04 Қаңтар, 2019 NEWS
Марқұм туралы естелік: Үйлі боламын деп таксилетіп жүруші еді
Қытай елшілігі қара қағаз жіберетінін айтыпты арғы бетке. Туысқандар сол қара қағазды күтіп отыр екен...
Дүние бір қисық жол бұраңдаған-оу, Абайкөк,
Бақ тайса баста дәурен тұра алмаған,
Өтеді дәурен абай бол...
(Халық әнінен)
***
Бақытнұр Құнапияұлы – 1985 жылы ҚХР Санжы қаласы Ашылы ауылы Қарасай деген жерде дүниеге келген. Менің - туған нағашым. Бір атадан сегіз бала болған. Оның екеуі қыз, алтауы- ұл. Артында туған анасы (Күлімқан 75 жаста) үлкен екі ағасы (Аманқазы Құнапияұлы, Қалиғазы Құнапияұлы) екі әпкесі ( Менің анам – Мейрамгүл Құнапияқызы және Төлеугүл Құнапияқызы) бір қарындасы (Нұрсауле Құнапияқызы) қалды. Әкесі Құнапия 1995 жылы қайтыс болған. Өзінен үлкен екі ағасы (Аман Құнапияұлы, Бақытқазы Құнапияұлы) бұдан көп жыл бұрын бірі ауырып, екіншісі апаттан қаза тапқан. Бақытнұр нағашымды 2002 жылы наурыз айында бесінші сынып оқып жүргенде нағашы атамыздың әпкесі (Жамбыжан ертеректе елге оралған) осы жақтан оқытып, өзім бағып-қағам деп елге алып келген. Одан бері ауылға үш рет барып-қайтты. Бірінші келгенінде менбала едім. Ал екінші қайта оралғанында жайлауға, мотоциклмен тойға барғанымыз, тойда нағашымның күреске түскені еміс-еміс есімде. Үшінші рет барғанда екеуіміз көп әңгімелескен едік. Ол кезде осы жаққа келіп оқуға түсуді армандайтын едім. Көп ақыл- кеңесін айтты. Жайлауда бірге суретке түстік...
Мен 2016 жылдың шілде айында Шымкент қаласына келдім. Сынақ емтиханымды тапсырып болғасын нағашымды іздеп Алматыға бардым. Қаскелеңде пәтер жалдап тұрады екен. Ол кезде көлігі жоқ. Жаяу Алматының барлық жерін аралатты. Есімнен кетпейтіні - Медеуге барғанымыз. "Сенің жайлауыңа ұқсайтын Шымбұлақ деген жер бар, соған барайық" деді. Қуана келістім. Шымбұлақтан қарағанда ең биігінде қарлы тау көрініп тұратын. Сол қарлы тауға шығайық деді. Екі сағаттай жүріп қарлы таудың етегіне жеттік. Биіктік. Маған сол жерде көп әңгіме айтты. "Анау тұрған – Абай шыңы, ал бұл биік ол шыңнан да жоғары екенін көріп тұрсың. Әдебиет жолында екеніңді білем. Абайды көп оқитын шығарсың, бірақ Абайдан да биік шыңдардың бар екенін ұмытпа..." деді. Тіл үйрену керек екенін де ескертті.. Сол жазда нағашымның үйінде он күндей тұрдым. Жалғыз емес екенімді білдім. Нағашы жағымнан туысқандардан елге оралған сол кісі екеуіміз ғана едік. Сондықтан ата-анам да мені сол кісіге көп тапсыратын...
Кейін үнемі байланыста болдық. 2017-ге қараған Жаңа жылда ауылға барып қайта келгенімде Алматыдан күтіп алды. Көлік алыпты. Кейін мені тамақтандырып, Шымкентке шығарып салды. Мен 2017 жылдың жазында "Ата жұрт" олимпиадасымен жеңілдігімен Түркістанға оқуға түстім. Сол жылы жазда менімен бірге ауылға қайтқысы келіп еді. Жұмысы ыңғайына келмей, қалып қойды. 2018 жылдың қысында Қаскелеңде нағашымның үйінде бір айдай болдым. Күндіз жұмысына баратын, кешке көлігімен қалаға шығып таксист болып жүретін. Кейде мені ертіп алатын. Алматыда түнімен таксилетіп жүрген кездеріміз де болды. Көлікті өте жетік меңгерген еді. Еш қағиданы бұзбайтын. Түнде көлік аз кезде де барлық ережені сақтап жүретін. Кетерімде мені Үшқоңыр вокзалына апарып, жолақымды төлеп, Түркістанға салып жіберді. Соңғы көргенім сол еді... Автобуста отырғанымда қайта- қайта хабарласып жағдайымды сұрап тұрды. "Жалғыз тұрған қиын екен, сен кетіп тіпті жалғызсырап қалдым" - деп әзілдегені әлі есімде.
Мен 2018 жылы көптеген конкурсқа, мүшәйраларға қатыстым. Шымкент, Қарағанды, Ақтау, Жаңаөзен, Астана қалаларында болдым. Солардың бәрінде нағашым өзі хабарласып құттықтап тұратын. Абайлап жүруімді қайта-қайта ескертті.
Соңғы сөйлескеніміз – тура нағашым қайтыс болардан бір күн бұрын. Сол күні тамақ істеп жүр едім. Аяқасты нағашыма қоңырау шалдым. Он минуттай сөйлестік. Жаңадан машина алғанын айтты. Бұрынғы үйінен көшіп, досымен бірге тұрып жатқан екен.
"Жаңа ғана жұмыстан келдім, енді қалаға таксист болып шыққалы тұрмын" - деді. Асығыс болса да біраз уақытын бөліп, ауылдағы туысқандардың бәрін сұрап шықты. Тағы бір үлкен нағашымыз ауырып Үрімжіде ауруханада жатыр еді. Сол кісі жайында көп сұрады. Мен де осы Жаңа жылдан соң Алматыға баратынымды, жұмысым бар екенін айттым. Бір күн өткеннен кейін кешке қарай анамнан хабар келді. Жылаған дауысты естідім де, ары қарай не болғанын білмей отыра кеттім. "Үрімжідегі нағашымызға бірдеме болған екен" деп ойладым. Аз отырып сабырға келіп қайта тыңдасам: "Кеше ғана сөйлесіп отырған Бақытнұр ағаңнан айрылып қалдық қой құлыным, сенен нақты хабар күтеміз, қарғам, тез хабарлас..." - деген анамның дауысын естігенде құлағым бітіп ешнәрсе естімей қалды. Еш сене алмадым. Нағашымның нөмірін қайта-қайта теремін, қайта- қайта телефон жалғадым, сөндірулі. Watsapp желісіне түнде он екіде кіріпті. Алматыдағы таныс ағама хабарласып, жағдайды айттым. Ағам нағашымның аты-жөнін сұрады. Атын айтқанымда, ағам жаңа ғана қаралы хабар естігенін айтып, мені сабырға шақырды. Көлік апатынан қаза тапқанын да сол кісіден естідім. Ары қарай Асылбек деген ағадан барлық мән жайды ұғып, арғы беттегі туысқандарға жеткіздім. Фото, видеоларды да күндегісін күнде жіберіп отырамын. Ол жақтағы туысқандардың біразы ауырып, кейбірі ауруханада жатыр. 75 жастағы нағашы апамыздың жағдайы айтпасақ та белгілі. Паспорт визалары дайын болмағандықтан ол жақтан ешкім нағашымды соңғы сапарға аттандыра алмады. Мен де хабарды кеш естіп, абыр-сабыр боп жүріп Алматыға шыға алмай қалдым. Қытай елшілігі қара қағаз жіберетінін айтыпты арғы бетке. Туысқандар сол қара қағазды күтіп отыр екен. Қолдарына тиісімен ұшақпен келеміз деп отыр... Нағашымды алғаш алып келген Жамбыжан апайымыздың бүгінде жасы сексеннен асқан. Ол кісіге әлі қаралы хабарды көтер алмайды деп туысқандар естіртпей отыр екен.
Нағашымның арманы – жер алып, баспана тұрғызу еді. "Үйлі болып, нағашы апамызды алып келсем, тым құрығанда атамекенді бір көрсетсем" деген арманы бар еді. Қайтыс боларынан бір күн бұрын арғы беттегі туыстардың бәріне хабарласып, ұзақ сөйлесіпті. Жеңгесіне "келер жазда екеу болып, не үшеу болып барып қайтамын ауылға" - деп айтқан екен. Іште кеткен арманы осы болды-ау деп ойлаймын. Ауылды, бауырды, қарт анасын сағынған ғой...
Нағашымның мені Алматыдан Түркістанға шығарып салып тұрған соңғы бейнесі әлі есімде. Шымбұлақтың биігінде тұрып Абайдан да биік болуды айтқанын да ұмытқаным жоқ.... Арғы беттегі туысқандардың жағдайын ойлап, тіпті қабырғам сөгіледі...
Шексіз аспанға жасқа шыланған жанарымды қадап
"Дүние бір қисық жол бұраңдаған- оу, Абайкок,
Бақ тайса баста дәурен тұра алмаған,
Өтеді дәурен абай бол" деп қайталаймын... Бақұл бол нағашым, жан ағам!
Алматыдағы барлық аға, дос, туысқан болып нағашымды соңғы сапарына шығарып салған ізгі жандарға арғы беттегі туысқандар атынан алғысымды айтамын. Қаза болған екі апайымыздың отбасыларына көңіл айтамын және ауруханада жатқан Айзада апайымыздың сауығып кетуін тілеймін. Бұл оқиға заң арқылы әділ шешімін табады деп сенемін. "Таксист жігіт сұраусыз кетпесе екен, көлік жүргізушісі туралы неге хабар жоқ, ақпарат өте аз..." деп күйінген азаматтарға тәңір рахымын берсін. Халық барда, ел барда бәрі өз шешімін табады деп сенемін!
Арқалық Әмәлиятұлы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір