• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
16 Қараша, 00:26:09
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

19 Қараша, 2018 Сұхбат

Азаматхан Әміртай: Жалпы біздің түбімізге  олигархтар жетеді

Қызметтің бәрі сатылады. Қоғам іріп-шіріп бара жатыр.

«Көкжайлау жобасы» қажет пе?  Экологиялық сананы қайтсек көтереміз? Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық неге тоқтамай тұр? Әділеттілік қайтсе, қалпына келеді.? Осы және тағы басқа мәселелерге қатысты qamshy.kz ақпарат агенттігінің сауалдарына  «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай  жауап берді.

–Кейінгі кезде әртүрлі БАҚ-на жиі сұхбат беріп, әлеуметтік желілерде белсенді пікір айтып жүрсіз? Мұның себебі неде, тыныштық па?

Жалпы белсенді адамдар қайдан шығады? Адамның қоғамдағы, мемлекетпен арадағы қарым-қатынастың түсініспеушілігінен  белсенділер туады. Қай елді алатын болсақ та, солай. Қоғамдық қарым-қатынаста әділетсіздік  жағдай жиі орын алатын болса, белсенділер өз-өзінен пайда болады.

–Сонда сіз де әділетсіздікті көп көрдіңіз бе?

–«Мен бала кезімнен, физика-математика мектебінде және университетте жүргенде жақсы оқысам, өмірге дайын боламын» деп ойлайтынмын. Жұмыс істедім. 2000 жылдары үлкен жобалар жасадым. Қазақстандағы ІТ cаласындағы ең ірі он компанияның бірін аштым. Көп жұмыс атқардық. Бизнесіміз өркендеді. Бірақ қысым жасала бастады. Ешқандай заң бұзған жоқпыз. Артымызға тексерушілерді салып қойды. Сол кезде өз-өзіме сұрақ қойдым: Мұның бәрі не үшін? Сөйтсек, мемлекетте ықпалы бар бір адамның біздің компанияға көзі түскен екен. Аяған жоқ. Тексерді. Бірақ біз ашық жұмыс істедік. Тіпті қысым жасалып жатқаны жөнінде Президент әкімшілігіне дейін хат жаздық. Одан кейін қысым тіпті күшейе түсті. Ешнәрсе таппады. Бірақ бизнесімді әлгі ықпалды адамдар быт-шытын шығарды. Өздеріне алды. Мамандарым да солай қарай кетті. Осындай кедергінің бәрі мені шыңдай түсті. Реніш қалғанмен,  алға қойылған мақсатты жарты жолда тастап кете алмадым. Білімімді, тәжірибемді жетілдіру үшін шетелге кетіп қалдым. Америка мен Англияда оқып, жұмыс істедім. Өзім электронды қызмет пен статистика саласы бағдарламасының авторы болғандықтан  2013 жылы елге оралып, қайтадан кәсіп аштым. Ұзамай оны да тартып алды. Бірақ олар тиянақты істей алмады.  Жұмсаған қаржылары шығын болып, босқа кетті. Осының барлығы менің қоғамдық белсенділігімді оятты.

Бізде қалай қазір? Телеарна менн БАҚ-тарда «кәсіпті өркендетуге жағдай жасап жатырмыз» деп жиі айтады. Бірақ бизнесің өркендеп, көзге түсе бастасаң, оны алып қояды немесе көп кедергі жасайды. Қоғамдағы осындай әділетсіздіктер мені де ашындырды. Бір ғана нәрсені айтайын, 90 жылдары жабайы нарықта рекеттер көп болды ғой...

–Солар қайда қазір?  Көрінбейді ғой...

Көрінбейді. Бірақ  олардың барлығы да мемлекеттік органдарға кіріп кеткен. Сол жерде жұмыс  істейді.  Мемлекеттік тетік арқылы ықпал етіп отырады.

–Осы пікіріңіз өзіңізге кедергі келтіруі мүмкін ғой.

 –Неге үндемей отыруымыз керек?! Бұл – шындық.  Олардың барлығы да осындай жұмыстар арқылы ақша жасайды, сөйтіп байиды. Қысқасы, мемлекеттік қызмет бизнеске, ақша табуға айналды. Қазір министр де, оның орынбасары сыбайлас жемқорлықпен ұсталып жатыр. Ұсталса да, қоймайды, тоймайды. Мысалы, бір әкім облысқа тағайындалды делік. Содан бастап оған жоғарыдан қоңыраулар түсе бастайды. «Ана адамды мына жобаға қой, мынандай кәсіп ашу керек». Олигархтар да қоңырау шалып, тыныштық бермейді. Енді әкім не істеуі керек? Солар ұсынған ақымақтарды қызметке  алады. Сосын қалай жұмыс жанданады? Қазір жан-жағың толы – жемқорлық. Балабақшаның меңгерушісі, аурухананың бас дәрігері, мектептің директоры болу – бәрі де ақша. Қызметтің бәрі де қазір сатылады. Қоғам іріп-шіріп бара жатыр. Мұндай келеңсіз жағдайды көріп отырып, қалай белсенді болмайсың?!

Бірақ мұндай жағымсыз әрекеттен қоғам қалай болғанда да тазару керек. Бұлай кете беруі мүмкін емес қой...

–Қоғам қалай тазарады? Сіз, біз, халық белсенді болғанда ғана қоғам жемқорлықтан тазарады. Қазақстандағы 18 миллион халықтың 10 пайызы ғана бизнес, алып-сату секілді кәсіптің айналасында жүргендер. Қалған 90 пайызы белсенділіктен ада.

Ал белсенділік арту үшін не қажет?

–Құндылық керек.

Ол қандай құндылық?

–Бір белсенділер  қазақ қоғамын тіл мәселесі арқылы біректіреміз деп ойлады. Біріктіре алмады. Тіл саласында жұмыс істеп жатқан қоғамдық ұйымдардың жұмысының нәтижесі жоқ. Үкімет мүшелері, парламент қазақша сөйлей ме? Жоқ. Демек олар сенің тіліңе пысқырып та қарамайды. Жалпы әлемдік тарихтың статистикасына зер салып қараңызшы:Ұлттық және тілге қатысты мәселе көтеріп жүрген қоғамдық ұйымдардың ғұмыры ешуақытта ұзаққа бармаған. Олардың барлығы ақшаға сатылып кетеді.

Ал сіз айтып отырған құндылық не?!.

–Бұл – адамдардың құқығы. Қоғамда өз құқыңды талап етуің қажет, адам құқы тапталмауы керек.  Ол үшін мен айтқан белсенділік қажет.  Екінші бұл – экологиялық мәселе. Экология Қазақстанда ғана емес,  ғаламдық проблема.  Мысалы, Еуропада экологиялық мәселемен айналысатын қоғамдық ұйымдардың белсенділігі өте мықты. Біздің жеп отырған тамағымыз, ауыз суымыз, қоршаған орта мен жануарлар әлемі, табиғат барлығында да экологиялық проблема бар. Экологиялық құндылықтың мәні терең екенін халыққа жеткізуге ұмтылып отырғанымыздың сыры да сол. Экология саясат емес, одан жоғары тұр. Экология – ғылымның, білімнің, ақылдың  жетістігі. Ендеше, Алла тағала жаратқан, аманат еткен  қоршаған ортаға қиянат жасау – қылмыс.

–Сонда...

–Мен әділетсіздікке қарсымын. Қазақстанда әркез әділеттілік салтанат құрса деймін. Арам ақшадан аулақ жүремін. Бұл – менің өмірлік позициям. Сондықтан қанша жерден кедергі жасалса да, мені өз ұстанымымнан ешкім қайтара алмайды.

Соншалықты кімге сенесіз? Артыңызда кім тұр?

–Мен өзіме сенемін. Өйткені осы күнге дейін жинаған бай өмірлік тәжірибем бар. Иә, жалғыз адамның,  жаяудың шаңы шықпайды. Менің жанымда экологиялық мәселемен айналысатын  жақтастарым, командам бар. Біз «Байтақ –Болашақ» экологиялық альянсын құрдық. Альянстың рсепубликада 13 филиалы бар. Екіншіден,  Қазақстандағы  танымал қоғамдық қайраткерлердің басын біріктірдік. Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Бұл –  үлкен күш. Қазір республикада ғана емес, жергілікті жерлерде өте белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қандай жағдайларға қарамастан, жұмысты жалғастыра  береміз. Үшіншіден,  қоғамдық жұмысқа қатысты үлкен тәжірибеміз бар.Төртіншіден, біздің әлемдік дәрежедегі байланысымыз өте күшті.

Демек...

– Біз центристік бағыт ұстанамыз. Экологиялық ұйым болғандықтан, әруақытта  компромисске барамыз. Өйткені  революция бәрін құртады, бар нәрсені жоғалтады. Біз эволюциялық жолмен ғана адамның экологиялық санасы мен көзқарасын өзгерте аламыз. Жалпы мен қазақтілді жігітпін, ауылдың көшпенді өмірін көрген адаммын. Жаздыгүні - жайлауда, қыста – қыстаудағы өмірді көрдім.  Жаным  –қазақ. Нағыз қазақтың менталитетін жақсы білемін. Сондықтан ұлттың болашағы үшін бүгінгі  бар нәрсені жоғалтпауымыз керек. Ол үшін экологиялық сананы көтеруіміз керек. Бала кезімізден ата-анамыз «ағашты сындырма, жерге түкірме» деп үйретті ғой. Жалпы  экологияға ең жақын халық көшпенділер болып саналады. Сондықтан бұл біздің қанымыздағы бар нәрсе.  Негізі территориялық тұрғыдан Қазақстан дұрыс жерде орналасқан. Бұл – Аллтағаланың берген сыйы. Болашақта Еураазияны біріктіре алатын халыққа айналуымыз қажет.

–Қазіргі ең күйіп тұрған мәселе – «Көжайлаудың» жайы. Жалпы тау шаңғысы курорттық аймағы салыну керек пе, жоқ па?

–Біз оның салынуына қарсымыз. Бұл жерде ашықтық жоқ. Өте қымбат жоба. Мың гектар жердің 100 гектарына тау шаңғысы жолы салынар. Ал 900 гектарына коттедж қалашығы салынатын болса, ол кімге сатылады? Оның қаржысы бюджетке түседі ме? Сондықтан мұның  қарапайым халыққа түк пайдасы жоқ. Мен қолым босаған сәтте Ақбұлақ пен Шымбұлаққа барып, шаңғы тебемін. Жай жұмыс күндері онда адам жоқ. Тек сенбі, жексенбі күндері ғана барады. Демек, мұндай жағдайда үшінші тау шаңғы курортының қажеті не? Бұл туралы альянс өз позициясын білдірді, Айттық, жаздық та.

Бірақ одан ешкім бас тартып отырған жоқ қой. Бәрібір салынатыны белгілі.

–Менің ойымша, бұл жобаның артында бай олигархтар тұр. Олар «тек пайда тапсам» дейді. Жалпы біздің түбімізге осы олигархтар жетеді. Әрине ұлтты ойлайтындары да бар. Аз. Көбісінің ойы – тек ақша табу. Олардың дүниесінің бәрі сыртта. Банк те, бизнес те – солардікі. Олигархтар қауіпті, олар бәрін сатып алады.

–Бірақ бәрібір қоғамға жанашырлық, мемлекеттік сана деген болуы керек қой.

–Негізі мемлекетте, қоғамда белгілі бір тепе-теңдік бар. Мұнай мен газдан түскен ақшаның бір бөлігі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалып жатыр.  Оған Президенттің өзі кепіл болып отыр. Оны жоққа шығаруға болмайды. Менің қорқатыным – Президенттен кейінгі жағдай қалай болады? Кім келеді? Өйткені шыны керек, олигархтардың барлығы да билікке таласады. Байлардың өмірі басқа. Қарапайым халық мұны түсінуі керек. Сондықтан бірлік пен халықтың белсенділігі бәрінен де маңызды. Президент ауылдан шыққан қазақтілді тұлға. Ал қазіргі олигархтардың бәрі де орыстілділер. Олардың барлығында космополиттік түсінік бар. Біз қазақтың досы – қазақ, қазақтың досы – білім екенін ұғынуымыз қажет. Біз білімді ұлт болуға ұмтылғанымыз абзал.

Бірақ экологиялық мәселені алға тарта отырып, өзіңізге саяси ұпай жинап жүрген жоқсыз ба?

–Біз саяси ұйым емеспіз. Алайда, қоғамға адал қызмет етіп жүрген саясаткер-тұлғалар болса, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірақ саясатпен айналыспаймыз. Егер айналыссақ, негізгі мақсатымыздан ауытқып кетеміз. Қайталап айтайын, экология саясаттан жоғары тұр. Мемлекет те қазір экологиялық проблемаларды шешуге белсене кірісіп жатыр. Демек, біздің жұмысымыз олармен үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұр.

– «Байтақ-болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігіне кімдер мүше?

–Белсенділігіміздің күн сайын артып келе жатқанын мына бір деректер айғақтай түскендей: Біздің инстаграмда - 340 мың, әлеуметтік желіде - 160 мыңдай тұрақты тіркелген жазылушы - оқырманымыз бар. Жақын уақытта альянс «Таза ел. kz» атты ақпараттық портал ашуды көздеп отыр. Біздің альянсқа халқымыздың экологиялық болашағы сеніп тапсырылған.  Ұйымға елін, ұлтын ойлаған, қазақтың танымал тұлғалары мүше. Олар – өздерін іспен дәлелдеп жүрген адамдар. Белгілі тұлғаларды шоғырландырған мұндай ұйым Қазақстанда жоқ. Біздің жұмысымыз барған сайын ықпалды болып келе жатыр. Мұны саясаткерлер де байқап отыр. Альянстың ақсақалдар кеңесінің төрағасы,  «Байтақ-Болашақ»  республикалық қоғамдық бірлестігінің құрметті президенті – әлемдік дәрежедегі тұлға Олжас Омарұлы Сүлейменов. Қазақтың осындай қайраткер азаматтарының басын қосқан ұйымның ұсыныстарын билік те қазір қаперге алуда. Астананы көгілдір отынмен толық қамту туралы бірнеше жыл бұрын айтқан біздің ұсынысымыз орындалуда.  Жақында Атырауда өткен жиында шаһарды «жасыл қалаға»  айналдыру туралы мәселе көтердік. Қала маңайындағы зауыт тұрбаларына арнайы сүзгіш қою, автокөліктерді газға ауыстыру секілді ұсыныстардың барлығы айтылды. Мұның барлығы жүзе асыруға болатын жобалар.
Қазіргі БАҚ пен интернет көздерінде ең қызу талқыланып жатқан мәселе, ол Қытайдағы қазақтардың жайы...

 –Рас,  Қытайдағы қандастарымыздың жайы бізді қатты алаңдатып отыр. Мұны тек саяси дипломатиялоық жолмен ғана шеше аламыз. Бұл жерде мына мәселені есепке алуымыз қажет: Қытай – қуатты империя. Экономикасы мықты ел. Сондықтан мұны тек қана саяси жолмен шешу керек. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл орайда үлкен жұмыс жасап жатыр. Демек, мәселені соншалықты ушықтырып керегі жоқ. Қытай Қазақстанға үлкен инвестиция құйып жатқан ел. Ал  қазақ халқын оларға қарсы қоюдың қажеті шамалы. Қытайда 1,5 миллионнан аса қандастарымыз тұрады.  Демек, оларға қиындық тумауын да ойлауымыз қажет. Бізге саяси технология арқылы жұмыс істеп, көрпемізге қарай көсіле отырып, мәселені тезірек  шешкеніміз дұрыс.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Берік Бейсенұлы

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір