• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:34:48
Алматы
+35°

09 Қаңтар, 2019

Адамның жаны қайда кетеді?

Адамның табиғаты жаратылысынан мәңгілікке  құштар.

Адамның табиғаты жаратылысынан мәңгілікке  құштар. Әу бастан пенде солай жаратылған. Ішкі дауысы ылғи да  Мәңгілікті күбірлеп тұрады. Өзін өмір бақи өлмейтіндей көреді. Соған қарағанда мәңгілік өмірдің бар екендігінің ақиқаттығы айқындала түседі.

 Адам өлген соң оның жаны жаңа туған сәбиге қона ма, немесе басқа планетаға кете ме? Адамзат туғалы бері осы сұраққа жауап іздеп келе жатыр. Бірақ жауабы әлі күнге табылған жоқ. Адам бәрібір мәңгілік өмірден үміт үзбейді. Мәңгілік өмірге сенбесе, «менен кейін дүниені топан су бассын» деп, адамдар бір-бірін осы дүние үшін өлтіріп, қырып тастар ма еді, кім білсін...

 Мидағы кейбір клеткалардың адам өлген соң да біраз уақытқа дейін өмір сүруін тоқтатпайтындығы ғылымда дәлелденген. Қазір сол клеткадан  шығатын сигналдар  зерттелу үстінде. Оның құпиясы ашылса, адамзаттың да көзі көп нәрсеге ашылар еді.

  Адамға тән сезімдер материалдық және рухани сезім болып екіге бөлінеді. Материалдық сезімдерге: тоңу, ыстықтау, күйіп қалу, үсіп қалу, қарын ашу, ұйқы келу, есінеу, ұрған жердің ауырып қалуы, жыныстық ләззат секілді басқа да рахаттар мен азаптар жатады.

Ал рухани сезімдерге: сағыну, қайғыру, уайымдау, мұңдану, қуану, ренжу т.б. жатады.

Рухани деп аты айтып тұрғандай, адам өлген соң оның рухында осы рухани сезімдер бірге болады. Яғни Рух сағынады, қайғырады, уайымдайды, қуанады, ренжиді т.б.

Ал материалдық сезімдер физикалық денеде ғана болып, адам өлген сәтте денемен бірге қалып кетеді. Бірақ ақырет күнінде қайта тірілу болған кезде осы материалдық сезімдер денеге қайта беріледі. Өйткені материалдық сезім материалдық денеге тән.

Рух,  мына дүниеде  физикалық дене киіп қана, көз, құлақ, тіл секілді дене мүшелері арқылы байланысып сезімдері әрекетке келеді. Егер Рух дене кимесе, сезімдері де бүршік атпас еді. Бұл дүниеде адам сол сезімдерімен өзіне тән ерекше әлемін жасайды. Өзінің ешкімдікіне ұқсамайтын жеке әлемін, өзіндік дүниетанымын қалыптастырады. Солайша белгілі бір сапа қалыптастырады және сонымен қабір әлеміне енеді. Жер бетіндегі сынақ, тәжірибе әлемі таусылып, сол сынақтың нәтижесін, жемісін жеудің алғашқы қадамы  қабір әлемінде басталады. Құран аяттары адамның анық түрде көруші, естуші болып жаратылуы оның сыналуы үшін екенін баян еткен. Ендеше сынақ біткен екен және сынақтың құралы болған денені шешкен екен, онда Рухқа жаңадан материалдық әлеммен байланыс жасап, оларды естудің, көрудің қажеті болмайды. Өйткені Рух бұл дүниеде белгілі бір дәрежеде сезімдерінің бүршігін ашып, материалдық әлемнің дәмін татты,  сол жеткілікті. Өйткені сезімдер  фәни дүниеде ешуақытта тоймайды, ол тек мәңгілік әлемде ғана тоя алады.  Ал бұл дүниеде сезімдер үшін я жағымды, я жағымсыз жағына қарай ашылу ғана бар, тою жоқ. Сондықтан барзах әлеміндегі (қайта тірілгенге дейінгі өлімнен кейінгі жалғасатын өмір)          рухани өмір жаңа сезімдер алуға мұқтаж емес.

Ғылымның айтуынша, адамның физикалық тәні  өлгеннен соң одан шыққан жан өзгеше бір нәзік әлемге тап болады.  Сол нәзік әлемде де жанның тәні болады. Бірақ ондағы тән жердегіден басқаша, өте нәзік, астральды дене. Адамның ойы, сана-сезімі, эмоциясы, сүюі, күюі, жек көруі, жақсы көруі,  арман-мақсаты нәзік әлемде де өзгермейді, бірақ жерде оны өзгелерден жасыру мүмкін болса, нәзік әлемде оны өзгелерден жасыру мүмкін емес, оны ондағылардың бәрі айқын көреді немесе сезіп-біледі. Нәзік әлемде тілдің де, дауыстың да керегі жоқ, ойша ұғыныса береді. Қалаған жеріне ойлаған сәтінде-ақ жетіп бара алады. Жақындық немесе алыстық деген ұғым жоқ. Уақыт пен кеңістік жердегіден басқаша, жердегі мыңдаған жылдық уақыт ондағы бір секундпен тең. Алға, артқа, оңға, солға қарау деген жоқ, кез келген затты барлық қырынан бір мезгілде көре алады, дейді. 

 ХХ ғасырдың соңында (1970-1995 жылдар) көптеген елдердің оқымыстылары адамның физикалық денесі өлген соң жанының  қайда кететінін зерттеуге қызу кірісті. Зерттеуге түрлі бағыттың өкілдері: нейрохирургтер, психологтар, философтар тартылды. Халықаралық зерттеу ұйымдары құрылып, ғылыми басқосулар өтті, түрлі еңбектер жазылды. Зерттеушілердің сондағы қорытындысы мынау: адам өлген соң да оның санасы өшпейді, жоғалмайды және өзге көзге көрінбейтін нәзік әлемде бұрынғыдай өмір сүруін жалғастыра береді. Бұлай деуге жүрегі уақытша тоқтап, клиникалық өлімді басынан кешкен жүздеген адамдардың естеліктері, о дүниеде көргендері мен сезгендері  негізге алынды.  Көптеген адамдар өлген соң басқа әлемге тап болғанын алғашында сезбейді екен, себебі физикалық әлемдегідей бәрін көріп, естіп, біліп тұрады. Бірақ үйдің ішінде қалқып жүргенін және өзінің жатқан денесін көрген соң ғана өзінің тірі екеніне күдіктене бастайды.  Әсіресе бұл орайда америкалық психолог Рэймонд Моудидің клиникалық өлімді бастарынан өткерген жүздеген адамды куәлікке тартқан зерттеулері маңызды рөл атқарды. Оның зерттеуіне сәйкес, өліп-тірілгендердің 30 пайыздан астамы өзінің өлгеннен кейінгі жағдайын жақсы сезіп-білген. Кейбіреуі физикалық әлемдегі өзіне таныс жерлерге қыдырып барған, кейбіреуі тілмен айтып жеткізгісіз өзге нәзік әлемге тап болған. Ауру сезімі де, қорқыныш та болмаған. Кейбіреуі жағымды музыка естігендерін айтқан. Соншама естеліктердің бәрі бір-бірін жоққа шығармайды, қайта бір-бірін толықтырып отырады.  Кейбіреуінің жаны асқан жылдамдықпен қара туннель арқылы зымыраған, кейбіреуі төбеден өздерінің кереуетте жатқан денелерін көрген, кейбірі өз денесіне қарағысы келмеген.  Болып жатқан жағдайдың бәрін естіп-білгенмен, жердегілер өздерін көрмегенін және айтқандарын естімегенін жеткізген. Алғашында эмоциялық шошыну пайда болғанмен, біраз уақыттан соң өздерінің жердегіге ұқсамайтын нәзік денеге ие болғандарын сезінген. Айналасынан өздерінің бұрын дүниеден өтіп кеткен жақындарын байқаған, олар жұбатып, жаңа жағдайға бейімделуіне көмектеспек болған. Артынан жарқыраған нұр пайда болып, көз алдынан бүкіл өмірлеріін кино сияқты өткергендерін айтқандары да бар. Кейбіреуі  өзге әлемнің шекарасынан өтер кезде кенеттен Жердегі өзінің тәніне қайтып оралғысы келген, болмаса өлген жақындары «сенің жердегі өмірің әлі біткен жоқ» деп, кері қайтарған.  Кейбіреуі оралғысы келмей, өзін өзге әлемде жақсы сезінген. Ақырында бәрібір денелеріне оралып, көздерін ашқан.

 Адам өлген алғашқы үш күнде оның жаны денесінің қасында болады. Яғни алғашқы үш күнде жан немесе рух бостандықта болып, жердегі қай орынды қаласа, сол жерге ұшып бара алады. Бірақ үш күннен соң басқа жүйеге тап болады. Ұясын іздеген құс сияқты делінеді. Қайда барарын білмеген жанға періштелар жол көрсететін болса керек. Сосын көкке көтеріледі. Құдайға барар жолда фильтрден сүзіліп өтеді, яғни тазаланады. Жер бетінде еске алатын соңғы адамы құрығанша, көктегі жан бұл дүниемен  байланысын үзбейді делінеді. Кейін Құдай барлық ақпаратты ұмыттырады. 

  Әлемнің оқымысты биофизиктері арасында адамның физикалық тәнінен бөлініп шы­ғатын, өзінен аумайтын аст­ра­ль­ды, яғни энергетикалық денесі бо­латынын тәжірибе жүзінде дәлелдегендер бар. Баяғы заманда қа­зақ арасындағы бақсы-құшы­наш­тар да бұған практика жүзін­де қол жеткізген деп айтуға бола­ды. Нәзік ғаламның бұл да бір ше­шуі табылмаған жұмбақ сы­ры. Адамның энергетикалық денесі оның бірге жаратылған сыңары болса керек. Бірақ көзге көрінбейді. Адам өзінің осы сыңарын көрмейінше өлмейді делінеді.

Қасиетті Құранда: «Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.), олар сенен жан (рух) туралы сұрайды: ол Раббымның әмірінен сендерге өте аз мәлімет берілді де»,– делінеді. Яғни шариғат бойынша рух жайлы терең кетуге рұқсат берілмейді. Мұны пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Рух жайлы терең кете бермеңдер, себебі сендерден алдыңғы қауымдар рух жайында терең кеткендіктен, жолдарынан адасып кеткен, сондықтан, сендер де бұл жайында терең кетсеңдер, жолдан адасасыңдар»,– деп түйіндеген.

Осылайша, рухтың мәнісі жайлы сөз өрбіту шариғат бойынша көп қолдау таппағанымен, оның сыртқа көрінетін сипаттары жайлы сөз қозғауға болады деген  ислам ғалымдары бар. Өйткені әсері көрінген нәрсенің бәрі де зерттеуге жатады. Осы мәселеге ішінара бойлап барған ғұламалар барзах әлемін қалай сипаттаған деген мәселеге келсек, Имам Ғазали, Имам Раббани секілді мұсылман әлеміне атақты ғұламалар барзахтағы азап пен рахаттың түс көргендегі халге ұқсас болатынын, аят пен хадис аясында нақты дәлелдермен ашып түсіндіреді. Мәселен, Имам Ғазали өзінің «Ихиясында» хадис риуаяттарында айтылған қабірдегі қорқынышты жыландардың, алып бүйілердің шағатынын ақылға қонымды жолмен дәлелдеген.

Адам – бұл өмірде ұйқыда, өлген соң ғана оянады. Ажал – өмірдің бітуі емес, басқа өмірдің есігінің ашылуы. Әзірейіл Алла жолында өмірлерін қиған шейіттердің жанын өзіне білдірмей жұмсақ түрде алады, олар өздерінің өлгенін білмейді және шейіттер өздерін осы өмірде тірі жүрміз деп есептейді делінеді.  Қабірде Мәңкүр мен Нүңкірдің жауап алатынын білеміз. Өлген адамның жаны қиямет-қайымға, яғни ақырзаманға дейін Барзах әлемінде (жұмақ пен тозақтың арасында) сақталады. Қайтыс болған адамның жаны бізді көре алады және ести алады. Бірақ байланысқа түсе алмайды. Адам өлген соң, оның амал дәптері біржола жабылады. Бірақ артына жақсы іс, ізгілікті амал, иманды бала-шаға, адамдарға пайдалы кітап сияқты ізгі істер қалдырса, оның сауабы  қашан сарқылғанша марқұмдарға жазыла бермек. Ал тірісінде бір жамандықтың бастауы болған болса, ол жамандық адамдардың арасында қашан тоқтағанша күнәлары  өлген соң да арттырыла беретін болады.

Дін бойынша, жәннаттың да, тозақтың да саны жетеу делінеді. Біреу жұмаққа тікелей барса, біреу жұмаққа тозақ арқылы барады.  Төрт пайғамбардың көкте тірі екені айтылады. Пейіште ауру-сырқау, ұйқы болмайды. Сүттен ақ, балдан тәтті кәусар (шәрбәт) болады. Жеті тозақтың үстіне салынған Сират көпірі, яғни қылдан жіңішке, қылыштан өткір жол болады. Ал жұмақтың орны қайда десек, пейіш жаратылғаннан бері жеті қат көктің үстінде еш жерге тимей тұратыны айтылады. Қанша жесең де таусылмайтын тәтті жеміс болады. Үр қыздары қол қусырып қызмет етеді.

 Адам түсіне әдетте өлген жақындары жас күніндегідей кіреді. Бірде бір өлмелі кемпір Пайғамбарымызға келіп: «Мен жұмаққа кіремін бе?» деп сұрайды. Пайғамбар: «Жоқ, кірмейсің» дейді. Кемпір қайғыдан жылай бастағанда: «Жұмаққа кәрі адамдар кірмейді, сен баяғы жас күйіңе оралып кіресің» деп жұбатқан екен Пайғамбар. Бұдан жұмаққа адамдардың жас кейпіне қайта оралатыны белгілі болады.

  Жұмақ, тозақтың тұрағы қайда дегенге де тоқтала кетелік. Кезінде тараған мынадай сұмдық хабар талайлардың зәре-құтын алған. 1978 жылы АҚШ-тың ғарыш кемесіндегі астронавтар «Тозақ Күннің ортасында. Ондағы жанып жатқан адамдарды көрдік» деп,  70 секунд бойы қатты азаптан қиналып жатқан адамдарды бақылап қана қоймай, фотосуретке де түсіріп алған. Бұл оқиға ғалымдардың  арасында үлкен талас тудырған. Діндарлар бұған қарсы шығып, тозақты көру мүмкін емесін, астронавтардың көзіне көрінген жын-шайтан екенін айтқан. Дін бойынша, тозақ бұл дүниелік мекен емес, яғни Күн жүйесінде орналаспаған, Барзақ та ғарыш кеңістігінде емес, біз білетін дүниенің сыртындағы ғайып әлемі. Әрі тозақ – ең ыстық мекен, дүниедегі ең ыстық заттардан 70 есе ыстық делінеді. Ал ғалымдар бүгінде Күннен де ыстық жұлдыздар барын ашып отыр.

Не десек те, адам жанына, арғы дүниеге қатысты ғалымдардың болжамының  анық-қанығын бір Алла ғана біледі.

Төреғали Тәшенов

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір