• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 12:02:53
Алматы
+12°

29 Желтоқсан, 2018

Қырымның құпия тарихы

Кеңес Одағы құрамында Еврей ұлттық автономиясын құру басты мәселенің бірі болды

 1920 жылдары  Кеңес Одағы құрамында Еврей ұлттық автономиясын құру басты мәселенің бірі болды. Лениннің өзі бұл мәселені бірнеше мәрте көтереді. Тіпті түбекте толыққанды Еврей социалистік республикасын құру жобасы да болады. Ол үшін табиғаты сұлу өлке – Қырым түбегі таңдалады. Осы мақсатпен  Украина мен Белоруссияның, Прибалтика мен Бессарабияның еврейлері Қырымға жинала бастайды. Ол жерге алғашқы жылдары 96 мың отбасы –300 мың еврейді  қоныстандыру көзделеді.  Ал болашақта Қырымға үш  миллион кеңестік еврейлерді жинау жоспарланады. Америкалық еврейлер ол үшін  Қырым экономикасына 10 миллиард доллар бөліп, Қырымды әлемдік курортқа айналдырмақ болады 1929 жылы  «Джойнт» деген америкалық қаржы ұйымы Қырымға еврейлерді қоныстандыру үшін жыл сайын КСРО-ға бір жарым миллион АҚШ долларын бөліп отыруға шарт жасасады. 1924 жылдан 1936 жылға дейін ол ақша жыл сайын Кеңес Одағының қалтасына түсіп тұрған. Бірақ америкалық ақша КСРО бюджеті арқылы емес, тікелей қоныс аударушыларға бөлінеді. Бұл жағдай Қырымның жергілікті тұрғындары – қырым татарлары, немістер, болгарлар, гректер арасында наразылық туғызып, түрлі бүлік шығуына түрткі болады. Иосиф Сталин ұлттар арасындағы қақтығысты болдырмау үшін  Қырымда еврей автономиясын құруға  жол бермейді. Сөйтіп, жез мұрт көсем 1934 жылы «Биробиджан» жобасын дүниеге әкеліп, кеңестік еврейлерге Қиыр Шығыстан автономия құрып береді.  

          Қырымда Еврей автономиялы республикасын құру туралы мәселе 1943 жылы Тегеранда және 1945 жылы Ялтада бас қосқан үш держава басшылары – Рузвельт, Черчилль, Сталиннің басқосуында тағы да көтеріледі. Рузвельт Қырымдағы еврей мәселесі шешілмесе, өздерінің екінші майдан ашпайтынын айтып, Сталинды тығырыққа тіреген деген  рас-өтірігі белгісіз ақпарат бар. Арыдан ойлайтын Сталин Қырым жоспарында америкалықтардың геосаяси қызығушылығы жатқанын жақсы білетіндіктен, бұл жоспар түбінде іске асады деп одақтастарын сендіруге тырысады. Сөйтіп, жез мұрт көсем осы жоспарды іске асыруға үкімет құрамына енгізілген адамдардың бәрінің  көзін бір-бірлеп жояды.

           Ұлы Отан соғысы жылдарында Қырымдағы Севастополь үшін болған соғыстың қандай зұлмат құрбандықтарға алып барғаны тарихтан белгілі. 300 мыңдық неміс  армиясын 250 күн бойы жібермей ұстап тұрған батыр қаланың даңқы әлемге жайылды.  1944 жылы 200 мың қырым татары жер аударылып, Қазақстан мен Сібірге айдалды. 1945 жылы Қырым АССР-ы Ресейдің құрамындағы Қырым облысына айналдырылды.

          Сталин  еврей мемлекеті Қырымда емес, әу баста-ақ Палестинада құрылу керек деп есептеген. Осы мақсатта  1946 жылы Палестинада арабтар мен ағылшындармен соғысып жатқан еврейлерге көмек беру үшін Болгария арқылы ондаған мың автомат, пулемет жеткіздіреді. Ақыры жез мұрт көсем дегеніне жетіп, 1948 жылы Палестинада Израиль мемлекеті құрылады. Бірінші болып ол елді СССР мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатады. Сол 1948 жылы СССР-дағы Израиль елшісінің  ұйымдастырумен Мәскеуде «Қырымды бізге беріңдер» деп 50 мың адам митингіге шыққан.  Осыдан кейін Сталин  ірі қалалардан еврейлерді аластатуға кіріседі. Бірақ ол жоспары жүзеге аспай, өзі өмірден өтеді.

           Сталиннің көзі кеткен соң, шетелдіктер кеңес үкіметінің мойнына ілінген миллиондаған қарыз мәселесін қайта көтереді. Оларды алдаусырата тұру керек болды ма, 1954 жылы Никита Хрущев Ресейге Украинаның өз еркімен қосылуының 300 жылдығына орай Қырым облысын Украина құрамына кіргізеді. Қырымда еврей мемлекетін құру мәселесін кезінде мойнына алған Ресей Федерациясы болғандықтан, Қырымды Украина құрамына енгізу арқылы КСРО бұл мәселеден осылай сытылып  шығады. Бірақ КСРО тарқаған соң, 1991 жылы  америкалық «Джойнт»  қаржы ұйымы баяғы ақшаны даулап, Қырым мәселесін қайта көтереді.  Қырым ол кезде Украинаның құрамында екені белгілі. Сол үшін де «от»  Украинаға тасталған делінеді...

             Жалпы, Қырым түбегі қадым заманнан адамзат баласының тарихи-мәдени қорығы саналған табиғаты керемет сұлу өлке. Мың жыл бойы Византия империясының, Хазар қағанатының, кейін екі ғасыр бойы Алтын Орда құрамындағы Қырым ұлысының, Алтын Орда тараған соң  Осман империясына бағынышты болған Қырым хандығының  (орталығы Бақшасарай) қол астында болған түбектің тарихы небір қанды соғыстарға толы.  19 ғасырда Англиямен тайталасқа түскен Ресей әлемдік держава болуға барын салды. Ол үшін орыстарға алдымен жылы теңізге алып шығатын жол керек еді. Ал Париж келісімі бойынша орыстарға әскери флот ұстау пен Қара теңізде база құруға жол берілмейтін.  1853-1856 жылдары болған түрік-орыс соғысы осының нәтижесінде туды. Англия Франциямен бірге Ресейдің теңізге шығу жоспарын бұзу үшін түріктерге көмекке келді. Бірақ түріктер олардан бұрын өз күшімен-ақ орыс аюын тырқыратып қуып тықты. Атқа қонып қойған  ағылшын мен француз әскері соғысты одан ары да созғысы келді.  Одақтастар осы соғыста 120 мың (оның 90 мыңы француздар), ал орыстар 150 мың адамынан айырылды. Өлгендердің көбісі оқтан емес, сол кезде белең алған холера ауруынан көз жұмған. Осы соғыста орыстар жеңіліп, қаруларын тастауға мәжбүр болған.

            Қырымды үш жүз жыл билеген Осман империясы мен Ресейдің арасында болған 1768-1774 жылдардағы түрік-орыс соғысының нәтижесінде Қырым орыс жеріне қосылып,  Симперополь мен Севастополь қамал-қалалары тұрғызылды. Түріктер Қырымды қолдан шығарғысы келмей, қайта соғысқанымен, 1791 жылы бейбіт келісімге қол қоюға мәжбүр болды.

1783 жылы орыстың атақты қолбасшысы Суворов 10 мыңнан астам ноғайды жер жастандырған деген дерек бар. Түркі халқына ортақ «Қырымның қырық батыры» деген 36 жырдан тұратын фольклорлық мұра  бар. Міне, осы жырда суреттелген батырлардың жан берісіп, жан алысқан ұрысы орыс патшасының геноцидіне қарсы бой көтерген тарихқа арналған. Бұл қырғыннан Қырымдағы бір миллионға жуық ноғай Түркияға босып кетуге мәжбүр болады. Қырым жұртын ығыстырған соң, оның орнын славян халықтары басты. 

          1917 жылы жарияланған Қырым Халық Республикасының өмірі бір жылға ғана созылып, қызыл армияның күшімен Ресей құрамына енгізілді.  1918 жылы азамат соғысы кезінде Қырым уақытша неміс әскерлерінің қолына көшеді.  1919 жылы Қырымдағы биліккке  адмирал Деникин мен барон Врангель келеді. 1920 жылы қызылдар 120 мың адамның өмірін жалмаған қырғын арқылы Қырымды қайта бағындырып, бір жылдан соң Ресей құрамындағы Қырым АССР-ы құрылды.

          Кеңес заманында Қырым жыл сайын одақтың түкпір-түкпірінен 9 млн адам демалатын курорт пен туризмнің орталығына айналды.  Өткен ғасырдың 90-жылдары Қырымға бұрын ол жерден қуылып кеткен 200 мыңдай қырым татары қайтып оралды. 1991 жылы 20 қаңтарда Украина құрамындағы Қырым бұрынғы АССР статусын қайта қалпына келтірді. 1992 жылы Қырым АССР-і Қырым Автономиялы Республикасына айналды.  

2001 жылы Қырым Автономиялы Республикасы тұрғындарының саны 2 миллионнан асқан-ды. Оның 58 пайызы орыстар болса, 24 пайызын украиндар құраған. Үшінші орында 12 пайызды құрайтын қырым татарлары мен оларға сіңіп кеткен ноғайлар тұр.

          Қырым дағдарысы кезінде қайтадан Ресей құрамына қосылған Қырым әлемдік геосаясаттың қызу ошағына айналды. Арғы тағдыры қалай болады, оны уақыт көрсетеді.

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір