• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:27:16
Алматы
+35°

23 Қараша, 2018 Ғылым-білім

"Шоқ жұлдыз ізімен" жүріп өттік

Соңғы демі таусылардан бұрын Тезек төренің үйінде жатып, әкесіне, шешесіне, туған-туысқандарына, ұмытылмайтын достарына соңғы сөзін жазып, мұңын шағады.

Шоқанның Қашқарияға барып-қайтқан экспедициясына 160 жыл толуына орай Алматы облыстық әкімдігі, ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінің арнайы ұйымдастыруымен «Шоқ жұлдыз ізімен» атты тарихи-танымдық» экспедициясы арнайы сапарнамаға шықтық.

Шоқанның Қашқарға шыққан жері Семей қаласынан бастау алған жерден жүріп өтуді мақсат тұттық. Арамызда 850 шақырым жол жатты. Бұл сапарға 12 адам қатысты. Олардың арасында ғалымдар, БАҚ қызметкерлері, блогерлер болды. Атап айтса, «Қазақстан» телеарнасының  меншікті тілшісі Қуаныш Серікханов, белгілі фототілші Жеңіс Ысқабай, «Огни Алатау» газетінің тілшісі Шолпан Жұмағұлова, «Қазақстан» телеарнасының операторы Самат Оразалинов, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Дамир Анитов, Өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Рүстем Қанапиянов, «Жетісу географиялық қауымдастығы» мүшесі Жандос Нұриев қатысты. Сонымен, алғашқы сапарымызды Талдықорған қаласынан бастадық. Бағытымыз – Семей қаласы. Өйткені, Шоқан өзінің Қашқарға сапарын осы қаладан бастаған болатын. 

Шоқан Уәлиханов

Тарихқа аздап көз жүгіртсек, оның осы сапарға шығуына мұрындық болған адам П.П. Семенов-Тяньшанский еді. 1857 жылы ақпанның 27 күні Шоқан орыстың географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданады. Жас ғалым туралы П.П. Семенов-Тянь-Шанский мен В.И. Ламанский ауызша мінездеме береді. Олар Шоқанды сол кезге дейін тексерілмей тың жатқан Орта Азия мен Қазақстанды зерттеуде көп пайдасы тиетін талантты зерттеуші ретінде ұсынады. П.П. Семенов-Тянь-Шанский былай деген еді: «Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлдің Шығыс жағалауына саяхат жасап, қырғыз даласы жөнінде аса бай географиялық, этнографиялық және тарихи материалдар жинады және оларды тап қазір хабарла десе де әзір» дейді.

 Яғни, Шоқанның Қашқарға баруына тікелей П.П. Семенов-Тянь-Шанский өкімет орындарына хабарлама жасайды. Орта Азия халықтарының өмірін тамаша жетік білетін, қандай ғылыми тапсырма берілсе де орындай алатын адам ретінде Е.П. Ковалевскийге таныстырады. Бұл кезде Уәлихановтың есімі Құлжа мен Тянь-Шань қырғыздары арасында үәкілдігінің нәтижелеріне байланысты үкімет басындағыларына да кеңінен танылған болатын. Кейін Ковалевский Шоқан Уәлихановпен жақын танысады, Қашқар сапары жөнінде жазған баяндамасын оқып, оны «кемеңгер жігіт», «тамаша ғалым», «қырғыз халқының ең жақын досы әрі орыстардың мемлекеттік мүдделерінің қорғаушысы» деп Шоқанның мүддесін Петербургте қалай қорғаса, Омбы қаласында да сондай қолдау көрсетеді. Қашқарға «тәжірибелі де сенімді офицерді жұмсау қажет» деп шешім шығарады.

Қорыта келе, Қашқария экспедициясын жөнелту туралы 1857 жылы 22 тамыз күні үкімет шешім қабылдап, патша ағзам Александр ІІ «мақұлдап» қол қояды. Оны іске асыру Гасфордқа тапсырылады. Ол өзінің әскери министр Сухозанетке жазған хатында: «Бұл офицер қырғыздың әйгілі сұлтаны, қазіргі Көкшетау округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың баласы, Сібір корпусында тәрбие алған. Оның ерекше қабілетіне зор сенім артуға болады. Оның үстіне Орта Азиялық өлкелеріміздің тарихы мен қазіргі жағдайымен жете таныс» деп бағалайды.

Алыс және белгісіз елдерге саяхат жасауды көптен бері арман етіп жүрген Шоқан Қашқар экспедициясын басқару жөніндегі ұсынысты зор қуанышпен қабылдайды.

Сонымен, керуен жабдықталып, Қапалдан отыз шақырым жердегі Қарамола жотасының етегіндегі Сарыбас ауылы болып белгіленеді. Шоқан 1858 жылдың 28-ші шілде күні Семейден келген сауда керуеніне қосылады. Керуенде 43 кісі, 101 түйе, салт мінетін және жүк тиейтін 65 ат, 6 қос болады. Шоқан шашын алдырып, қазақ киімін киеді де, керуен басы Қапал саудагері Тоқтабаев Мұсабайдың туысқаны Әлімбай Әбділдабаев деп жария етеді. Керуенге үкіметтің ресми рұқсаты беріліп, алым-салықтың барлық түрінен  босатылады.

Бірінші шілдеде керуен жолға шығып, Алтын Емел жотасы арқылы Іле өзенінің алабына қарай бет алады.

Біз Семей қаласындағы Ф.М.Достоевскийдің музей үйінде болған кезімізде мынадай қызықты деректерге ұшырастық. Керуен құпия түрде жабдықталып жатқан тұста осы сапардың мақсат-мүддесіне қамқорлық білдірген адамның бірі – Боқаш (Құрбан) Аупов екен. Ол сол кездегі аса ауқатты адам болғандықтан, меценат ретінде керуеннің қажетті дүниесін жабдықтап береді. Шоқан оның осы қамқорлыған ескере келе, патша ағзамнан оны марапаттау жайын да ұмытпайды.

Өзінің жазбасында Шоқан: «Боқаш Аупов. Получил уже награды и должен быть нами доволен. Сарыходжа Итемгенов, Азимжан Сарымсаков, Мухаметжан Кульджанов, Кутлубай Касимов, Мирза Махруф, Ирназар и Каракули. Эти лица не получили решительно ничего, хотя принимали участие, равное с Бокашем» деп жазады. Боқаш Ауповқа тоқталып отырғанымыз – Ф.М.Достоевскийдің музей-үйінде болған тұсымызда жергілікті өлкетану музейінің қызметкерлері осы меценаттың мекен еткен жері мен қыстау орнын тауып, ол Боқаштың пайдаланған қазаны мен Қашқар теңгелерін тауып (Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исин, Семей өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов), арнайы документальды фильм түсіріп, экспедиция мүшелеріне көрсетті.

Шоқан Уәлиханов

Шоқан өзінің жастығына қарамастан, тілге шешен, ойы өткір, көзқарасы тура адам ретінде орыстың бұқарашыл, озық ойлы жазушысы  Ф.М.Достоевскийге ерекше ұнағанын айта кеткен жөн. Деректерге сүйенсек, Шоқан өз өмірінде жазушымен екі мәрте кездескен екен. Арасында хат жазысып, мүдделес адам болғаны белгілі. Биліктің қарапайым қазақтарды тонап, олардың дүниесін олжалап, мансап арқылы адам төзгісіз билеп-төстеуге бағытталған саясаттарына қарсы ой-пікір білдіреді. А.Н. Майков, В.С.Курочкин, К.К. Гутковский, А.К. Гейнс секілді адамдар Шоқанның Ресейдегі пікірлес адамдары еді.

Шоқанның 1856 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» басына барып, лиро-эпикалық жырдың мазмұнын жазып, оның ғашықтың жырдың әлем әдебиетіндегі «Ромео-Джульеттадан» еш кем емес, теңдесіз туынды ретінде бағалаған еді. Ғалым «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазарының бейнесін қарандашпен салып, кейін Ресейдің зиялы қауымына таныстырады. Суретте мазардың кіре берісінде үш әйел мен екі ер адамның бейнелері бар. Жергілікті адамдардың айтуынша, оның біреуі Баян сұлу, екіншісі – кіші сіңлісі Айқыз бен Таңсық, ал ер адамның біреуі Қозы Көрпеш пен Қодар болса керек. Жоғарыда айтқанымыздай, біздің түскен жеріміз Тарлаулы деп аталады. Тарлаулы шөптің аты, ол жылқының ең тәуір көретін шөбінің бірі екен. Одан 11 шақырым жерде Таңсық станциясы орналасқан. Поезд жолаушылары оны биіктеу жерде тұрған мазарды көре алатын мүмкіндігі бар.

Шоқан Уәлиханов

Келесі сапарымыз – Шоқанның 1858 жылы, 1859 жылы 1865 жылы Капалдағы Тамшыбұлақ деген жердегі жүріп өткен жолына арналды. Ғалым осы жердегі Тамшыбұлақ суымен емделу үшін барғаны, сонымен қатар Соболевскийдің госпиталінде жатқандығы туралы дерек бар. Сол тұста Тамшыбұлақ турасындағы аңызды да жазып кеткен екен. Жас Баян деген сұлудың өзінің ауыр тағдырына налып, қасиетті бұлаққа келіп, көз жасын төккендіктен, осы маңда тамшылаған бұлақ пайда болыпты деседі.

Экспедицияның соңғы аялдамасы – Кербұлақ ауданы Шанханай елдімекені. Бұл Шоқанның мәңгілік орын тепкен жері. 1865 жылы сәуір айында ауыр науқастан  қаза тауып, жамбасы жерге тиеді. Соңғы демі таусылардан бұрын Тезек төренің үйінде жатып, әкесіне, шешесіне, туған-туысқандарына, ұмытылмайтын достарына соңғы сөзін жазып, мұңын шағады:

«Мені ауру жеңді, шаршадым, қажыдым, халім төмендеді, сүйген елім, сендерді барып көруге дәрменім қалмады. Бұл сендермен соңғы рет амандасып, құшақтасып, көрісетін соңғы хат. Өсіп-өнулеріңе тілек білдіремін. Айсары менен кейін жалғыз қалды, оны бұл жерде қалдырмай елге алып қайтыңдар, бар жүректеріңмен қуаныш беріңдер!» - дейді.

Шоқанның қолжазбалары Айсарының қолында болады. Оны Айсары өзімен бірге Сырымбетке алып кетеді. Шоқанның соңғы хатындағы өтінішіне орай, Шыңғыс арнайы керуен жасақтап, Жетісуға жібереді. Оның басы қасында Шоқанның інісі Жақып бар еді. Оның бір ерлік ісі – Жетісуға барып, Шоқанның жесірі Айсарыны Сырымбетке алып келеді. Жетісуға ол 25 кісімен барды. Олардың ішіндегі басшылары Сәдуақас, Имантай Сәтбайұлы (Қаныш Сәтпаевтың әкесі), Жолтабардың Мұқаны тағы басқалар болады.

«Жақыптың үш әйелі болды. Үлкені – Ману, Тұрлыбектің қызы, екіншісі – Ғақия, Керей Өсіптің қызы, үшінші – Айсары. Айсары ұзын бойлы, сұңғақ, сабырлы, салмақты адам еді. Жақып Айсарыны алып, қыс күні нағашылары Шорман ауылында қыстап,, жаз шыға ауылға келеді. Айсарыны Жақып Шыңғыстың үндеуімен алды, одан үш бала туды. Мәриям, Мәлік, Рабиға. Бірақ, Айсарының өмірі өзге әйелдеріндей асқақ емес, бағыныңқы болды. Шыңғыстың тірі күнінде Айсары реніш көрмеді. Айсарыдан қалған мұра – ауырып жүрген Шоқанның фото бейнесі. Онда Шоқанның жағына, иегіне сақал шығып, қырмызы мүсіні әдемі сақталған»,-дейді Шоқан зерттеушісі академик Әлкей Марғұлан.

Шанханайдан үш шақырымдай жерде, Шоқан ауылында кейінгі ұрпағы ұмытпай 1958 жылы мәңгі есте қаларлықтай үлкен ескерткіш орнатты, музей үйін ашты. «Алтын Емел» мемлекеттік  Шоқан музей-үйінің меңгерушісі Әбішева Сәуле Нұрқасымқызының айтуынша, музейдің жағдайы жақсы. Қазіргі талап бойынша экспонаттардың сақталуына жақсы жағдай жасалған. Қолжазбалары мен тұтынған заттары, кітаптары музейге келетін ел-жұртты қызықтырады.

Бұл ұлы Шоқанның еліне қалдырған ғылыми, әдеби мұрасының ұмытылмайтындығынығң бір белгісі екені анық.

 

Мұратбек Иманғазинов

Филология ғылымдарының докторы,

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры

 

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір