• USD 383.34
  • EUR 431.45
  • RUB 5.89
  • CNY 55.51

27 Желтоқсан, 2018 Экономика

Жаңа жылдық жаппай сатылымның астарында үлкен қулық бар екенін білесіз бе?

Қазір еліміздегі сауда нүктелері бірінен соң бірі жаңа жылдық жеңілдіктерді ұсынып жұртты қызықтыруда.

Қазір еліміздегі сауда нүктелері бірінен соң бірі жаңа жылдық жеңілдіктерді ұсынып жұртты қызықтыруда. Араларында тіпті тауарларының бағасын 70-80 пайызға дейін түсіріп жібергендер де бар. Бір тауарды сатып  алсаң, екіншісін тегін сыйлыққа беретіндері де баршылық. Біз "осы жеңілдіктер расымен де халыққа пайдасы бар жеңілдіктер ме" деген сауалға жауап іздеп көрдік. Байыптасақ, мұндай жеңілдіктердің астарында үлкен менеджерлік қулық жатады екен.

«Адал» тұтынушылардың құқын қорғау бірлестігі мамандарының айтуынша, халықтың басым бөлігі сол жеңілдіктерден ұтпайды, керісінше, ұтылады. Бұл ретте бірлестіктің сарапшысы Аймара Тілекинаның айтуынша, жеңілдік деген сөз адамға айрықша әсер ететінін зерттеп алған сауда нүктелері заттың бағасын қолдан екі есеге өсіріп алып, артынан бастапқы бағасына төмендетеді.

«Сіз бір жейдені 5500 мың теңгеге қуана сатып алдыңыз делік, ал келесі дүкенге барсаңыз, сол жейде жеңілдіксіз 4500 мың теңге болып тұрады. Ал осыдан соң қалайша жеңілдіктен ұттым дей аламыз?! Бұдан соң бізде бұқараны елең еткізетін тағы бір дүние бұл бір затты сатып алсаңыз, екінші затты тегін ұсынатын жомарттық бар. Мұны 1+1 акциясы дейміз. Әрине, тауарды тиімді өткізудің бір тәсілі – 1+1. Яғни бір затты қымбатқа сатып алса, екіншісі сыйлыққа беріледі. Бірақ бұл жерде ескеретін дүние, тегін зат алғашқысынан 80 пайыз арзан болуы керек. Мәселен, сыртқы киімге – белбеу, тағы басқа дүниелер. Тіпті қайсыбір тұтынушыларымыз осындай жеңілдікке ұрынып, екінші заттың тым ескі, киілген зат екенін айтып шағымданған кездер де болады. Жақындап қалған Жаңа жыл мейрамы тұсында кәсіпкерлер шығынға ұшырағысы келмейді. Сол себептен тауар қандай күйде болса да, өтіп кеткенін олар оң көреді. Сондықтан кез келген жеңілдікпен тауар аларда абай болған жөн», - дейді Аймара Тілекина.

Жалпы, нақ осы жаңа жылдық жеңілдіктерге қатысты елімізде тұтынушылардың 73 пайызы отандық сауда-саттық саласының жұмысына разы емес көрінеді. Тұтынушылардың құқын қорғау бірлестіктерінің жүргізген сауалнамасы осыны айқындайды. Бір қызығы, тұтынушылардың дені қара базардағы саудаға емес, қаладағы ірі супермаркеттер мен дүкендердің сауда-саттық жүргізу жұмыстарына қанағаттанбай отыр. «Жеңілдікпен баурап алу, адамдарды өзіне тартуды қазір супермаркеттер жақсы меңгерді.  Тіпті супермаркеттер тауарлардың бағасы жазылған штрихкодтарды өзгерту арқылы пайда табуға көшкен. Мысалы, тұтынушы бір қорап шоколад алғысы келді делік, сөреде әлгі шоколадтың бағасы 220 теңге деп көрсетілген болса, кассаға сатушы шоколадтың штрихкодын сап кеп жібергенде тауар бағасы экраннан қымбат болып шыға келуі мүмкін. Мысалы, мен өткенде 1500 мың теңгеге жеңілдікпен шәйнек алмақ болдым. Кассаға барғанда ол баға 2200 болып шыға келді.  Мұндай жағдайға тап болса, тұтынушылардың көбі «баға сөреде қате жазылған болды ғой» деп әлгі тауарды қымбат бағасына ала салады. Айналып келгенде бұл супермаркеттердің тағы бір қулығы болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл арада дереу уақытыңызды қиып, супермаркеттің әкімшгілігіне шағым жасау керек», - дейді маркетолог-сарапшы Аймара Тілекина.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, советтік кезеңде арнайы оқу орнын бітірген, сауда-саттық мәдениетінен хабар-ошары бар мамандар ғана арнайы еңбек кітапшасын алып дүкенге сатушы болып қызметке орналасатын. Ол кездерде сатушылық та білдей бір қызметтен кем емес-тін. «Қазір керісінше, сатып тұрған тауарының сапасынан, қайда өндірілгенінен, қандай тауар екенінен, тіпті тауар бағамынан мүлде бейхабар сатушылар жетіп-артылады. Сондықтан тұтынушы ретінде біз мына жайттарды естен шығармағанымыз абзал. Әсіресе Жаңа жылдың кезінде бұл сізге керек болары анық», - дейді мамандар. Сондықтан мейрам күндері жеңілдіктерге алданып қалмауыңыз үшін  маркетологтар ұсынып отырған мына ескертпелерге назар аударғаныңыз да жөн:

  • Егер сіздің қапшыққа салынған затыңызды сатушы электронды таразыға еппен қоймай, екпінмен лақтырып қоса, бұдан күдіктегенген абзал. Себебі электронды таразыға зат екпінмен түссе, онда заттың салмағы тым артық болып көрінеді. Бұдан сіз бірнеше есе желінесіз.
  • Екінші, 1+1 акциясын зерттеп барып қана сауда жасауға тырысыңыз. Өйткені екінші сыйға берілетін тауар түкке тұрғысыз, сапасыз болуы да мүмкін. Осыны зерттеуге тырысыңыз. Киім-кешек алсаңыз да, азық-түлік алсаңыз да чек талап етіңіз және кассадан ұзамай алған затыңызды чектің бағасымен салыстырыңыз. Қайсыбір сатушылар чектің ішіне алмаған тауарыңызды басып жіберуі де ғажап емес.
  • Тауардың сертификатын сұрауды да жадыңызда ұстаңыз. Сатушының сөзуарлығынан сақтаныңыз, қайсыбір сатушылар өзара әңгімелесу арқылы жарамсыз тауарды сізге тоғытып жіберуі мүмкін.

Міне,  сатушылардың осындай әрекеттері де тұтынушыны үнемі сан соқтырып жататынын алға тартқан мамандар, сондай-ақ мұндай жағдайға тап болғанда мәселені сол жерде ушықтырмай шешу қажеттігін алға тартады. Бұған қоса жалпы акция атаулыға алданбау үшін сауда жасайтын сәтте жоспарлы саудаға баса назар аударған жөн. Жасайтын саудаңыз жоспарлы болса, сауда-саттық жасарда «шынымен де осы зат маған қажет пе» дегенді ой таразысына сала білсеңіз, әмияныңыз да, өзіңіз де қаржыдан тарықпасыңыз анық.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір