• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

05 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Біз қашан өзгереміз?

Біз Кеңес Одағы кезінде туылып, коммунистік партияның идиологиясымен өмір сүрдік

Біз Кеңес Одағы кезінде туылып, коммунистік партияның идиологиясымен өмір сүрдік. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» – деген қағиданы ұстандық. Өзім үшін деген түсінік қара бастың ғана қамын ойлайтын эгоистік көзқарас болып есептелді. Сондықтан адамның өзінің пікірі, ойы ашық айтылмады. Егер ішкі пікіріңді ашық айтсаң жеке басыңның ғана қамын жейтін «халықтың жауы» сияқты көрінуің мүмкін еді. Ондай адамды коммунист қатарында болмаса жалпы жиналысқа, комсомол болса комсомол, коммунист болса ашық партия жиналысына салып, «кінәсін» бетіне шыжғырып басып, жүндей түтетін. (Бұл жерде мен сол кездегі хаттамаға жазылатын «кінәсін бетіне шыжғырып басты» дегенді қолданып отырмын). Сондықтан мектеп қабырғасында жүргеннен бастап әрбір жастың алдына қойған мақсаты коммунистік партияның қағидасымен бірдей болатын. Мысалы партия қыздардың тракторшы, шопан болуына немесе бригада болып қой бағуына үндеу тастайтын. Соған сәйкес республикамыздың түкпір-түкпірінде мектеп бітіруші түлектер бүкіл сыныбымен қой бағуға, әйтпесе қыздар тракторшы, жеке отар алып қойшы болуға шешім қабылдайтын. Ол кезде көптен бұра тартып бір-екі жас шыға қоймайтын. Әрине сол уақыттарда да жұрттың көбі жоғары оқу орнына түсуге ұмтылатын. (Өзім де сол көптің бірі ретінде қалаған мамандығымды алып шықтым). Дегенмен мәселе онда емес, мәселе –  адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуының, өзіндік мені яғни жанының қалауының тасада қалғандығы. 

Ол кезде қасаң стреотип, қатаң стандарттың шеңберінде екеніміз ойымызға кіріп шықпайтын. Қысқасы қоғам тықпалаған, миымызға салып берген бағдарламалар бойынша өмір сүрдік. Барлық ойларымыз тіпті сезімдеріміздің өзі кірме болды. Қарапайым бұхара «Өкімет өлтірмейді» десе, оқығандарымыз коммунистік партияға сенді. Ешкім өзіне де, құдайға да сенген жоқ.

          «Сенбе жұртқа тұрсада қанша мақтап,

          Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

          Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

        Ақылың мен еңбегің екі жақтап» - деген дана Абай Құнанбайдың (265 б., Абай Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Ред. Ә.Жиреншин. – Алматы: Қазмемкөркеммәдеббас, – 1961, – 695 б.) сөзінің мағынасын бізге ешкім түсіндірген жоқ. Өзімізді тануға ұмтылған жоқпыз. Ақылымызды жетілдіріп, сананы жоғары деңгейге көтеріп, жан-дүниемізге үңіліп, рухани ілім-білімді меңгеріп, ішкі даналығымызға жол ашуды білмедік. Абай айтқан ақыл мен білімді пайдаланбадық. Сондықтан бай болуымыз бен кемелденуімізде, ақиқатты тануымызда кем түсетін тұстарымыз аз емес.

Дәл қазір сол олқылықтарымыздың орнын толтыратын кез. Жанымыз нені қалайды, соны жасауға ұмтылатын шақ. Десекте, біз қазір жан қалауы дегенді нәпсі деп түсініп жүрміз. «Өмір бір-ақ рет беріледі, іш-же, ойна-күл, жалғанды жалпағынан бас!» - деген ой жұрттың бәрінің болмаса да жартысының санасына бекіп қалған сияқты. Қоғамда болып жатқан сұмдық оқиғалар сол ащы шындыққа дәлел.

«Адамның ішінде болмайды аласы,

Оларды бұзатын нәпсінің таласы» - дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. (552 б., Мырзагелді Кемел. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Қазығұрт, – 2013. 2-том. – 904 б.) Ал, Крисп Саллюстий: «Қанағатсыздық адамдағы ең әсем сезімдерді жоқ етеді – Отанға деген махаббатты, отбасына махаббатты, ізгілік пен тазалыққа деген махаббатты» - дейді. Бұл жерде қанағатсыздықты келтіріп отырған себебім адам қашанда нәпсінің жетегінде кетсе қанағатсыздыққа ұрынады. «Барлық нәрседе шекті білу өмір қуаныштарын көбейтіп, рахатты одан да мол етеді» - дейді Демокрит. (592 б., Мырзагелді Кемел. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Қазығұрт, –  2013. 2-том. – 904 б.) «Дана да құмарлықтан тыс болмайды, бірақ ол құмарлығын саналылықпен шектей біледі» - дейді Аристотель. (593 б. Мырзагелді Кемел. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Қазығұрт, –  2013. 2-том. – 904 б.) Шекті білу –  қанағат ету деген сөз. Қай нәрсеге болсын қанағат етпеу құмарлыққа апарса, құмарлық құл болуға апарып соғады. Мысалы материалдық дүниеге құмарлық, пайдакүнемдік немесе құмар ойындардың соңында кету, парақорлық, нашақорлық тағы басқалар нәпсінің құлы етеді. Нәпсіқұмарларға ақша билік жүргізеді. Олар ақша үшін барлық қылмысқа барады. Біздің бұл сөзімізді жантану атауларының түсіндірме сөздігіндегі сараңдыққа берген анықтамадағы «Сараңдық пайдакүнемдіктен туындайды. Пайда қуған адам шыншыл да, принципшіл де, батыл да, өз парызына адал да бола алмайды. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлықпен «табыс» табуға әдеттенген адамдар көбейе бастады. Бұлар шынтуайтқа келгенде адамға тән аяулы сезімдерден, өз халқына, Отанға деген сүйіспеншіліктен, ізгілік пен имандылықтан, жан тазалығынан жұрдай адамдар» - деген сөздер тірілте түседі. (271 б. Жарықбаев Қ.Б., Сангилбаев О.С. Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. Алматы. Сөздік-Словарь –  2006. – 384 б.)

Ақиқатын айтсақ сонау ықылым заманнан бастап данышпандардың барлығы да адам бақытқа жетем десе ең бірінші өзінің ішкі әлеміне үңілуден бастауы керектігін айтқан.

 Мысалы: Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі-дейді Абай Құнанбай (182 б., Абай Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Ред. Ә.Жиреншин. - Алматы, Қазмемкөркеммәдеббас, –  1961. –  695 б). Біздің жан-дүниеміз нұрланған сайын өміріміз  жақсара түсетінін білуге тиіспіз. Ол үшін теріс ойлардан миымызды тазартып, санамызда ең алдымен өзімізді іштей жоғары адамгершілік тұрғысынан бағалауды үйренуіміз керек. Бұл басқа біреу үшін емес, өзіміз үшін қажет. (Өзгелерден өзіңді жоғары не төмен санауды айтып отырмағанымды оқырмандар түсінетін шығар).

Адамдық құныңды төмен түсірмеу яғни надандық, қараңғылық, қанағатсыздық, тағылық деңгейінде қалмау. Барлық тіршілік иелерінен саналы қылып жаратқан  Алланың махаббатына сүйіспеншілікпен жауап беру. Жаратушының өзі берген ақылына сәуле себелеткізіп, санамызды жаңғыртсақ, орасан зор мүмкіндіктерге ие болатынымызға көзіміз жетеді. Ал, сол мүмкіндіктер ең бірінші өзімізді-өзіміздің тануымыздан басталуы тиіс. Жалпақ тілмен айтқанда өзіңді - өзің тану деген өзіңнің бақытың үшін ата-анаң, бауырың, құдай қосқан қосағың тағы басқа жақын адамдарың емес, тек өзің ғана өзіңе деген жауапкершілікті мойныңа алып, саналы түрде әрекет ету. Саналы түрде әрекет ету – нәпсінің құлы болмай рухани дүниемен байып, нәпсіге билік жүргізу.

Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Күләш Керімбекқызы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір