• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

25 Желтоқсан, 2018 Айтты-ей, бауырың!

"Бейбіт күнде атылған оқтың өтеуін кім береді?"

Жаның жаннаттық болсын, бауырым!

Жаның жаннаттық болсын, бауырым!

Иә, бұл баланың сабаққа деген құлқы болған жоқ. Бірақ, білімге деген ниеті болмады деп айтуға болмайды. Сабаққа бармайды. Ақыры оқудан да шығып кетті. Кейін өзінің ауылына қайтты. Ауылы Кентау жақта. Бірнеше күн бұрын ғана суыт хабар естіп, жүрегім езіліп кетті...

Суреттегі жігітке қараңызшы, 1996-97 жылғы жігіт. Әлі өмірінің бір қызығы басталмаған өрімдей жас жігіт. Қазақтың әп-әдемі баласы. Біреудің көз қуанышы, бір қыздың жолдасы болатын, біреудің досы-бауырым, біреудің тентек інісі еді.

Мән-жайды естіп төбе шашым тік тұрды. Оққа ұшып қаза тапты. Сондағысы, атып кеткен жігіттер 1999 жылғы «бандиттер» екен. Жастары әлі 20-ға жетпеген.

«90-жылдар» деген түсінік біз үшін «бандиттерді еске алатын» кезеңімен есте қалды. Ол өзіне бір дәуір болды. Қоғам соған алып келді. Ал қазір ше? Қазір кімге не жетпей жатыр, қолға қару ұстап, жасың жиырмаға жетпей жатып қолыңды қанға малатындай не күн туды?

Жігіт болған соң «көше көру» деген түсінік болады. Мен оны қолдаймын. Ер болғаннан кейін, үйіңде үймелеп жатқанша, көшеге шығып таяқ жегенің, мұрның қанап қайтқаны қалыпты әрі түсінікті мәселе. Тек, қару ұстап «атып тастадым» деген атақ па әлде абырой ма?

20 жасты қойып, 40 жасқа келсе де елімізде өзге ұлттардың қорлығына, олардың мысына шамамыз жептей жүрген жоқ па? Олардан қорқу емес, біз өзіміздің заңнан сондай қорқамыз, тіпті біздің заң біздің мүддені қорғамайтындай көрінеді. Өзге ұлтқа саусағың тисе сотталып, түрмеден шығасың. Ал қазақ-қазақпен қырыла берсін, оларға бәрбір секілді. Бізге бәрін сойып салатын ЗАҢ керек! Заңнан елдің аумағындағы барлық азамат қорқуы керек және құрметтеуі міндетті. Ол – заң! Міне, «ой біздің заңды қойшы!» дегеннің арты осылай өлімге апарады.

Орыстан сіңген «бандиттік өмір», «атып кету», «сындырып тастау» деген түсінік ендігі түп тамырымен жоғалып кетуі керек еді. Бізде әлі бар. Таңданатын ештеңесі жоқ, ауылда жасы отызға жақындап қалған жігіттер жұмыссыз жүріп осылай бопсалап, қорқытып ақша алады. Не өмір? Қандай 2030? Қандай даму? Қандай «Рухани жаңғыру»?

Бір баланың өліміне ұлттың не мемлекеттің дамуы қарап қалған жоқ деп ойласаңдар, қатты қателестіңдер. Мемлекет үшін ең бірінші орында оның экономикасы не мәдениеті емес, адами капиталы жоғары тұру керек. Адамның тағдырына араша түсе алмай отырып, ол мемлекеттің дамуы туралы қалай сөз болмақ?

Қазаның арты қайырлы болсын! 
«Мың өліп, мың тірілген» халықтың ұрпағымыз. Онсыз да мыңымыз ұлт үшін, азаттық үшін кеудесін тосып оққа ұшты. Өлгенім енді тірілді ме деген кезде, өлгендердің артынан өлмек жасаудың қажеті қанша? Батырың өлсе жау қолынан өлді, алашың қырылса жаудың қолынан, сатқынның қолынан кетті. Айдың күні аманда ерегес үшін қазақ қазақты атып тастаса... Ащынбай қайтесің!

Рүстем Қайыртайдың «қыратын жоңғар да жоқ, гермен да жоқ, сонда да жетімі мен жесірі көп» деп айтыста түйіндегені бар еді. Бейбіт күнде атылған оқтың өтеуін кім береді?

Марғұлан Ақанның фейсбук парақшасынан алынған

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір