• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:30:54
Алматы
+35°

14 Қараша, 2018 Әлеумет

Қолмен жазудың қандай пайдасы бар?

«Қолмен жазу миды жаттық­тырады» дейді мамандар.

Бүгін - жалпыхалықтық диктант күні. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен 2018 жылғы 14 қарашасында сағат 11.00 – 11.30 аралығында республика бойынша «Жалпыхалықтық диктант» өтеді. Бұл дұрыс әдіс. Бірақ біз қазір қолмен жазу жазамыз ба? Ал оның қандай пайдасы бар? Үңіліп көрелік.

...Ұлылардың ғұмыры қашанда қыз­ықты. Өйткені танымал тұлғалар үнемі елдің назарында. Солай бола да береді. Шығармашылық адамы болса, олардың әрекеті тіпті әңгімеге жиі өзек болатыны ақиқат. Жазушы өзінің танымал туындысын қалай жазады? Бұл да – өзгені қызықтыратын нәрсе. Біреу уақыт талғамайды. Шығарма желісін ұзақ уақыт мида «қорытып» жүреді. Сөйтіп, әп-сетте отырып жаза салады. Бірақ оның ләззаты оқырман бағасын алғаннан кейін кө­рінеді. Мысалы, қысылтаяң уақытта жазғанды жаны жақсы көретін жазушылар бар. Достоевский өзінің «Ойыншы» деп аталатын үлкен прозалық еңбегін «Қылмыс пен жаза» романымен қатар жа­зып, бірнеше аптаның ішінде бітірген. Өйткені тапсырыс беру­ші баспа оған екі апта ғана уақыт берген көрінеді

Ондаған туындыны өмірге әкеліп, әлем әдебиетінде аты қалған Агата Кристи өмірінің соңына дейін шығармашылығы үшін жайлы жерді армандап кет­кен деседі. Оның өмірбаян­дық парағында «үй шаруашылы­ғын­дағы әйел» деген үш ауыз сөз тұрған деседі. Жұртшылық сүйіп оқитын жауһар дүниелерді өмір­ге әкелген оның жеке жазу ка­бинеті де болмаған. Қазақша те­ңеумен айтқанда, «аттың жалын­да, түйенің қомында» отырып жаз­ған. Жуынатын орындағы кіш­­кентай үстелде, тамақ ішетін жерде, тіпті үйіне келе жатып, трамвайдың ішінде шығарма же­лісін ары қарай жалғастырып, кейіпкерлерін сомдай берген. Расында да, талантты адам­дардың тағдыры қызық. Бүкіл еңбегін өз төсегінің үстінде ет­петінен жатып жазған Трумэн Капоте басқа жерді қолайлы көрмеген. Оның төсегінің ма­ңайы темекі тұқылына толы бол­ған. Бөлменің ішін түтін жайлап, «ыстанып» кетсе де, кофесін ішіп, жұмысын жалғастыра беретін Тру­мэн машинкамен жазуды жақ­тырмаған. Еңбегінің бәрін қолмен жазған. Бүкіл ғұмыры жазумен өткен атақты жазушылар кейін өрке­ниет жадысы компьютер өмірге келсе де, бәрібір қолмен жазуды өздеріне қолайлы көрген. 2004 жылы өмірден өткен америкалық жазушы Сьюзан Зонтаг кешке кітап оқып, таң азанда жазуды өзінің әдетіне айналдырған. Paris Review журналына берген сұх­батында ол «компьютерге үйрене алмай-ақ қойдым, мен үшін фло­мастермен немесе карандашпен жазу – жан ләззаты» деп жауап берген. Тіпті компьютермен кө­ші­рілгеннің өзінде Сьюзан Зонтаг артынан бүкіл шығармасын қол­мен, карандашпен түзеп отырған. Біз атақты жазушылардың жазу машығын бекер айтып отырған жоқпыз. Жаза білу де – жанкешті жұмыс. Рас, өркениет дамып, уақыт ұзаған сайын жа­зуда да ерекшелік байқала бас­тады. Заман өзгерді. Қазір барлық жұмыс компьютер арқылы жа­зылатын болды. Уақыт жылдам­дығынан қалыс қала алмайсың. Қолмен атқарылатын іс азайып барады. Қолмен жазу да қалып ба­рады. Шығармашылықты бы­лай қойғанда, карандаш немесе ручкамен досына, бауырына, әке-шешесі мен туған-туысқанына қолмен хат жазып отырған адам­ды көрдіңіз бе? Жоқ. Өркениеттің дамуы мұны қаламайтын шығар. Әрине, елдің бәрі ақын, жазушы немесе өнер адамы емес қой. Бірақ есте сақтайтын бір нәрсе бар: кейінгі кезде көптеген ма­мандар қолмен жазудың пайдасы үлкен екенін айтып, бұл үрдісті қайтадан енгізу қажеттігіне дәлел келтіре бастады. Бір жылдары Американың федералдық жалпы білім нормативінде үйге берілген барлық тапсырмаларды қолмен жазып келу  мәселесін көте­рілген. Бұл процесс қазір Фин­ляндиядағы білім беру ұйым­дарында да өзекті мәселе ретінде айтылып келеді. Тіпті 2016 жыл­дан бастап, мұғалімнің берген тапсырмаларын тек қана қолмен жазып, орындап келу де әдетке айналды. Жалпы, әлемдік өрке­ниетте финнің білім беру жүйе­сінің мықты екені белгілі. Мұнда мұғалімнің мәртебесі жоғары. Кез келген педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген жас  маман бірден ұстаз бола алмайды. Мұғалімдікке іріктеп алады. Неге бірқатар финдік орта білім беру орындары қолмен жазу үрдісіне көшті? Мұның сыры неде? Мұны финдік ұстаздар былайша түсіндіреді: Компьютер адам өмірінде үлкен орын алады, қазіргі заманда онсыз өмір жоқ. Балалар үлкейіп, жұмысқа орна­ласқаннан кейін бәрі компью­термен жұмыс істейді. Ол кезде қолмен жазу мүлде әдіре қалады». Мұның пайдасы не сонда? Фин мұғалімдерінің пайымдауынша, оқушы белгілі бір мәтінді қолмен жазу арқылы оны біріншіден оқи­ды, көшіріп есінде сақтайды, екіншіден, тағы да оқу арқылы оны зерделейді. Рас, бұл санаға сіңетін, ақылға қо­нымды-ақ нәрсе. Қолмен жазу арқылы оқудың пайдасын кейінгі кезде амери­ка­лық ғалымдар да айта бастады. Quartz сайты Луизианада жақын арада бастауыш сыныптан бастап, мектеп бітіргенше компьютерді қолданбай, тек қана қолмен жа­зып, оқу туралы заң қабылдай­тыны туралы жазды. Көптеген зерттеулер барысы көрсеткен­дей, компьютерлік оқыту жүйе­сінің тиімділігі туралы әңгіме асы­ра бағалау, кейбір жағдай­ларда оның зияны да бар. Washin­gton Post басы­лы­мына берген сұх­батында Ва­шингтондағы педагогикалық-пси­хологиялық университеттің профессоры Вирд­жиния Бер­нингер «алтыншы сыныпқа дейін қолмен жазып үйренген оқу­шы­лар мәтіннің мазмұнын бойына көп сіңіреді және олардың ойлау қабілеті терең болып, өз пікірін ашық айта алады» деген пікір келтіреді. Шындығында, білім са­ласын­дағы мамандардың баға­лауына қара­ғанда, мұндай үрдіс оқу­шы­ның мазмұнды түсінуін жеңіл­детіп, есте сақтау қабілетін де арт­тыратын көрінеді. Slate ин­тернет-басылымының жазуынша,  біраз уақытқа дейін АҚШ-тың орта білім сала­сындағы бірқатар мектептерде компьютерлік технологияға баса мән беріліп келді, тіпті оқушылар қаламсаппен (ручкамен) жазудан бас тартты. Бірақ уақыт өте келе ғалымдар бәрібір қолмен жазу­дың пайдасы үлкен екенін алға тартты. Біріншіден, қолмен жазуды әдетке айналдырған оқу­шылар жазу арқылы оқуды жыл­дам үйре­неді әрі ақпаратты тез есте сақтап, оны айта алады. Финляндияның оқу жүйесіне сәйкес, қазір Ресейдің бірқатар білім ордасында да оқушылардың каран­даш­пен жазу ісі қолға алына баста­ған. Өйткені соңғы мәліметтерге қарағанда, Ресей білім беру жүйе­сінде жағдай алаңдатар­лықтай болып отырғанға ұқсайды. Неге? Себеп мынада: Ресми деректен айғақ болып отырғандай, бас­тауыш сыныптарда оқитын ба­ла­лардың 40 пайызға жуығы жазу мен оқуда қиындыққа тап болып отыр. Тіпті 7-сыныптың өзінде сауатсыз балалар көп. Қатесіз жазу проблемаға айналды. Мәселе мұғалімдерде емес, ата-анаға ті­реліп тұр. Ата-аналар мектептен тыс уақытта балаларын қадаға­ламайды, интернеттен көз ал­майтын балалардың не қарап отырғаны белгісіз. Компьютерлік ойындар оқушылардың санасын жаулап алды. Керекті-керексіз ақпарат баланың санасын тұм­шалады. Қолмен қатесіз жазуға, дұрыс оқуға үйренбеген баладан ертең қандай ата-ана шығады? Расында да, бүгінгі мектеп жа­сын­дағы балалардың сауатты жазып, дұрыс сөйлей алмайтыны күннен-күнге айқындалып келе жатыр. Бір ғана мысал, қазіргі технологияның дамыған зама­нында азаматтардың сауаттылық деңгейінің қандай екенін әлеу­меттік желіде, фейсбукте жиі жа­затын жазбаларынан-ақ байқау­-ға болады. Біз қалай оқыдық? Рефе­ратты алдымен іздеген кі­таптан тауып алып, қолмен кө­шірдік. Сия сауытпен, каран­даш­пен, қаламсаппен жаздық. Оны тағы оқыдық. Мұның пайдасы бар ма? Бар.  Осыдан бес жыл бұрын Ресейдің шығысындағы білім ордасындағы бастауыш сыныпта сиясы бар қаламсаппен жазу ісі қолға алынды. «Балаларымыз үсті-басын былғайды» деп бұл әдіске бүкіл ата-ана қарсы шық­ты. Ресей баспасөзі мұны келе­кеге айналдырып, талай мақала жазды. Бірақ бастауыш сыныпта сиясы бар қаламсаппен жазатын мектеп қазір көрші елде көбейіп келеді. Мұның сыры неде? Ма­ман­дардың бағалауына қара­ғанда, сиямен жазудың тиімділігі жоғары. Бала алдымен тазалыққа, ұқыптылыққа және әдемі жазуға үйренеді. Қазір мектептегі балалар үйге тапсырма берілсе, оны интер­неттен дереу көшіріп алады да, мұғаліміне апарады. Оны оқушы қалай зерделей алады? Оқып, қолмен көшірген дүниенің та­нымы бөлек қой. Бұл ретте Ресей ғалымы, пси­холог Алексей Михальский «қол­мен жазу арқылы баланың есте сақтау қабілеті дамиды, ой­лау мүмкіндігі тереңдеп, сөйлеу бел­сенділігі артады. Сондықтан ойыңызды барынша ақ қағазға жазыңыз. Әрине, интернеттен көшіріп алып, планшеттен оқу жақсы-ақ, бірақ ақ қағаздағы ақпарат барынша есте сақталады» дегенді айтады. Әрине, логикалық тұрғыдан алғанда, қолмен жазу барынша жауапкершілікті талап етеді. Адам баласы да соған үйреніп, мүмкін­дігінше қатесіз жазуға тырысады. Мысалы, компьютермен жазған адам пернетақтаны басып оты­рып, бір әріптен қате кетсе, оны өшіріп, дұрыс жаза алады. Бұл қиын нәрсе емес. Қаламсаппен жазғанда қателік кетсе, оны өшіру қиын. Демек, бұл жерде мұқият, таза жаза білу мәселесі алдыңғы орында тұр. Бала жастан қатесіз жазуға үйренсек, сонда ғана біздің қоғамдағы сауаттылығымыз айқын көрінеді. Әрине, қазіргі заманда ноутбук пен компьютер қаламсап пен карандашты ығыстырды. Де­ген­мен ақ қағазға қатесіз жазып үйренген адамның сауаттылығы компьютердегі пернетақтаны басқанда да анық білінеді.

Бір ғана мысал, 2016 жылы америкалық ғалымдар 50 оқу­шының жартысына компью­тер­мен, қалғанына қол­мен эссе жаз­дырған. Нәтижесінде, қолмен жазған оқушылардың шығар­масы жан-жақты әрі маз­мұны бай болып шыққан. Маман­дар­дың зерттеу қоры­тындысы көр­сеткендей, адам қолмен жаз­ғанда мидың әр аумағындағы сөйлеу, ойлау мен есте сақтау процес­терінің жұмыс істеу әрекеті бел­сенді бола түседі екен. Кла­виатура арқылы басылған жаз­балар мен ақ қағазға қолмен жа­зылған пікірлерді сараптай кел­генде соңғысының тиімділігі байқал­ған. «Қолмен жазу миды жаттық­тырады» дейді мамандар. Біз мұғалімнің дәрісін тыңдағанда ақпараттың 10 пайызын ғана са­наға тоқи алады екенбіз. Оны қол­мен жазып алғанда, бұл цифр бірнеше пайызға ұлғаяды екен. Демек, компьютерге сене бер­мей, көп нәрсені күнделігіңізге қолмен жазуды дағдыға айнал­дырыңыз...

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір