• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:05:55
Алматы
+35°

08 Қаңтар, 2019 Тарих

Жапонияны моңғолдардан екі рет құтқарған қорқынышты "Құдай дауылы"

Дауылдың қатты болғаны сонша, моңғол әскерінің шегінерге амалы қалмады.

1259 жылы Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан Моңғол империясының басшысы болды. Қытайдың көп бөлігін иемденіп, кейін Кореяны бағындырған моңғолдардың назары бір сәтте Жапонияға ауады.

Соғыссыз алу мақсатында моңғолдар жапондықтарға ультиматум жіберіп, көп салық төлеуді талап етеді. Алайда Жапония мұны елемейді. Тіпті Кұбылай хан жіберген моңғол елшілерін де қабылдамапты. Бұдан соң моңғолдар  600-ге жуық кеменің құрылысын бастап, 40 мың шамасында моңғол, корей және қытай әскерін жинады. Ал жапондықтар тек 10 мыңға жетер-жетпес самурай жинай алды.

Сөйтіп 1274 жылы моңғолдар жапон даласына басып кіреді. Жапония мен Корея арасындағы шағын аралдарды оңай жаулап алған олар күншығыс еліне жақындап, жапон аралдарының біріне - Кюсюге қонды.

Бұл сәтте жапон самурайлары моңғолдармен соғысуға дайын емес еді. Самурайлар өздерінің әдет-ғұрыптарына сәйкес, бір-бірден келіп, қай әулеттен шыққандарын таныстыра бастайды. Бұған қарап тұратын моңғолдар бар ма? Моңғол-қытай-корей әскері әрбір самурайға шабуыл жасап, көздерін жойып отырды. Моңғолдықтардың қолында жапондықтарға қарағанда қаруы екі есеге көп еді. Найзалар, жарылғыш заттар және ұшы улы жебелер де бар еді.

Бірақ тағдыр жапондықтарға оң көзбен қарады. Түн ортасында кемелерімен келген моңғолдарды жойқын тайфун қарсы алды. Әлгі дауыл моңғол флотын құртып, соның салдарынан 13 мың әскер қаза тапты. Дауылдың қатты болғаны сонша, моңғол әскерінің шегінерге амалы қалмады.

Камикадзе

Арада 7 жыл өтіп,  1281 жылы моңғолдар қайтадан Жапонияға аттанады. Бұл жолы олар 140 000-ға жуық әскерін жинады.

Бұл жолы жапондықтар моңғол әскерінің төніп келуіне сақадай сай еді. Өздерінің 7 жыл бұрынғы қателіктерін ескеріп, жағалау бекіністерін салды. Моңғолдар таяғанда самурайлар да өздеріне тән әдет-ғұрыптан аттап, қорғаныс желілерін құрды. Олар батылдықпен күресті, алайда күштер тең емес еді. Ерте ме, кеш пе, моңғолдар бәрібір жеңіске жететіндей күшке ие болды. Дей тұрса да, тағдыр бұл жолы да жапондықтарды қолдады. Себебі тағы бір тайфун пайда болды.

Дауыл орнағанда моңғолдар корей әскерлерінің айтуымен теңізге жүзуге тырысты, бірақ кемелері бір-біріне соғылып, жолдары тағы болмады. Құбылай хан әскердің жартысын жоғалтты, ал жағалауға шыққандарды жапондықтар өлтіріп отырды. Аман қалған Құбылай хан қайта артқа шегінді. Бұл – жапондықтарды әскері екі есе көп моңғолдардан құтқарған екінші сәттілік болды. Бүгінде жапон халқы бұл тайфунды «камикадзе» немесе «Құдайдың дауылы» деп атайды.

Керімсал Жұбатқанов,

Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінің доценті, тарих ғылымның кандидаты

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір