• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
19 Қазан, 04:10:45
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

26 Желтоқсан, 2018 Экономика

«Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер орын алмаса игі. Халықтың 450 млрд теңгесі «ҚазАгроға» берілмек

Ал ауыл шаруашылығы саласына салынған қаржы қайту үшін үкіметтің кепілдігі болуы керек деп есептеймін. Онсыз бұл қаржы желге кеткенмен тең

Еліміздің Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңесі «ҚазАгро» ұлттық холдингіне Бірыңғай жинатаушы зейнетақы қорынан 450 млрд теңге алып беруді мақұлдап отыр. Бұл бөлінген қаржыны «ҚазАгро» холдингі жыл сайын 10 пайыздық үстеме төлей отырып, 15 жылдың ішінде зейнетақы қорына қайтарып беретін болады. Ұлттық қорды басқару кеңесі мамандарының пайымдауынша, бөлінген қаржы ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін азайтуға, ауыл шаруашылығына арзан несие беруге, валюталық тәуекелдердің азаюына көмектеседі. Әйтесе де сала мамандары зейнетақы қорындағы қаржыны ауыл шаруашылығы саласына бөлуде баса назар аударатын жайттардың бар екенін алға тартты.

Ауыл шаруашылығы саласын зерттеп жүрген мамандардың байыптауынша, қазірде екінші деңгейлі банктерден және шағын қаржы ұйымдарынан несие алып, оны өтей алмай жүрген шаруалардың көрсеткіші 74 пайызға жеткен. Бұл ретте «Барометр» талдау орталығының қаржыгері Арман Мусиннің айтуынша, бізге болашақта шаруаларды қаржыландыруға жаңаша леп енгізу қажет. «ҚазАгро» холдингінің де ұстанып отырғаны сол бұрынғыша саясат екенін алға тартқан маман «егер ұстанған бағытты өзгертпесек, бөлінген қаржы зейнетақы қорына түсім әкеле қоймайды» дейді.

«Қазір екінші деңгейлі банктерге, шағын қаржы ұйымдарына борышкер шаруалардың саны артқан. 2010 жылдары екінші деңгейлі банктер шаруаларға 3,8 пайызбен 10 жылға несие беріп келді. Бұл ретте шаруалар екінші деңгейлі банктерге бизнес жоспарын бекіттіріп, агробизнесті дамыту мақсатында осындай арзан несие ала алды. Ал 2017 жылдан бастап банктер 5,5 пайызбен несие ұсына бастады. Бастапқыда мұндай несиені шаруалар тарпа бас салғанымен, қазір қайтаруға қиналып жатыр. Себебі агро несие тәуекелі көп жүйе. Несие алғанда шаруалар егіннен түсетін пайдаға сеніп несие рәсімдейді. Енді бірі мақтадан түсетін түсімге сенеді. Келесі бірі мал басының өсіміне сенеді. Түсімдері азайып, керісінше, шығын көбейіп кетсе, шаруаларға несиені төлеу қиын болады. Сондықтан бұл арада осындай тәуекелдерді де ескеру керек. Өз басым «ҚазАгро» осындай жайттарды ескеріп алып барып қана қаржыны тиісті жеріне жеткізеді деп ойлаймын. Болашақта шаруаларға берілетін несие көлемін 3,2-3,5 пайызға түсіру қажет деп есептеймін. Осылай болатын болса, шаруалар да несие алу тәуекелінен қорықпайтын болады»,-дейді қаржыгер Арман Мусин.

Қаржыгердің айтуынша, бізде кезінде «Агро несие» корпорациясы құрылған кезде ауыл арзан несиемен қамтылады деген үміт басым болған. Өкінішке қарай, бұл корпорацияның капиталы аз болды. «Корпорация тек санаулы жобаларды ғана қаржыландыра алды. Алдағы уақытта «ҚазАгро» осы жайттарды да ескергені жөн» дейді маман.

«Агро несие» корпорациясы ауыл шаруашылығы саласы бойынша үлкен жобаларды несиелендіре алмады. Аталмыш корпорация арқылы бірлестіктерге берілген несиенің көлемі аз болды. «Агро несие» бар-жоғы 30-35 жобаны ғана қаржыландыра алды. Болашақта «ҚазАгро» осы олқылықтың орнын толтырып, ауыл шаруашылығына қатысты ірі-ірі жобаларды қаржыландыра алса жөн болар еді. Ауылға инвестиция салудың машақаты көп. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаржы толықтай түсіммен қайту үшін алдымен ауылдың инфрақұрылымын дамытуға, ауылда кәсіпкерлік орта қалыптастыруға, шаруалардың кәсіпкерлік қабілетін арттыруға қаржы бөлінуі керек. Ауылда бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік орта қалыптаспаса, шаруалардың қолына қанша жерден қаржы бергенмен, олар оны ұқсата алмайды. Сондықтан бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін қаржыны тікелей жергілікті әкімдіктер қатаң бақылауға алуы қажет. Қаржы қолдан-қолға өтпеуі тиіс. Тікелей холдингтен жергілікті әкімдіктің бюджетіне аударылып, сол арқылы шаруашылықтарды дамытуға бөлінсе жөн болар еді. Холдингтен банкке өтіп, банктен несие корпорацияларына өтіп, одан несие ұйымдарына өтсе, бұл қаржы шашырап, нақты істі жүргізетін шаруалардың қолына тимей, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер орын алып, тамыр-таныстыққа жол берілуі де ықтимал. Сондықтан қаржы тікелей істі жүргізетін шаруаға, кәсіпкерге, агробизнеске жетуі үшін жергілікті әкімдіктердің бақылауы тетікке қосылуы тиіс»,-дейді Арман Мусин.

Жалпы, зейнетақы қорындағы қаражатты ауыл шаруашылығына емес, елдің инфрақұрылымын, инновациялық әлеуетін дамытуға салудың әлдеқайда тиімдірек екенін алға тартқан мамандар да жоқ емес. Мәселен, экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, қордағы қаржыны ұлттық экономиканы дамытуға бөлген дұрыс еді.

«Зейнетақы қорындағы қаржыны ұлттық экономикаға серпін беріп, қарқынды жұмыс істеп тұрған салаларға салу керек шығар. Отандық өнім өндіруші салаларға, инновациялық бағытты ұстанған салаға, инфрақұрылымды дамытатын салаларға қаржы берудің жемісі бар деп ойлаймын. Ал ауыл шаруашылығы саласына салынған қаржы қайту үшін үкіметтің кепілдігі болуы керек деп есептеймін. Онсыз бұл қаржы желге кеткенмен тең»,-дейді ғалым.

Деректерге жүгінсек, дамушы және дамыған елдердің біразында агро саласына бөлінетін қаржы біздің елмен салыстырғанда 8 есеге көп. Мысалы, біз асыл тұқымды мал басын жиі сатып алатын Австралияда ет және сүт шаруашылығын дамыту үшін жыл сайын шаруаларына 1,5-2 пайыздық үстемемен 271 млн доллар қаржы бөлінеді екен.  Сол тәрізді Малайзияда асыл тұқымды мал өсіру үшін шаруаларына берілетін арзан несие үстемесі 1,5 пайызды ғана құрайды.

Бұған қатысты ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Жанәбіл Ақаев «Дамыған елдердегі агро саланы өркендету жағы өте жақсы дамыған. Мен өзім Австралияның фермерлерімен 2017 жылы екі мәрте кездестім. Сонда олардың мал бордақылайтын алаңдарын көріп, мал басына беретін жем-шөбін көріп, агротехникаларының базасын көзбен көріп таңырқап қайттым. Олардың өкіметі ауыл шаруашылығынан түсетін түсімнің басым болатынын, келешекте агро өнімдерге деген сұраныстың арта түсетінін жақсы біледі. Осыдан болар бір ғана Австралия бізден агро саласы бойынша 15 жылға көш ілгері дамып кеткен. Болашақта Қазақстан үшін агро саланы заманға сай дамыту, бірлестіктерді жаңаша бағытқа қарай бағыттау, арзан несиені ауылға апару, агро өнімнен қарқынды түсім алу маңызды бола түспек. Ендеше қандай болса да бөлінген қаржыны шашауын шығармай ұқсата білу маңызды»,- деді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір