• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:25:35
Алматы
+35°

22 Қараша, 2018 Әлеумет

Ресейді сапалы әрі арзан етпен жарылқап, өзіміз сүйек-саяқ мүжіп қалмайық

Алдағы уақытта Қазақстан Ресейге жіберетін ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға ұлғайтпақ.

Алдағы уақытта Қазақстан Ресейге жіберетін ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға ұлғайтпақ. Қазір еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі осы мақсатта мал бордақылайтын алаңдардың санын арттырып, ет және ет өнімдерін өндіру көлемін арттыруды жоспарлап та қойды. Сөйтіп келер 2019 жылы Қазақстаннан экспортқа жіберілетін еттің көлемі ұлғаятын болып отыр. Ал осы арада біз өзіміздің ішкі нарықты толық қамти алмай отырып, сыртқа қалайша ауқымды ет жібереміз деген ойға жауап іздедік...

Нақтылап тарқатсақ, Қазақстанға сырттан келетін ет импортының көлемі жылдан жылға артып келеді. Мысалы, біз Парагвайдан 1,5 мың тонна, Украинадан 17,1 мың тонна, АҚШ-тан құс етімен қосқанда 40,7 мың тонна, Австралиядан 1,5 мың тонна, Бельгиядан 1,6 мың тонна ет импорттаймыз. Сырттан келетін еттің көлемі осынша бола тұра көрші Ресейді несіне етпен қамти береміз? Ертең майлы етті көршіге беріп, өзіміз сүйек-саяқ мүжіп қалмаймыз ба?

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, Ресей жыл сайын 1,7 млн тонна ет импорттайды екен. Соның 54 мың тоннасын Ресей  Қазақстаннан алады.  

«Елдегі ет экспортының 80 пайызы Ресейге жөнелтіледі. Қазір Ресейге санкциялар салынып, экономикасы  ауырлаған сәт. Осыған орай Еуропа елдерінің көпшілігі Ресейге апаратын импорттарын шектеді. Өткенде ғана Филиппиннің аграрийлері Ресейдің қарызын төлей алмай отырғанын алға тартып, ендігі кезекте агро-өнімдерін Ресейге кіргізбейтіндіктерін мәлім етті. Мұндайда Ресей, әрине, Кеден Одағы аясына біріккен елдерге салмақ сала бастайды. Алдағы уақытта Қазақстан Ресейге 60 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отырғаны рас. Дегенмен бұл арада ішкі нарықты толыққанды қамти алмай отырғанымыз ойлантуы тиіс. Атқарушы билік осы жағын сауатты шешсе жөн болар еді. Ішкі нарықтың кем дегенде 60 пайызын отандық өніммен қамти алып отырсақ, онда қорықпауға болар еді. Ішкі нарықта өз өніміміз тапшы. Осыдан барып қымбатшылық өршіп тұр. Ең қызығы, біз экспорттаған еттің бір келісі Ресейде 210-220 рубль тұрады. Бұл теңгеге шаққанда 1200-1300 теңге. Ал біздің ішкі нарықта 1200-1300 теңгеден ет таппайсың. Ең арзан деген еттің бір келісі 1600 теңге. Сонда Ресейді арзан әрі сапалы, майлы етпен жарылқап отырмыз деген сөз. Меніңше алдымен өзімізді толыққанды қамтамасыз етіп алып барып, сыртқа өнім жөнелткен абзал»,- дейді Жаңабай Алдабергенов.

Осылайша маманның байыптауынша, ірі қала мал етін экспорттауда қолайсыз баға қалыптасқан.

 Бұған қоса мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Қадыржан Мұқажанов алға тартып отырғандай, біз бұған дейін ет экспортын арттыру мақсатында шетелден асыл тұқымды мал басын сатып алдық. Асыл тұқымды мал басының түрін 72 мыңға дейін көбейтуді мақсат тұттық. Осыған орай етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 130 млрд теңгеге дейін қаржы қарастырылған болатын. Бірақ асыл тұқымды деген мал басының қайсыбір аймақтарда Қазақстанның ауа-райына шыдамай үсіп қалған жағдайлары кездескені жасырын емес.  

«Ет экспортында алдыңғы озық елдердің қатарына енгіміз келеді. Осы мақсатта асыл тұқымды малдарды шеттен сатып ала бастадық. Австралияның қошқарларын ұшақпен арнайы әкелген кезіміз болды. Олардың кейбірі климатымызға шыдамай үсіп қалып жатты. Қазақстанда қыста 40 градус қатты ыстық болса, жазда 40 градус ми қайнатар ыстық болады. Демек бізге  ет экспортында климатымызды жатсынатын асыл тұқымды мал басын алуда абай болған жөн. Егер біз болашақта ет экспортын арттырғымыз келсе, қазақтың ежелгі мал басын сақтап қалуды ойлағанымыз жөн. Қазақы қойлардың тұқымы жоғалып барады. Еділбай қойы, Шыңғыс қойлары азайып кетті. Сол тәрізді қазақтың ақбас сиырының еті салмағы таразыны жақсы тартатын. Жылқыдан адай тұқымы, Өскемен жақта қабы тұқымы бар. Мұндай асыл тұқымды ежелгі мал басын азайтуға болмайды. Керісінше, осы тұқымдарды өзімізде көбейту керек. Климатымызды жатсынатын асыл тұқымды малдарды шетелден тасып, артынша олар қыстың суығына шыдамай өліп жатса, оны сатып алуға кеткен шығын ақталмай қалады емес пе?! Сондықтан қазақтың ежелгі мал тұқымының санын арттырып, жергілікті мал басын жылма-жыл көбейту керек. Осылай еткенде ет экспортында белгілі бір көрсеткіштерді бағындыру да жеңілдер түсер еді. Ал нақ қазіргі бағытты ұстана беретін болсақ, алдағы уақытта расымен де майлы етті өзгеге беріп, өзіміз сүйек-саяқ мүжіп қалуымыз да ғажап емес. Бірінші кезекте жергілікті қазақы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлау керек»,-дейді ғалым Қадыржан Мұқажанов.

 

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір