• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

04 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Валюта алыпсатарлары да теңгеге қысым көрсетіп отыр

Елімізде ұлттық валютамыз теңгенің құны тағы төмендеп кетті

Елімізде ұлттық валютамыз теңгенің құны тағы төмендеп кетті. Қор биржасындағы саудада  бір доллар қазір 384,68 тиыннан сатылуда. Алматыда  осы сәтті ұтымды пайдаланғысы келген валюта айырбастау орындарының біразы кешелі бері бір долларды 387 теңгеден асырып сатып жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, біздегі валюта айырбастау орындары әр кезде нарықта валюта бағамын көтеру арқылы «ойнап» әжептәуір табысқа кенелуде. Бұған қатысты экономист-сарапшы Арман Мусин «валюта алыпсатарларының бұл  әрекеті теңгеге айтарлықтай қысым көрсетіп отыр» дейді.

 «Валюта алыпсатарлары  қазір  валюта бағамын өзгерту арқылы пайда тауып отыр. Долларды Ұлттық банк белгілеген бағамнан да жоғары қойып сататын валюта айырбастау пункттері бар. Валюта тәуекелін әдейі қабылдау оларға тән құбылыс. Қазір Ресейде рубльдің төмендеуіне осы валюта алыпсатарлары  айрықша ықпал етіп отыр. «Ресейде нарық үлкен, бізде ондай алыпсатарлар жоқ» дейтіндер бар. Бірақ сақтанғанымыз жөн. Білесіздер, 2014 жылдың ақпан айында теңге  құлдырап, бір доллардың құны 187 теңге болды. Сол кезде валюта алыпсатарлары айналымдағы долларды көбейтіп жіберді де, Ұлттық банк оны сатып ала берді. Осыдан барып доллардың айналыстағы көлемі артып теңге әлсіреген болатын. Қалай десек те, қазір теңгеге валюта алыпсатарларынан қысым бар. Валюта бағамын жоғарылатып, төмендетіп ойнау бізде қалыптасқан құбылыс. Кешеден бері валюта айырбастау орындарының арасында  бір долларды 387 теңгеге бағалағандары болды. Бұл арада ірі валюта алыпсатарларынан теңгені қорғайтын шаралар қарастырылуы керек. ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде отырып алып кәсібін дөңгелетіп отырған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті. 1992 жылы АҚШ-та «қаралы бейсенбі» орын алды ғой. Сол кезде АҚШ-тағы валюта алыпсатарлары биржадағы акциялардың құнын түсіріп жіберіп, АҚШ бір күнде 25 млрд доллар шығын көрген болатын. Бұл қазірше есептегенде - 320 млрд доллар. Сондықтан бізге болашақта «Валюта алыпсатарларына қатысты заңды да күшейтіп, мемлекеттік бақылауды реттеп алғанның да артығы жоқ»,- деді сарапшы маман Арман Мусин...

Жалпы, экономист-сарапшылар біздегі валюта алыпсатарлары «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегеннің керін келтіріп отырғанын алға тартуда. Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, жуық арада «теңге қадамын нықтай түседі» деп айту қиын. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайдың өзі мұны айқындап тұр.

Теңге

«Мәселен,  қазір Ресейде бір доллардың құны 69,52 рубль болып, орыс валютасы барынша әлсіреуде. Осы рубльдің құлдыруына да валюта алыпсатарларының өзіндің ықпалы бар. Ресейдің Орталық банкі бір доллар 65 рубль болады десе, валюта орындары ырыққа бағынбай долларды қымбаттата қояды. Сол тәрізді еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «бюджет бір долларды 370 теңге көлемінде бекітті» деген болатын.  Бізде Ұлттық банк бір бөлек бағам бекітеді. Валюта айырбастау орындары бір бөлек бағам енгізеді. Мысалы,  қазір Алматыда валюта айырбастау орындарында бір долларды 387 теңгеден сатып жатқандар бар. Ал бұл аралықта Ұлттық банк бір долларды 384,2 теңге деп бекіткен болатын.  Сондықтан бұл арада алыпсатарларға қатысты заңды қатайту керек»,-дейді ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Қазір көптеген елдер нақ осы валюта алыпсатарларына қатысты заңды қатайтып жатқанын алға тартқан мамандар «бұл мәселеге бақылауды күшейту қажет» деседі.

Теңге

«Жалпы, кез келген бір елдің ұлттық валютасының құнын түсіруге  алыпсатарлық операциялардың көбейіп кетуі де ықпал етеді. Алдағы уақытта алыпсатарлық дүрлікпе мен айырбас курсының өзгерістерінің алдын-алу үшін Ұлттық банкке валюта нарығына жиі-жиі енуге тура келеді. Олай етпесек, қазір валюта нарығында жүрген алыпсатарлардың «жұлдызды сәті» туып тұр. Алыпсатарлар өздерінің бас пайдасын ойлайды. Олардың қайсыбірі шетелдерде, Ресейде, өзге ТМД елдерінде отырып алып кәсібін дөңгелетіп жүргендер.  Сондықтан Ұлттық банкке валюта нарығын реттеуге қатысты сауатты шешімдер қабылдап, Үкіметке заңға тағы бір мәрте өзгертулер мен толықтырудар енгізуге тура  келеді»,-дейді ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Қарлығаш Сайлаубаева

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір