• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:45:37
Алматы
+35°

04 Желтоқсан, 2018 Айтты-ей, бауырың!

31 желтоқсанның ұраны – «Халыққа нан және сауық-сайран»

Қазақстан деген елге тойлама десең күнәһар, қылмыскер, тіпті, террорист-исламист атанасың

Есіңізде ме, Кеңес кезінде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейтін еді ғой. Сол айтқандай мейрамның да түзігі мен бұзығы, дұрысы мен бұрысы бар. Атам қазақта «Арсызға күнде мейрам» деген қанатты сөз де бар. Ол аз болса, ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «Пенденің бәрі арманда, Ақымақтың ғана мұңы жоқ» деп ащы мысқыл тастайды. Бірақ әруағыңнан айналайын, сол жарықтықтар солай дей отырып, бізге мына жалған дүнияның бүкіл қызығы мен думан-тойынан, салтанатты мейрам, мерекесінен мүлде баз кешіп, ылғи бір қайғы-қасіретке толы ой үстінде күн өткізіңдер деген екен деп қалмаңыз. Бірақ, қай той-думанның да, сауық-сайранның да өз реті, өз орны, өлшеулі өрісі бар. Міне, біз соңғы 27 жылдан астам аралықта осындай мерекелерімізді өткізу барысында осы бір шет-шек, өлшем, ынсап дегеннен рабайсыз аттап, барып тұрған даңғой дарақылықтың, көрер көзге ерсі, үлкендер түгіл жастарға да жараспайтын жәркелештіктің, қисапсыз қаржы шашып, ұрпақтың ризық-несібесін ысырап етудің, рәсуалаудың, сол арқылы діні бір, ділі мен тілі бір, салт-дәстүрі өзімізбен сабақтас көрші республика жұртшылығының мазағына айналдық па деп те қауіптенеміз. Сенбесеңіз ақ қар, көк мұз, сақылдаған сары аязды түнде қарсы алатын Жаңа-жыл мейрамындағы істеген істерімізге, сөйленген сөздерімізге, қаржы-қаражатты судай шашқан жүріс-тұрысымызға өзіңізді сырт көздің орнына қойып, қарап көріңізші. Неткен ерсілік, неткен желбуаздық, желөкпелік, неткен даңғазашылық, дарақылық, неткен әуейілік!? Есі бар халық бетін басып күлерлік бұл ерсілік, бұл даңғазашылық Қазақстанға христианның осы жаңа жылы келместен тұп-тура бір жарым ай бұрын басталады. Ерсілік дейтін себебіміз қарашаның 10-15-ші жұлдызынан бастап ауыл, аудан, қала, облыс әкімдері өз дәргейіндегі мекемелерге, сауда, оқу орындарына, мектептерге исі мұсылман түгіл ешбір Шығыс елі тойлап көрмеген 31-ші желтоқсанның түн ортасында ішкілік ішумен басталатын Жаңа-Жылды қарсылау даярлығын бастауға әмір береді. Әмірмен бірге бұл безендіру, қарсылау жұмыстарында «жоғары жетістіктерге жеткендерге» (яғни, көбірек қаражат шашқандарға) сыйлық, бәйгі тағайындалады. Міне, қазынаның (осы күні бюджет дейтін болды ғой!) қаражатын орынсыз ысырап ету, рәсуа қылудың басы да осы әмір мен осы сыйлық, бәйгі жариялаудан басталатынын жыл сайын көріп отырмыз. Бұл Жаңа жыл қазір арзан ойын-сауықты, мән-мағынасыз әзіл-қалжың мен сайқымазақшыларды ауру адамның сандырағы сияқты сөздерге жазылған ән емес әнсымақтарды нәпақа қылып алған, әнші атанған әнші еместер, сазгер атанған сазгер еместер журналистердің орнын басып алып қазақ тілін орысшаның тікелей аудармасына айналдырған қазақ телеарналары үшін бүгінде нағыз майлы қоғаға айналды. Мемлекетімізде бұл жаңа жылды ең ұзақ, ең көп, ең уылдатып-шуылдатып тойлайтын да осы телеарналар. Екі ай бойғы сол ырду-дырдудың ішінде бір дұрыс қойылым болсайшы!... Әлгі әнші емес әнші-сымақтардың, сазгер емес сазгерсымақтардың сұхбаты, солардың қанша клип түсіргені, қандай клип түсіргелі жатқаны, көзін жыпылықтатып ауызекі орысшаны араластырып аузы-аузына жұқпайтын сайқымазақтар туралы езбе сөздер. Ал біздің ел басшылығында отырғандар бұ заманда теледидардың адам, қоғам санасына өте күшті әсер ететін қуатты құрал екенін білмеуі мүмкін емес. Біледі. Бірақ  телеарналар басшылығына ең әуелі қазақ ұлтына жаны ашитын, қазақы тілді, қазақы ділді, ата-бабаның салт-дәстүрін бірінші орынға қоятын ұлтшыл адамдарды тағайындаса, қазақтың ұлттық санасы оянып кетеді деп қорқатын сияқты.. Әрине, оларға мұндай саналылық бұйырар-бұйырмасын бір Аллаһ біледі. Біздің білетініміз қазекемдер өйтудің орнына қазақты бастан-аяқ әжуалайтын, кеудесінде намысы бар қазақ шыдауы мүмкін емес сайқымазақтардың күніге алуан түрін көрсетіп отыр..

Әрине, бұл Жаңа жыл әлемге әмірін жүргізіп отырған бірталай ел өзінің мемлекеттік мейрамы қып алған және оны өздері жаулап алған елдерге күштеп енгізудің арқасында бүгінде дүнияның түкпір-түкпіріне жайылып кеткен. Ал оны қазір өзің  ең өркениеттелгіш, ең жаһанданғыш, ең еуропаланғыш, ең бәріне төзгіш (толерантшыл), ендігі жерде бір-бірімен ағорқаз (ағылшын-орыс-қазақ (деген үш тілде сөйлеуге кіріскен 2050-ші жылы жер бетіндегі жұмаққа барабар өмір сүре бастайтын Қазақстан деген елге тойлама десең күнәһар, қылмыскер, тіпті, террорист-исламист атанып, осындай пәленбай жаңа-жылды өзіңнің Наурыз – Жаңа Жылыңда қоса темір тордың аржағында көзің жылтырап, сырттан келген «передачаны» қаужап отырып қарсы алуың да мүмкін. Ал осы 31-ші желтоқсанның сақылдаған сары аязды түнінің қақ ортасында бала-шағаңның алдында берсе ит ішпейтін ащы суды аспанға көтеріп, қақшиып тұрып қарсы алатын бұл жаңа-жылмен бірге қаншама қасіреттер болып жатыр десеңші. Алайда, тапқан-таянғанына, таба алмаса, пәленбай пайыз өсімімен несие алып той жасап, туған күн өткізуді бәсекеге айналдырып, бүкіл ақыл-есі дырдуқұмарлыққа ауып кеткен қазекем оған көңіл аударып, бұл жаңа жылдың осындай кесір-кесапаты мол екен-ау деп ойланудан да қалған. Өйткені, 28 жылдан бері біздің жоғарғы жақтағы кейбіреулер ұлтты осындай даңғазашыл, сауық-сайраншыл, ұлттық мүдде деңгейінде ешнәрсе ойлай алмайтын санасыз ұрпақ жасау саясатын шетелдік «советниктердің» ақылымен, білдірмей жүргізуде. Бұл залымдық саясат ертеде рим-грек мемлекеттерінде «халыққа – нан және сауық-сайран» («народу хлеб да зрелище») деген жасырын ұранмен жүргізілген. Атам қазақ «Арсызға күнде мейрам» дегенде осыны айтқан. Әйтпесе...

Әйтпесе, осы Жаңа Жыл мейрамы кезінде қанша адам арақ-шарапқа уланып, қанша адам мас күйінде көлік апатынан, бірін-бірі өлтіру, ұйықтап жатып өртеніп кету, шыршадан от шығу сияқты толып жатқан себептерден ажал құшып, мертігіп жатқанын қазекемдердің көзі көріп-ақ отыр-ау. Аязда үйден шығып кетіп көшеде құлап қалып, екі ауылдың ортасында үйіне жете алмай, бала-шағасымен адасып өліп, иіс тиіп өліп жатқандар қаншама? Иә Жаңа Жыл кезінде арақ-шарап, сыра, судай сапырылады. Қазақта және исі мұсылманда от шашып ойнау өте жаман ырымды аңғартатын еді!. Бүгінде ислам десе терроризм, экстремизм деген тіркеме сөздерді қосып айтып саясаткер атанып жүрген небір сұрқиялардан бастап өз дінінен безінген аңқау қазақ та, мәдениетті болу дегенді еуропалану деп білетін күнелткіш қазақ та Жаңа Жыл күні (кешіріңіз түні) аспанға от шашып ойнайтын болды. Жыл сайын түн ортасында бала-шағасымен от шашып ойнап жатқан қазекемдерге қарап тұрып М. Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Нысан абыз өз халқына ренжіп: «...Аспанда ақ бұлт пен қара бұлт шарпысып, телегей-теңіз дауылдатып ол келеді. Соны білмей бұл бала тас ошақтың басында от шашып ойнайды, от шашып ойнайды» – деп күңіренетін тұсын еріксіз есіме аламын. Сол от шашып ойнау кезінде қаншама жас сәбилердің қолы, бет-аузы күйіп, тіпті, саусақтары жұлынып кетіп, жарақаттануы, ең ақыры ажалға душар болып жатыр. Жыл сайын осы «Жаңа Жыл» мейрамының екі ай даңғазасы біткеннен кейін сол аралықта болған толып жатқан қайғы-қасіретті уақиғалар туралы мәліметтерді оқып отырып, сонда бұндай мейрам неменеге керек, мейрам дегеннің өзі бір жақсылықтың бастауы емес пе еді деп өз-өзіңмен ой шарпысасың. Және қайғы-қасіреті, өлім-жітімі, апат, жарақаты, мертігуі мол бұл ессіздік мерекені жабыла тойлауға қазақтар, олардың атқамінерсымақ, әкімсымақтары неге сонша құмар болды екен деп тағы күйінесің. Бұл өзі біздің дінімізге де, салт-дәстүрімізге де, тіршілік туралы ұғым-түсінігімізге де жат іс-шара ғой. Әлде қазақ басшылары оны атап өтпесек, әлде Америка, әлде Ресей, тіпті, Израиль сендер исламист, террорист, экстремист, өзін-өзі өлтіретін жанкештісіңдер деп бәле салады деп қорқа ма екен? Осыны көріп отырғанда ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері:

Қалай қарап жел соқса

Солай қарап майысқан

Біздің қазақ балдырған

Атқа мінген қазаққа

Патшалы орыс шен беріп,

Сыйлап есін тандырған,–дегенді бүгінгі қазақ басшыларына арнап айтқан ба дерсің. Иә, бірнеше отбасы, бірнеше мекеме бірігіп өткізетін бұл отырыс жасанды, жаттанды, бірінен-бірі айнымайтын ұқсас сөздермен тілек-құттықтаумен басталып, «сол үшін алып қояйық» пен ілгері қарай «дами» береді. Сол әрбір «алып қоялықтан» кейін адамдардың дауысы өзгеріп, бірте-бірте бей-берекет дарылдаған әнге ұласады. Міне, алда болатын бүкіл «қызық» осы ән салудан басталады. Сәлден соң еркегі дарылдап, әйелдері шарылдап айтатын бұл әндердің соңы айқай-шуға, бірін-бірі тыңдамай айтысатын дауға айналады. Мас адамдардың оңды-солды ерсі сөздері, былапыт, балағаттары да естіле бастайды. Үп-үлкен еркектер мен қатын-қалаштардың жүрісі бұзылып, теңселіп, тәлтіректей бастайды. Осы және басқа да айтып түгесілгісіз сөкет, өрескел қылулардың бәрі көбіне жас-сәбилердің, есін біліп қалған ұл-қыздың көзінше өтіп жатады.

Ендеше, біз атап айтқанда қазақтар осы Жаңа жыл, «Валентин күні», «Татьяна күні», «Хэллоуин» сияқты бүкіл жан дүниемізге жат жын мейрамдар  арқылы ұрпағымызға қандай тәрбие берудеміз? Бұл ел болашағына ұрпақ болашағына, қысқасы Қазаққа қарсы жасалып жатқан қылмыс емес пе және оны біреулер біле тұра жасап отырған жоқ па деп күдіктенсек несі күнә? Өйткені, қолында жердегі Құдай-сымағы берген билігі барлар әр той-думан, әр мейрам-мереке арқылы елдің санасын қалай қарай бұрып бара жатқанын, елге қандай бағыт, ұрпаққа қандай тәрбие беріп, ұрпақ санасына кімді, қай елді, қай дінді сіңіруге тырысатынын көрсетеді. Ал біз ұрпаққа тәуелсіз сана сіңірудің орнына азды-көпті бар санасынан айыратын әлгіндей мейрамсымақтармен салыстырғанда Ұлт ұлылығының, Ұлт Заңғарлығының, ұлт дегдарлығының шырқау шыңындай, әрі ғаламзерттеу (астрономия) ғылымының шамшырағындай ұлы Наурыз мейрамын «досқа – күлкі, дұшпанға – таба» қып өткізетініміз қалай? Өткен 2018 жылы Алматы көшелерінен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз құтты болсын деген жазу іздеп сарсаңға түскенбіз. Әлде бұл да АҚШ пен Батысқа, үй іргесіндегі Ресейге қарап әлі де алақ-жұлақ етіп, көзіміз ойнақтап тұратынының кесірі ме? Ендеше өйтетін не ретіміз бар? Ау, Наурыз мейрамын тек қазақ емес, әзірбайжан, өзбек, ұйғыр, түрік, чечен, қырғыз, қарашай, балқар және басқалары түп-түгел қасиетті, киелі мейрам деп біледі ғой. Ендеше... Наурыз мейрамының, әсіресе, Алматы, Астана сияқты қос шаһар мен облыс орталықтарында қалай сүреңсіз өтіп жатқанын, оған 31-желтоқсандағы Жаңа жылдағыдай ай жарым, екі ай бұрын даярлық жасалмайтынын, оның сонау бір жылдардағы сән-салтанатынан жұрдай болғанын еліміздегі қазақ, өзбек, ұйғыр, татар түгел көріп отыр. Олар үндемейді. өйткені, оларға не көрсе де «толерантты болу» тапсырылған. Ал көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түрікменстан бұл христиан Жаңа жылын да, Әйелдер күнін де қазекемдерше ырду-дырдулатып тойламайды.

Егер Қазақстанда 31-желтоқсан күнгі (түнгі!) христиандық Жаңа жылға даярлықтың басталу уақытымен салыстырсақ алдымызда киелі Наурыз мейрамына қалалардағы, әсіресе, Алматы мен Астанадағы даярлық бір жарым ай бұрын, яғни әнеугүні қаңтардың 15-терінен-ақ басталып кетуі керек еді ғой.

Енді Қазақстандағы бүкіл түркі жұртын күліп тұрып жылататын мына бір жағдайға қараңыз. Қазақстандағы орыстың жәй мұжығынан бастап «Славян орталығы», «Лад» деп аталатындарға шейін Ғайса пайғамбар дәл сол түні сағат 12.00-де туғанын біреу көзімен көріп, тууы туралы куәлігін толтырғандай «Рождество Христово» яғни, бұл біздің діни мейрамымыз деп тойлайды. Оларға қазақтың бала-шағасы мен кемпір-шалы қосылып мәз-мейрам болып жатады. Ал Наурыз келмей жатып Қазақстанның қазақ атқамінерлері әлдекімдерден қорқып, әлденеден өз-өзінен үрейленіп «Бұл – діни мейрам емес!», «Наурыз –діни мейрам емес», «Біз бұрын мұсылман емес едік», «Ислам діні бізге кейін келді!» деп науқас адамша еліріп сөйлей бастайды. Ал христиан діні орыстарға 10-шы ғасырдың аяғына таман ғана келді. Қазақтар ислам дінін олардан 200 жыл бұрын, яғни, 8-ші ғасырда қабылдаған. Орыстар 18-ші ғасырға шейін Жаңа жыл деген мейрамды да білген емес. Бұл Жаңа-жылды оларға 1700 жылдан кейін ғана І-ші Петр Еуропадан әкеп енгізді. Ендеше, біздің шонжарлардың ешкім сұрамай-ақ Наурыз діни мейрам емес деп өз-өздерінен шошынып шыр-пыр болатыны несі. Солар осылай деп қарап бір жағынан күлкің де келеді, бір жағынан байғұстар-ай деп аяп тұрасың.

Қалай десеңіз де әңгімеміздің басында айтқанымыз айтқан. Мейлің жеке адам бол, мейлің «Мәңгілік ел» бол, бірақ әр мейрамды, әр той-туманды дұрыс таңдап ала білуің керек. Ол үшін сол мейрам, мереке, той-думан сенің ұлтыңның жан дүниесіне, дүниетаным, ғұмыртанымына, табиғи болмысына, дініне, діліне, тіліне, ұлттық салт-дәстүріне, ұлттық мінез-құлқы мен ұлттық тәрбиесіне, тіпті дастарханға қоятын ішетін-ішпейтініне сәйкес келе ме? Соның бәрін ескеріп, екшеп, әртүрлі електен өткізіп барып өткерілуі керек. Ал Наурыз ше? Наурыз мейрамы бүкіл жер-дүние жаңарып, жасарып, ұйқыдағылар оянып, тіпті кейбір өлген жан-жануарлар тіріліп, қызу тіршілік, адамдар мен жан-жануарлар арасында бір-бірінің бойына қан мен жылу құятын ыстық махаббат басталатын өте киелі де, қасиетті күн ғой! Бұл күні күн мен түннің ұзақтығы сағаты мен сағаты, минуты мен минуты, секунды мен секундына шейін теңесіп дәл келеді. Алланың құдіреті емес пе! Ендеше, бүкіл алты әлем Жаңа жылды осы Наурыз мейрамынан бастаса да өте дұрыс болар еді ғой! Болмайтын себебі, бұл жер жүзінің қалаған пұшпағында ойран салып, дінін, тілін бөлшектеп сол арқылы сол елдің ризық несібесін талап алып отырған кәпір елдердің саясатына сай келмейді. Той-томалақтан бастап, ұлы думан, мерекелерге шейін саясаттың, тәрбиенің күшті құралы деп манадан бері осыны айтып отырмыз. Ерсі десеңіз де, мынау бір пантюркист, панисламист десеңіз де өз еркіңіз, бірақ бұл біздің жәй ғана пікіріміз. Қысқасы, Мейрамдардың Дұрысы мен Бұрысын, Естісі мен Есерін, Бұзығы мен Түзігін таңдап, тойлай білу де үлкен мемлекеттік іс екені рас.

 

Мырзан Кенжебай

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір