• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

05 Қаңтар, 2019 Оқиғалар

Марқұм Хамитованың ұлы: "Олар сол күні Шолпан Елгезекованың үйіне бет алған болатын"

Оқиға болған күні таңғы сағат 5-те ол кісілер қайда жол тартқан еді?

Өткен жылдың 29 желтоқсанында болған апатты оқиға бүкіл елді есеңгіретіп кеткені белгілі. Қараша халық пен қаза тапқан жандардың туыстарының ендігі тілегі кінәлі азаматқа лайықты жаза тағайындалуы. Мұны ел болып бәрі де талап етуде.

♦Жантүршігерлік жол апатында қайтыс болған үшінші адам кім?

Осы оқиғаның бір құрбаны Динара Хамитованың туыстарынан кінәлі тараптың, тіпті, кешірім де сұрамағаны жайында жазған болатынбыз. Қаншама күн өтсе де, жағдай өзгермеген. Ұлы Темірлан Хасеновке хабарласып мән-жайды сұраған едік, әлі күнге дейін кінәлі тараптан бірде-бірі онымен байланысқа шықпапты.

♦Марқұм Динараның інісі: «Бізден ешкім кешірім сұрамады...»

Ал оқиға болған күні таңғы сағат 5-те марқұм Шолпан Елгезекова, Динара Хамитова мен тірі қалған Айзада Сатыбалдиева қайда жол тартқан еді?

«Апат болған күні Шолпан әпке, Айзада әпке және менің анам үшеуі Шолпан Елгезекованың үйіне бара жатқан. Олар жақсы араласатын құрбылар еді», - дейді Темірлан.

Динара Хамитова өзінің отбасымен қатар туыстарына да демеу болған екен, оларға үнемі қаржылай көмек беріп, қолдау көрсетіп отырған.

Марқұмның әлеуметтік желідегі соңғы постында «бұл менің балаларсыз қарсы алатын алғашқы жаңа жыл болмақ» деген сөздер бар. Белгілі болғандай, Динара Хамитова жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алматыда жалғыз өзі болған, ал ет-жақын туыстары Көкшетауда қарсы алуды жоспарлап жүрген екен.

♦Марқұмның соңғы жазбасы...

«Анам жаңа жылды отбасымен бірге туған-туыстарының арасында қарсы алуды қалаған еді, бірақ сол уақытта қаржылай мәселелер туындап, ол келе алмады. Сондықтан, анам бұл мерекені құрбыларымен атап өтуді жоспарлап жүрген», - деп айтып өтті марқұмның ұлы.

Темірлан 6 жасқа толғанда әкесінен айырылғанын айтып берді. Кейін анасы екінші рет тұрмысқа шығып, қарындасы дүниеге келген. Алайда, күйеуімен ажырасып кеткен.

«Мен 6 жасымда әкемнен айырылдым, енді анам да жоқ. Анамның қаза тапқанын бірінші естігенде өзімнің жетім қалғанымды түсіндім. Бірақ мен ер адаммын, ересекпін. Ал қарындасыма обал болды, ол әлі кішкентай, бұл қазаны ол қалай көтереді, білмедім.  Ол үнемі анасының етегіне жармасып жүретін ерке еді, тіпті, әжетxанаға жалғыз бармайтын, енді анасы келмеске кетті. Қарындасымның жағдайына қатты алаңдаулымын», - деп күйінді Темірлан.

Қапыда анасынан айырылған Темірланның ендігі қалауы – апатқа себепкер болған қылмыскердің лайықты жазасын алуы.

«Алматыға анамның денесін алып кетуге келгенде бірден сотқа арыз жазып кеттік. Мен өзімнің ең асыл байлығымнан айырылдым. Не істесек те, анам ортамызға қайтып келмейді. Дегенмен мен бұл апатқа кінәлі қылмыскерді заң аясында жазаға тартылуын қалаймын. Бүгін үш адамның өліміне себеп болды, егер оны жай ғана жауапқа тартып, лайықты жазасын бермесе, болашақта тағы басқа адамның өліміне себепкер болмайтынына, балаларды тағы анасыз, аналарды баласыз қалдырмайтынына кім кепіл?!» - дейді Темірлан Хасенов.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

2 пікір

Қани Парзана 13 Қаңтар, 2019

Сол жерде менің ағам болған.Ол өкінішке қарай қайтыс болды

Қани Парзана 13 Қаңтар, 2019

марқұм ағам сол машинада отырған.Енді 2айдан кейін сот болады соттың әділ шешім қабылдаған қалаймын