• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:39:47
Алматы
+35°

07 Қараша, 2018 NEWS

"Әлиханнан" жеріген Олег, қазаққа ақыл айтатындай сен кім едің?

Әлихан атты Алаш көсемінің есімі бұйырған Сермұхамедовтың өзін Олег деуінде де бір гәп бар-ау.

«Көкжайлауға» курорт салу мәселесінің қызу талқыланып келе жатқанына 16 жылдың жүзі болды. Қоғам екіге жарылды. Бірі онда құрылыс жұмыстарының жүргізілуін қолдаса, енді бірі қарсы шықты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман Көкжайлаудағы құрылысқа қарсы шығып жүргендердің арасында арзан ұпай жинап жүргендер бар екенін айтқан еді. Жүрсін Ерманның сөзінің жаны бар секілді. "ССРО-ны отаным" деп есептейтін, Ресеймен қайта бірігіп, бір ел болуды қалайтын Олег Сермұхамедов (Әлихан) қазақ жерінде ненің салынып, ненің салынбауы керек екенін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтуға қаншалықты моральдық құқығы бар деген заңды сұрақ туындайды.

«Мен ССРО-да дүниеге келдім. Көптеген қазақтар ішкі түйсігімен Ресейді ананың жылы құшағы ретінде қабылдайды. Ерте ме, кеш пе, оның құшағына тығылуға тура келеді», - деген еді Олег Сермұхамедов БАҚ-қа берген сұхбатында.

Осы сұхбатта айтқан үш сөйлемінен-ақ тәуелсіз елде өмір сүре отырып қайта бодан болуды армандайтынын аңғаруға болады. Ресейді анасының жылы құшағындай көретін адамның оған деген махаббатын бағамдай беріңіз.

Осыдан біраз жыл бұрын ұлттың тұтастығы үшін өткір пікір білдіріп, Қазақстанның келешегіне бей-жай қарамайтындардың айтқан пікірлері өзінікімен сай келмеді ме, әлде мәселеге ұлттық көзқараспен қарасақ, қайта Ресейге бодан болу арманы алыстай түседі деп қорықты ма, Қазақстандағы ұлтшылдарды индеецтер деген еді. Әдеттегідей біраз шу шықты. Халық дүрлікті. Шу басылды.

Әлихандай Алаш көсемінің есімі бұйырған Сермұхамедовтың өзін Олег деуінде де бір гәп бар-ау. Әрине, тәуелсіз Қазақстанда тұрып жатса да келмес күндерді аңсау, құлдық санадан арыла алмай соның жетегінде жүру әркімнің өз шешімі. Алайда оны өзгеге таңу, соған шақыра отырып, ел ішіндегі мәселелерге араласып, ел, жұртқа ақыл айтуы қаншалықты дұрыс? Себебі оны қазақ жері ретінде емес, «Матушка Россияның жері» деп қарайтын секілді. Мұнда мәселе Көкжайлауда курорт салу немесе салмауда да емес, шулы мәселеде қайта-қайта бас көтеріп, бодан болуды армандайтын адамның елге ақыл айтуы екі ұшты ойға жетелейді. 

Мұндайды қорлау ретінде қабылдап, тек қазақ арасындағы ұлтшылдарға ғана қатысты емес, бүкіл қазаққа қарата айтылған сөз деп қабылдағандар да көп болды.

Әрине, "құлдық санадан арыла алмай жүрген бір пәтшағар ғой" деп қолды бір-ақ сілтейін десең, ССРО-ны ананың жылы құшағына балап және  БАҚ беттерінде өз ойын өзгелерге тануға талпынғаны алаңдатады. Ресеймен ортақ мемлекет құрып, дәл ССРО кезіндегідей Батыстан оқшаулауды армандайтынын оның әлеуметтік желіде жазған әр жазбасынан аңғаруға болады. Оның өткеннің қаңсығына деген сағынышы әр сөзінен көрініп тұрады. Өткенді зор санап, тәуелсіз елді қор санағанын мына жазбасынан анық сезіледі.

«Ол уақытта әділдік заңнан жоғары тұратын. Нақтырақ айтсақ, заң әділдікке мойынсұнатын... Әкімдер, жемқор судьялар, саясаткерлер, сапасыз білім, коммерсант дәрігерлер, таңдаулы адамдардың оффшордағы қаржысы... Мұның барлығын көріп құсқың келеді, бетің қызарады. Осының барлығы «Махаббат, Комсомол мен Көктемді» алмастырды» деп жыларман болыпты Олег мырза.

Міне, комсомолды дүркіретіп тойлайтындар да, тәуелсіз елдің тұрғындарын қайта бодан болуға шақыратын да, өткеннің қалдығын дәріптейтін де осылар. Сөйте тұра елдегі ішкі мәселелерге қол сұғып, біреуге ақыл үйреткеніне жол болсын, Олег!

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір