• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

03 Қаңтар, 2019 Әдебиет

"Бұл кім өзі ұялмайтын ел-жұрттан, суретін неге барлық жерге салдыртқан?"

Ақылшы да, күзетші де емеспін, Айтарым бар,тыңдаңызшы дат тақсыр!

Ханға сәлем!

Ассалаумағалейкум, хан атам!
Сәлем беріп,балаң келді, қаласаң.
Оң қолыммен кеуде басып, бас иіп,
Алдыңда тұр, маңғаз күліп қарасаң.

Той болар ма, тамашасыз,тақпақсыз,
Иттер келер қазан қалса қақпасыз.
Ақылшы да, күзетші де емеспін,
Айтарым бар,тыңдаңызшы дат тақсыр!

Біздің елде жасы үлкен төрлейды,
Әділ болса ханға қара сөйлейді.
Егер біреу еңбектенбей терлесе,
Мен сияқты ұялғандар терлейді.

Нұрлы жүзін күн қақтаған, жел жыртқан,
Бұл кім өзі ұялмайтын ел-жұрттан,
Суретін неге барлық жерге салдыртқан?
— Деп қараймын түсе қалып бәріне,
Назарбаев қағазда тұр жаздыртқан.

Тіл тиер деп көрсетпейтін анасы,
Текті халық біз қазақтың баласы.
Қалаймақан хан суретін іледі,
Нұр Отан мен нұрлы жолдың жағасы.

Сіздің сурет ғаламторды басып қал,
Тәулік бойы теледидарды қосып қал.
Машақатпен өлі мүсін жасаған,
Махаббатпен мамандарды тосып қал.

Бүлік етпес тексіздердің бір беті,
Қайда барсаң, жалғыз жанның суреті.
Аналарға айтыңызшы алдияр,
Ханға деген қайда қалған құрметі.

Хансыз-дағы алшы түскен асықтар,
Қарамайды,елемейді ғашықтар.
Жарнамалап сурет салған көшеге
Үйіне ілсін жағымпаздар, бастықтар.

Ел-жерінен айырылғандар шын жетім,
Қолдай көрші, пайғамбардың үмбетін.
Бүгін-кино, біз-көрермен, сіз-әртіс,
Көк аспанның қайсы нұры суретің?.....

Сорлы ақын жырын бұлай жаза ма?
Соларға қос мені бірге жазала.
Қазақ тілді өлеңімді өтінем,
«Оралман», — деп бұйырмаңыз қазаға.

Баркөр

Айнакөлдің ауылым жағасында,
Ақ арқа мен тәңір тау арасында.
Қара шоқы қосынан сусын алып,
Тасбастау-қыз жүгірген алашына.

Қам-қайғысыз семірген қара суға,
Қарапайым қазақтың бәрі осында.
Атын қойған «Бәркөр», — деп Асан қайғы,
Баян жерім Баркөлге барасың ба?

Он сегіз мың ғаламның кіндігіндей,
Шуақ шашқан арайлы күн күлімдей.
Текті тауы кереге кең жайылған,
Күн-шаңырақ, көк аспан түндігіндей.

Бала бөлеп көтеріп арқасына,
Қол-шәугіммен құм-шәй құйған баршасына,
Балалары ойнайды тас үй тігіп,
Көзің түсер Тастан таққан алқасына.

Алшы түсіп үйірген асықтары,
Құс жолымен қыдырған ғашықтары.
Жүрек-жұлдыз туласа тасып қаны,
Сәби-күннің ақ таңға асыққаны.

Ат мінеді, тағалап таң асырған,
Қырық серкеш айдайды нағашыдан.
Салт-санасын сай ғып ұстап сүннетке
Үміт күткен бұл ауыл баласынан.

Аманаты азамат арқасында,
Таңбасы бар тарихтың әр тасында.
Көшкен елден хат жазған қалқасына,
Жібек жолы жаңғырып жалғасуда.

Жұмыртқалап боз Торғай қалтасына,
Бата сұрап соятын марқасына.
Күнде келген қонағы ризықпен,
Кен қосылған кең пейіл картасына.

Төрт түлігі түгемес азық болған,
Қолда жоққа айырбас нарық болған.
Мүмін елдің азаны айға жетіп,
Иманымен қос жүзі жарық болған.

Атамекен тұранның төрі болған,
Желбіреген байрағы бөрі болған.
Ай-құлыптас, тас-таңба мөрі болған,
Ғұн, сақ, үйсін бабамның өзі болған,
Сыбырлайды өртеңдер өзі жолдан.

Өрісінен қазақпын алаңдаған,
Жерұйығын іздеймін таба алмаған.
Өзімшілдер оқ атса оралмаған,
Көлбейіне аққумын қона алмаған.

Ата жаудың кепкен жоқ қылыш қаны,
Елемедік, аядық «Құмырсқаны».
Қара жүрек жамбылға жасырынған,
Байтерегім — Баркөлім шығыстағы.

Көкжиекке ұзатып сап Шығыстан,
Таңыр тауым қол бұлғайды сызықтан.
Туған жерім мырза қамақ ішінде,
Хабар күтті астаналық туыстан.

Ауыл

Қарындасым ешкі көгендеп,
Жүр екен мені көрген жоқ.
Қораның өтіп шетінен,
Шабытым келді өлең боп.

Жеңешем тербеп бесігін,
Бауырым ашып есігін.
Ағамыз піскен сабаның,
Шешеміз жамап тесігін.

"Кетіпті әкем жоқ іздеп,
Кенжеге ұрсып доңыз", — деп.
Жеңешем солай жеткізді,
Шәугімін асып от үрлеп.

Ауылдың келдім өзіне,
Нанбассың айтқан сөзіме.
Өткенім өзі жүргендей,
Елесі келді көзіме.

Көрмеген бұрын ат арып,
Қымызын ішіп шашалып,
Қарында қыстың қатайып,
Үмітті ұрпақ атанып,
Ауылдан кеткем бата алып.

Балалық қалған сазыңда,
Қыңқылдап қарап қазың да.
Көктемдей күліп алдыңа,
Есейіп келіппін жазыңа.

Бетімнен сүйіп самалың,
Басына таудың қарадым.
Биігі бұлт боп бұлдырап,
Таусылды тағы амалым.

Қойлары қоздап, маңырап,
Қозысы келіп жамырап.
Ауылдың маңы айғай-шу,
Көңінің иісі бұрқырап.

Шыбық ат мініп шиіңде,
Итің боп үріп үйіңде.
Кісіні мойнақ асырған,
Балалық баяғы күйінде.

Тасыңды тағып кеудеме,
Үй салып мына жерде де.
Балалық елес жүргендей,
Асыр сап ана көлде де.

Торғайы ұшып төбемнен,
Жолымды басып келем мен.
Осында жастық жалындап,
Қызыңды құшқам өлеңмен.

Бұлақтан қызың су алып,
Жігітің атын суарып.
Немересі мәз алдында,
Шалдарым отыр қуанып.

Құсбегі ұстап қыранын,
Әуескер айтып жыр-әнін.
Ауылдың маңы мол үміт,
Қанбайтын құсап құмарым.

Жаңбыры жауып себелеп,
Кемпір қосақ тұр керемет.
Сағыныш-сарық басуға,
Осыдан артық не керек.

Жеріне түсті кеш кілем,
Уақытпен бірге ескірем.
Көрмедім қойша өретін,
Аңдары бар деп естігем.

Мыңғырып малы төсінде,
Жайлауға шопан көшуде.
Айрандай ұйып арманым,
Ән салып келем кешіңде.

Үйленбеген менде мін,
Еншімді әлі бермедің.
Қазақтың жолы сәлем қып,
Хал сұрап бірің келмедің.

Көршілер күнде көргендей,
Біріне-бірі сөз бермей.
Далалық едің қалада,
Жүріпсің дейді өзгермей.

Бермейді сәлем баласы,
Қалтаңда ақша аласы.
Болашақ болар азамат,
Қоғамның көзін қарашы.

Айтпаймын ішкен арағын,
Төбелес болып тарадың.
Имансыз тілек тілеген,
Тойыңа қайтып барамын.

Азайып киіз ақ үйлер,
Салынып жатыр там үйлер.
Мән бермей адам барына,
Қолынан келсе бақ илер.

Ауылда қазақ ұлтымды,
Сағындым, апа, құртыңды.
Жырымның құлпын ашатын,
Ұстатпай жүр-ау кілтімді.

Сағындым итін, адамын,
Кіршіксіз мөлдір жанарын.
Еркіме көнсе сүйер ем,
Аңдардың жортқан табанын.

Ауылдың осы аңызы,
Ат ізін үзбей барыңыз.
Басталған қазақ өмірі,
Шындықты көріп жазыңыз.

Мұратхан Шәмшәріпұлы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

2 пікір

Кәріпбай Тұрсынбек Жапақұлы 05 Қаңтар, 2019

E, Алланың айтқызғанын қарасаңшы, қарашы, Бөлмеңдерші ат төбелдей бар қазақтың баласын. Бірің ұлы, бірің орта, бірің кіші жүз болғанмен, Бәрің, бәрің ұлы қазақ даласының баласың баласы. О шетімен, бұл шетіне көз жетпейді қарашы, Бұл қазақтың кең жазира ұлан ғасыр даласы. Жер қойнауы толған байлық, қазағыма бұйырған, Байлығында, бақытында аямаған қазағымнан бір Аллам.

Байдалы Абдихдыр 05 Қаңтар, 2019

Сизге денсаулық отбасынызга береке тилеймин. Кырандай қалып сайгуликтей жуйрик болып жүре бериниз.бас кеспек болсада тил кеспек жоқ деген. Ақынның қасиет осында