• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:15:16
Алматы
+35°

23 Қараша, 2018 Экономика

Өмір сүруге аса қолайсыз аймақтарға Үкімет қашан мойын бұрады?

Мамандардың пайымдауынша, болашақта Қазақстанға шөл және шөлейт аймақтарды қалыпқа келтірумен мықтап айналысуға тура келеді.

Нарықтық  экономикаға көшкелі бері қазаққа тағылатын негізі айыптың бірі – "қазақ – жалқау" деген сөз. Нарықтың қыр-сырын меңгергені бар, меңгермегені бар, көпшілігі әйтеуір жолы болмаған, тасы өрге домаламаған қазақты көрсе, «қазақ – жалқау» деп шығады. Бірақ сарапшы мамандардың пайымдауынша, қазақ жалқау халық емес, бейнетқор халық.

Мәселен, «Барометр» сараптау орталығының мәліметінше, қазақтың жерінің ауқымы еуропалықтарға қарағанда сегіз есе үлкен. Бірақ сол жерінің құнарсыздығы, ол жерде мал өсірудің бейнеті, егін салса, егінді бітік шығарудың мехнаты еуропалықтармен салыстырғанда шаш етектен.  «Барометр» орталығының сарапшысы, экономист-ғалым Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, қазақ бірінші кезекте құнарды жерден есесі кеткен халық.

«Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың құнарлы жерлерінің көпшілігі кезінде Ресей империясының еншісінде кетіп қалды. Қазақтың 45 млн десятина жерін кезінде мұжықтар басып қалды. Шөл далаға ығысқан қазақта егін шаруашылығы қайдан дамысын? Одан кейін тың игеру кезінде 25 млн гектардан астам жерді Украина мен беларустер иемденіп алды. Осыдан кейін қайдан қазақта мал шаруашылығы, егін шаруашылығы дамысын?! Бұдан кейін қазақ отырықшылық  көрмеді. Бұл бұрынғы кезең. Ал қазір жеріміздің 67 пайызы құрғап, шөл және шөлейт аймақтарға айналған. Бұларды ғылым тілінде адамның  өмір сүруіне қолайсыз аймақтар дейді. Эрозияға шалдыққан жерлерді тыңайтып, қалпына келтіру жұмыстары бізде кемшін. Ресми деректердің өзі қазірде республика бойынша егістік, орман шаруашылығы, шабындық жерлердің өртенуі жиі бой көрсететінін айқындайды.  Бос жатқан жерлердің өртенуі де жиі байқалады. Осының барлығы жеріміздің шөлейттеніп бара жатқанын көрсетеді. Ал мұндай аймақтардың расымен де адамның өмір сүруіне өте қолайсыз екені айтпаса да түсінікті»,-дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Деректерге жүгінсек, биыл жыл басынан бері 45 орман өрті орын алған.  Материалдық шығын 4,4 млн теңгені құраған. Ал өткен 2017 жылы республика бойынша бос жатқан жерлердің өртенуі 1,5 есеге көбейіп, алаңы 18 есеге артқан. Бір өрттің орташа көлемі 26,3 гектарды құраған. Ғарыштық бақылау мәліметтері де ірі дала өрттерінің жиі болатынын көрсетеді. «Әсіресе еліміздің Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай облыстарындағы бос жатқан жерлер шөлейттеніп кеткен» дейді мамандар. Бұл ретте бізге пікір білдірген Гидрогеология институтының маманы гидрогеолог Ғазиза Махмұтованың айтуынша,  қазақты расымен де шөлейт аймақ қысып тұр.

«Шөл және шөлейт аймақтарды резервацияланған жерлер дейді. Мұны жарамсыз жерлер деп атаймыз. Бірқатар елдерде мұндай жарамсыз аймақтан халықты көшіріп немесе экономикалық даму деңгейі төмен аймақ ретінде халыққа қосымша төлем төлейді. Мысалы, Үндістанда тура біздің елдегі тәрізді құмды, шөлді жерде тұрса, ол жердің халқы округтік әкімшілік тарапынан арнайы жәрдемақы алып тұрады. Көптеген елдерде Қазақстандыкі тәрізді қысы қатты климат жоқ. Бізде жолсыз, сусыз отырған қаншама ауыл бар?! Одан бөлек жайылымдық жердің құнарсыздығынан жем-шөбін реттеп ала алмай жүрген шаруалар қаншама?! Мал өсірейін десе, малдың жем-шөбін тауып беру де, егін өсірейін десе, егінді бітік шығару да көп еңбекті талап етеді. Егінді жазда шегіртке жеп бір шығынға ұшыратса,  тыңайтылмағандықтан, жер құнарсыз болғаннан кейін өнім аз болып, тағы бір шығындалады. Еуропада нано, биотехнологиялардың көмегімен 1 стақан бидайды жерге шаша салып, 1 тонна астық алатындар бар. Ал бізге мұндай технологияны игерудің ауылы әлі алыс. Сондықтан үкіметтік тұрғыда осы мәселелерге назар аударатын кезең жетті. Өйткені бізде мұндай өмір сүруге қолайсыз аймақтар назардан тыс қалып барады»,-дейді ғалым Ғазиза Махмұтова.

Мамандардың пайымдауынша, болашақта Қазақстанға шөл және шөлейт аймақтарды қалыпқа келтірумен мықтап айналысуға тура келеді. Ол үшін гидрогеолог маман алға тартып, отырған мына ұсыныстар ескерілуі тиіс:

А) Біріншіден, жер асты суларын көбейтіп, (каналдар орнату арқылы) қуаңшылыққа ұшыраған жерлерді ылғалдандыру үрдісін бастаған жөн.

Ә) Азып-тозған жерлерді бақылауға алып, қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру керек.

Б) Полигон аймақтарын залалсыздандыру жұмысы жүргізілуі керек. Қазір еліміздегі полигон аймақтарындағы жерлерді де өрт шалу оқиғалары жиілеп кетті.

Г) Бұдан соң, әрине, өрт сөндіру саласы жаңа, қуатты технологиялармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Жалпы, экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша,  ауыл қазағы бір отбасын асырау үшін жайылымдық жерінің құнарлы, егістік жерінің шырайлы болғаны жөн. «Атқарушы билік осыны ескеріп, жоғарыда айтылған ұсыныстарға ден қойып, өмір сүруге қолайсыз аймақта тұрып жатқан халыққа мойын бұруы қажет»,- дейді Тоғжан Шаяхметова.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір