• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 07:58:58
Алматы
+35°

27 Қараша, 2018 Саясат

Керчтегі кілтипан: Украина мен Ресей арасында соғыс болуы мүмкін бе?

Тіпті Керчьтегі кілтипан қазақ теңгесіне де әсер еткенін кешегі қор биржасындағы көрсеткіштен көрдік..

Украина президенті Петр Порошенко кеше өзінің Жарлығымен «елді 30 күн әскери соғыс жағдайында» деп жариялады. Ал бәрі неден басталды? Жексенбі күні Украинаның "Бердянск", “Никополь”  және “Яны Капу” катері  Керчь түбегінде Ресейдің теңіз шекара аймағына қарай еніп кеткен. Мұны байқаған орыс теңізшілері бірнеше рет ескерту жасап, ақыры қарсы оқ атқан. Сөйтіп, украинның үш катері мен экипажы қолға түсті. Бірнеше украин сарбаздары жарақат алды. Оларға дереу дәрігерлік көмек көрсетілді. Қазір Украинаның үш катері Қырым көпірінің маңайында Керчь түбегінде қаңтарулы тұр. Бірақ бұл жағдай Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы президент Петр Порошенконың ұйқысын қашырды. Дереу елдің Қауіпсіздік кеңесі мүшелерін жинады.

«Елді 30 күн әскери соғыс жағдайында» деп жариялады. Ресми Мәскеу Ресейдің теңіз шекарасына енген украиндықтар туралы мәлімдеме жасап, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін шақырды. Бұл мәселені Ресей күн тәртібіне ұсынғанымен, ол қолдау таппады. Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің көбі Ресейдің “Украина әскери-теңіз күштерінің Ресей шекарасын бұзғаны туралы” мәселені талқылау ұсынысын мақұлдамады.

Енді не болар екен?! Бүкіл әлемнің назары қазір екі елге ауған. «Соғыс болып кете ме, жоқ па?», ол жағын ешкім айта алмайды. Бірақ жағдайдың ушығатыны енді анық. Өйткені украин теңізшілері ешкім баруға болмайтын жабық аймаққа еніп кетіп, қауіпті маневр жасаған. Ресей тарапы ұсталған теңізшілерге қатысты тергеу амалдары жүргізілетінін мәлім етті. Ал Украинаға әскери жағдай не үшін қажет? Елдің Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздің кеңесінің төрағасы Александр Турчиновтың айтуынша, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және агрессорға қарсы соққыға дайын болу үшін керек». Қазіргі уақытта Украинаның қарулы күштері әскери соғыс жағдайында дайындықта тұр. Бірақ ел президенті Петр Порошенко «бұл соғыстың басталғанын білдірмейді, тек қорғаныс үшін қажет» деп мәлім етті.

Ол өзінің Твиттердегі жазбасында «Будапешт меморандумына сәйкес оған қол қойған серіктес елдерге, ЕуроОдақтағы мемлекеттерге, сонымен қатар, Норманд төрттігіне Украинаның мүддесін қорғау үшін тиімді қадам жасауға» шақырды. Украинаның Сыртқы істер министрілігі «бұл Ресей тарапынан жасалған арандатушылық» деп мәлімдеді.

Алайда Петр Порошенконың 30 күндік әскери төтенше жағдай жариялауының астарында жатыр? Мұны сарапшылар әртүрлі бағалауда. Бірі «егер Жоғары Рада мұны бекітсе, президенттің қолында барлық нәрсе болады. Тіпті осы уақыт аралығында диктаторлық режим де орнатуы ықтимал» дегенді айтуда.

Жоғары Раданың депутаты Игорь Луценко «әскери жағдай енгізу Порошенконың келер жылғы президенттік сайлауына дайындықтың басы. Мүмкін, осыған байланысты ол сайлау күнін өзгертуі де ықтимал» деген пікірде. Ал украин парламентінің вице-спикері Оксана Сыроед «әскери жағдай халықтың назарын президент сайлауынан басқа жаққа аудару» деп есептейді.  

Ал әлемдік алпауыт елдер Керчьтен шыққан кілтипанға салмақты көзқараспен қарап, салиқалы саясат ұстанып жатқан сияқты. Өйткені мәселенің ушығуын ешкім де қаламайды. НАТО мен ЕуроОдақтың өкілдері Керчь түбегіндегі жағдай өте қауіпті, сондықтан оны салмақты көзқараспен шешу керек» деп мәлім етті.

Жалпы Украинаға 30 күндік әскери төтенше жағдай енгізудің қандай артықшылығы мен ерекшелігі бар? Украинаның «Әскери жағдай туралы» заңына сәйкес, бұл мерзімде азаматтардың конституциялық құқы мен бостандығы шектеледі. Азаматтарға көшеге шығып, жиналыс, митинг пен наразылық шараларын өткізуге жол жоқ. Қоғамдық ұйымдар мен партиялардың белсенді қызметіне уақытша болса да, тыйым салынады. Тіпті компъютерлік желі арқылы ақпаратты салуға да рұқсат етілмейді. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Украинаның бірқатар сарапшылары айтып отырғандай, бұл ең алдымен президент Петр Порошенкоға тиімді. Сарапшылар «бұл жағдай келесі сайлауда тағы да президенттік креслоға еркін келуіне үлкен мүмкіндік береді» деп отыр.

Қалай айтқанда да, Ресейдің теңіз шекарасы бұзылғаны анық. Бұл орайда  украинның ұсталған үш теңізшісі аға  лейтенант Андрей Драч, матрос Сергей Цыбизов және үшінші рангалы  капитан Владимир Лесовой Ресейдің теңіз шекарасын бұзғанын мойындады және Киевтің тарапынан арандатуға ұшырағанын растады. Ендігі жағдай қалай өрбуі мүмкін?  Анығы, оқиғаның алдағы уақытта соншалықты шиеленіспейтіні рас. Соғыс та бола қоймас. Осы мәселеге байланысты Ресей президенті Владимир Путинге телефон шалған Германия канцлері Ангела Меркель мәселенің мән-жайына қанық болған сияқты. Демек, шын мәнінде кілтипан орыс теңізшілерінен емес, Украина жағынан болуы мүмкін. Алайда, оқиғаға бірер күн өткеннен кейін тіл қатқан АҚШ президенті «Толыққанды хабардармыз. Жағдай соншалықты ушықпайды, Бәрі қалпына келеді. Ресей тарапы үш кеме мен жараланған және ұсталған 30-ға жуық теңізшілерді қайтаруы тиіс» деп жауап берді.

Бірақ Азов теңізіндегі Ресей-Украина текетіресі рубль мен гривнаға үлкен әсер етті. Кеше Мәскеу қор биржасында мұнай бағасының өсуіне қарамастан аталған екі елдің валютасының доллар мен евроға қарағандағы курсы күрт төмендеді. Тіпті Керчтегі кілтипан 3 күннің ішінде  қазақ валютасына да әсер етіп, 5 теңгеге құлдырады.

 ...Бүгінгі көрсеткіш 1 доллар– 371.03 теңге.

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір