• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Наурыз, 15:28:10
Алматы
+35°

16 Қараша, 2018 Ұлы көш

Ағылшын журналисі Годфри Лиас Оспан батырды "Kazak Exodus" кітабына арқау етті

Ағылшын тілінде шыққан кітаптың бірінші тарауын, яғни «Батырдың дүниеге келуі» атты бөлімін қазақ тіліне аударып, ұсынып отырмыз.

Годфри  Лиас ағылшын журналисі, жазушы, әскери адам және мұғалім болған. Ол көбіне тарихи кітаптарды жазды. Солардың бірі әрі бірегейі –1956 жылы Британия астанасы Лондонда жарық көрген "Kazak Exodus" атты  кітап. Онда жазушы Шыңжаң қазақтарының Қытайдың қысымына, басып, жаншуына, жерін тартып алу мақсатында жасаған әрекетіне шыдамай, Түркия, Үндістанға көшуге мәжбүр болған қазақтың ауыр тағдыры мен коммунистерге қарсы соғыста айрықша ерлік көрсеткен қазақтың батыры Оспанның өмірі мен ерлігі баяндалады.

Ағылшын тілінде шыққан кітаптың бірінші тарауын, яғни «Батырдың дүниеге келуі» атты бөлімін қазақ тіліне аударып, ұсынып отырмыз.

«1948 жылы Шыңжаң провинциясынан қазақтар төрт түлік малын айдап үдере көшті. Оларда басқа амал қалмады. Коммунистік әскер қазақ халқын жаншып, қысым көрсетті. Туған жерінен қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтардың малы аштықтан, шөлде қаталап өлді. Өздері жолда көп қиындыққа тап болып, талай нәубетті бастан өткерді. Қазақтар Шығыс Кашмирге тоқтады, алайда бұл – олардың уақытша тұрағы еді. Оларға уақытша баспана берілді» деп басталады кітап.

Қаһарманның дүниеге келуі

Қазақта Құрбан айт немесе Рамазан секілді мейрамдар тасада қалмайды. Ал туған күн көп тойланбайды. Сол себепті, Оспан батырдың қай жылы дүниеге келгенін білсек те, нақты күні мен айы белгісіз. Ол 1899 жылы Бёр соғысы басталғанда дүниеге келген. Оспан батырдың үш ағасы мен әпкесі болған.

Оспанның әкесі Іслам бай шопан және Алтайдың Көктоғай ауданында фермер болды.

1899 Іслам бай әйелімен Алтай тауына шатыр тікті. Онда Көксу деп аталатын көл бар. Шығыс Түркістандағы Тоғызтарау деп аталатын аңғарлар жетерлік.

Әйелінің босанатын уақыты жеткенде қызметшісі әйелдің енесін шақырып келуге кетті. Ол уақытта енесі келініне қарай шығып кеткен еді.

Іслам бай «сәбидің жылаған дауысы қашан шығады екен?» деп сыртта тағатсыздана күтіп тұрды. Оспан батыр жарық дүние есігін ашқанда, әкесі үйге қуана кірді. Әйеліне қарап: «Балаға қандай ат қоямыз?» деді.

Екеуі бұған дейін де талай мәрте бұл мәселені талқылаған еді. Оспанның анасы оған Батыр деген есімді қойғысы келген.  Баланың есімін Оспан қойса да, анасы оны Батыр деп жиі атайтын. Оспан батырдың өзіне де  кішкентайынан батыр деп құлағына құйып өсірген. Құлап қалса немесе жараланса «Батырсың, жылама. Батыл бол!» деп жұбатқан.

Оспанның әкесі Іслам бай сәбидің дүниеге келу құрметіне қой сойды. Оспанның әжесі сәбиді пештің үстінде жылып тұрған сумен жуындырып, мақтадан тігілген матамен орады.

Оспан еңбектей бастады. Анасының үй шаруасынан қолы босамайтын. Ал әкесі уақыттың көп бөлігін түзде өткізетін. Кейде бірнеше күн түздің жұмысымен жүретін кездері болды. Әсіресе қыс кезінде. Оспан өзіне би де, қожа болды. Кейде қауіпті әрекеттер жасайтын еді. Ата-анасы Оспанды «тұмары қорғайды» деп сенді. Оспанның тұмарында Құранның сүрелері жазылған еді. Оспан ешқашан тұмарын тастаған емес. 

Оспан кейде ата-анасымен ойнайтын. Олармен бірге тауға баратын. Оспан ата-анасының арқасына секіріп мініп, құлап қалса күлетін немесе жылайтын да, қайта арқаларына мініп алатын.

Оспан әкесін өте қатты жақсы көретін және сыйлайтын. Ол Оспанға көп нәрсені үйретті. Екеуі жиі тауға бірге баратын. Сол уақытта Оспан әкесіне кез келген сұрақты қоя алушы еді. Оның көбі жануарлар туралы болды. Соның арқасында Оспан жануарлар әлемімен етене жақын танысты.

Оспан сегізде немесе алтыда болғанда молда оны сүндетке отырғызды. Бұл – Оспанның балалық өміріндегі жаңа белес. Ендігі белес әкесінің Оспанды мектепке жіберген кезі болды.

Оспан мектепте арабша хат таныды. Оны сүндетке отырғызған молда Құран үйретті. Арабша жазу, сызуды үйренді. Сонымен қатар балалар Шыңғыс хан, Атилланың және Бөке батырдың өмірбаянын оқыды. Одан кейін арифметика, география мен поэзияны оқи бастады. Оспан батыр жаттаған өлеңдерін ата-анасына айтып беретін. Ата-анасы ұзақ өлеңнен кейін қол шапалақтайтын еді. Қыздардың ер балаларға қарағанда есте сақтау қабілеті жақсы, бірақ Оспан қыздардан кем түспейтін.

Уақыт өте келе Оспан аттың үстінде жүріп-ақ өлең шығаратын деңгейге жетті. Оның ақындығы тіпті ересектердің жырынан асып түсті. Халық арасында атағы шығып, жыры  жер-жерге тарала бастады. Оспан бала кезінен қазақ батырлары туралы түрлі ертегі, аңыз бен әңгімелерді естіп өсті. Онда қазақ батырларының қытайлармен шайқасқаны жиі айтылатын. Сондықтан Оспан қытайларға деген өшпенділікпен өсті. Ол бәрінен бұрын коммунистерді жек көретін.

Оспан он бірде немесе он екіде болғанда ересек адамдардың сөзін бөліп «Бөке Батыр келе жатыр! Бөке Батыр келе жатыр!» деп айқайлады.

«Бөке Батырды ешқашан көрмесе де, оның үнемі айналысын азан-қазан қылатынын қайдан білген?», - деп таңғалды Ислам бай.

Оспан батыр кішкентайынан ұлттық нақыштағы әндерді жаттап, әңгімелерді естіп өсті. Сондықтан ол елін, жерін сүйетін. 

Жалғасы бар...

Ағылшын тілінен аударған Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір