• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:40:36
Алматы
+35°

24 Желтоқсан, 2018 Экономика

Гигантоманияға құштар біздің үкіметтің алдында күрделі сұрақтар тұр

Қазақстан да осы уақытқа дейін қазақтың «көрпеңе қарай көсіл» деген нақылын ұмытып, гипер жобаларға құмарлық танытып келеді.

Кеңес одағы жылдарында мемлекеттің экономикасы гигантоманияға құштар болды. Бір орталықтан басқарылған жоспарлы экономикада олар азды-көпті тиімділік көрсетті, бірақ нарықтық экономикаға көшкенде солардың бәрі адыра қалды. Өйткені, нарық гигантоманияны сүймейді, ол нақтылыққа икемділікті ұнатады.  

Сол сияқты Қазақстан да осы уақытқа дейін қазақтың «көрпеңе қарай көсіл» деген нақылын ұмытып, гипер жобаларға құмарлық танытып келеді. Мәселен, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» халықаралық теміржол маршруты жобасына бастамашы болып, ақыры оны 2014 жылы іске қосты. Әріптестеріміз болып отырған екі елдің тауарлары да нарықты жарып, ағылып жататындар емес. Оған Қазақстан арқылы Ресей қосылғанда да тауарлары біртекті, бәрінің де қаузайтыны негізінен табиғи ресурстар. Осы жолмен Қазақстан тауарлары Парсы шығанағына тікелей шығатын болады деп жалаулатқан едік. Сол дәмеміз ақталды ма?

Жуырда Мәжілістегі Қазақстанның халықтық коммунистері партиясы фракциясының атынан депутат Айқын Қоңыров Үкіметке сауал жолдап, «Осы жолдың жобалық қуаты 2020-шы жылдары жылына 15 млн. тоннаға жетеді деген едіңіздер, ал биылғы 10 айда бар болғаны 1 млн. тонна ғана жүк тасымалданған. Соның ішінде транзиті 200 мың тоннаға да жетпейді. Осының себебі неде?» деген сауал қойды.

Сонымен бірге депутат қазақстандық учаскесі келесі жылы толық іске қосылатын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автомобиль коридорының тиімділігіне күмән келтіреді. «Бұл трасса біздің республиканың іші үшін өте маңызды, ел аймақтарының бір-бірімен тығыз қатынасына қолайлы болып келеді. Бірақ транзиттік маршрут ретінде пайдасы бола қояр ма екен? Біз негізінен оның транзиттік әлеуетінен үміт етіп кірістік емес пе?  Ал жолдың транзиттік қуаты Ресей аумағындағы учаскесі іске қосылғанда ғана толық күшіне енеді. Алайда ресейліктер өздеріне санкциялар жасап жатқан Еуропа елдеріне жол тартуға асығатын емес, оны ең жылдам дегенде алдымыздағы 5 жылда ғана бітіруі мүмкін. Бірақ бұл уақыттарда Қазақстанға жол салуға қарыз берген халықаралық банктер қарап тұра ма? Оның үстіне қарыздың өзі күнде өсіп бара жатқан доллармен берілсе... Айналып келгенде бәрі мемлекеттің бюджеттің бүйірін теспей ме?»,-деді.  

 ҚХКП фракциясы осы мәселені көтере отырып, үкіметті осы тығырықтан шығаратын жол іздеуге шақырды.

Сол тиімді жол табыла қояр ма екен? АҚШ-тың Қытай тауарларының тынысын тарылтып, баж салығын арттырып жатқанынан үміт етуге бола ма? Сол жаққа ағылатын мол дүние Қазақстан арқылы Еуропаға ағылуы мүмкін бе? Осы перспективаның орындалуы мүмкін болса, онда Ресейді өз учаскесін тезірек аяқтауға көндіру керек қой. Ол біздің Үкіметтің қолынан келе ме?

 Міне, гигантоманияға құштар біздің үкіметтің алдына қазір осындай күрделі сұрақтар тартылып тұр.

 

С.Елеу, сарапшы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір