• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:24:54
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2018 Саясат

Биліктегі жетпісінші жылғылар белді шенеунікке айнала бастады

Біз саясатта салмағы бар, бірнеше орта буын өкілін сөз етпекпіз

«Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық”.  Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Расында да тәуелсіздік алдық, енді оны баянды етіп келеміз. Содан бері 27 жыл өтті. Кешегі кеңестік жүйеден тәуелсіздік формациясына өткен шенеуніктер бүгінге дейін әкім, министр болып атқарушы қызметте жұмыс істеп келді. Олардың біразы зейнеткерлікке кетті, екіншілері әлі – әкім, қалғаны –парламентте, сенатта да отыр. Мемлекеттік басқару қызметінде аға буынның дәстүрін кейінгі ұрпақ жалғады. Олардың өзі тәуелсіздік алған тұста 20-25-тегі жігіттер болса, олардың жасының өзі қазір 40-50-ге келіп қалды. Міне ақылмен алған тәуелсіздікті баянды ететін де –осылар. Әрине дербестігіміздің нығаюына барлығының да көмегі тиді. Олардың барлығын да сөз ете беру мүмкін емес те шығар. Бірақ  тәуелсіздік мерекесі тұсында біз қазірдің өзінде саясатта салмағы бар, бірнеше орта буын өкілін сөз етпекпіз. Сонымен, олар кімдер?

Дәурен Абаеа, Ақпарат және коммуникация министрі

Дәурен Абаев

Таныстырып жатудың өзі артық. Биліктің барлық саяси мансабынан өткен жігіт. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметін басқарды. Президент әкімшілігінің баспасөз хатшысы, Елбасының кеңесшісі де болды. Ал қазіргі қызметі оның бар мүмкіндігі мен қабілетін бұрынғыдан да ашты десе де болады. Журналистерден қашатын шенеуніктер болады. Абаев ондай емес. Кез келген сауалға  салмақты жауап береді. Мәселені ұғындыра түсіндіріп бере алады. Біздің көп министрлерге осы жағы жетіспей жатады. Абаевты  жұртшылық өте ашық әрі демократ министр ретінде бағалайды.

Мәулен Әшімбаев, «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары

Мәулен

Ол – текті әулеттің тұяғы. Ұзақ жыл Президент әкімшілігінің Қауіпсіздік кеңесі орталығында жұмыс істеп, сонда жетекшілік қызмет атқарған тұлға. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болды. Мықты қызметтерді атқарған ол арасында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін қайраткер азамат қазір «НұрОтанда» ұйымдастырушылық  қабілетін айрықша көрсетуде. Президенттің тапсырмасын орындауда жетекші партия еліміздегі негізгі саяси ұйымға айналды. Қазір «НұрОтанның» араласпайтын саласы жоқ. Бұл істе бүгінде Мәулен Сағатұлының еңбегі ерен. Демек  артынан ешқашан сөз ермеген, жұмыста таза және адал орындайтын Мәулен Әшімбаевтың  әлі де әлеуеті мол. Назарбаев партиясының бірінші орынбасары болған  қайраткерлердің барлығы да саяси қызметте өз орнын тапқандар және болашақта мықты жерге баратындар деп нық болжам жасауға болады.

Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі

Бауыржан

Ол да – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. «НұрОтаннан» Алматыға әкім болып келді. Алғашқыда оның басқарушылық қызметіне күмәнмен қарағандар да болған. «Бұрын басқарушылық қызметте болмаған жас бала» дегендер кездесті. Бауыржан Қадырғалиұлы әкім болғанына бірнеше жыл өтпей жатып-ақ күмәнді жойды, тұманды сейілтті. Алматы қазір таза, серуен құратын жүргіншілерге арналған арнайы жолы бар шырайлы шаһарға айналды. Президент әкімшілігінде жүргенде әлемдік анимациялық фильмдердің жауһарларын қазақша сөйлеткен бала бүгін оңтүстік астанада  осал еместігін дәлелдеді. Алматы көркейе бастады. Жерасты өткелдері әдемі, ажарлы кейіпке енді, ұлттың сазды әуені ойнап тұрады. Алдағы екі жылда рухани жаңғыру аясында Боралдай сақ қорғаны музейі мен басқа да айшықты жобалар іске қосылады. Байбек келгелі шырайлы шаһар жаңғырып жатыр. Алматы  миллион туристер келетін қалаға айналмақ.

Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары

Арман

«НұрОтанда» жүргенде де Байбекпен бірге болған Арман Қырықбаев қазір Алматыда ұлттық жобалардың ұтымды жарасым табуына ұмылысын байқатуда. Алдағы екі-үш жылда Байбек пен Қырықбаевтың қарымды нәтижелері  өз нәтижесін беретініне бек сенеміз.

Жеңіс Қасымбек, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі

Жеңіс

Бұл қызметке әбден ысылып барып министр болған Қасымбековтың неізгі мамандығы сәулетші-дизайнер. Екінші мамандығы –экономист-менеджер. Көлік және коммуникация вице-министрі, министр және осы министрліктің жауапты хатшысы болды. Қазіргі қызметіне дейін аталған министрлікте вице-министр болып істеді. Ол Қазақстанға инвестиция тартуда орасан зор үлес қосқан азамат. Ел экономикасының өсуі мен өндірісті өркендету мәселесі қазір дәл осы Қасымбектің қарышты қадамына байланысты болып отыр. Оның бұл саладағы еңбегі еш кеткен жоқ. Президенттің «Нұрлы жер», « «Нұрлы жол», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен оның жай-жапсарының халыққа түсіндірілуі тікелей Жеңіс Махмұтұлының мансаптық лауазымымен тікелей байланысты. Сондықтан салмақты саланы басқарып отырған Жеңіс Қасымбектің саяси қызметтегі жеңісті жолдары әлі жалғаса береді  деп білеміз.

Дархан Қалетаев, Дін істері және азаматтық қоғам министрі

Дархан

Негізгі мамандығы – тарихшы. Бірақ саяси қызметтегі мансабына назар аударсақ, белді қызметте болғанын көреміз. Оның үнемі жетекші саланы басқарып келе жатқанын ескерсек, Қалетаевтың қадамы әлі ұзай түседі. Арасында «Самұрық-Қазынаға» барып, атқарушы қызметін де атқарып қайтты. Тіпті бірер жылдан астам уақыт бойы еліміздегі жетекші партия «НұрОтан» төрағасының бірінші орынбасары да болды. Одан кейін Сенатқа барды. Қазір - министр. Дін саласы негізгі орынға шығып, әртүрлі ағымның арынан басу  керек  боп тұрған сәтте құрылған министрлікті басқарған Қалетаев  қазір нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Жалпы бұл  министрлік өз миссиясын өтегеннен кейін таратылуы да мүмкін. Бірақ қашанда желдің өтінде жүретін Қалетаев жұмыссыз қалмайды. Өйткені онда тәжірибе мол. Президент әкімшілігінде ұзақ уақыт жұмыс істеген Қалетаевтың билік баспалдағы төмендемейтініне біз сенеміз.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі

Алтай

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Оған дейін бірнеше жоғары оқу орнын аяқтаған Көлгінов қызметінде кәсіптік саланы да басқарып көрген. Саяси мансабында бірнеше жыл Президент әкімшілігінде жұмыс істеп, соңғы 6-7 жылда бірыңғай Батыс Қазақстанда әкімшілік қызметті басқарып келе жатқан ол бұл өңірдің жағдайын өте жақсы біледі. Аймақтың дамуында айрықша менеджерлік қасиетін көрсетіп келе жатқан Алтай Сейдірұлы туралы жылы лебіз көп. Демек жұртшылықтың көзқарасында жағымды сипат қалдырған әкім әлі де әлеуетін көрсетуге мүмкіндігі мол.

Мақсат Ысқақов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

Мақсат

Мақсат та – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Шетелде оқып, қазір батыс аймақта  қызмет етіп жүрген ол бас прокурордың көмекшісі болды. Тіл комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық кездесуінде көсіле сөз сөйлеп, Президенттің алдында көзге түсті. Бірқатар электрондық бұқаралық ақпарат құралдары Мақсат Ысқақовты Қазақстанда ең шебер  сөйлейтін он шенеуніктің көшбасшысы ретінде таныды. Ол «шешен шенеунік» атағын да алды. Демек, саяси мансаптағы оның көлешегі әлі де алда деп ойлаймыз.

 

 

Жақсылық Мұқашұлы Омар, Өскемен қаласының әкімі

Жақсылық

Алғашында Ақпарат министрлігінде  істеп, сонан кейін «Арна медиа» холдингінде болған жігіттің қалған саяси жолы мемлекеттік қызметте өткен. Арасында ол Алматы облысы әкімінің орынбасары болып та қызмет істеп үлгерген. Журналистер  жағымды сипаттағы шенеунік ретінде санайтын Мұқашұлының мансабы негізінен Кенді Алтай өмірінде өткен десек те болады. Алматы облысында әкімнің орынбасары болып жүрген тұста әлеуметтік желіде аймақтың жаңалықтарын ұдайы беріп отырған Жақсылықта шынында жаңашылдық бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Үшаралда туып, Кенді Алтайда мемлекеттік лауазымдық мансабын жасаған жігіттің жолы жеңісті боларына күмән жоқ.

***
Біз қазіргі уақытта тәуелсіздігімізді баянды етуде бастамаларымен көзге түсіп, әлеуметке өзінің әлеуетін көрсетіп билікте жүрген жетпісінші жылғылардың біршамасын ғана сөз еттік.  Басқалар да бар. Бөле жарды деуге болмас. Тек ұлт үшін ұтымды істер көбірек жасалса дейміз...

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір