• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

08 Қараша, 2018 Тәлім мен тәрбие

Жалқау бала қайдан шығады?

Кейбір ата-аналар айналысып жатқан жұмысына араласқан сәбиді «бөгет жасайсың, бүлдіресің» деп, ұрсып, ұрып та жібереді.

«Қазақстан әйелдері» журналының 1978 жылы ақпан айының №2 нөміріндегі «Жалқау бала қайдан шығады?» деген материалын 40 жыл өтсе де өзектілігін еш жоймаған тақырып ретінде Қамшы сайт бетіне жариялауды ұйғарды. Психология, тәрбие мәселесіне келгенде кімге құлақ асарын білмей жүрген жас ата-аналарға мақаланың берері көп деген үміттеміз.

Сәбидің өмір тану қадамы үйден басталатыны баршаға мәлім. Үш-төрт жасқа толғаннан кейін нәресте әр нәрсеге әуестеніп, бір іспен шұғылданғысы, ересектердің жұмысына араласып, оларға көмек көрсеткісі келіп тұрады. Осындай кезде баланың бетінен қағып, меселін қайтармай, қайта оның мақсаты мен ниетінің орындалуына мүмкіндік жасап, іс-әрекетіне үнемі көңіл бөлген жөн.

Кейбір ата-аналар айналысып жатқан жұмысына араласқан сәбиді «бөгет жасайсың, бүлдіресің» деп, ұрсып, тыңдай қоймаса, ұрып та жібереді. Бұл мүлде қате. Керісінше, баланың тілегі орынды болса, құптаған дұрыс. Мысалы, анасы кір жуып жатқанда, кішкене қыз бала «мен де жуамын» деп сабынды суға қолын малып, араласуы мүмкін. Мұндай жағдайда анасы оған ойыншық астау немесе сынбайтын шағын ыдыс беріп, қуыршақ жабдығы, қол орамал сияқты жеңіл-желпі заттарды жуғызып қойғаны жөн. Ал егер, шамасы келмей жатса немесе ретін білмей, суын төгіп-шашса, шешесінің көмектесіп жібергені дұрыс. Бұл баланы шексіз қуантады, еңбекке құлшынтады және оның анасына деген ризалық сезімін арттырады. Баланың ойындағы арманы орындалып отырса, көңілі көтеріліп, еңбекшілдігі өседі. Міне, осылайша баланы ерте шағынан пайдалы іспен айналысуға, ойын арқылы да еңбекке баулуға мүмкіндік мол екенін естен шығармауымыз керек.

Тағы бір ескеретін жай, қыз бала мен ұл баланың іс-әрекетіне ешқашан да бөле қарамау керек. Өйткені ойын баласы ықыласы ауған нәрсеге ерекше беріліп кетеді. Сәбиді осы талабынан айнытуға, немесе зорлықпен тыйым салуға тырысу оның тым нәзік нерв жүйесін зақымдайды, ызақор етеді, мұндайда сәбидің назарын одан да қызық басқа бір нәрсеге аударып жіберу тиімді. Өз еркімен тындырған ісіне талдау жасап, лайықты баға беру, кемшілігін бала ұғымына сөйкес тілмен түсіндірудің мәні зор. Өйткені, сәбидің сөзін, орта жолдан бөліп тастау, әйтпесе құлақ аспай қою, тіпті, мұнымен де шектелмей, талпынысына тыйым салу ата-ананың бала алдындағы беделін кемітеді. Өз ойының үнемі жүзеге аспайтынын сезінген сәбидің еңбекке деген ынтасы кемиді, айналасындағы адамдардың әрекетіне немқұрайды қарап, жалқаулыққа бой ұрады.

Ендеше, әрбір ата-ана уақыты аз болғанның өзінде де баласына көңіл бөліп, оның не істегенін, немен шұғылданатынын, қандай кітап оқығысы келетінін, нендей ойы бар екенін сұрап, біліп отырғаны теріс емес. Ересек адаммен әңгімелесу балаға үлкен әсер қалдырады. Осындай әдет берік орын алған үйде ата-ана мен баланың арасында шынайы сыйластық, сүйіспеншілік, достық қарым-қатынас қалыптасады.

Кейбір ата-аналар «баламыз жалқау, ештеңе істегісі келмейді» деп наразылық білдіреді. Бұл қасиеттің қалай, қашан пайда болғанын ойламайды, оған әуел баста өздері кінәлі екендіктерін ескермейді. Ондай ата-аналар көбіне өздерінің баланы жастайынан шектен тыс еркелетіп, тым мәпелеп ұстап, еңбекке деген талабын тежегенін ұмытып кетеді. Балаға ата-ана тарапынан орынсыз аяушылық көрсетіп, «әлі жас қой, есейе келе үйренер» деп, еңбектен алшақ ұстау — жалқаулықты өз қолымен үйреткенмен бірдей. Уақыт озып кеткен соң өкініп қалатынымыз сондықтан. Еліктегіш, мейлінше сезімтал сәбилер жақсы-жаман сөзді, әртүрлі мінез-құлықты тез қабылдайды. Сондықтан олардың дұрыс тәрбие алып, мәдениетті, еңбекшіл азамат болып өсуі үшін, әсіресе ата-ананың әдет-ғұрпының, тіршілік салтының ықпалы зор.

«Бала тәрбиесі бесіктен» деп тегін айтылмаған. Оларды өмірге икемді етіп тәрбиелеуге, еңбекке баулуға ересектердің күнделікті іс-әрекеті үлгілі өнегеге айналғанда ғана игі мақсатымызға жетуге мүмкіндік туады. Сонда ғана жас ұрпақты Отаны мен халқына пайдалы, асыл азамат етіп тәрбиелей аламыз. Өйткені, адам бақытының кілті — еңбекте.

Қ.Тұңғышбаев,
Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір