• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 13:38:35
Алматы
+35°

03 Қаңтар, 2019 Оқиғалар

Прокуратура: Қарағандыдағы төбелес ұлтаралық қақтығыс емес

Ақпаратты тексеру барысында 1995 жылғы Жансейіт Рахымжан Бақытжанұлы есімді қазақ жігітінің қайтыс болғаны анықталды.

2019 жылдың 1 қаңтарында сағат шамамен 4:25-терде Қарағанды полициясына «Древний Рим» (Заводская көшесі, 25/3) мейрамханасының алдындағы жаппай төбелес жайлы хабар түсті. Ақпаратты тексеру барысында 1995 жылғы Жансейіт Рахымжан Бақытжанұлы есімді қазақ жігітінің қайтыс болғаны анықталды. Ол – «ШұбаркөлКөмір» АҚ күзетшісі.  

Әлеуметтік желіде таралған ақпараттарға сүйенсек, 1 қаңтарға қараған түні мейрамханада 9 адамнан құралған компания демалған көрінеді. Олардың алтауы ер адам, үші қыз балалар, солардың арасында Рахымжан Жансейіт те болды. Шамамен 03:00-де аталған топ пен армян ұлтының өкілдері арасында жанжал туады. «Древний Рим» мейрамханасы армян диаспорасына тиесілі. Артынша жанжал төбелеске ұласып, ғимараттағы бар адам араласып кетеді, олардың көбі армян ұлтынан болған. Қазақтарға көмек ретінде үш көлік келеді. Куәгерлердің айтуынша, төбелеске қолдарына таяқ, металл шыбық ұстаған 30-35 адам қатысқан. Төбелес нәтижесінде армяндар қатты жарақаттанбаған, ал қазақтардың бірі қайтыс болып, екеуі пышақпен жарақатталды.

Қарағанды төбелес

Бүгін Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Ведомствоның дерегіне сүйенсек, Тәртіп сақтау органдарымен Қылмыстық кодекстің 99 бабы (адам өлтіру) және 293 бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық істер қозғалды. 

Қазіргі сәтте тергеу жұмыстарының нәтижесінде қақтығысқа қатысқандардың қатарынан 3 адам ұсталып, 1 қатысушыға іздеу жарияланды.

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде аталмыш жанжал туралы күмәнді ақпарат таратылуда, дәлірек айтар болсақ, екі адам қайтыс болып, жанжал ұлтаралық алауыздық негізінде пайда болды деп мәлімделуде. Қақтығыс екі топ арасында пайда болғаны және ол ұлтаралық алауыздық сипатында болмағаны туралы деректерге назар аударамыз, себебі екі топта да қазақ және басқа ұлт өкілдері болған. Азаматтарды үгіттеулер мен үндеулерге берілмей, тергеу органдары тарататын анық ақпаратты қадағалауларын өтінеміз. Заңнаманы бұзудың алдын алу мақсатында қасақана ұлттық алауыздық пен қастастықты өршітуге бағытталған әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174 бабымен қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ақпараттандырамыз.

Осыған байланысты облыс прокуратурасы азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек қана қылмыстық қудалау органдарының ресми мәліметтеріне жүгінуге шақырады.

Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарының толықтай ашықтығын қамтамасыз етеді, тергеу барысы туралы барлық ақпарат БАҚ-да және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.

Тергеу барысы облыс прокурорының ерекше бақылауына алынды», - деп хабарлады облыстық прокуратура.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір