• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 03:14:09
Алматы
+35°

Қазіргі уақытта Украинаның Керчь бұғазындағы төтенше оқиғаға байланысты 30 күндік әскери жағдай енгізілгені белгілі. Алайда, осыған байланысты украиндық қоғамның пікірі екіге жарылды.  «Бұл Порошенконың алдағы болатын президенттік сайлау қарсаңындағы саяси амал-тәсілі» деп жатқандар да бар. Ақиқатына келсек, әскери төтенше жағдай кезінде елде митинг пен наразылық шараларын және көшеде шеру өткізуге болмайды. «Мұны алдын ала ойластырып, Порошенко әдейі істеп отыр» деп өзге партиялар да мәлімдеме жасап жатыр. «Біздің көшеге шығып, халықпен тікелей тілдесуімізге мүмкіндік бермей отыр» деушілер де табылуда.

Бірақ Bloomberg телеарнасына берген сұхбатында президент Петр Порошенко әскери жағдайдың президенттік сайлауға еш қатысы жоқ  және оның мерзімін ұзартудың керегі жоқ екенін айтты.

–Егер біз алдағы уақытта президенттік сайлаудың мерзімін ұзартсақ, оның жеңімпазы бір-ақ адам болар еді. Ол жеңімпаздың аты-жөні – Владимир Путин. Сондықтан біз оған еш мүмкіндік бермеуіміз керек, –деді Петр Порошенко.

Бұл жерде украин басшысы "президенттік сайлаудың уақытын тағы ұзартсақ, оған Кремль араласуы мүмкін" дегенді меңзеп отырса керек.

Украина президентінің айтуынша, «елде әскери жағдай енгізу  украин халқының конституциялық құқын бұзбайды. Бұл амал елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін керек».

Қазіргі уақытта әскери жағдай елдің 10 облысына 29 қарашадан бастап енгізілгені белгілі.

Ескерте кетейік, Қара теңіздің Керчь бұғазында Ресейдің теңіздегі мемлекеттік шекарасын бұзған украиндық үш  әскери корабльді орыстар оқ атып, тоқтатқан. Содан бері украиндық кемелер бұғазда қаңтарулы тұр. Ал ұсталған 23 теңізшіге қатысты сот - тергеу амалдары жүргізілуде. Ал Порошенконың 60 күндік мерзімдік әскери жағдайын Жоғары Рада депутаттары 30 күнге қысқартты. Әзірге президенттік сайлауға түсетіні туралы  Петр Порошенко мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ президенттік сайлауға әзірлік желтоқсан айының соңында басталады. Елдегі социологиялық «Рейтинг» тобының мәлімдемесіне қарағанда, қазіргі уақытта «Батьковщина» партиясының басшысы Юлия Тимошенконың рейтингі өте жоғары тұр. Болжамға сенсек, ол Порошенкодан 17 пайыз алда келеді. Ал президент Порошенкоға зерттеу барысы көрсеткендей, сайлаушылардың 10 пайызы ғана дауыс беруге дайын секілді.

 

 

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір