Ескі Өзен қаласынан Бекет Атаға (Оғыландыға) барар жолдың 50-ші шақырымда орналасқан. Шыңғысхан елінің де, «біз ешқандай руға жатпаймыз» деп, жүрген төрелердің де (Атасыз ұл болатын ба еді?) ұраны «Архар» болатыны осыдан.  Хан Ордасы (Бөкей) ауылының қасындағы «хан зиратындағы» құлпытаста: «Арқар руғы Нұралы хан» деген жазба таңбаланған. Бұндай жазба сол қорымдағы құлпытастың бәрінде бар.

       Ал, «Төре» деген сөздің өзін саралайтын болсақ:

       Төре – сөз түбірі «Өр» ары қарай Төр, Өре, Төре болып шығады.

       «Т» дыбыс-таңбасы сөздің қай жерінде қолданылса да толып, толысқан бір Атаның ұрпағы, яғни «бір рулы ел»  деген мағына береді.

       Өр – биік, өр жер – биік жер, өрге шығу – биікке шығу, өрге ұмтылу – биікке ұмтылу т.т.

       Төр – ілкі төр (ең алдыңғы (бастаудағы) төрдегі ел) және жоғарыда айтқанымдай, үйдің, дастарханның төрі, яғни ең жоғарғы құрметті орыны, төрге шықты (құрметті орынға жайғасты), төрден орын алды.

       Өре – сана деген мағына да қолданылады. Мысалы, Өресі биік – санасы биік, ақылды, білімді адам. Өресі жетпеді – ақылы мен білімі жетпеді.

       Төре – барлық жақсы адами қасиеттердің ең биік шыңы. Мысалы, ақ пен қараны ажыратып, әділетін (ақиқатын) айтушы, «ғылым мен білімнің» төріне шыққан төресі, адамзаттың асылы  т.т.

       Қазақта төрелер жайлы аңыз, ертегі, күй, жыр, дастан, деректі әңгімелер өте көп. Құрманғазының Төре есіміне байланысты «Төремұрат», Тәттәмбеттің «Бес төре» атты күйлері мен «Шынтасұлы Төрехан» атты батырлық жыры т.т. бар. Кей деректер «Төреханды Оғыз ханның өзі немесе туысы» дегенді айтады. Төре деген атпен белгілі тарихи тұлғалар қатарына әлем билеушісі Шыңғыс ханның бүкіл ұрпақтары, сонымен  қатар арнайы көбірек аталатындары Төре Бөржігін Қият Оғыз, Бөрі Төре, Мұңғыл  (Мұңал) төре, Есім төре, Тезек төре, Әбілпейіз төре, Тентек төре, Санияз төре, Әділ төре, Қасым төре, Қаналы төре, Ақтөре, Балтөре, Жантөре, Хантөре, Шынтөре, Қазақ төре, Қарақалпақ төре, Абылай төре т.т. болып жалғасып кете береді.

        Төрелердің тегі қазақтың атасы емес, қазақтың кенже баласы екендігін айғақтайтын мынадай сөз бар. Ол, қазақ келіндерінің қайныларына «Төребала» деп ат қоюы. Төре қазаққа Ата болатын болса, қазақ келіндері төре сөзін қайныларының атына қосып атамаған болар еді.

       Қорытынды: Төре дегеніміз, Алланың ақ жолынан аумағандықтан, топан судан аман қалып, Нұқ пайғамбардың  кемесімен бергі бетке өткен алғашқы бір рулы елдің жиынтық атауы, ал бүгінгілері сол аталарымыздың шаңырағын ұстап қалған өрелі ұрпақ. Төре деген сөзге Ата сияқты ешқандай жағымсыз сөз қосақталып айтылмайды. 

       Төрелер – бүгінгі тілмен айтқанда қазақтың дәстүрлі элитасы. Төрелерге Ұлы Жаратушы - Алла барлық  жақсы қасиеттерді:  даналықты,  данышпандықты,  әділеттілікті, отан сүйгіштікті, батырлықты, билікті, өнерді, білімділікті, мінезділікті тең берген. Төрелер әрқашанда елге, қазақ халқына қалтқысыз қызмет етуге жаралған! Төрелерге осыны әрқашан естеріңде ұстап, қатарларының алды болуға тырысуы қажет. Ондай болуға оларды алдыңғы өткен ата - бабаларымыздың өнегелі өмірлері міндеттейді! Төрелер осыны әрқашанда естерінен шығармай,  Ата тарихты тереңнен зерттеп, зерделеп, қазақи білімді асқан ыждағаттылықпен меңгеруге ұмтылса біздің қоғамды алдыға сүйрейтін елеулі, нақты күшке айналары сөзсіз.

   Бұрынғы төрелердің барлығы дерлік  қазақ халқына  адал қызмет етемін деген антына адал болып, ақтық демдері қалғанша қызмет етіп өтті.

         Алаш көсемі Әлихан төренің (Бөкейханов) мына сөзі: «Хан баласында  қазақтың хақысы бар. Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген қанатты сөзі бүкіл төрелердің ұран-ұстанымы болуға тиіс.

       Тарих тағлымы: Қазақтың сөз жасау жүйесіндегі сөз түбірі және оның құрамы ешқашан жаңылысқан емес.  Жаңылысатын адамдардың санасы, яғни ақылы мен білім деңгейлері ғана.

       ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ – АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

        Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір