• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:18:38
Алматы
+35°

24 Сәуір, 2015 NEWS

"ҚАЗАҚТАРҒА РАХМЕТ АЙТАТЫН КҮН" ҚАЙ КҮН БОЛУЫ ТИІС? (САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІ)

Бүгін  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде "Қазақстан ежелден осылай көпұлтты болды деп санайтындар...

Бүгін  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде "Қазақстан ежелден осылай көпұлтты болды деп санайтындар тарихты білмейтіндер" дей келе, Қазақстанды мекен ететін барлық этнос өкілдеріне жаңа мерекені - "Қазақтарға рахмет айту күнін" ұсынды. Сонымен қатар,  Елбасы еліміздің халқы өткен ғасырда орын алған оқиғаларды есте сақтауы керектігін атап өтті. Қазақстанда мемлекетқұрушы ұлттың статусы жайлы бұған дейі де баспасөз беттерінде айтылып келген болатын. Осы ретте, біз Елбасының ассамблея сессиясында ұсынған бастамасына орай белсенді әлеуметтік желі пайдаланушыларына сауалнама жолдаған болатынбыз. Аталмыш сауалнама қорытындысын назарларыңызға ұсынамыз.

Ауыт Мұқибек, ақын:

-Өте дұрыс айтылған сөз дер едім. Қазақстан халқы ассамблиясына шынында бір мереке керек-ақ! Мен оған осыған дейін "Жаңа жыл" деп тойланып келген "Бірінші қаңтарды" ұсынар едім. Шынын қуғанда біздің Жаңа жыл мерекеміз 22-наурыз. Қазақтар сол нәубет жылдары сүргінге ұшырап, зорлықпен жер аударылған халықтарды, ең бастысы, қақаған суықтан, үсіктен аман алып қалды. Сондықтан 1-қаңтарды сол Қазақтарға рахмет айту күні етіп белгілесек, бұл күн мереке ретінде тез қабылданады деп ойлаймын!.

 

Қанат Әуесбай, "Қазақстан 2050" жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры:

 - Меніңше, "рахмет айту күні" 30 мамырға белгіленсе өте орынды. Оның ертесіне 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болады. Қазақ жері сонау қиын-қыстау жылдары талай ұлт пен ұлысқа пана болған мекен. Ендеше қуғын-сүргінге ұшырап, жапа шеккен халықтардың қазақ еліне алғыстан өзге айтары жоқ болуы тиіс. Азапталып, айдалып келген ұлттарға өзі қиналып отырса да, соңғы нанын бөліп берген қазақтың меймандостығы, кең құшақтығы, жанашырлығына еліміздегі түрлі диаспоралар 30 мамыр күні разылықтың ілтипатын көрсетсе, ертесіне 31-і күні қазақпен бірге қуғын көрген бабаларының рухына бірге тағзым көрсетер еді. Дəл осы 30 мамыр күні қазақтар да өз кезегінде тосылып қалмай, қазақ жерінің шаңырағын бірге көтерісіп, уығының нық тұруы үшін үлес қосқан барша ұлт пен ұлыстарға ақ алғысын жаудырса да құба-құп болар еді

Жылбек Сенбекұлы, журналист:

 - 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні екеуі мағыналық жағынан бір емес пе?! Мереке күндерін көбейте беріп не істейміз?

Қасым Аманжолұлы, журналист:

- Қолдаймын. Негізі дұрыс бастама. Тек соңы басқаша өзгеріп: "тағы бір күнді орыс халқына алғыс айту күні етейік" демесе болды. Және президенттің бұл сөзін ресейшіл топтар этносаралық жікке бұруға тырысуы мүмкін. Бастама көтерді ме, енді биліктің табандылығы маңызды. Тағы ең соңында менің уайымым: осының барлығы қазақтарды сайлау алдындағы алдаусыратуға айналып кетпесе екен...

Айдос Жұқанұлы, журналист:

Әркім қалаған уақытында рахметін айтар. Мысалы, кейде, көбіне жұма күндері Аллаға рахмет айтамыз. Ара-тұра ата-анамызға бұл дүниеге әкелгені үшін, тәрбиелеп, бағып-қаққаны үшін рахмет айтамыз. Рахмет айту - сауап болса, 365 күнде Елбасыға үзіліссіз рахмет айтатын "Хабар" агенттігі ұжымымен ұжмаққа баратын шығар.

Ахмет Аляз, КАТИАД - қазақ-түрік кәсіпкерлер одағы директоры:

 - Сол ұлттардың Қазақстанға аяқ басқан күнін қойса дұрыс болар еді

Әміржан Қосанов, саясаткер:

- Әрине, қазақ халқының басқа ұлт өкілдерін өз жерінде паналатып, кеңдік танытқанын мойындау, оны әлемге паш ету, керек десеңіз, ол үшін алғыс айту - тарихи тұрғыдан керек нәрсе. Ұсыныс айтылды. Оны қолдау керек. Мәселен, сол күннің атауын, қай формада аталып өтетінін және тағы басқа жайттарын қоғам боп ақылға салу қажет. Бір нәрсеге қарсымын. Бұл күнді Ассамблеяның құрылған күнімен байланыстырудың еш қажеті жоқ! 20 жыл бұрын ғана құрылған Ассамблеяның сан ғасырлық тарихы бар ол оқиғаларға еш қатысы жоқ!

Серкан Хастүрк, "Қазақстан-Заман" халықаралық газетінің бас директоры:

- Елбасының бұл ұсынысы әрине құптарлық. Қазақстанның нанын жеп, ауасын жұтып жүрген өзге ұлттар арасында мейірімділік пен татулықты, бірлікті арттыратын,  бір-бірлеріне жақындастыратын мұндай мереке керек бізге. Барша ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақстанға қарыздар екені рас. Сондықтан біз қолдаймыз, құптаймыз.

Дайындаған Нұргелді Әбдіғани

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір