• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 10:02:25
Алматы
+35°

22 Сәуір, 2015 NEWS

ЕРДОҒАН ҚАЗАҚ-ТҮРІК ЛИЦЕЙЛЕРІН ЖАБУДЫ ҰСЫНЫПТЫ

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапарының біраз сырлары ашылып жатқанға ұқсайды. Бауырлас екі елдің арасындағы сауда-экономикалық...

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапарының біраз сырлары ашылып жатқанға ұқсайды. Бауырлас екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту керектігін айтқан, Түркістанда мешіт ашқан Ердоған, бір жағынан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа басқа бір мәселеде қолқа салу үшін келген тәрізді. Әйтпесе, баяғыдан айтылып жүрген Қазақстан мен Түркияның тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу туралы әңгімеден өзге тақырып табуға болар еді.

Жалпы, Түркиядан біздің үйренеріміз көп. «Түркі бірлігін» қалыптастыру үшін бірінші кезекте экономикалық байланыстар қажет десек, Түркия бұл мәселеде локомотив болуы тиіс еді. Қазақстанда Түркияға қажеттінің бәрі бар. Мұнай да, газ да, өзге байлықтар да. Бірақ, технология жоқ. Түріктерде ол бар. Бірақ, Түркия сондай жаңа технологияларын біздің нарыққа енгізбей отыр. Мәселен, қорғаныс саласында енді-енді жандана бастаған байланыстарды тіптен тереңдетсе, кибершабуылдардан қорғану, әскери техникаларды тек өздерінің электронды құралдарымен жабдықтау сынды тәжірибелерін айтса Түркияның шын бауырлас екендігі байқалар еді. Сондай-ақ, ғылымды өндіріспен байланыстырудағы Түркияның тәжірибесі де мықты. Ал, Қазақстанның транзиттік әлеуеті күшті. Қазба байлықтары мол. Әлемдегі ең ірі нарық саналатын Қытаймен көрші отыр. Біреуге жалға беріп отырса да өзі ғарыш айлағы бар. Көп ұзамай, бұл ғарыш айлағын орыстар жалға алуды тоқтатуы мүмкін. Сол кезде ғылымы мен технологиясы тәуір дамып келе жатқан, әскери мақсаттағы «Göktürk-2» жер серігін тек қана өз технологиялары арқылы жасап шыққан Түркия Қазақстанның ғарыш саласын дамыту үшін   қол ұшын созуға дайын болса қанекей?! Ондай әңгімеде айтылмады осы жолы. Керісінше, бізден «ердің артқы қасын сұрағанға» ұқсайды.

Біздің бұлай деуімізге де негіз жоқ емес. Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынастары билікке Режеп Тайып Ердоған мен командасы келгеннен бері тек декларативтік сипатта қалды. Өйткені, мемлекет басшылары соңғы жылдары бірнеше мәрте кездескенімен елді елең еткізер бастамалар айтылмады. Әрине, түрік халқында айып жоқ қой. Әңгіменің бәрі Ердоғаннан шығатын болса керек. Өйткені, бір жағынан ол біздің ішкі ісімізге араласа бастағанын байқатып алды.

Қазақстаннан еліне қайтып бара жатқанда Ердоған ұшақта журналистермен біраз әңгімелесіпті. Сонда бір журналистің «Қазақстанда «параллель құрылымның» 32 мектебі бар. Назарбаевпен кездесуіңізде бұл мектептерді мемлекеттердің бақылауына алу, жабу мәселесі талқыланды ма?» деп сұраған. Ал Ердоған болса: «Мектептердің 28-29-ы Қазақ мемлекетіне беріліпті. Алайда, оларда әлі де 10-15 пайыз түрік мұғалімдер бар. Қалғандары қазақ мұғалімдер. Бірақ, сол қазақтар мен түріктердің тығыз қарым-қатынас жасайтыны белгілі нәрсе. Назарбаевқа: «Бұлар мектептерді мемлекетке өктізді деп алдап жүр Сізді. Түріктердің орынына қызмет жасап жатқан қазақтар да «параллель құрылымның»  тәрбиесін көргендер»,- дедім. Бұл мәселеге қатысты арнайы әзірлеген деректерімізді де Қазақстан тарапына бердік»,-депті. Алайда әлгі журналистердің Н.Назарбаевтың қандай жауап бергенін сұрауға батылдары жетпепті. Қызық. Сөйтіп, Түркия президенті Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің жабылуына мүдделі екендігін ашық айтқан.

Әрине, Ердоғанға Нұрсұлтан Әбішұлының нақты қандай жауап бергені белгісіз. Бірақ, бізге белгілі бір жайт Ердоған мен Гүлен теке-тіресінде қарапайым азаматтар ұтылып жатыр. Режеп Тайып Ердоған президент ретінде Әзербайжанға жасаған алғашқы сапарында да, Пәкістанға, Африка елдеріне жасаған сапарында да бұл мектептердің жабылуы керектігін айтқан. Өйткені, Гүленнің жақтастары ашқан мектептер Түркия үшін «параллель құрылым» екен-мыс. Түркияға зиян келтіріп жатқан көрінеді-мыс. Бірақ, «жамағатқа» байланысты сот істерінде білім берумен айналысып жүрген азаматтардың терроризмге қатысы бар екендігін айғақтайтын бірде-бір дерек табылған жоқ. Бірде-бір қару немесе жарылғыш зат табылмаған. Керісінше, Түркия ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сирияға бара жатқан жүк көліктерін тоқтатқан полицейлер ішінен мол қару-жарақ тапқан. Баспасөз, бұл қарулар «Ирак-Шам ислам мемлекетіне» берілу үшін жіберілгендігін жазғаны бар. Бірақ, Ердоған билігі бәле-қаланың бәрін Гүленнің жақтастарына жауып, тергеу істерін бастатқан. Жарайды, бұл Түркияның ішкі мәселесі. Біз, қазақ-түрік лицейлеріне   оралайық.

Бұл мектептер 20 жылдан астам жұмыс істеп тұр. Лицейлердің жақсы білім беретіндігін Қазақстан билігі әлдеқашан мойындаған. Осы оқу орындарынан мыңдаған   жастар білім алды. Алды мемлекеттік қызметте тәуір лауазымдарға жетіп те үлгерді. Түрлі халықаралық пән олимпиадаларында да елдің атын шығарғандардың басым көпшілігі солар еді. Қазір қазақ-түрік лицейлері Білім және ғылым министрлігіне қарайды, Назарбаев зияткерлік мектептерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл мектептердің тұп-тұқиянын ҰҚК де тәуір зерттеп алды осы жылдар ішінде. Бірақ, мектептерді жабу туралы ресми бастама айтылмаған еді. Ал, Түркия президенті ақыры оны Назарбаевқа айтқан болып отыр. Демек, елдің ішкі ісіне араласып отыр. Өйткені, біздің елдің өз мүдделері, өз ұстанымы бар. Біздің де барлау, қарсы барлау құрылымдарымыз   тиісті жұмыстарын атқарып келеді. Егер қазақ-түрік лицейлерінен шын мәнінде қауіп төнер болса, баяғыда-ақ олар жабылар еді. Жабылған жоқ әлі. Демек, ол мектептерден қауіп жоқ Қазақстанға. Екіншіден, Ердоған АҚШ-қа, Еуропаға барса мұндай әңгіме айтпайды. Түрік мектептері Германияда, Францияда, Голландияда және өзге де еуропа елдерінде бар. АҚШ-та да бар. Бірақ, Ердоған бұл елдердің басшыларына ешқашан «ол мектептерді жабыңдар» демеді. Батыс елдерінің алдында мұндай әңгіме айтуға дәрменсіз болды. Ал, бізге өтініш қылды. Сонда, бұл қазақты көзге ілмеу ме? Қазақ баласы тәуір білім алмасын дегені ме? Әлде, даму жағынан Түркиядан артта қалған елдерге «ағалық» танытқан түрі ме? Мұндай, «ағалықты» қазақ құп көрер ме екен?! «Тебінгінің астынан ала балта суырысып, тепсінісіп келгенде, тең атаның ұлы едің..» дейтін жұртпыз ғой біз. «Түркі бірлігін» біреудіңбасшы, біреудің қосшы болуы деп бағаламаймыз. Бір-бірімізге жанашыр болсақ қана берекеміз артады. Ал, Ердоған Түркияны Орталық Азиядағы баурыластарынан алыстатып барады. Тұрғыт Өзал марқұмның жолын жалғастырмады ол.

Жалпы, «түркі бірлігінің» артқанын, Қазақстан мен Түркияның іс жүзінде бауырлас болғанын қалаймыз біз. Бәлкім, түріктердің алып корпорациялары, заманауи өнімдер шығаратын компаниялары, бай әулеттері Қазақстанға қаржы құймаса, бізге қызықпаса, кінә өзімізден де шығар. Алайда, қазақ пен түрікті жақындастыратын қадамдарға Түркияның қазіргі билігі де сирек барып жүр. Теріскейдегі көршіні «көсем» тұтқан біздің елдің де бетін бері қаратуға Анкараның беделі жетер еді. Бірақ, Түркия ондай қадамдарға бармай отыр. Біз, Түркияны күллі түркінің көшбасшысы ретінде көргіміз келгенімен, ресми Анкара   үшін тек геосаяси мүдде маңызды. Тіпті, Орталық Азияда үлкен экономикалық мүмкіндіктер бар екендігін де назардан тыс қалдырды. Ал, білім саласында тәуір табысқа жеткен мектептерді жабу ұсынысы Ердоғанның жанашырлығы емес. Өкінштісі де, сол.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір